Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 05 Наурыз 2020

Денсаулық сақтау мүддесін әлеуметтік қорғаудағы мемлекеттік жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен іске қосылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру еліміздің әр азаматына қатысы бар тың реформа болып табылады.

Медициналық сақтандырудың аралас моделін таңдаған еліміз халықты медициналық қызметтердің жоғарғы сапасымен және денсаулық сақтау пакетімен қамтамасыз етеді.

Осыған орай Алматы облысы бойынша МӘМС үшін жарна және аударымдар ретінде 540 млн. теңге аударылған болатын.

«Денсаулық сақтау саласына жаңа өзгеріс енгеннен кейін, аталған саланың бюджеті 1,5 есеге артып, 115,9 млрд. теңгені құрады. Ал, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қаржыландыру көлемі 36 млрд. теңгеден асып жығылады».

- «2020 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 73 медициналық ұйымдармен келісім-шарттар жасады, оның ішінде 44 медициналық ұйым мемлекеттік меншік, 29-ы жеке меншікке тиесілі»,-дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» КЕАҚ Алматы облысы бойынша директоры Нұрлан Таңжарықұлы.

Жыл басынан бері денсаулығын жақсарту үшін ақхалатылардың қызметін тұтынудың оң нәтижесі байқалады:

• Ұсынылатын стационарлық қызметтер көлемі жоспарланғанға қарағанда 22,4% -ға өскен. Жедел жағдайлар, керісінше, 12% -ға төмендеген. Осыдан-ақ науқастардың жағдайы тұрақтанғанын және де жоспарлы түрде ем қабылдап жатқанын аңғаруға болады.

• Консультациялық-диагностикалық қызметтерге жүнігу 2019 жылғы қаңтармен салыстырғанда 10,5 есеге артты. Соның ішінде КT және MРТ қызметтерін қолданау 50% -дан жоғары деңгейге жеткен.

• Барлық облыстарда сауықтыру және медициналық оңалту қызметтерінің 89,6% -ға өсуі байқалады, оның ішінде неврология (инсульт) саласында көрсетілетін қызметтер көлемі 2,2 есе көбейген.

• Ал, стоматологиялық қызметте 66,6% -ға өсу тіркелді.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады.

Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер денсаулық сақтау ұйымдарынан көмек алуды жалғастыра береді. Ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесіне тіркелу қажет.

Анар САБЫРОВА

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 05 Наурыз 2020 10:04

Елдік мүдде жолындағы ерен еңбек

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың: “Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық” – дегені тарихқа терең үңілуге үндейді.

Рас, бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің территориясы Қазақ хандығының аумағынан тұратындықтан, біз үшін хандық кезеңдегі шекараны анықтау аса маңызды. Алайда, хандық дәуірдегі шекара белдеулері туралы қолымызда нақты карта сызбасы болмағандықтан, шекара сызығын тарихи деректер негізінде ғана болжауға болады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстанмен арадағы шекара сызығын анықтауда тарихи деректер басты өлшем бола алады.   

Алашорда үкіметінің негізін қалаушы мемлекет қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Халық болған соң, халықтың мекен қылып, жайлап жүретін жері, суы болады. Жері, суы бар болса, өзінің билігі, өз тізгіні өзінде болған, әмір иелері өзінде болған халық, сол мемлекет болып табылады» дейді.

Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының бестен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударған болатын. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.

Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған – Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлемдік қауымдастыққа танытқандығына, өзгелермен бірге өз халқымыз да куә.

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті, жауапкершілік жүгін арқалатты.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін,–деп тебірене ағынан жарылды.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды.Тарих бізге 1991 жылдың 16-желтоқсанынан бастап Тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағасын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы бас-талып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алған болатын.

Елбасы Назарбаев өзіне сенім артқан өз халқына ең бір қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, бәрін де орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзімшілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұңғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын саясаткер және дара тұлға екендігін танытты.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бас-тап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай,  уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына  сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік алған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толған Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.

«Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткерлердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Тұңғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өтпелі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлауларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келеді.

Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді.

Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді. 

Бұлжол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, президенттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымдыжәне конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дүниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәртебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Президентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңірегіне одан әрі топта сатүсу қажеттілігін айқындайды.     

Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бізге өткеннен іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің өзіміз тәуелсіз елімізбен бірге өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Содан да болар елдің бүгінгі жетістігі мен табысы құдай берген несібе сияқты болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, оның олай еместігін, тәуелсіз елдің бүгінгі әлем сүйсініп отырған жетістігін біз  өзіміздің өткенімізбен жәнебүгінімізбен салыстыра отырып, тәуелсіздіктің жиырмабір жылдық жолын еңсеру бізге оңайға түспегендігін, мұның сарабдал жолында Елбасының даналығы мен көрегендігі жатқандығын айтқанымыз дұрыс.

 Н.ШАҢБАЕВ,

 тарих пәнінің мұғалімі

Published in Мақалалар

Бүгінде көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың және жетім балалардың жағдайы кімді болса да алаңдататыны ақиқат. Себебі олар – халықтың әлеуметтік жағынан алғанда әлжуаз тобына жатса, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ауадай қажет екендігі аян. Ал көрсетілетін көмектің маңыздысы жұмыспен қамту, соған сай білім беру, жалпы, нарықтық ортаға бейімдеу болса, арнайы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығына хабарласқан едік.

Мемлекетіміздің бұл бағытта арнайы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Аталған бағдарлама әлжуаз топтың әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында үш бағытты қамтыған. Алғашқысы, мектеп бітірген түлектерді  еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтарға мемлекет есебінен оқыту. Бұған жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларда тәрбиеленіп жатқан мектеп түлектері және басқа санаттағы азаматтар да қатыса алады. Бұл бағытта биылғы жылы 150 азаматты оқыту жопсарланған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 250 азаматты қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жіберу жоспарлануда. Атап өтетіні, оқуға жолдама алған азаматтар шәкіртақы, ыстық тамақ, жатын орын және жол ақымен мемлекет есебінен толық қамтамасыз етіледі.

Былтырғы жылы 4783 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 2020 жылдың 1 қаңтарына 6093 адам аталған бағдарламаның қызығын көрген.

Бағдарламаның екінші бағыты – «Бастау бизнес» яғни кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша азаматтарды оқыту жұмыспен қамту орталығының жоспары бойынша наурыз айына белгіленген. Бағдарлама қатысушылары өз бизнес идеяларын іске асыру мақсатында мемлекет тарапынан грант ала алады. Биылғы жылы осындай қаржылай қолдауды 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 80 азаматқа беру беру белгіленсе, тағы да 18 азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант беру жопсарлануда.

Былтырғы жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында 313 аудан тұрғыны кәсіпкерлік негіздерін игеріп, 220 азамат 851 475 000 теңге көлемінде шағын несие алған. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларын іске асыру мақсатында 70 азамат 17 500 000 теңге көлемінде гранттар алған. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұя азаматтарын және көпбалалы аналарды кәсіпті жүргізу негіздеріне оқытып, бастамасын қолдау мақсатында 27 азаматқа 13 635 000 теңге көлемінде гранттар берілген.

Былтырғы «Жастар жылы» аясында 29 жасқа дейінгі азаматтардың кәсіп ашып, оны жүргізуі үшін 68 азаматқа 34 340 000 теңге көлемінде гранттар берілген.

Бағдарламаның үшінші бағыты – жастар практикасы және азаматтарды қоғамдық жұмысқа тарту. Жұмсыпен қамту орталығының жоспарына сәйкес биылғы жылы 80 түлекке алғашқы жұмыс тәжірибесін беру мақсатында жолдама беру жоспарлануда. Сондай-ақ, тәжірибесін аяқтаған азаматтарды келісім-шарттың талаптарына сәйкес, сол мекемеге тұрақты жұмысқа орналастыру көзделуде.

Сонымен қатар еңбек нарығын дамыту, жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмысқа тарту мақсатында 122 азаматқа жолдама беру жоспарланса, бүгінгі күнге 66 азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Жыл соңына дейін аталған азаматтардың барлығын тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Былтырғы жылы Жастар жылы аясында оқу бітірген түлектерді жұмыспен қамту мақсатында 182 азамат алғашқы еңбек тәжірибесін алу мақсатында жолдама алған. Тәжірибені аяқтаған 137 жас келісім-шарттың талаптарына сәйкес тұрақты жұмысқа тұрғызылған. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алған 102 азамат та тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, ақылы қоғамдық жұмысқа 731 азамат тартылып, 599 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарлама назарынан тыс қалмаған. Яғни, ауданымыздың 127 азаматы ақылы қоғамдық жұмыс орындарында және әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен қамтылса, өз кәсібін дөңгелету мақсатында олар да гранттар мен шағын несиелер алған.

Сондай-ақ, 2019 жылы құрамында 51380 адам бар 9980 отбасына  атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, оның ішіндегі 4806 отбасы көпбалалы төрт және одан жоғары балалары бар. Оларға бюджеттен 5725,8 млн теңге көлемінде қаржы төленген.

2020 жылдың 1 қаңтарынан атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа тәсілдері бойынша құрамында 232 адам бар 58 отбасынан өтініш қабылданған. Бүгінгі таңда, өтініштер учаскелік комиссиялар қарауында.

Әлеуметтік жағынан алғанда әлжуаз топтардың мәселесі аталған бағдарлама аясында шешімін таппақ. Сондай-ақ, дәулетіңді тасыту үшін міндетті түрде экономист, юрист болудың қажеті де жоқ. Елге дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, электрик сынды мамандықтар жетіспейді. Осы олықылықтарды реттеу үшін қабылданған бағдарламаның шапағаты тиіп, жұмыссыздық түбегейлі жойылса деген тілегіміз де жоқ емес.

Әділет САРЫБАЙ

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 05 Наурыз 2020 09:47

Адамзаттың ақылгөйі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалаларының аясында ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатында жақында Түрген ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектепте «Абайтану» оқулығының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Руда Зайкенқызымен кездесу өтті.

Әдеби-музыкалық кеш сахнасы қойылыммен ашылды. Ұлы ақынға арнап оқушылар өлеңдерін оқыды. Ақынның әндерін сүйсіне орындап жүрген «Асыл аналар» тобы «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті. Оқушылар ақынның қара сөздерін мәнерлеп оқып, көрерменге рухани азық сыйлады. «Абайтану» оқулығымен таныстыру үшін А.Н.Бекболатова сөз алып, оқушыларға блиц-сұрақтар қойды. Сонымен қатар «Арман-ПВ» баспасының оқулықтар әлемі кітап көрмесімен таныстырып өтті. Ақынның ғылыми-философиялық ойы турасында түсінік қалыптастыру мақсатында 11 «А» сыныбымен Абайдың «Толық адам» философиясы тақырыбында сабақ өткізілді.                                                       

Кеш соңында «Абайтану» оқулығының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Руда Зайкенқызымен сыр-сұхбат жүргізілді. Руда Зайкенқызы Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екенін айтты. 

М.Арипбаева,

Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 05 Наурыз 2020 09:37

Ұлттық ойын дәріптелді

Жақында «Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Есік қаласы әкімдігінің аппараты және Есік археологиялық-өлкетану мұражайы ұжымының ұйымдастыруымен Есік  қаласында Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл толуына орай тоғызқұмалақтан  қала жастары арасында Есік археологиялық-өлкетану мұражайында жарыс өтті.

Жарысқа В.Терешкова атындағы, Райымбек батыр атындағы орта мектептердің оқушылары, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің, Жетісу заң колледжі студенттері, Есік қаласы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатының оқушылары  қатысты. Нәтижесінде 1-орын Есік қаласындағы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатының тәрбиеленушілеріне, 2-орын Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттеріне, 3-орын Жетісу заң колледжінің студенттеріне берілді. Ойыншылар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Азиз АМАНОВ,

Есік қаласы әкімі аппаратының

жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет