Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Гауһар Бисарина Facebook парақшасына жариялаған видеода елорданың дәрігерлері, мейірбикелер, жедел жәрдем қызметкерлері қала тұрғындарын коронавиирус індетін жеңу үшін үйде отыруға шақырады. 

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 11:10

Қашықтан оқыту қалай болмақ?

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында қашықтан оқыту және оған дайындық туралы пост жариялаған еді. Көптің көкейінде жүрген сауалдардың жауабын сайтымыздың оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдік.

1. «Қашықтан оқыту айтарлықтай оңай, әрі жеңіл ме?», «Білім беру ұйымдары 100% қашықтықтан оқыту форматына көше ала ма?» деген сынды сауалдар жиі қойылуда. Әлбетте, бәрі айтарлықтай оңай емес. Орта білім беру жүйесіне қатысты үлкен жұмыс атқарылуда, қазірдің өзінде нәтиже бар деп айтуға болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басым бөлігінде ақпараттық жүйе бар және қолданылуда. Арасында еш қиындықсыз, сәтті пайдаланып жүргендері де, жаңа форматқа енді бейімделе бастағандары да бар. Ақпараттық жүйелер мен платформаларды оқу орындары қажетті контентпен қамтамасыз етуде. Айта кетейін, колледждерге қашықтан оқыту барысында қиындық туғызатын кейбір пәндерді келесі курсқа қалдыруға кеңес бердік.

Жоғары білім деңгейіне келетін болсақ, шын мәнінде толық дайындық бар. ЖОО-ның басым көпшілігі соңғы екі жылда бірқатар технологияны пайдалып жүр. Сондықтан дайындық деңгейлері жақсы. Мәселен, ҚазҰУ, КИМЭП, ШҚМТУ, UIB, СДУ және тағы басқа университеттер үшін бұл форматта сапалы білім беру еш қиындық туғызбауда. Дегенмен, кейбір жекеменшік жоғары оқу орындары тұрақты бақылауға алынып, оларға әдістемелік және техникалық қолдау көрсетілуде.

2. Біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Оның құрамына қашықтан білім беру саласында жұмыс істейтін «Bilimland», «Daryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» и «AGS» сынды ұйымдардың өкілдері және педагогтер, әдіскерлер, мектеп директорлары, директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және ЖОО проректорлары енді.

Бұл ретте жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Мәселен:
А) Тапсырмаларды беруді, олардың орындалуын тексеруді, бағалауды және кері байланысты қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді енгізу;

Б) Білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда педагогтердің өз сыныбымен онлайн-талқылау, бағалау бойынша немесе бейне-стриминг сервистерін пайдалана алуын қамтамасыз ететін жүйелерді іске қосу;

В) Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалудамыз. Онда бейне-сабақтар сабақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе, интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындықтары бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті.

Біз үшін барлық сабақ орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша, сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстары бойынша әдістемелік қолдаумен және мультимедиалық материалдармен қамтамасыз етіліп, ұстаздар үшін алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүргізілгені маңызды. Бастысы, білім алу тетігі сапаға әсер етпеуі қажет.

3. Педагогтеріміз бен оқушыларымыздың цифрлық сауаттылығын дамыту қажет екендігі де басты назарда. Олар үшін арнайы курстар өткізіліп, нұсқаулықтар әзірленетін болады. Қазірдің өзінде мұғалімдер үшін цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша біраз видеодәрістер әзірленді. Инклюзивтік білім беру, жаңа технологиялардың қолжетімділігіне қатысты принциптер ескерілетін болады.

4. Интернет провайдерлері мен байланыс операторлары бойынша ЦДИАӨМ-мен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Осы кезеңде білім беру ресурстарын пайдалану барысында трафик есептелмегені дұрыс. Осы мәселе бойынша Премьер-Министр тарапынан тиісті тапсырма берілді және қолдау көрсетілді.

5. Көптеген ірі платформалар өз қызметтерін тегін ұсынып жатыр. Бұл жұмысымызды біршама жеңілдетті. Қазіргі уақытта «Zoom» стримингтік сервисі мен «Coursera» деп аталатын ірі платформалардың бірі тегін қызмет көрсетуде. Сондай-ақ «Google Classroom», «Hangout», «Күнделік», «Moodle» жүйелерін тегін қолдануға болады. Сонымен қатар «Bilimland» платформасы өзінің 40 мыңнан астам контентін тегін ұсынды.

6. Қашықтықтан оқытуға келетін болсақ, біз оны онлайн-оқытумен шатастырмауымыз керек. Қашықтық форматының ұғымы әлдеқайда ауқымды және бірден бірнеше әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай формат сабақты геймификациялауға (ойын түрінде өткізуге), өзін-өзі ширау деңгейін арттыруға, ең бастысы, оқытуды дербестендіруге мүмкіндік береді. Бұл – біз қол жеткізуге ұмтылып отырған қажетті, әрі тиімді оқыту жүйесі.

7. Әртүрлі платформалар арасында бәсекелестік бар екенін байқап отырмыз, осал тұстары да анықталып жатыр. Бірақ мұндай көрсеткіш тек қызмет көрсету сапасына және қолжетімділігіне әсер ететініне сенімдіміз. Министрлік тарапынан оларға орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және типтік арнайы жалпы білім берудің оқу бағдарламасына сай талаптар әзірленді.

Қарқынды жұмыс жүргізілуде. Кейде әртүрлі тәсілдер мен шешімдерді қабылдауды қажет етеді. Біз 5 сәуірге дейін ақпараттық жүйелерді дайындап үлгеруіміз керек. Оларды тиісті контентпен қамтамасыз етіп, сынап көруіміз қажет. Сондай-ақ, 6 сәуірден бастапқажет болған жағдайда жаңа форматта сабақ алуға бейімдеуге тиіспіз.

Оқушылармен, студенттермен, ата-аналармен және педагогтермен бірігіп қашықтан оқытудың сапалы жүйесін құра алатындығымызға сенімдімін.

Ең бастысы, біз әрдайым кері байланысты, ұсыныстар мен тың идеяларды қуана қабылдауға дайынбыз.

 

Published in Санаты жоқ

Білім беру сайттарын тегін пайдалануға болады. Ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, Цифрлық даму вице-министрі Дарын Тұяқов, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Astel» АҚ сияқты байланыс операторларының басшылары қол қойды.

Жақын арада аталған байланыс операторлары колледждер мен ЖОО-ға қашықтан оқыту кезінде пайдаланылатын білім беру ресурстарына тегін кіруге мүмкіндік беретін тарифтік жоспарлар әзірлейді (қазіргі қолданыстағы талаптар өзгертіледі).

Яғни, бұл сайттарды пайдаланған кезде абоненттердің интернет-трафиктері (мегабайттары) есептелмейді. Төтенше жағдайды жариялау кезеңінде білім беру мекемелері (ЖОО мен колледждер) қашықтан оқытуға көшуіне байланысты бұл шараның маңызы зор.

Қазақстандықтар ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған білім беру ресурстарына еркін кіре алады. Бұл тізбе мен интернет-ресурстардың тізімі кейін ұлғайтылып отырады. 

Аталған ресурстарға кіру үшін пайдаланушының шотында баланс болуы керек. Білім беру ресурстарына тегін қол жеткізу туралы ақпарат байланыс операторларының сайттарында орналастырылады.

ТЖ режимі кезеңінде тегін пайдалануға ұсынылған білім беру интернет-ресурстары: 

  1. АИС «SOVA.WS» - http://sova.ws
  2. SMART community - http://smartedu.kz
  3. SMARTNATION - http://snation.kz
  4. College.Snation http://college.snation.kz
  5. BilimLand https://bilimland.kz/ruАИС
  6. Білімал http://college.bilimal.kz/
  7. Paragraph Bilim - http://base.blm.kz
  8. Kundelik.kz - https://portal.kundelik.kz/
  9. АИС «Platonus» - http://platonus.kz
  10. BilimAl.kz https://www.bilimal.kz/
  11. DALES - http://college.ektu.kz
  12. Mektep.edu.kz - https://mektep.edu.kz
  13. I-mektep.kz - https://i-mektep.kz/
  14. Daryn.Online https://daryn.online/
  15. АИС "CollegeSmart Nation -https://college.snation.kz/
  16. АИС Сириус http://somniumllp.com/project-sirius/
  17. АИС Универ https://univer.kstu.kz/
  18. ИС Деканат https://www.mmis.ru
  19. ИС ПГУ http://psu.kz/
  20. Электронный ректорат http://nkzu.kz
  21. EUniver http://euniver.vkgu.kz/
  22. ИС ВКГТУ https://www.ektu.kz/
  23. МУИТ https://www.iitu.kz/
  24. Uninet http://uninet.kz/

Атап өтейік, тізімдегі интернет-ресурстардың қатары болашақта толықтырылады.

 
Дереккөз: www.gov.kz

 

 
Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:39

Ата дәстүріңді ұмытпа

Әр халықтың тек өзіне тән салт-дәстүрлері мен жоралғылары болады. Оның көбі кезінде бір жақсы бастамадан не тіршілікке қажеттіліктен туындаса, бүгінде көбісінің шығу себебі ұмытылып, тіптен, қолданыстан да шығып қалған. Заман жаңарған  сайын салт-дәстүрлердің де ескіруі заңдылық. Десе де, кейбір ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді қайта жағыртсақ, одан ұтпасақ, ұтыла қоймаймыз. Қазіргі кезеңде салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында әлі де кеңінен пайдаланылып жүр. Мәселен, айдар тағу, қонақ кәде, асар т.б. жоралғылар бізге таныс. Ал кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.

Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы мал атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып, құдайы тамақ берген. Ақсарбасқа шалынатын мал ретінде қойдың бозқасқасын, жылқының көкқасқасын, сиырдың қызыл қасқасын құрбандық ретінде атаған. Басты шарты адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, сол малын міндетті түрде союы тиіс.

Асату. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанда, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін болған. Әрине, мұндағы басты мақсат – етке тою емес, керісінше құрметті адамның қолынан дәм тату. Бір жағынан қадірлі мейманға деген құрметтің белгісі іспеттес.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанда мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.

Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тисті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі. Мұндайда аталарымыз «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» дейтін. Басты мақсат ауылдың амандығын, елдің тыныштығын, халықтың берекесін сақтау.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Қымызмұрындық. Бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып, сүті ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар «қымызмұрындыққа» шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі.

Әмеңгерлік. Дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл қазақ қоғамында ерте заманнан «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе, келін – мұра», «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағидаға айналып, әдеттік заң нормасы ретінде қалыптасқан. Әмеңгерлік мәселесі ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Тіпті  ұлы  Абайдың  әкесі  Құнанбай да  Ұлжанға  әменгерлікпен  үйленсе, Абайдың өзі інісі Оспан қайтыс болғанда келіні Еркежанмен некелескен. Осы  салттың  арқасында  көзі ашық  қазақ  жетімін  жылатпаған.

Қап қағар. Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр «ет қайтар» деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.

 

Нұрсерік Тілеуқабыл

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:34

Қариялар – қазығы дәстүрімнің

Ақыл мен парасат, даналық пен өнеге жылдар жылжи бойға жиналып, ақтарып кеп қалсаң қазына іспетті шашылып түседі. Бұл қария деген қазынаның бойынан табылатын қасиеттер. Осы себепті «Қариясы бар ел қазынасы бар ел» деп халқымыз тәмсіл қалдырған-ды. Берекеміз бен ынытымағымыздың негізі, тірлігіміздің тірегі қариялардың орны кез келген қоғам үшін маңызды. 22 Наурыз мерекесіне орай дәл осындай ауданымыздың қариясы, «Алтын адам» әжелер ансамблінің мүшесі, анамыз Ұлжан Жолановамен сұхбат құрған едік.

–       Апа, кеңестік империяның көзін көрдіңіз. Өзіңіз жайлы және сол кездегі қазақ халқының дәстүрі мен салты жайлы айтып өтсеңіз.

–       Кеңестік кезең. Ауданда жалғыз қазақ тілінде білім беретін В.Молотов атындағы мектеп-интернат бар. Онда шаруа балалары оқытылатын. Осы мектепте білімнің қайнар бұлағынан сусындап, Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Тоқатаевтың көзін көріп, одан сабақ алдық. Ол сынып жетекшісі болды. 1955 жылы Рақымжан Тоқатаевтың арқасында 32 оқушы мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түстік.

Оны бітіріп келіп, сол кездегі Есік көмекші мектеп-интернатында мұғалім болдым. Кейіннен оған Алханбек Мәлкеев есімі берілді. «Оқу ісінің үздігі» мәртебесін алдым. Отбасын құрып дүниеге төрт ұл әкелдім. Ол кезде салт-сана, әдет-ғұрып басқа болатын. Кеңестік империяның қол астындағы кезең салт-дәстүріміздің жаңғыруына мүмкіндік берген жоқ. Тіпті тіліміз де жоғалудың аз-ақ алдында тұрды. Ол кезде орыс тілін білмей талай мәрте өз басым қиналғаным бар.

–       Ал бүгінгі дәстүрге деген халқымыздың көзқарасы қалай сіздіңше?

–       Аллаға шүкір, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жанданған дәстүрімізді халықты өзін-өзі тануы мақсатында бұдан да әрі жаңғыртуға бағытталған бастама болып отыр. Есімде Есік қаласының базары орналасқан жерде жастар алаңы болатын. Сол жастар алаңында 1989 жылы алғаш рет наурыз мерекесін халық болып тойлаған болатынбыз. Есік көмекші мектеп-интернатындағы қазақтар біріміз ұршық иіріп, біріміз келі түйіп, Қыдыр ата болып киініп, жалпы дәстүрімізді дәріптеп алғаш рет көрініс көрсеттік. Міне, сөйтіп құрдымға кете жаздаған халық санасы қайта жаңғырып бүгінгі күнге жетті. Ал бүгінгі дәстүрге деген көзқарас менің көңілімінен шығады. Мен «Алтын адам» әжелер ансамблінің мүшесімін. Оның құрылуына себепші болған да мен десем артық айтқандық емес. Тіл мен дәстүр, салт-санамыздың жоғалып кету қаупі туындаған кеңестік кезеңде бастама көтеріп, дәстүрді жаңғырту мақсатында құрылған ансамбль күні бүгінге дейін 26 жыл болды дәстүрлі әндерімізді шырқап, ел ішінде дәріптеп жүр. Осы ретте өз атымнан және «Алтын адам» әжелер ансамблінің атынан айта кетейін, Наурыз меркесі баршамызға құтты болсын! Жыл басы қуаныш, береке, ынтымақ алып келсін. Біз ашаршылықты да көрдік, атылдық та, Ұлы Отан соғысын да өткердік, одан бұрын жоңғар шауып «Ақтабан, шұбырынды, Алқакөл сұламаны» көрдік. Халқымның өткеніне қарап, өткерген қиыншылықтарын көрсем осыншама нәубетті көріп аман қалғанына таң қалатыным бар. Демек, ел шебіне енген «коронавирус» індеті де қазақ халқы үшін қауіпті емес. Біздің жан-дүниеміз мықты. Сондықтан сабыр етіп бұл қиындықты да қиналмай өткеретінімзге сенімім мол.

 

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:31

«Жаңару мерекесі»

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған жаңа жыл мерекесі келді даламызға. Жер-жаһанды сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтардың бәрін өткізіп, Самарқанның көк тасын жібіткен наурыз құтты болсын!

Ұлыстың ұлы күні – Орта Азия халықтары арасындағы ең көне мереке. Қазақ халқы осы жаңа жыл мерекесін ескі заманнан тойлап, қыстан аман-есен шыққанына қуанған. Бұл мереке халқымыз үшін көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз. Ұлыстың ұлы күнінде араздасқандар татуласып, өкпе-реніш ұмытылады. Алыс-жақын ағайындар бас қосып, көптен көріспеген жақындардың хал-жағдайын сұрасады.

Ауданымыздың тұрғындарын осынау татулықтың, достықтың, береке-бірлік пен молшылықтың мерекесімен құттықтаймын. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңінде барша аудан тұрғындарына тек жақсылық тілеймін. Наурыз оң болсын! Ақ мол болсын!

Нұрғиса ӘЛІШЕВ,

білім қызметкерлері аудандық кәсіподағының ұйымдастыру жөніндегі маманы

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 25 Наурыз 2020 09:27

Бірлігіміз берік болсын!

Наурыз айының 22-сі шығыс халықтары үшін күн мен түннің теңесіп, адамның аузы аққа, төрт түліктің аузы көкке тиген ұлан-асыр мереке. Қыстың қақаған суығын артқа тастап, көктемнің жылы шуағында шомылып, наурыз көжені сүйсіне ішетін кез. Алайда, коронавирус ауруының тарауына байланысты бүгінгі таңда карантин жарияланып, көпшілік болып кез-келген мерекені тойлауға үкімет тарапынан  қатаң түрде тыйым салынды. Бүгінде 157 елге тараған індет ел шебіне де енген. Осыған орай ауданымыздың «Ахыска» этно-мәдени орталығы, түбіміз бір түрік ұлтының ақсақалдары наурызға мерекелік лебіз білдіріп және сын сағатта сабыр етіп, ынтымақ-бірлігімізді берік ұстауға шақырады.

Түрген ауылының тұрғыны, аудандық «Ахыска» этно-мәдени орталығы ақсақалдар алқасының төрағасы, 13 немере және 13 шөбере сүйген ардақты ата Хайролла Кулаев: – «Түбі бір түрік жұртының және Шығыс халықтарының мерекесі Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын. Жылда дәстүрлі түрде жұрт болып жұмыла атап өтетін мереке биылғы жылы індеттің тарауына байланысты бізде ғана емес, әлем бойын-ша тойлануына тыйым салынып отыр. Бұл аурудың алдын алуға жасалған дұрыс қадамдар десек, халқымызға айтарым сын сағатта ынтымақ-бірлігімізді берік ұстап, Алла тарапынан келген сынақты бірлесіп өткеруіміз қажет» – десе, ауыл ақсақалы Нияз Сулиев те: «Ынтымағы бар елді ешқандай да жау алмайды. 130 ұлт пен ұлыстарды бауырына басқан Қазақстанның көгінде үнемі ашық аспан тұрсын. Ынтымағымыз ыдырамысын. Берекеміз тасып, ырысымыз арта берсін» – деді.

Лебіздер легін аудандық «Ахыска» этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Нұрмұхамед Кулаев былайша түйіндеді: – «Халқымыздың басынан нендей қиыншылықтар өтпеді. Барлығын да жеңдік. Қандай қиыншылық болмасын Наурыз мерекесі құтты болсын. Бірлігіміз берекелі, ынтымағымыз берік болсын. Баршаңызға бақыт, ырыс, береке тілейміз».

 

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет