Күндер бойынша реттелген элементтер: Бейсенбі, 19 Наурыз 2020
Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 10:37

ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚОЛЫҢДА

Коронавирустың алдын алуға қатысты ұйымдастырылып жатқан сақтық шараларын ұстанып, белгіленген тәртіптен шықпауға әрқайсымыз міндеттіміз. Айдаладағы аралда жалғыз өмір сүріп жатпағандықтан, қоғам алдындағы жауапкершілікті де сезінудің маңызы мол.

Сақтық шараларына салғырт қарап, тек өзіміздің өмірімізге ғана емес, айналамыздағыларға да мол зиян әкелетінімізді естен шығармайық. Дүниежүзілік пандемия аталған коронавирустың кең таралуына кез келгеніміз себепші болуымыз мүмкін екенін естен шығармайық. Бір ғана мысал келтірсек осы тұста. Оңтүстік Кореяда «31-пациент» деген бар. Ол кім? Неғылған 31-пациент?

Оңтүстік Кореяда 18 ақпанға дейін аты жаман ауруға шалдыққандар саны 31 болыпты. Алты күннен кейін, яғни 24 ақпанда бұл дертті жұқтырғандар 760-қа дейін күрт өскен. Бір аптадан аз уақыттың ішінде 729 адамнан вирус табылған. Кореяда бұған себепші деп сол «31-пациентті» атап отыр. Өйткені осы аралықта вирусты жұқтырғандардың дені діни топтың мүшесі болған.

The New York Times ақпараты бойынша, 7 ақпан күні, яғни жұма «31-пациент» кішігірім жол-көлік апатынан кейін Тэгу қаласының ауруханаларының бірінде тіркеледі. Ал келесі күні, сенбі ол әйел тамағы ауырып тұрғанын айтқан. Жексенбі шіркеудегі рәсімге қатысқан. Дүйсенбі дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер бұл әйелге коронавирусқа тексерілу үшін басқа ауруханаға баруы керектігін ескертеді. Бірақ ол Қытаймен еш байланысы болмағанын айтып, тексерілуден бас тартады. Сонымен бір аптадан соң, демалыс күндері науқас шіркеуге құлшылық ету үшін қайта барады. Ал ол кезде шіркеуге мыңдаған адам жиналып, жерлеу рәсімін өткізіп жатады. Дүйсенбі науқастың жағдайы нашарлап, келесі күні вирус жұқтырғаны анықталады.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 8-орында тұр. Жұқтырғандар – 8565, өлгендер – 91 адам. Індеттің 80 пайызға жуығы коронавирустың негізгі таралу ошағы, «31-пациент» баратын – оңтүстік-шығыста орналасқан Тэгу қаласындағы діни секта. Бұл туралы Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (KCDC) хабарлады. Осы мысал көптеген елдерге үлкен сабақ болды. Сіз де сабақ аларсыз, оқырман! Қоғам қауіпсіздігі әрқайсымыздың қолымызда.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Published in Мақалалар
Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 10:24

Мед.масканы қолдан жасап алыңыз

Медициналық масканы дәріханалардан іздеп, таппай жатқан халық көп. Маска қашан болады деп күтіп отырмай, өздеріңіз қолдан жасап алуларыңызға әбден болады. Оған түрлі мысалды интернет беттерінен таба аласыздар. Солардың бір түрін назарларыңызға ұсынамыз.

Published in Санаты жоқ

19 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап жарияланған карантин ережелерін сақтау мақсатында Алматы полициясы қаланы облыс аймағы арқылы айналып өту жолының сызбасын картада белгіледі.

«Бұл облыс аймағы арқылы қаланы айналу бағытын көрсетеді. Шартты түрде Талғар ауданынан Қарасайға және басқа аудандарға қалай жетуге болатыны белгіленген. Картада нүкте сызықпен қаланы Алматы облысының елді мекендері арқылы айналып өту жолдары көрсетілген» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, полиция маршруттарды алдын ала жоспарлап, реттеу, төтенше жағдай мен карантин ережелерін, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын қатаң сақтау және короновирус инфекциясымен күресу және алдын алу шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.

Published in Санаты жоқ

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Қазір бүкіл әлем, соның ішінде біздің еліміз де коронавирустың таралуына байланысты туындаған жаһандық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарып, вирустың кең таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында отандастарымыздың арасында инфекция жұқтырған оқиғалар тіркелді. Осыған байланысты мемлекет басшылығы ертең түнгі сағат 00-ден бастап Алматы қаласында карантин енгізу туралы шешім қабылдады.
Қалаға кіреберісте блокпосттар қойылып, кіру жолдар жабылады. Бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтатылады, сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мейрамханалар жабылады. Біз бұл мәселені Алматы қаласының әкімдігімен бірге қарастырып жатырмыз.
Сіздердің көпшіліктеріңіз Алматы қаласындағы мекеме-кәсіпорындарда жұмыс істейсіздер, қалаға қандай да бір шаруаларыңызбен, базарға, дүкенге барасыздар. Осыған байланысты түсіністікпен қарап, карантин кезінде қалаға баруды қоя тұруларыңызды сұраймын.
Қазір бірінші кезекте өз денсаулығымызға ерекше назар аударып, санитарлық дәрігерлердің барлық ұсыныстарын толық сақтауымыз керек. Біз биліктің үндеуіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларына жеңіл-желпі қараған бірқатар еуропа елдері (Италия сияқты) тұрғындарының қателіктерін қайталамауымыз керек. Оның арты неге әкеліп соққанын өздеріңіз білесіздер.
Біздің облыста барлық азық-түлік дүкендері штаттық режимде жұмыс істейді. Бірінші кезектегі қажет азық-түліктер толық көлемде жеткілікті. Тауарлар мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.
Құрметті жерлестер, қабылданып жатқан барлық шаралар сіз бен біздің қауіпсіздігімізді, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ең бірінші кезекте өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарай білейік!
Жағдайдың салмақты екенін түсініп, вирустың таралуына жол бермеуіміз керек.
Рақмет!

Published in Санаты жоқ
Бейсенбі, 19 Наурыз 2020 08:49

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

Халықаралық клиенттер күні

Алғаш рет 2010 жылы атап өтілген. Содан бері жыл сайын бұл мерекені Еуропа және Америка елдері қолдап келеді. Атап айтқанда бұл күні кәсіпкерлер клиенттеріне ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, өздерінің ризашылығын білдіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР


1931 жылы Қазақстандағы алғашқы әрі алдыңғы қатарлы медициналық оқу ордасының бірі - С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы ашылды.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен Жоғарғы сот кеңесінің бірінші мәжілісі өтті.

2007 жылы Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Катардың жоғары мемлекеттік наградасы – «Тәуелсіздік» орденімен марапатталды. Орденді 1978 жылы Катар әмірі Халифа бин Хамад әл-Тани елдер арасындағы достықты дамытуға қосқан үлесі үшін шетелдік мемлекет басшыларын, үкімет басшыларын марапаттау үшін бекіткен.

2013 жылы Алматыда қаржыгерлер аллеясы ашылды. Оған 70 Тянь-шань шыршасы отырғызылды.

2014 жылы Қытай астанасының орталығында «Чаоян» саябағында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған ескерткіш ашылды (мүсінші Юань Сикунь).

2015 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) хатшылығында ұлттық нақыштағы «Астана» мәслихат залы салтанатты түрде ашылды. ШОС хатшылығының бірнші қабатында орналасқан залдың ауданы 60 шаршы метрден асады.

2017 жылы қазақстандықтар Сұңғат Закарин мен Аслан Қанатбек джиу-джитсудан Грекия астанасы Афинада өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында әлем чемпионы атанды.

Жеке және командалық есепте үздік атану үшін әлемнің 45 елінен жиналған 1000-нан астам спортшы күрес жүргізді.

2018 жылы Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин (АТР рейтингінде - 89) Американың Ирвинг қаласында өткен жүлде қоры 150 000 доллар Челленджердің жеңімпазы атанды.

2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтататынын мәлім етті. Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысының өкілеттігі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауысты.

Дереккөз: inform.kz 

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет