Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020

Облыс аумағында коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл туралы «Jetisy` media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

Жер жаһанды жайлаған індетке дүниежүзі бойынша 92 мың адам шалдыққан, оның 3200-і көз жұмған. Аталған ауыру анықталған мемлекеттердің қатарын күндігіне 5-6 ел толықтырып отыр.

Соңғы екі айдың ішінде Алматы облысына шет елден 2970 адам келген. Оның 240-ы Қытай мемлекетінен оралса, қалғандары - басқа да елден келіп тұрақтағандар.

Алматы облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Қайрат Қажыманұлының айтуынша, Қытай Халық Республикасынан елімізге ат басын бұрған барша азаматтарды карантинге жабуға міндетті. Бүгінгі таңда Қытай елінен облысымызға тұрақтаған 73 адамды арнайы ауруханаға жатқызса, өзге келушілерде ауру симптомы анықталмағандықтан медициниа қызметкерлерінің бақылауымен үйлеріне жіберілген.

Әлемде жүріп жатқан індетке байланысты облыста "коронавирустық инфекцияның алдын алу, таралуына жол бермеу және эпидемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел жоспар"әзірленген.

Коронавирустық инфекция немесе коронавирустық инфекцияға күдік анықталған кезде хабарлау схемасы жаңартылған. Ведомствоаралық комиссия мүшелері 4 штаб отырысын өткізген.

Барлық санитарлық-карантиндік пункттер санэпидқызмет, обаға қарсы күрес станциясы қызметкерлерімен және 15 адамнан тұратын медицина қызметкерлерімен күшейтіліп, облыс бойынша 450 медицина қызметкері арасында коронавирустың алдын алу бойынша 21 оқу-жаттығу өткізілді.

«Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмектермен және вирустық инфекцияға қарсы қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген, дене қызуы көтерілген науқастар үшін арнайы сүзгілер жұмыс істейді. Бұдан басқа, қорғаныш құралдарын және вирусқа қарсы препараттарды (костюмдер, маскалар, науқастарды тасымалдауға арналған капсулалар) сатып алуға 52,6 млн.теңге (РБ) бөлінді»,- деп мәлімдеді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ербозымұлы.

Бүгінгі күні 28,0 млн.теңгеге жеке қорғаныс құралдары сатып алынған. Олар - 250,0 мың бірлік- маска, 150,0 мың бірлік - қолғап және дәрі-дәрмектің 17 түрі.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 20.02.2020 ж. № 9-ПГВр қаулысына сәйкес 20.02.2020 ж. шекарадан өткен азаматтар: 1 А санаты (ҚХР), 1 Б (Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия), 2 санат (Сингапур, Тайланд, Азербайжан), 3 санат (Германия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Бахрейн, Кувейт, Испания, Малазия) үш санатқа бөлінеді.

2 және 3 санаттағы елдерден келген азаматтар үй карантинінде болады және күн сайын үйде тексеру жүргізіліп, қоңырау шалып, жағдайлары бақылауда болады.

Коронавирустан сақтану жолдары:

-қолды сабынды сумен жуу керек, көпшілік орындарда қол жууға мүмкіндік болмаса, спирттік негіздегі қалталы дезинфекциялық заттарды немесе ылғалды беторамалды (влажные салфетки) пайдаланыңыз;

көз, мұрын, бетіңізге қолыңызды барынша тигізбеуге тырысыңыз;

аурудың белгілері бар адамдармен қарым-қатынас жасамаңыз;

үй-жайда жиі ылғалды тазалау жұмыстарын жасаңыз;

бөлменің ауасын жиі желдетіп тұрыңыз;

адамдар көп жиналатын орындарға баруды доғарыңыз;

аса қажеттілік болмаса, Қытайға және басқа да елдерге сапарды эпидемиялық жағдай жақсарғанға дейін кейінге қалдырыңыз;

«жөтелу этикетін» сақтаңыз - жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды беторамал немесе майлықпен жабу абзал.

Айта кетерлігі, сала мамандары коронавирус инфекциясы тек тірі ағзалар арқылы ғана таралатынын алға тартып отыр. Яғни, ел арасында тағамдардан, шекара асып келетін түрлі жеміс-жидектерден жұғады деп желдей есіп жүрген ақпараттың тек қауесет сөз екенін айтты.

Анар САБЫРОВА

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020 09:32

Төр – ұстаздікі

 

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Мектеп табалдырығын жаңа аттап, оң-солын танымаған баланы білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орнын табуға жол ашатын ұстаздар қауымына ақын Мағжан Жұмабаев осындай баға беріп кеткен. Ал бүгінгі таңда ұстаздар сол төрінен айырылып бара жатқандай. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындауды тапсырып, ұлағат иелерінің құқығы заңмен қорғалу керектігін айтқан еді. Бүгінде аталған заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әлеуметтік желілерден ұстаздардың беделіне нұқсан келтіретін түрлі бейнероликтер жарияланып, көпшіліктің қызу талқысына түсуде. Баланың тәртіпсіздігі мен білімсіздігіне ұстаздарды жазғыру да белең алып бара жатқандығы баршамызға аян. Қоғамда білім берумен қатар, баланың тәрбиесімен де ұстаз айналысуы тиіс деген қате түсінік қалыптасып кеткен. Оқушы қандай жайсыздыққа тап болса да, мектеп пен мұғалімдерді кінәлап шыға келеді ата-аналар. Оған қоса, мерекелік жиындар концерттерде залды толтырып отыратындар да ұстаздар қауымы. Көше сыпырып, қоқыс жинатындар да осы ұлағат иелері. Осыдан-ақ,  өз заманында Мағжан Жұмабаев төрге шығарған ұстаздардың бүгінгі таңдағы абырой-беделін бағамдай беріңіз. Қоғамдық қызметшіге айналған мамандыққа жастар қауымының барғысы келмейтіндігі де содан болар. Әсіресе, аталған саладағы ер-азаматтарымыздың қатары азайып, тіпті, жоқ десек те артық айтқандық емес. Мұның себебін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Тұрғанқызы былай түсіндірген болатын:

– Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мәртебесі. Кейбіреулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұмыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтып жатырмыз. Әлеуметтік желіде жер-жердегі мектептегі ұл балалардың төбелесіп жататын бейнелері белең алып кетті. Бұл білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асыраушысы емес пе? Ол тұрмақ әйел азаматтарға да бұл айлық аздық етеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастау керек. Заңда көрсетілген дүниелерді іске асыру қаражатқа келіп тіреледі. Ұстаздарға көше тазалатпау, міндетіне кірмейтін жұмыстарға жұмсаудан бөлек, олардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді де баса назарға алған абзал. Егер мемлекетіміз осы іске барын салып жұмыла жұмыс істесе, болашағымызға құйылған инвестиция деп ойлаймын. Бұл ретте дәрігерлер де, мәдениет саласының қызметкерлері де біз кімнен кембіз, бізге де сондай жағдай жасалсын деп шығуы мүмкін. Біз аталған мамандық иелерінің ең бірінші ұстаздың алдынан тәлім алатынын ұмытпауымыз керек – деп, ұстаздыққа ер азаматтарды тарту арқылы бала тәрбиесін түзеуге болатындығын жеткізді.  Қазіргі қоғамдағы осындай олқылықтарды ескерген Тұңғыш Президентіміз мұғалімдерді заңмен қорғауды тапсырған еді құзырлы мекемелерге. Елбасының тапсырмасымен бірден іске кіріскен Білім және ғылым министрлігі «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасымен қатар, тұжырымдамасын қоса дайындаған. Заңда болатын мәселелердің бәрі тұжырымдамадан табылу керек болған. Министрлікке қарасты «Білімді ел» газеті арқылы 300-ден астам ұсыныс түсіп, ашық үкімет порталында талқылауға түскен. Осылайша, бір жыл бойы жетілдірілген «Педагог мәртебесі» туралы заң Парламентте бірінші тыңдалымда-ақ қабылданған. 2019 жылдың 31 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталмыш заң жобасына қол қойды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Жалпы заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысына қатысты.

Әрине, бұл туралы қоғамда түрлі пікір туындап, ұсыныстарын жеткізгендер де болды. Заң жобасы турасында жерлесіміз, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, журналист Сүлеймен Мәмет:

– Жақында ел арасында мұғалімді ата-ананың ұрғаны туралы оқиға талқыланды. Таяуда ғана ол мұғалімнің жұмыстан кеткені және оқушының ата-анасына 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін естідік. Жұмыс орнынан мұғалім кеткеннен кейін оның беделін қалай көтереміз? Мұғалім сол жұмыс орнында қалуы тиіс еді. Шешімді шығарған сот органдары істі қайта қарап жатыр. Бізде заң жоқ емес, бар. Тек өз деңгейінде жүзеге аспайды. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Білім туралы заңның ішінде мұғалім мәртебесі туралы айтылған. Енді тағы жеке заң қабылдау керек деп жатырмыз. Ертең сонда ата-ана, бала туралы заңдарды да қабылдау керек пе? Заңның орындалмайтын себебі неде? Бізде заңнан бұрын басшының сөзі жүріп тұр. Тиісінше, басшыдан асып ешкім ешқайда бара алмайды – деген еді «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында. Рас, заң барлық адамдардың құқығын қорғау үшін жұмыс істейді. Алайда, ұстаздардың беделі төмендеген кезеңде «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы да өте оңтайлы шешім.

Қабылданған заң жобасы жоғарыда аталған мәселелердің барлығын қамтып, ұстаздар мәртебесін арттыруға негізделген. Ендігі ұлағат иелері ауыл-аймақтың қоғамдық жұмысшысы деген «қосымша қызметінен» мәңгілікке босатылды. Бұл туралы «Педагог мәртебесі» туралы заңның 6 бабы 2 тармағында көрсетілген. Онда: «педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» делінген. Яғни, мектеп қабырғасынан тыс іс-шаралар ұстаздарсыз өтеді. Сонымен қатар, педагогтен ҚР-ның заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты ұсынуды талап етуге; педагогтің кәсіби қызметіне ҚР-ның заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге; педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді. Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеледі.

Сонымен қатар, заңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру, материалдық ынталандыру, қосымша ақы төлеу, көрсетілетін жеңілдіктер де қарастырылған.

Былтыр сайланған Президентіміз де педагогтардың мәселесіне бей-жай қарамаған болатын. Дәстүрлі тамыз кеңесінде еліміздегі мұғалімдердің жалақысын 4 жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және алдағы төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Бұл да заң жобасына енгізілген. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады.

Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.

Мұғалімдер үшін қуанышты жаңалық, педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Шәкірттерін үздік дайындаған мұғалімдер де енді құралақан қалмайды. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Алдағы уақытта, үш тоқсан бойы тынымсыз еңбек еткен ұстаздар 14 күнге ұзақ демалатын болады. Заңда педагогтердің еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген.

Бұдан бөлек, мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының құқығы да бір деңгейде қорғалады. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына да балабақшалардан бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы жылдан бастап жалақылары да 25 пайызға өседі. Міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген.  Айта кететін жайт, бұл өзгерістер мен толықтырулар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне де қатысты.

Оған қоса, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған. Айталық, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларға міндеттегені үшін 20 мен 120 Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілген. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 трлн 3 млрд теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді.

 

Сардарбек НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020 09:30

Мәслихат қызметі жетіле түспек

Кезекті сессия жұмысында халық қалаулылары аудандық мәслихат хатшысының 2019 жылы мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

Кезекті сессия жұмысында халық қалаулылары аудандық мәслихат хатшысының 2019 жылы мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

Мінберге көтерілген Бекет Ахметов атқарылған істердің бәрі де аудандық мәслихат депутаттарының біріге іс қылуы-ның нәтижесі деді. Кейіннен жүйелі жұмысқа жіті тоқталды: – Құрметті әріптестер, заңға сәйкес мәслихаттардың қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады және дәл сессия арқылы біз атқарушы органдармен бірлесе отырып, Жолдауда белгіленген міндеттердің, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырырылуы мен орындалуын қарастырып, көзделген мұраттарға қол жеткізе аламыз. Сессияларға депутаттардың орташа қатысуы 90,9% құрайды.

VI шақырылымның жұмыс кезеңіндегі алғашқы 3 жылында (2016 – 2018 ж.ж.) жалпы 40 сессия өтіп, 208 шешім қабылданса, есепті аралық - 2019 жылы 17 сессия өткізіліп, 63 шешім  қабылданды. Бүгінгі таңда «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құқықтық нормаларын  белгілейтін аудандық мәслихаттың 20 нормативтік құқықтық шешімі қолданыста.

«Қазақстан Республика-сындағы жергілікті мемлекет-тік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес мәслихат өзінің өкілеттік мерзіміне 4 тұрақты комиссия құрды. Оны бәріңіз жақсы білесіздер.

Есепті кезең бойынша (2019 жылы) тұрақты комиссиялардың 6 отырысы (оның ішінде1 көшпелі, 5 біріккен) өткізілді. Онда 30 есеп тыңдалды. Олардың басым көпшілігі тұрғындарды әлеуметтік қорғау, бюджеттік заңдылықтар, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жер заңдылығы, аудан тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жайларын қамтиды, аталғандар бойын-ша тиісті қаулылар қабылданып, орындалу үлесі 74,3 пайызды құрады.

Жалпы комиссиялардың құрылған уақытынан бері 27 отырыс (жеке – 3; көшпелі – 6; біріккен - 18) өтіп, 128 есеп қаралды, – деді.

Мәслихат хатшысының мәліметінше, есепті жыл ішінде түрлі бағытта 6 депутаттық сауал жолданған. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев: – Құрметті әріптестер, депутаттық сауал жолданғаннан кейін нақты жауабын қолдарыңызға алып отырыңыздар. Себебі, бұл біздің яғни, депутаттардың негізгі атқарар жұмыстары. Бұл арқылы біз партиямыздың беделін арттырамыз, өз жұмысымызды жақсы қырынан көрсете аламыз – деді.

Шынын айту керек, 6-шақырылымдағы депутаттардың тыңнан түрен салған тұсы – әр елді мекенді жіті аралап, зерделеуі. Бұл ретте 75 елді мекен мен аудан орталығында болып, еңбек ұжымдарымен, халықпен кездесулер ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 356 сұраныс түсіп, олар маңыздылығына қарай 204 мәселеге топтастырылған. Қалғанына сол жерде тікелей жауап берген халық қалаулылары. Осы аясында кеңінен әңгімелеген Бекет Төлегенұлы: – Көп жұмыс атқарылды, бірақ алда да  істелінетін істер мол. Жұмысымыздың жағымды жақтарынан басқа, кемшіліктеріміз де бар, оларды біз  дер  кезінде  жетілдіріп және жақсарту бойынша тиісті шаралар  қабылдайтын боламыз, – деді.

Сондай-ақ, сессия барысында бірқатар шешімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сессия қорытындысында аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметовтың жұмысына депутаттар жоғары баға берді.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

аудандық мәслихат

депутаты

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020 09:26

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Өткенге үңілмей болашақты бағдарлау мүмкін емес. Алайда, тіршілікке өзек байлап, күні-түні еңбек еткен адамда кемшілік те болары айқын. Мұндайда қазақ: «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Кезекті VI-шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысында да бірқатар мәселелер талқыға түсті. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиын күн тәртібінде екі мәселе: Еңбекшіқазақ ауданында мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру және ішкі саясат бөлімінің негізгі бағыттары бойынша 2019 жылы атқарған жұмыстарының барысы және 2019 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы және туындап отырған түйінді мәселелерді шешу және тұрақты комиссияның қаулыларын орындау үшін аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімі тарапынан қабылданған шаралары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов кеңейтілген баяндама оқыды. Бөлім тарапынан атқарылған істерді таразылаған Момунжан Акваржанұлы: – Қазір ауданымызда мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдауға бөлінген қаржы тұрғындар саны мен ауқымы жағынан ең төмен аудандардан да төмен болып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті ақпарат құралдарын жан-жақты қолдауға кедергі келтіруде. Осыған орай қолдау көрсетулеріңізді сұраймын, – деді.

Өз кезегінде халық қалаулылары ауданымыздағы ұлтаралық татулықты, дінаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуде кетіп жатқан бірқатар кемшіліктерді ашық айтты.

Екінші мәселе бойынша мінберге көтерілген аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Семейқазы Молдақасымов депутаттардың рейд барысында анықтаған мәселелерінің түйіні тарқатылғанын жеткізді:

– Қазір Есік қаласындағы көлік кептелістерін азайту мақсатында өздеріңіз рейд барысында белгілеген Тіккелдиев көшесі ашылды. Алдағы уақытта бұл жұмыс жүйеленеді. Екіншіден, Жамбыл атындағы орталық жастар саябағының аумағындағы салынған кафе де сот шешімімен сүрілетін болды. Бұл бағытта жұмысымыз дәстүрлі жалғасады. Қазір заңсыз салынған мұндай сүрілуі тиіс бірнеше нысандар бар,– деді.

Өз кезегінде мәслихат хатшысы Бекет Ахметов аудан орталығы саналатын Есік қаласының көркін ашу мақсатында жұмысты күшейту керектігін атады: – Есік – тек «Алтын адамның отаны» емес, аудан орталығы. Сондықтан мұндай статусқа сай болу үшін жарқыраған шамдары, көркі көз сүріндірерлік архитектуралық нысандар бой көтеруі тиіс. Әрі қала орталығынан сарқырай аққан өзенімізге де өң бере алмай отырмыз. Айналамыздың бәрі жыпырлаған заңсыз сауда орталықтары, жөнді-жөнсіз салынған нысандар. Есік қаласын дамытудың архитектуралық жобасын депутаттар көргісі келеді. Келесі есебіңізде осы ұсынысымыз бойынша нақты жоспармен келіңіз, – деді.

Комиссия отырысы VI-шақырылған Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаттың кезекті 59 сессиясымен жалғасты.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

аудандық мәслихат депутаты

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020 09:24

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңы күшіне енді.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен және ҚР Үкіметі қаулысымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі базасында «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Мұнай-газ кешенін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында 2002 жылғы ақпанның 20-ында «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы мен «Мұнай және газ көлігі» Ұлттық компаниясы қосылып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылды.

1999 жылы Алматы көшелерінің біріне Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2000 жылы Қостанайда Киров атындағы көшеге қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.

2010 жылы Қазақстанда Корея мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталық жаңа заманғы сандық және IT технологиялардың соңғы үлгілерімен жабдықталған. Сонымен қатар онда кітапхана, көрме және концерттік залдар, демалыс бөлмелері, танымал корейлік ақпараттық-технологиялық жүйелерін шығарушы электрондық компаниялардың өнімдерімен танысуға мүмкіндік беретін аудиториялар бар.

2014 жылы ҚР Ұлттық банкінің «Қазақстанның игілігі» сериясынан «Байқоңыр» күміс монетасы 2012 жылғы соғылған үздік монета ретінде Виченца (Италия) қаласында өткен «Vicenza Numismatica-2014» монета өнімдері халықаралық байқауының нәтижесі бойынша екінші жүлдені иеленді.

Бұл монетада ғарыш пен «Байқоңыр» ғарыш айлағын зерттеудегі маңызды жетістіктер бейнеленген.

2014 жылы Ұзынкөл ауданының 12 ауылы қысқартылды. Жеке мәртебесін жоғалтқан елді мекен тұрғындары Ұзынкөл ауданының неғұрлым көп адам шоғырланған ауылдарына көшірілді.

Мұндай шешім кемінде 50 адам ғана қалған елді мекендерді сақтау орынсыз деп санаған биліктің атқарушы және уәкілетті өкілдерінің пікірі ескеріліп қабылданды.

2015 жылы «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде «Алматы - ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасының аясында «ТҮРІКСОЙ» кафедрасының ашылу рәсімі өтті. Шара ҚХА құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылды.

2016 жылы Атырауда ақын Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылды.

Қоладан құйылған 4,2 метрлік мүсін қала орталығына орнатылды. Мүсінші - Мұрат Мансұров. Композиция сәулетшісі - Серік Рустамбеков.

2019 жылы Алтай республикасының астанасы Таулы Алтай қаласында Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Мақсаты - Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, оның салт-дәстүрлері, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби байлығы туралы білімді тарату. Әлемнің 29 кітапханасында қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталықтары жұмыс істейді.

2019 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларының ұлттық триатлон федерациялары бірлесіп ОрталықАзиялық триатлон қауымдастығын (Central Asian Triathlon Association - CATA) құрды. САТА басшысы ретінде Almaty Triathlon Federation басшысы әрі ҚТФ вице-президенті Ғалымжан Есенов сайланды. САТА-ның басты мақсаты – Орталық Азия елдерінің территориясында триатлонды дамыту және насихаттау, Азиялық Триатлон конфедерациясында (ASTC) бірауыздан ортақ бағдарды ұстану. Бұл өз кезегінде Орталық Азия спортшыларына ғана емес, бапкерлер мен техникалық делегаттарға да ешбір бөгетсіз тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет