Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 12 Наурыз 2020
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 16:03

Абай – дара, Абай – дана қазақта

Тағы бір той Бөлекте болды. Әрі басқалардан бөлек те болды. «Абай  – дара, Абай – дана қазақта» атты әдеби-танымдық байқау өткізіп жатқан М.Горький атындағы мектепке бардық.

Үлкен де, кіші де, ер мен әйел де қазақтың ұлттық киімін киіп, алдыңнан топ болып шыққанда ерекше күй кешеді екенсің. Қыздардың киген бүрмелі көйлегі мен кестелі тақиясы еріксіз сүйсіндірді. Басындағы ақ кимешек пен аяғына киген мәсісі де әжелерге жарасып-ақ кеткен. Ал бөрік пен үстіндегі шапаны жігіттер жағын жігерлендіріп тұрғандай. Осы көріністің өзі-ақ залдағы әрқайсымыздың бойымыздағы ұлттық рухты асқақтата түскендей.

Байқауға қатысушылардың киіміндегі оюлардың керемет үйлесімін төрге құрылған тұскиіз де толықтырып тұр. Еденге төселген құрақ көрпелер, керегеге ілінген қара домбыра – бәрінен Құнбай, Абай дәуіріндегі қазақтың қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрінің иісі аңқиды. Сол кезеңге еріксіз елітіп барады. Осындай керемет күйде отырып, Абай әндерін тыңдау бір ғанибет.

Үш кезеңнен тұрған байқауға мектеп ұжымынан құралған 6 топ қатысты. Алдымен ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыған үміткерлер екінші кезеңде әдемі әуендерін әуелетті. Осы тұста Қ.Ахметов қолына гитарасын алып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдарманға ерекше сезіммен жеткізе орындағанын айта кету керек. Дегенмен, өзге қатысушылар да бір бірінен  кем түскен жоқ. Бірі Абай әндерін баянмен сүймелдеп айтса, енді бірі попурри айтып ерекшеленді.

Бәрінен қызығы, үшінші кезең болды. Оның шарты – Абай Құнанбайұлының өмірінен немесе ақынның шығармалары желісімен сахналық қойылым қою. Алғашқы болып ортаға шыққан «Жаратылыстану бірлестігі» командасы театрдағы кәсіби әртістерден еш кем еместігін көрсетіп, көрерменді күлкіге қарық қылды. Құнанбайды сомдаған мектеп директоры Ш.Примбаев кейіпкерінің образын керемет ашып, нағыз би, болысқа тән мінезін мінсіз жеткізді. Осы тұста директордың білікті басшы ғана емес, ұжымындағы қызметкерлерге жақсы үлгі көрсете алатын, әрі әркез олардың жандарынан табылатын мықты маман екеніне көзіміз жетті. Олай дейтініміз – қызметкерлерінен өзін бір саты жоғары қойып, сол орыннан төмендеуді қор санайтын бастықсымақтарды жиі көреміз. «Балық басынан шіриді» дегенді қазақ сондайларға қарап айтқан-ау.

«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүреді» деген тағы бар. Бұл мектеп ұжымы – осы сөздің айқын мысалы бола білді. Командалар Абайдың өмірінен, аударма мысалдарынан көрініс қойып, тапқырлықтарымен ерекшеленді. Байқаудың бас жүлдесі «Жаратылыстану бірлестігіне» бұйырса, 1-орын Бастауыш қазақ сыныптары бірлестігі, 2-орын «Қазақ тілі пәні бірлестігі», ал 3-орын «Дәл ғылымдар бірлестігіне» берілді. Сонымен қатар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясын  «Ағылшын тілдер бірлестігі»,  «Көңілім әнді ұғады» номинациясын «Бастауыш орыс  сыныптар бірлестігі» алды. «Өлмейтін сөздің иесі» номинациясы Қ. Тажибаеваға бұйырды. Кеш соңы әдемі әуенмен, керемет бимен жалғасты.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 11:07

Дәстүр мен шариғат

Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болғалы ата дініміз – Исламға бостандық берілгені баршаға мәлім. Әрине халқымыздың жастары тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап дін ілімдерін үйренуге ден қоя бастады. Қазақтың жастары бабаларымыздың жолын қуып ислам елдеріне ілім іздеу үшін сапар шегіп те үлгерді. Сол жастарымыз исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне ешбір тұрғыдан бөтендігі жоқ тәлімін үйреніп келіп жатыр. Десек те, солардың арасында қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығаратын кейбір араб елдерінде тәлім алып келген жастарымыз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Міне, сондықтан дініміздің әр халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, дәстүрінің озығын қолдайтынын негіздей отырып қоғамға дұрыс көзқарасты ұсыну білімді азаматтардың борышы.

Алла тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде: «Ей адамдар, расында Біз сендерді ер кісі мен әйелден жараттық. Сондай ақ, бір бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар және тайпалар етіп тараттық. Шын мәнінде Алланың құзырында ең құрметтілерің – көбірек тақуалы болғандарың» – дейді. Демек, адам баласының әртүрлі халықтар, ұлттар, тайпалар және рулар болып жер бетіне тарауы Жаратушының тарапынан қойылған табиғи заңдылық. Жер бетінде осындай сан алуандықтың қалыптасуы тікелей Раббымыздың даналығы. Бұл даналықтың мақсаты – адамдар бірін бірі мен ақпын, сен қарасың деп кемсітуі немесе бөлінуі емес. Мұндағы мақсат – көп нәсілге тарап жатқан адам баласы өзара танысып, білісу еді. Аяттың соңында Алла тағала абзалдық пен артықшылықтың таразысын баяндайды. Адам өзінің тегімен, қанымен немесе байлығымен басқадан артық болмайды. Оның өзгеден артықшылығы мен абзалдығы Алланың әміріне бойсұнып, тақуалығы берік болумен екен.

Сондай-ақ, адамдардың тілдері мен түстерінің түрлілігі Жаратушы тағаланың шексіз құдіретінің айғағы. Бұл турасында Құранда: «Аспандар мен жердің жаратылысы және сендердің тілдерің мен түстеріңнің түрлі болуы Оның (Алланың) құдірет белгілерінен. Бұл мәселеде білетіндер үшін үлгілер бар» – дейді. Бұл аят арабтың тілі – араб, орыстың тілі – орыс, қазақтың тілі – қазақ, сол сияқты адамдардың түстері мен келбеттерінің сан қилы болуы Хақ тағаланың шексіз құдіретінің белгісі деп ескертеді. Әлемдегі түрлі тілдер мен келбет кескіндердің куәсі болып жүрген әрбір адам бұл көріністен ғибрат алуы керек. Бірақ өкінішке қарай біздің заманымызда халықтар бірін бірі ұлтына қарап ұлықтап, түсіне қарап сыйлайтын болды.

Адам баласының әртүрлі ұлттар болып қалыптасуы раббани жүйе болса, олардың әрбірінің ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтары бұл жүйеден тысқары болуы мүмкін емес. Егер әрбір ұлттың өз ерекшелігі болмай, баршасына ортақ бір ғана қасиет болғанда, олардың өмір сүруі қиындап кеткен болар еді. Сондықтан, әр қоғамның ойлау өрісіне, географиялық және әлеуметтік талаптарына қарай өзіне тән өмір сүру үлгісі қалыптасты. Осымен әрбір қоғамның күнделікті өмірдегі үйренген жағдайлары, ұстанатын пікірлері, қолданатын сөз тіркестері және қоғамда кең тараған іс қимылдарының жиынтығы әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген атаулармен жеке зерттелетін болды. Сол сияқты қазақ ұлтының да өзіндік құндылықтары мен өзіне тән ерекшеліктері бар.

Ислам – шынайы өмірмен санасып отыратын дін екеніне дау жоқ. Тарихтың парақтарын түгелімен ақтарып отырсақ та, Ислам діні жеткен жердің халқы өз құндылықтарынан айрылып, арабтанып кеткенін көре алмаймыз. Ислам әрбір ұлттың Алла әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, бекітіп отырды. Ислам келген кезде жәхилият дәуіріндегі арабтар шарапты қатты ішетін. Олар үшін шарапсыз аталатын қуаныш болмайтын. Бірақ біздің дана дініміз мас қылатын ішімдіктерді бірден харам етіп, тыйым салмады. Бұл турасында Айша анамыз: «Ең алғашқы түскен сүрелер жәннат пен тозақ туралы болатын. Адамдар исламның айналасына жиналған кезде, харам мен халал аяттары түсе бастады. Егер де шарапты ішпеңдер, тастаңдар деген аят бірден келгенде, сахабалар: «Жоқ, біз шарап ішуді ешқашан қоймаймыз дейтін еді» – деп әңгімелейді. Керісінше біздің кемел шариғатымыз сол кездегі араб қоғамының жағдайын ескеріп, шарапқа тыйым салуға бірте-бірте алып келді. Олай болмағанда Айша анамыз айтқандай сахабалар бірден қабылдамауы мүмкін еді. Біріншіден Құран аяты шараптың пайдасы мен зияны да бар, бірақ оның зияны пайдасынан көбірек деп келді. Екінші кезекте аят мас болған кезде мұсылмандарға намаз оқуға тыйым салды. Содан кейін ғана соңғы кезекте шараппен бірге, құмар ойыны, бал ашатын тастар мен табынатын бұттарға түгелімен тыйым салған аят түсті. Ислам дінінің әр қоғамның өзіндік жағдайын ескеретінін, Имам Әш-Шафиғидің Ирактан Мысыр еліне көшіп барғанда көптеген пәтуаларына өзгерістер енгізгізілгенін де көре аламыз.

Адамның іс-қимылына қатысты шариғаттың үкімдерін зерттейтін «фиқһ» ғылымында қоғамда қалыптасқан әдет ғұрыпқа, салт-дәстүрге негізделген бірнеше «фиқһ қағидалары» пайда болды. Солардың бірі ретінде «Әдет-ғұрыпқа төрелікке жүгініледі» деген «фиқһ» қағидасын айта білеміз. Ислам ғұламалары шариғаттың Құран аяты немесе Пайғамбар хадисі секілді нақты мәтіні келмеген мәселелерді, аталмыш қағидаға сала отырып үкімін беретін. Сондай-ақ, имамдар фиқһи мәселелерде әр адамның жағдайы бөлек болғандықтан, оның өзіне жеке пәтуа беріп, оған қатысты шариғаттың үкімін бекітіп отырды. Сондықтан, «фиқһ» және «фиқһ» негіздері ғылымдарында әдет ғұрып мәселесі көбірек талқыланудың өзіндік маңызы бар. «Фиқһ» ғалымдары өздерінің көптеген пәтуаларын адамдардың күнделікті өмір сүру үрдістеріне негіздей отырып айтып кеткен. Әсіресе адам өміріндегі сауда саттық, егін, шаруашылық отбасылық өмірдің мәселелері және қоғамдық қағидаларға қатысты шариғаттың көптеген үкімдері әрдайым әдет ғұрыпқа негізделіп отырған.

Алла тағала қасиетті кітабында: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол» – деп әмір етеді. Сондай-ақ, хадис имамдары ұлық сахаба Абдулла ибн Масғудтың: «Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағаны, Алланың құзырында жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі» – деп айтқанын жеткізеді. Ислам дінінің көздегені адам баласының мүддесі болып келеді. Адам баласына салауатты өмір салтын сыйлап, екі өмірде бақытты ету. Тағы бір аятта: «Сендерге дінде ешбір қолайсыз жағдайды жүктемеді» – делінеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр. Сондай-ақ, біздің дініміз адам баласына ешқашан қиын, қолайсыз болатын істі міндеттемеген. Сол сияқты Ислам адамның қолайсыз жағдайда өмір сүруін қаламайды да.

Ислам келгеннен кейін де арабтардың қоғамында қалыптасқан кейбір жағдайларды бекітіп, қолдады. Мысалға, өлтірілген адамның құнын төлеу араб қоғамында исламнан бұрын бар еді. Ислам келген соң, оны жоққа шығармай «кек алумен» бірге қосымша жаза етіп бекітті. Сол секілді сауда-саттық саласында араб қоғамында іске асып жатқан «мудараба, серіктестік, сәләм саудасы» сияқты сауданың үлгілерін де ислам қолдады. Ханафи мәзһабының үлкен имамдарының бірі Әл-Кәмәл ибн Әл-Хумәм өзінің Фатхул-қадир атты кітабында: «Шариғаттың мәтіні (аят, хадис, сахабалар сөзі) келмеген тұста, ғұрыптың үкімі ижмағ үкімімен тең болады» – дейді.

Ғұрып сөзі арабтың «ғұрыф» сөзінен келіп шығады. Тілдегі мағынасы жақсы, көркем,  және жағымды іс дегенді білдіреді. Терминдік қолданыстағы анықтамасына келер болсақ, «ол белгілі бір қоғамның күнделікті өмірінде сөзге немесе іске қатысты үйреніскен және қалыптасқан жағдайлары». Демек, ғұрып ұғымы сөзге және іске де қатысты. Іске қатысты болған ғұрыпты «фиқһ» негіздері саласының ғалымдары «ғұрып ғамали» яғни істік ғұрып, сөзге байланысты болғанын «ғұрып қаули» яғни сөздік ғұрып деп атайды.

Ал әдет арабтың «ғадат» сөзінен келіп шығады. Қайта келу, қайталау, жалғасу секілді мағыналарды білдіреді. Ғалымдардың берер анықтамасына тоқталсақ, «әдет дегеніміз ақли қатысусыз қайталанып отыратын жағдай». Рационалдық негізде қайталанған жағдайлар әдетке жатпайды. Мысалы әр күні жұмысқа келіп, компьютерде отырып жұмыс істейтін адамның әрекеті қайталанып отырғаны үшін, оны  әдет деп айта алмаймыз. Себебі, бұл тұста рационалдық биліктің әсерімен қайталану үрдісі орындалуда. Орындалып тұрған іс пен оның себебінің арасында тығыз байланыс орнап тұр. Демек, «әдет-ғұрып – белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, оның мүшелерінің мінез-құлқының, тұрмыс-тіршілігінің бұлжылмас қағидаларына айналған жөн-жосық, жол-жоралғы».

Істегі ғұрыптарға мысал ретінде адамдардың сауда-саттық кезінде тілмен айтпай-ақ, алыс-беріспен ғана мәміле жасау, көпшілікке арналған моншаға уақытты тағайындамай кіру, келген қонаққа міндетті түрде дастархан жайып тағам ұсыну, үйге келген қонақтың дәмнен ауыз тиюі, жаңа зат алған адамға байғазы беру, адам басына қиындық түскенде жылу жинау, қуанышты оқиға болған кезде хабарлап сүйінші сұрау және келін түскенде беташар жасап келінді қарсы алу секілді әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді айта білеміз.

Ал сөздік ғұрыптар мен дәстүрлердің қатарына негізінде тілдегі мағынасында ұл мен қызға да бірдей бала деп айтса да, «бала» сөзін тек ұл балаға ғана қолдану. Сондай ақ, ет сөзін балықтың етінен басқа жануарлардың етіне айту. Себебі, күнделікті қолданыста балықтың етін ешкім ет деп айтпайды. Қой, сиырдың етіне ет деп айтып, балықтың етіне балық деп қана айтылады.

Ислам ғұламалары әдет ғұрып, салт дәстүрлерді жалпыға немесе белгілі бір топқа ғана қатыстылығына байланысты екі түрге бөледі. Біріншісі «ғұрып ғамм», екіншісі «ғұрып хасс» делінеді. «Ғұрып ғамм» дегеніміз көп елдерге немесе барша адамдарға қатысты болған әдет ғұрыптар. Яғни көптеген елдерге немесе барша адамзатқа ортақ болғаны. Ал «ғұрып хасс», белгілі бір елге немесе адамдардың бір тобына ғана қатысты болады.

Қоғамдағы кең тараған істерді, әдет ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді қабылдау үшін, исламның қоятын шарттары айқын. «Фиқһ» ғылымында «Нәрселердің негізі мұбах» деген қағида бар. Мұның мағынасы, қандай іс, сөз, жағдай немесе көрініс болса да негізінде халал және рұқсат етілген болып есептеледі. Демек, оларды істеуге, айтуға, жасауға немесе ұстануға рұқсат етілген. Бірақ, исламның ережелері мен талаптарына қайшы келетін, шариғат тыйым салған істердің немесе жағдайлардың үкімі басқа. Осылайша шариғаттың арнайы келген мәтінінің шектеуімен негізінде халал әрі рұқсат етілген жәйттер тыйым салынған жағдайларға айналады.

Сондықтан, «фиқһ «негіздері ғалымдары ғұрыпты «сахих» және «фәсид» деп екіге бөледі. Мұның мағынасы дұрыс және бұрыс ғұрып дегенді білдіреді. Дұрыс ғұрып исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейтін ғұрып. Жалпылама айтқанда шариғаттың үкіміне қайшы келмейтін іс. Ислам ғұламалары мұндай ғұрыпты қабылдап, «фиқһ» саласында атап айтсақ, ант ету, талақ (ажырасу), сатып алынған затты тапсыру, сауда-саттық саласының терминдері т.б. мәселелерде сүйенетін негіздердің бірі етеді. Біздің қазақтың «дәстүрдің озығы» дегені осы сахих ғұрып болса керек.

Ал «фәсид ғұрып» дегеніміз, шариғаттың ережелеріне қайшы келген, халалды харам, харамды халал еткен ғұрып. Мысалы белігілі бір қоғамда тек өсімге ақша беріп және алып жұмыс жасау, қуанышқа арналған шараларда жын ойнақ музыка қойып, ерлер мен әйелдер қосылып билеу, ер кісілердің алтыннан неке жүзік тағуы секілді қалыптасқан істерді ғұрыптың осы түріне жатқызуға болады. «Дәстүрдің тозығы» болып есептелетін мұндай ғұрыптарды ислам шариғаты мүлдем қаралап, қарсы күресіп, мұсылман қоғамды бұлардан тазартуға жұмыс жасайды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ислам діні әрбір халықтың, ұлттың  өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлеріне айрықша көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, осылайша оның өзін жеке тақырып етіп зерттеген. Егер біздің заманымызда пайда болған кейбір білімдісымақтар айтқандай ислам діні ұлт, ұлттық құндылықтар, әдет, ғұрып, салт және дәстүр секілді ұғымдардың барлығын дерлік жоққа шығаратын әрі қабылдамайтын болғанда, ғұламаларымыз бұл тақырыпты осыншалықты зерттемеген болар еді. Әрине мұндай атүсті пікірлер дініміздің мақсаттары мен негіздерін жете түсінбегендіктен шығып отыр.

Сондай-ақ, дәстүрге бұлай теріс көзқараспен қарау және жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болады. Себебі, шариғаттың мәтіндері адам өмірінің негізгі ережелерін қамтығанмен, адам өмірінде кездесетін әрбір оқиғаны арнайы тәптіштеп айтпағаны ақыл иесіне белгілі. Міне осы тұста фиқһтың қияс, истихсан, истисхаб, қоғамның мүддесі және ғұрып секілді тәсілдеріне жүгінуге тура келеді. Бұл тәсілдер мен негіздерге сүйене отырып шариғаттың үкімін беру ғасырлар бойы ислам ғұламаларының салып кеткен ұлы жолы.

 

C.ТӨРЕҚҰЛОВ,

ауданның бас имамы

Published in Діни
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 10:34

Өнер мен шабыт ұштасқан

Қазіргі таңда елімізде жастар келешегіне зор үміт артып, үкіметіміз жағдайын жасап, қамқорлығына алып отыр.  Соның бір дәлелі, Шелек ауылының №1 орта мектебінің 7»ə» сынып оқушысы Аяла Абдрахманованың жетістігін атап айтуға болады.

Аяла сыныбында озат оқушылар қатарында. Үздік оқумен қатар қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеу жолында шығармашылық талабы да көңілге қуаныш ұялатады. 2019 жылдың 9 ақпанында Алматы қаласында өткен «Жас жұлдыз» республикалық байқауына қатысып қолөнерден яғни, тоқыма тоқудан жəне Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне орай жазған «Жыр арқауы Шəлкөде» атты шығармасы үздік деп танылып, екі сында да  бас жүлдені иеленіп қайтты. 

Наурыз айында Кеген ауданында өткен «Жарқын болашақ» атты республикалық байқауға қатысып,  шығарма жазудан бас жүлде, қолөнерден 1- орын алды.

Қыркүйек айында Алматы қаласында өткен «Бойтұмар» атты республикалық байқауда шығарма жазып тағы да бас жүлде алды.

Қараша айында Шелек ауылында өткен «Ұлы дала  ұрпағы» атты республикалық байқауға қатысып,  қолөнерден кезекті бас жүлдені иеленді.

Шығарма жазудан 1-ші орынды иеленіп, қолөнерден үздік шыққан Аяла Париж қаласына жолдаманың иесі атанды.

2020 жылы қаңтар айында Талдықорған қаласында өткен «Ақжелең» байқауында бақ сынап, шығарма жазудан 1-орын, қолөнер байқауынан  бас жүлде иегері атанып, Ташкент қаласына жолдама алды. Аяланың мұндай жетістікке жетуіне №1 орта мектебінің директоры Ардақ Мұхамеджанқызының, технология пәнінің мұғалімі Жұпар Қадырова мен қазақ тілі пəнінің мұғалімі Оразгүл Құрбанова апайларының сіңірген еңбегі зор.  Сондықтан ұстаздарына бар жақсылықты тілей отырып əрдайым құрметке бөленіп жүре беріңіздер демекпіз. Сондай-ақ, Аяла қызымыздың атынан анасы Аяла Абдрахмановаға және Сіздерге арнаған өлең шумағын ұсынамыз.

Гүл бағындай жайнап өмір өрісі,

Мейіріммен, шапағаттың кеніші.

Менің əрбір жетістігім өзге емес                                          

Анам сенің еңбегіңнің жемісі!

 

Редакциядан: Аяланың сан байқауда жеңімпаз болуына себепші болып жүрген «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері Жұпар Қадырова

Published in Мақалалар

«103». Бас ауырып балтыр сыздай қалса осы нөмерді теріп жедел жәрдем көмегін күтетініміз ақиқат. Ондағы мейірімді дәрігер, дәрі-дәрмек, емханаға жедел түрде жеткізетін көлік – өмір мен өлім арасындағы күресте ең алғы шепте жүретін жауынгерлер. Ендеше, медицина саласында жаңа жүйе және тың жаңалықтардың енуіне байланысты халық арасында түрлі түсінбеушіліктер туындауда. Осыған байланысты аудандық көпсалалы емхана қабырғасында орналасқан жедел жәрдем бөліміне арнайы барған едік.

Бүгінде жедел жәрдем көліктері облыс арқылы басқарылады. Сондай-ақ, кейінгі енгізілген тәртіпке сәйкес сіз 103 нөміріне қоңырау шалсаңыз, облыстық жедел-жәрдем бөлімінің диспетчеріне түседі. Осы орайда аудан тұрғындары арасында түсінбеушілік туындауда. Бұрын 103 нөміріне шалынған қоңырау тікелей аудандық көпсалалы емхана қабырғасындағы жедел-жәрдем бөлімінің диспетчеріне түсетін. Сөйтіп, жедел жәрдем көліктері диспетчердің нұсқауымен сіздің үйіңізге келетұғын. Жаңа тәртіп бойынша сіз 103 нөміріне қоңырау шалып, мекен жай, ауыл атауымен қатар қай ауданнан хабарласып тұрғандыңызыды айтуыңыз қажет.

Мұның себебін сұрай барғанымызда облыстық жедел-жәрдем бөлімі, оңтүстік өңірі бойынша жетекші Нариман Нұрғалиев былайша түсінік берді:

– Бұрынғы жүйе бойынша анықталған кемшіліктер салдарынан, яғни, байланыс жүйесіндегі олқылықтар жедел-жәрдем қызметін орталықтандыруға се-бепші болды. Айталық, бұрын 103 нөміріне Есік қаласынан қоңырау шалған тұрғын Қаратал ауданына, ондағы 103 нөміріне қоңырау шалған тұрғын Есік қаласына түсіп кетіп, басқа да түсініспеушіліктер орын алды. Осы себепті орталықтандыру арқылы, қоңырауларды және жедел жәрдем көліктерінің жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік алдық – дейді Нариман Нұрғалиев.

Облыстық жедел жәрдем бөлімінде отырған диспетчерлер қоңырауды қабылдап алып, аудандық жедел-жәрдем бөліміне жібереді. Осы жерде тағы бір келеңсіздік туындайды. Облыстық жедел жәрдем бөлімінің диспетчерлері ауданымызға қарасты Есік қаласы мен ауылдарын, ондағы мекен-жайларды толық білмейді. Сонымен қатар, көше атауларының өзгеруі, тұрғын үй нөмірлерінің ретсіздігі,  жедел жәрдем көліктерінің науқастың мекен-жайын таппай көше кезіп жүру себептерін тудырса, Нариман Нұрғалиевтың сөзінше: – «Жақын арада аудандық көпсалалы емхананың жедел жәрдем бөліміне тағы бір диспетчер қызметін енгізу жоспарда тұр. Әзірге онда бір диспетчер бар. Онда аудан орталығы Есік қаласы мен ауылдарды жақсы білетін маман жұмысқа тартылады» – дейді. Сөйтіп, жедел-жәрдемнің науқасқа жедел жетуі үшін жүйені жетілдіре беретіндерін жеткізді жетекші.

Сонымен қатар диспетчер жедел-жәрдем көліктерінің қай жерде жүргендігін «GPS» жүйесі арқылы бақылап отыруға мүмкіндік алған. Облыстық жедел-жәрдем бөлімінің Есік филиалына қарасты жедел-жәрдем көліктері тек Тескенсу ауылдық округіне дейінгі аумаққа жауапты. Әрмен қарай Шелек емханасына қарасты жедел-жәрдем көліктері қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Нариман Нұрғалиевтың мәліметіне сүйенсек, әрбір 10 000 тұрғынға бір жедел-жәрдем көлігі берілуі тисі. Бұл – белгіленген заң. Облыс көлемінде ең үлкен Еңбекшіқазақ ауданы үшін 9 жедел жәрдем көлігі деген аздық етеді, әрине. Ауданымызда ресми тіркелген 299 800 тұрғын бар. Бұл әлі тіркелмеген аудан тұрғындарын айтпағанда. Сондай-ақ, жедел жәрдем көліктерінің көбі ресейлік «Уаз» маркалы темір тұлпарлар. Мұның себебін сұрағанда Нариман Нұрғалиев: «Аудан таулы жерде орналасқандықтан көбіне жол талғамайтын Уаз көліктеріне тоқталдық. Сондай-ақ, жүргізушілер де Уаз көліктерін жүргізуді қалайтындығын жеткізді. Себебі, бұзылған жайда жөндеу жұмыстары тез арада жүргізіліп қатарға қосылады» – дейді.

Әлгі сіздің шақыртуыңызға жедел жәрдем көлігінің кешігіп жатуы дәл осындай себептерден туындаған. Жақында халық алдындағы есеп беру кездесуінде облыс әкімі Амандық Баталов жедел-жәрдем көліктерінің жетіспейтіндігін айтып, бұл олқылықтың орны осы жылы толатынын жеткізді. Атап айтсақ, облысқа 70 жедел жәрдем көлігін алу жоспарлануда.

Жалпы, өмір мен өлім арасындағы күресте  жеңімпаз атану үшін бес қаруың сай болуы қажет екендігі әркімге де аян. Бұлар сенімді көлік, дәрі-дәрмек, тәжірибелі дәрігер. Ал біздің бес қаруымыз сай ма? Сіз не дейсіз оқырман?

 

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 10:26

Контрафактіге жол жоқ!

Жақында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында зияткерлік меншік мәселесі бойынша жиын өтті. Шараға кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали, Еңбекшіқазақ ауданаралық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Толқын Ақанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Нұрлан Дайырбаев, сот орындаушылар және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Бүгінгі таңда түрлі бренд тауарлардың бәсекелестері көбейіп, тауар белгісін заңсыз қолданып жатады. Айталық, осыдан бірер жыл бұрын «Coca Cola» және «Dizzy» сусындарын жертөледе заңсыз дайындап, сатқандар ұсталған болатын. Бүгінде осы тектес оқиғалар көптеп тіркеліп, кәсіпкерлер мен тұтынушылар зиян шегуде. Осыны жеткізген әділет басқармасының жетекші маманы Талғат Жүгербаев келген қонақтармен таныстырды. Жоғарыда аталған жағдайдың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шараға зияткерлік меншік және авторлық құқықты қорғаумен айналысатын «Бизнес Оптима» компаниясының өкілдері арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қазақстанның тұтыну нарығында, сонымен қатар, әлем бойынша контрафактілік (жасанды) өнім көлемі ұлғаюда. Тұтыншушылардың басым бөлігі бұл тауарлардың тигізетін залалын білмегендіктен, сапасыз тауар өндірушілердің құрбанына айналады. Контрафактілік өнім түпнұсқа секілді қымбат бағада сатылуы мүмкін және керісінше, тұты-нушыларды тарту мақсатында арзан сатылады. Елімізде сапасы төмен, ал кейде қауіпті өнімнің пайда болуы ұлт денсаулығына залал келтіреді және тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді. Себебі, ол заттардың кім және қалай жасағандығын білмейміз – деген компания өкілі осындай жасанды тауарларды сатып алуда сақ болуға шақырды.

Жиынға қатысқан тіс пастасын өндіретін «Colgate» компаниясының сарапшысы Юлия Александровна аталған компания өнімінің түпнұсқа немесе көшірме екендігін қалай ажыратуды көрсетті. Ең алдымен, түпнұсқа қорабының ашылатын тұсында қағаз алты жерден кесілген. Ал көшірмесінде үш жерден, кейбірінде мүлдем жоқ. Сонымен қатар, түпнұсқаның жазулары түсінікті, біркелкі әрі қатесіз жазылған. Тауар көшірмесін өндірушілер бұған мән бермеген. Оған қоса, тауарды сатып алғаннан кейін оның иісі мен түрі арқылы анықтауға болады.

Әділет басқармасының бас маманы Ғалым Достанов аудан аумағында осындай жағдайдың тіркелгендігін айтты. Сөзіне сүйенсек, Құлжа тас жолының бойындағы жанармай бекеттерінің бірінде аталған тіс пастасының көшірмесі саудаланып келген. Бірақ, жанармай бекетінің иесі бұл жайттан мүлдем бейхабар болған. Алайда, кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали да жиылған кәсіпкерлерге алаяқтарға алданып қалмауын ескертті:

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы 3 жылға жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялады. Осыған орай, біз жалған тауар өндіріп сатушыларды тексеріп, анықтай алмаймыз. Олар да жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Осылайша сіздерге келіп, тауарларын ұсынуы мүмкін. Сіз сатқан көшірме тауардан адам денсаулығына зиян келсе, сізді құзырлы органдардың тексеруіне мүмкіндігі бар. Тауар ұсынушылардың сертификаттары мен құжаттарын сұраңыздар – деп кеңес берді бөлім басшысы.

Басқосу соңында сөз алған партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Асыл Байтулақұлы:

Көшірме жасаушы алаяқтар тек күнделікті тұрмыста жиі қолданатын, сұранысқа ие тауарларды жасап шығарады. Оны сіздер де қолданасыздар. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін тауар аларда абай болғанымыз жөн – деп кәсіпкерлерге кеңесін айтты.

Мамандардың сөзінше, белгілі бір сауда нүктесінде көшірме тауардың сатылып жатқандығы туралы шағым түссе, тауар белгісін заңсыз қолдану фактісі анықталса, тексеру жүргізіліп, қомақты айыппұл салынады кәсіпкерге. Тіпті, кәсіпкердің алданып қалғандығы да жауапкершіліктен құтқармайды. 

 

С.НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 10:00

Аналарға арнау

Маңдайыңнан марттың күні өпкен мың,

Жырлау үшін жер түбінен жеткенмін.

О, аналар, жүздеріңнен айналдым,

Шуағындай көктемнің.

 

Пайғамбардан бәсі биік тұратын,

Аналарды мәңгі жырлау мұратым.

Анашым деп жыр жазбаған сәті жоқ,

Анасына басын иген ұлы ақын.

 

Алла жолын әр қадамың даралар,

Ақ жаулығың болмысыңды саралар.

Арқауысың таусылмас жыр жолының,

Күндей нұрлы, гүлдей нәзік аналар.

 

Жүрегіңде жүйткіп аққан жылы ағын,

Жыр арнады жел тербеген құрағың.

Ортамызда есен-аман жүріңдер,

Болашақтың алаулатып шырағын.

 

Қуанәлі Алмасбекұлы,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

Published in Әдебиет
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:42

Деген екен...

Баянғали Әлімжанов айтыс ақыны, жыршы, манасшы, жазушылығымен қатар тапқыр сөздерімен, әдемі әзіл-қалжыңдарымен, орынды, орынсыз қойылған сұрақтарға, күнделікті өмірде болып жататын ойқыл-тойқыл оқиғаларға байланысты астарлы шумақтарымен танымал. Төменде «Деген екен» деген атпен жарияланған осындай өткір сөз, әзіл қалжыңдар жинағынан бірнеше үзінділер жариялап отырмыз.

Бір жолы Баянғалиға сатирик ақын Көпен Әмірбековтың немере туысы әрі құрдасы, фототілші Берсінбек Сәрсенов: «Көпенді сабап берсең, бір коньяк қоямын», – депті.

Баянғали: «Көпен екі коньяк қойса қайтем?» – деген екен.

***

Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының Болат Бекенов бастаған қызметкерлері бір жағы творчестволық кеш өткізу, бір жағы «Казақ тілі» қоғамына қаржы жинау мақсатымен XXIII партсъезд атындағы совхоз орталығы Баймырзаға Баянғалиды алып барады. Біраз әңгіме, өлең айтылып, кеш аяқтала бергенде, ақын былай депті:

Ағайын, ажарыңды көріп тұрмыз,

Бар ғой деп азаматтар сеніп тұрмыз,

«Казақ тілі» қоғамына ақша сұрап,

Алдыңа төрт қайыршы келіп тұрмыз!

Ағамыз Болат деген бас қайыршы,

Қасында Төлеу деген жас қайыршы,

Бүгінгі «Қазақ тілі» қоғамдары

Өмірі тоймайтұғын аш қайыршы,

Көп шаруа болмай тұр ғой ойдағыдай,

Жүрміз-ау жол іздеумен толғанып-ай,

«Қазақ тілі» қоғамдарын өз жерінде

Дариға-ай, қайыршы ғып қойғанын-ай!

Бұл сөзге әрі күліп, әрі күрсінген совхоз директоры Есімбек Махметов, селолық совет төрағасы Амандық Ахметов, бас зоотехник Кеңес Мұқатов ақылдасып келіп, «Қазақ тілі» қоғамына бес мың сом ақша аударыпты. Сонда Баянғали:

Совхоздың директоры Махметов,

Селсебет төрағасы Ахметов,

Аудандық «Қазақ тілі» қоғамына

Аударды бес мың теңге рақым етіп! – деген екен.

***

«Жұлдыз» журналына Баян-ғалидың «Қиқыматтың қиссасы» атты повесі шыққанда журналист Кәрібай Мұсырманов ақынның үйіне телефон соғып, құттықтапты. Ол кезде Баянғали «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі, ал Кәрібай газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болса керек. Тағы да жұмыс бабымен мазалап, мақала сұрайды-ау деген інісінің жүрек жарды жылы сөздеріне разы боп кеткен ақын:

Айналдым, Кәрібайым Мұсырманов,

Бұл дағы достық қолды ұсынғандық,

Келгелі Көкшетауға Алматыдан

Көрдім-ау сенен тұңғыш мұсылмандық ! – деген екен.

***

Арықбалық ауданында Жұмағали Саинның 80 жылдығы болады. Ауатком төрағасы М.Шәйкенов ұзын бойлы, ірі денелі адам болса керек.

Бұл аудан кәдімгі Арықбалық екен,

Қонақжай, өзі еңбекқор халық екен,

Ауданы арық балық болғанымен

Бастығы кит секілді алып екен!- депті Баянғали.

***

– Самайды аққа берейін дегенсің бе? – депті бір күні әкімнің орынбасары Сансызбай Балтабеков. Өзі елуге келсе де, шашында бір тал ақ жоқ екен.

– Біз ептеп мимен жұмыс істейміз ғой, – деген екен Баянғали.

***

Бір жолы бастықтардың бірі Баянғалиға: «Сен бірінші орынға ат мініп, кілем алып жүрсің, баитын болдың ғой!» – депті. Сонда Баянғали: «Үкіметті жегендей болмайды екен» – депті. Тағы бір бастық: «Осы сен бір жерге барасың да , бір-екі ауыз өлең айтып, ат мініп, дүние алып келесің. Елден алып жатсың, алып жатсың...» – депті Баянғалиға. «Иә, аға, екеуміз де халықтан аламыз. Бірақ мен жырлап аламын, сіз ұрлап аласыз!» – депті сонда ақын.

***

Бір күні Баянғалидың машинасына мінген бір тәжірибелі шопырлар: «Мынадай бұрылыста қайтесің? Мынадай қиылыста мына жағыңнан машиналар келіп қалса қайтесің? Қай жерде кім бірінші өтуі керек?» – деп сұрай беріпті. Сонда Баянғали: «Мен өзі кішіпейіл адаммын, ешкіммен таласпай, тоқтаймын да, бәрін өткізіп жіберемін. Олар кеткесін жол өзіме қалады ғой! – деген екен.

***

Баянғалиды біреумен шатастырған бір бастық: «Әлгі балық аулаудың рұқсат қағазын қашан әпересің?» – депті. «Мен балықтың емес, халықтың адамымын» – депті сонда ақын.

***

Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық тойында (Солтүстік Казақстан облысы, 1993 ж.) өткен айтысқа Көкшетау облыстық әкімшілігі ресми түрде бір жас ақынды апарыпты. Ұлы ақынның «Батыр Баян» поэмасын алаш арыстары ақталмай тұрған кезде, 1975 жылдан бері ел арасында жырлап келе жатқан Баянғалидың бұл тойдан шет қалғанына қандары қызған Көкшетаудың мәдениет саласындағы қыздары Күміс Біләлова мен Мағрипа Әбілқасова Қызылжардағы мәдениет қызметкерлері Роза Шоланова мен Сұлушаш Темірғалиқызына хабарласады. Өңкей қыздар өзара келісіп, Баянғалиды ақындардың тізіміне ақырын ғана жазып жібереді. Кызық болғанда, қосалқы құрамда барған Баянғали айтыста жеңімпаз атанып, бас бәйгеге ие болып, Көкшетауға Мағжан атасының қаракер тұлпарын мініп келеді. Қыздарға риза болған ақын былай деп өлең шығарьпты:

Мағрипа мен Күмісім,

Роза менен Сұлушаш,

Қызмет қылып жыр үшін,

Үндемей-ақ бітірді

Әкімдердің жұмысын!

Published in Әдебиет
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:34

Борьба с коррупцией – дело каждого

В нашей стране преодоление коррупции является одним из главных направлений государственной политики, приоритетность которого обозначена главой государства.

В послании Первого Президента Республики Казахстан  Н. Назарбаева народу Казахстана «Стратегия «Казахстан-2050»  –  новый политический курс состоявшегося государства» указано, что коррупция – не просто правонарушение. Она подрывает веру в эффективность государства и является прямой угрозой национальной безопасности.

Коррупция угрожает фундаментальной ценности нашего государства – независимости, благодаря которой стали возможны все успехи Казахстана. Коррупция разрушает доверие общества к государству, снижает эффективность государственной власти, серьезно препятствуя социально-экономическому и духовному прогрессу страны. Без наличия у граждан антикоррупционной культуры, стойкого иммунитета к коррупции, ее публичного порицания невозможно достижение желаемого результата. Енбекшиказахская районная территориальная инспекция  Комитета ветеринарного контроля и надзора МСХ Республики Казахстан, являясь государственным органом, осуществляет свою деятельность согласно нормативным правовым актам. С начала 2020 года в территориальной инспекции МСХ РК проведено 3 собрания по предупреждению коррупции.

В территориальной инспекции на постоянной основе проводится разъяснительная работа среди государственных служащих о недопущении проявления фактов коррупции, совершении коррупционных правонарушений, за которые предусмотрена административная и уголовная ответственность. В здании районной территориальной инспекции имеется ящик для обращений граждан и указаны номера  горячей линии, по которым можно обратиться в компетентные органы в случае совершения государственными служащими коррупционных правонарушений.

  А.ИСКАКОВ,

 главный специалист, ветеринарно-санитарный

инспектор Енбекшиказахской районной территориальной инспекции КВКиН МСХ РК

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:24

Ғасыр дерті

Суицид. Бұл сөзді естігенде көбіміздің ойымызға жантүршігерлік жайттар елестейді. Соңғы статистикаларды қарай отырып, өз-өзіне қол жұмсаудың күннен-күнге артып бара жатқанын байқауға болады. Айта кетерлік жайт, олардың көбісі – жасөспірімдер.

Суицидке көбінесе жалғыздық жетелейді дейді мамандар. Алайда, біздің жастарымызда қайдағы жалғыздық деген ой  туындайды. Осы сұраққа жауап алу үшін аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі бас маманы Зарина Қожмамбетовамен тілдескен болатынбыз. Оның айтуынша, ауданымызда соңғы жылдары суицид фактілері тіркелген жоқ. Бала үнемі ата-анасының қамқорлығында болып,  үнемі балаға көңіл бөліп отырса, балада жалғыздық сезімі туындамайды.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Мансия Исказина Алматы облысы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицидтен бірінші орында екендігін айтқан еді. Сөзіне сүйенсек, бүгінде облыс республикада өз-өзіне қол салатын жасөспірімдерден көш бастап тұр. Өткен жылдың 8 айында 18 оқиға тіркелген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың суицидке баруының негізгі себебі,  ата-ана мен бала арасындағы кикілжің және жауапсыз махаббат. Оған қоса, қыз балалардың ерте жүкті болуы да жиі кездеседі.

– Бұрындары 16 жастағы қыздар екіқабат болса, жағамызды ұстаушы едік. Қазіргі таңда 13 жастағы балалар жыныстық қатынасқа түсіп, бала көтеріп жүр. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға жасалатын қылмыс көрсеткіштері  артып келеді, – деген еді Мансия Исказина.

Аудандық аурухананың мәліметінше, 2018 жылы кәмелеттік жасқа толмаған 48 қыз жүкті болған. Ал 2019 жылдың 8 айында 36 жасөспірімнің жүктілігі анықталған. Ең жасы 15-16 жаста. Десек те, басым көпшілігі некеде тұрғандар. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ауданымызда тұратын кейбір ұлт өкілдері өздерінің дәстүріне сәйкес, қыздарын 9 сыныпты бітіргеннен кейін тұрмысқа береді. Нәтижесінде, ерте ана атанып жатыр.

Дүниежүзілік денсау-лық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіште Орта Азия елдері арасында Қазақстан тізім басында тұр.

Ал енді ел ішіндегі жағдайға назар аударсақ, соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш бастап тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы, 72  адам өз өмірлерімен қош айтысқан. Екінші  орындағы Ақтау қаласында 64-67 оқиға тіркелген. Үштігімізді толықтырып тұрған Солтүстік Қазақстан облысы 100 мың тұрғынға шаққанда 57 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бір атап өтерлігі – елде адам өлтіргендерге қарағанда өз-өзін өлтіргендер саны әлдеқайда көп.

ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша 2019 жылдың 5 айлық статистикасында Түркістан мен Қарағанды облысының тұрғындары суицидтік әрекетке көп барған.Өз-өзіне қол салған адам саны 74, оның 52-сі ұл, 22 қыз. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендер саны – 167 адам. Оның 36 ұл, 131 қыз.

Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өз-өзіне қол салып көз жұмады. Олардың 8 мыңы – қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады.

Әрбір суицидке баратын тұлға ең алдымен ниеттенеді, содан мақсат қойып, әрі қарай жоспарлайды дейді психологтар.

«Адам белгілі бір проблемаға тап болаған кезде,өзін тығырыққа тірелдім деп ойлайды.Осылайша, ар жағын ой елегінен өткізбей, оңай көз жұма салам деген шешім қабылдап жатады. Бұл әсіресе еркектер мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі.Адам көбінесе жалғыздықтан немесе қоғамдық ортадан  шеттелгендіктен өз-өзіне қол жұмсайды. Әрбір ата-ана өзінің баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бала қоғамға тез үйренеді,әрі жалғыздықтың не екенін білмей өседі. Баланың жеке тұлға болып қалыптасыуына ата-ананың үлесі зор. Бала өсіп келе жатқан кезде-ақ балаға біраз көңіл-бөлген жөн. Бұл жалғыздықтың алдын алатын алғашқы қадамдар болып есептеледі.Мектепте әрбір тұйық оқушымен жұмыс істеу ол біздің парызымыз және біз қолдан келгенше әрбір оқушымен қарым қатынаста болуға тырысамыз», – дейді №1 Рахат орта мектебінің психологі Индира Қаңлыбаева.

 

Назерке ХУДАЙБЕРГЕНОВА,

Рахат №1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:16

Абай – дара қазақта

Шелек ауылдық округінің әкімдігі мен мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын насихаттау, Абай шығармашылығын дәріптеу арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру мақсатында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты байқау өткізілді. Оған №1, Абай, Ы.Алтынсарин, В.Вихров, Т.Кенжебаев, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, А.Розыбакиев  орта мектептерінің өнперпаздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқауды Шелек ауылдық округінің әкімі Е.Есенхановтың өзі ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі байқаудың шарты бойынша Абайдың балалық шағы, есейген кезі немесе өнері туралы ұжымдық көрніс көрсету, өлеңдері мен қара сөздерін және өз шығармашылығынан бір өлеңді мәнерлеп оқу, Абай әндерінің бірін нақышына келтіріп орындау талап етілген болатын. Алайда тек үш мектеп қана өз көрністерін дайындаған. Ал басқа жағынан толықтай дайындалып келген.

Байқауға «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Н.Тілеуқабыл, Шелек ауылдық музыка мектебінің оқытушысы А.Төлегенова, Алматы облысы «Тіл» оқыту әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының Шелек өңірі бойынша оқытушысы Б.Ахметова қазылық етті. Қазылардың шешімі бойынша үшінші орынға В.Вихров орта мектебі, ал екінші орынға №1 орта мектебі ие болды. Жүлделі бірінші орынды Ә.Молдағұлова мектебі жеңіп алды. Қалған мектептер алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Н.Исабекова,

Шелек ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі

 әдіскер-нұсқаушысы

*****

Жуырда Нұрлы ауылындағы «Балапан» бөбекжай балабақшасында тәрбиешілер арасында балабақшаның музыка жетекшісі Б.Тұрсынғали ұйымдастыруымен «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты музыкалық іс-шара болып өтті. Аталған шараға Масақ ауылдық округінің әкімі Е.Нұрмаханов, Нұрлы орта мектебінің директоры Ш.Абітқожаева, балабақша меңгерушісі Т.Мамырова, сонымен бірге тәрбиешілер мен ата-аналар қатысты.

Шараның басты мақсаты ақынның шығармашылығын дәріптей отырып, оны барынша насихаттау, ұжымның арасындағы бірлікті арттыру. Шара барысында Абай атамыздың өмір жолы мен өлеңдері, қара сөздері мен әндерінен жарысқа түсті. Сонымен бірге Абай атамыз туралы сұрақтар қойылып, ақын шығармашылығы мен өмірін қаншалықты білетіндіктері анықталды.

Абай атамыз тек қазақтың мақтанышы ғана емес, әлемдік ортақ тұлғаға айналған данышпан. Сондықтан оның әрбір ақлиялары мен өнегелері жас ұрпақ үшін таптырмас қазына. Болашақта да мұндай игі шаралар өз жалғасын табатыны анық.

 

Б.Тұрсынғали,

«Балапан» бөбекжай балабақшасының музыка жетекшісі

 

*****

«NurOtan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филилалының жұмыс жоспарына сәйкес Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектебінде «Ұлы Халықтың ұлы ақыны» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Іс-шара өскелең ұрпақты Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын, өлеңдерін, қара сөздерін, насихаттап өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында өткізілді.

Әдеби-сазды кешке «NurOtan» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Байғоджаев, ауданымыздың құрметті азаматы, ел ағасы Е.Сұлтанғазиев, ақын Ш.Құсайынұлы, ардагер ұстаздар мен ауылдық мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Келген қонақтар өз ризашылығын білдіріп, іс-шараға еңбегі сіңген әріптестерімізді Алғыс хатпен марапаттады.  Осындай іс-шаралар алдағы уақытта  өз жалғасын табады.

Б.Рахимов

Published in Мақалалар
Page 1 of 2
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет