Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020

Мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі тиіс. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

«Біріншіден, барлық мекеме, ұйымдар мүмкіндігі болса, бүкіл жұмысшыларын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруы қажет. Кеше ел Президенті бүкіл мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйым қызметкерлерінің 70 пайызын қашықтан жұмыс істеу режіміне ауыстыру туралы тапсырма берді. Басқа мемлекеттік емес және жеке кәсіпорындар, ұйымдар да осы тәртіпке көшуі қажет. Бұл жұмыс тәртібі Еңбек кодексінің 138-бабымен реттелетін болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, мекеменің, ұйымның басшысы бұйрығын шығарады және жалақы төлеу тәртібі өзгермейді.

«Егер жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеу режіміне ауыстыруға мүмкіндік болмаса, жұмыс беруші өз тарапынан қысқартылған жұмыс уақытын белгілеуге құқылы. Бұл жағдай Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі. Жұмыс беруші апта ішінде жұмыс күнін немесе бір күнгі жұмыс сағатын азайтуына болады. Бұл ретте жұмыс істеп жүрген азамат жалақыны сол жұмыс істеген сағатына байланысты алатын болады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар министрдің сөзіне қарағанда, жұмысын мүлдем тоқтатқан мекемелер жұмысшыларына ең төменгі жалақыдан төмен емес айлық төлеуге міндетті.

Еліміздегі ең төмені жалақы көлемі - 42 500 теңге.

Published in Санаты жоқ

Премьер-Министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа комиссияның жұмысы және ел аумағында коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылданған шешімдер жайында баяндады.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, экономика субъектілерін қолдау шаралары, коронавирус жұқтырғандардың пайда болу ықтималдығына өңірлердің дайындығы туралы айтты.

Қазақстан Президенті комиссия мүшелері жүйелі жұмыс істеп, аймақ басшыларымен өзара ынтымақтаса әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, фискалды саясатты тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беру керек. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді іс-қимылдары аса маңызды.

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 10:12

Райымбек айлығы өтті

Райымбектей батыр бабаның есімі берілген мектептің өз игі дәстүрлері бар. Соның бірі – жыл сайын ақпан айында ұйымдастырылатын – Райымбек айлығы. Он жылдан бері жалғасып келетін бұл шара биыл да жоғары деңгейде өтті.

Бір ай бойы балалар Райымбек батырдың өмірі, сол замандағы қазақтың жай-күйі мен жауға шапқан батыр бабаларымыздың ерлігі жайлы жан-жақты ақпарат жинап, білгендерімен бөлісті. Күнделікті таңертең және түстен кейін әр сынып оқушылары батыр баба өмірінен әсерлі көріністер қойып, өлең-жырларын оқыды, ән айтып, би биледі. Батырдың бес қаруын қолдан жасап, көрмеге қойды. Қолөнермен қатар суретшілер байқауы да ұйымдастырылды. Оқушылар арасында батырлар жырын, ал мұғалімдер арасында «Райымбек» поэмасын мәнерлеп оқудан сайыс өтті.

Төрт аптада білген-түйгендерін қорытындылау үшін оқушылар тест тапсырып, жүзден жүйріктер анықталды. Сондай-ақ айлыққа белсенді қатысқан оқушылар мен мұғалімдер марапатталды.

Райымбек айлығына мектеп ұжымы мен оқушылар ғана емес, ата-аналар да белсенді араласып, күнделікті қойылымдарға қатысып отырды. Мектепте өткізілетін мұндай іс-шаралар балалардың белсенділігін арттырып, қызығушылықтарын оятатыны анық.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Published in Мақалалар

«Медицина – адамды емдейді, ветеринария – адамзатты емдейді». Жылдар жылжып жатса да осынау тәмсіл өз күшін жойған жоқ. Әсіресе, төрт-түлігін тынысындай, бақ-береке ырысындай көретін қазақ үшін бұл сала өмірлікке өзек байлағанмен тең. Осы салаға тұтас тағдырын арнап, аудан ауылшаруашылығының дамуы жолында қара сорпа болған ел ағасы Сайлаубай Темешев 70 жасқа толды. Мерейлі туған күні қарсаңында арнайы барып, мемлекеттік мәселеге арналған ауылшаруашылығының бүгінгі жай-күйі хақында біраз әңгімелескен едік. 40 жылдың үстінде мал шаруашылығының бүге-шігесін игеріп, ауданымызда бас ветеринарлық дәрігері болған ағамыз түйткілді мәселелердің де түгін тартты.

– Сайлаубай аға, ең бірінші өзіңіздің жүріп өткен жолыңыз оқырмандарға, жас буынға үлгі боларлық. Білігіңіз аудан тұрғындарына мәлім. Біліміңіз жайлы қысқа айтып берсеңіз?

– Мен 1950 жылы 12 наурызда Қырбалтабай округі Ақжал ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда 13 ағайындымыз. Мектепті ауылда бітіріп, Омскідегі мемлекеттік ветеринарлық институтқа түстім. Онда бес жыл білім алып, 1973 жылы тәмамдадым. Оқудан келіп, бір жыл әскери борышымды өтедім. 1970 жылы отбасын құрдым. Осы күзде отасқанымызға 50 жыл толады.

Еңбек жолымды Балқаш ауданында мал дәрігері болып бастадым. Екі жыл ол жақта еңбек еттім. Кейіннен Еңбекшіқазақ ауданы Нұрадағы «Жетіген» бордақылау алаңына ауыс-тым. Кейіннен Күртіде үш жыл мал дәрігері болдым. Сол жерде сатылап өсіп, совхоз директоры лауазымына дейін көтерілдім. 15 жылым Күртіде өтті. Орта жастан асқан соң ауылыма ат басын бұруды жөн санадым Не керек, Қырбалтабайға мал дәрігері болып ауыстым. Бір жарым жыл өткен соң ауданның бас ветеринарлық дәрігерінің орны босап, сол жерге аудан басшылары мені лайық деп тапты. Бұл лауазымда табаны күректей 17 жыл еңбек еттім. Зейнеткерлікке шықтым.

– Іргелі ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға ауыз толтырып айтарлықтай үлес қостыңыз. Кешегі күн тарих дейді. Тарихыңызға тоқталсаңыз...

– Әрине, «Өткенге өкпе жоқ, келешекке үміт көп». Осы ауданға келгенде 28 мал дәрігері бар-тын. Қазір олардың саны 200-ден асады-ау, шамамен. Рас, дәрі жетпейтін, дәрі уақытында келмейтін кездер де өтті. Малдарда болатын бруцеллез, топалаң секілді аса қауіпті аурулардың алдын алу күн тәртібінен түспейтін. Бір жылдары Ащысай жақта құтырық шығып, онымен біраз күрестік. Мұның бәрі дәрінің жетіспеушілігі мен маман тапшылығынан болды. Дала аңдары – аурудың табиғи ошағы. Оның бойындағы түрлі вирустар малға жұқса болғаны, ауру дендеп кетеді. Ал оның алдын алу үшін екпелерді уақытылы салу керек.

Екіншіден, малшылардың көңіл-күйін көтеру, стимул беру мақсатында шопандар слетінің жандануына еңбек еттім. Ол мереке қазір де бар. Шындығына келгенде, мал шаруашылығы – бағзы заманнан келе жатқан қазақтың тыныс-тіршілігі. Ол кезде Түрген қой совхозының өзінен жайлауға 100 мың қой шығатын. Ильич атындағы (Қайназар) қой колхозында 30-40 мың қой болатын. Қазақы қаймағы бұзылмаған Қаражота, Сөгеті, Ақши секілді ауылдар мал шаруашылығында әлдеқайда алда жүрді. Шелек өңірі мен Есік өңірін қосқанда 500 мыңның үстінде қой өріске көтерілетін. Ал қазір оның саны 300 мыңға жуықтайды. «Бақпасаң мал кетер» дейді қазақ. Оларға да аса күтім керек, асқан қамқорлық қажет. Қысқасы, арнайы маман, білікті малшы қажет. Епті малшылар қыстың өзінен төрт түлікті отарлату арқылы аман алып шығады. Ондайлардың талайын көзіміз көрген.

– Бұл саланың кәнігі маманысыз. Қазір малды асылдандыру мәселесі мемлекет назарында. Бұған көзқарасаңыз қалай?

– Бір жолы теледидардан осы мәселе қатты көтерілді. Сонда көптеген халық қалаулылары сырттан асыл тұқымды малдарды әкелу керектігін сөз етті. Сонда бір депутат тұрып: – Мен Еңбекшіқазақ ауданында болдым. Тілек деген кәсіпкердің шаруашылығымен таныстым. Америкадан әкелінген мал басы жоқ, қазақтың қарақасқа сиырлары. Тек Америкадан ұрық сатып алады екен. Қазір оның төлдері америкадан келген сиырлардан артық» деді. Мен қатты риза болдым. Рас, Тілек Әлімжановтың бұл ісі талайға үлгі боларлық. Шаруашылықпен айналысып жүргеніне 10-15 жылдай болды. Сүтті сиырлардың тұқымын әкеліп, біздің сиырларға егеді. Әлбетте, онда төлдейтін сиырдың салмағы назарда болуы тиіс. Айталық, 150-200 кг болатын сиырларға 30-35 кг ұрық егеді. Осылай, бір-екі төл ауысқасын, америкалық сиырлардан да бетер сүтті сиырлар пайда болады. Бұның артықшылығы, бірінші – төлі табиғи жолмен дүниеге келеді, екінші – жергілікті атмосфераға икемделеді. Яғни, иммунитеті өзіміздікі, үшіншіден – баға жағынан айтарлықтай арзанға түседі. Қазір атын айтып, түрін түстемей-ақ қояйын, бірақ шет елден осындай асыл тұқымды 1000 бас сүтті сиырларды әкеліп, оның жартысы жерсінбей өлгенін көзімізбен көрдік. Оларға салынатын екпелердің өзіне сан ойланып, сан толғанасың.

– Мойындау керек, елімізде қой шаруашылығы кенжелеп тұр. Себебі неде?

– Рас айтасыз, бұл – енді үлкен мәселе. Қарапайым экономикалық әдіс: кезінде менде 100 қой болатын. Оның маусымдық жүнін қырқып, бір жигули сатып алатынмын. Ал қазір ше? Қой жүнінің килограмы 100 теңге. Бір қойда 3 кг жүн шықса, жүз қойда 30 мың теңге. Бұл қазір елімізде жеңіл өнеркәсіптің мүлдем жоқ екенінің бір көрінісі. Себебі, бәсекелестік болған жерде баға тұрақтанады, әрі шикізатқа деген сұраныс көбейеді. Кезінде Нарынқолдың өзінде жүнді өңдейтін зауыт болған. Шымкентте, Қарағандыда костюм тігетін. Қазір ше? Шетелдік киімдерді киіп мәз-мейрамбыз. Сондықтан осы мәселеге көңіл бөлу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға да жол ашылады. Мысалы, жүннің, еттің, терінің құны сол қойға берген жем-шөбіңнің құнынан бір жарым есеге артық болса, елдің бәрі осы шаруашылықпен айналысар еді. Бұл жерде үгіт-насихаттың да қажеттілігі шамалы. Себебі қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Елге жұмыс керек, әрбірі бай болуды арман етеді. Ертең баласын қалаға тәшкі сүйреуге жібермейді, мал бағудың ебін үйретеді. Ал қазір қойдың тек етін сатады, терісі мен жүні тиын татымайды, ол қалай өзін-өзі ақтайды. Ортасында малшыға беретін айлығың бар. Қазір қой шаруашылығының айналымға түсуі үшін 600 бастан бастау керек. Бұған кімнің шамасы жетеді дейсіз.

– Әрине, екінің бірінің өрісінде сіз айтқан 600 қой жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек дейміз. Қайтпек керек?

– Міне, осы жерде мемлекет көмегі қажет. Рас, мал шаруашылығын тамытуды межелеген мемлекет болса, бұған батыл кіріскені абзал. Айталық, қазір субсидия береді. Оның талап-шарттары жыл сайын өзгереді. Малшылар тұрмақ, көзі ашық, осы саланың мамандары – біздің өзіміз түсіне алмай дал боламыз. Айталық, Германияда субсидиялаудың тәсілі былай: мысалы, сүттің өзіндік құны литріне 100 теңге дейік. Ал сүт зауыттары оны 70 теңгеден сатып алады. Себебі, одан қымбат сатып алса, елге сата алмайды ғой. Зауыттан шыққан пастерленген сүт те өту үшін өзіндік құнымен теңесу керек. Яғни, бұл жерде мемлекет көмекке келеді. Экономиканың күретамыры болып отырған мал шаруашылығындағы кәсіпкерлерге дотациялық құнын үкімет төлеп береді. Яғни, әр литріне шаққандағы дотациялық құнды (өзіндік құны мен нарықтық құнының айырмашылығы) мемлекет қоржынынан төленеді. Осы жерде сүтті сатушы да, оны алушы да, тұтынушы да дән риза. Ал сәйкесінше мемлекет қоржынына құйылатын салық та өсіп отырады. Бұл қарапайым мысал ғана. Қысқасы, өзіндік құны мен сататын бағаның арасы мемлекеттік саясаттың басты назарында болуы тиіс. Өйткені, қымбат өнімді халық ала алмайды, ал оны арзандатса, кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Соның салдарынан шаруашылық тасы өрге домаламайды.

– Бізде бұл ретте субсидия беріледі ғой?

– Бұл жерде үлкен мәселе тігісі сөгіледі. Біріншіден, жыл сайын бағдарламалар өзгеріп жатады. Сәйкесінше, шарттары күрделене түседі. Рас, шаруагерлерді қолдауды қолға алдың ба шарттарды күшейтіп не пайда таппақсыз? Екіншіден, мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жасалу керек. Бір бағдарлама кемінде 5 жыл жүзеге асса, одан нәтиже күтуге болады. Әлбетте, аз-кем ішінара өзгерістерін жасай берсін үкімет. Бірақ бағдарлама тұрақты жұмыс істеуі тиіс қой. Соның кесірінен, бір жыл субсидия бар, ендігі жылы жоқ. Субсидия беру тәсілі де сала-құлаш. Бұны қалай түсінеміз?

– Демек, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолдары жүйеленбей тұр дейсіз ғой?

– Бір министр шықт, 70 мың тонна етті Ресейге жөнелтемін деп. Бұл – күлкілі әңгіме. Өзіңіз ойлаңыз ондай етті өндіру үшін қанша сиыр төлдеуі тиіс. Ол бұзауды аман-есен өсіру керек. Жем-шөбі қоңды, қарайтын адамның көңілі тоқ болуы тиіс. Мал бордақылау алаңдары салынуы керек. Шаруагерлерге мұндай жағдай жасамай, қалай өнім алуға құлшынамыз? Қысқасы, ең бірінші қалдықсыз өнім өндіру жолдарын жүйелеу ләзім. Бұған мемлекет батыл кіріскені абзал. Рас, Елбасымыз, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл бағытты дамытуды міндет етті, енді мемлекет қаражатын жұмсаудың бірыңғай жүйесін жасау керек секілді. Әйтпесе, жыл сайын ел білмейтін бағдарламалар жұмыс істейді. Ол бағдарламаға бөлінген қаражаттар қайда жұмсалуда, сұрауын кімнен аламыз? Бұл мемлекеттік мәселе енді.

– Осы ретте малшылардың статусын көтеру керек секілді. Қалай ойлайсыз?

– Мұның да астарында экономика жатыр. Мысалы, біздің ауданда «Васик» деген фирма бар. Бұл компаниядан малшылар кетпейді. Неге? Себебі, малшыларға жоғары жалақы төлейді. Жағдайын толық қанағаттандырады. Ал малшының жұмысы тәулігіне 24 сағат. Мұндай ауыр жұмысқа төмен жалақыға кім істейді?

Ал кәсіпкер төлейін десе мал өнімдерінен түсетін ақша жем-шөбін ақтамайды. Экономикалық тәсіл бойынша өнімнен түскен пайданың кем дегенде 20 пайызы еңбеккерлерге берілуі тиіс. Ал кәсіпкердің өзі небәрі сол 15-20 пайыз пайданы көріп отырса, оның да бала-шағасы бар. Еңбеккерге беретін жалақының жартысын өзіне қалдырады. Содан бұл тіршілік мандымайды.

– Сіздіңше мал шаруашылығына қандай көтермелеу керек?

– Ендігі мені толғандырып жүрген мәселе, жоғарыда атағанымдай субсидия мәселесін жүйелесе жөн еді. Ал шет елден асыл тұқымды малдарды әкелеміз деп әлек болу қажет емес секілді. Айталық, жоғарыда атағанымдай Германиялық тәсіл секілді өнімнің өзіндік құнын жүйелесе, жетпегенін субсидияласа, кәсіпкердің өзі қаржылық қызығушылықта болады. Мәселен, 1000 литр сүтті бір жылда сатып, қаржы алса, келесі жылы 1200 литр сүт сату үшін әрекет етеді. Себебі, берекетін көріп отыр. Осы кезде сиыр тұқымын асылдандыруды өзі-ақ қолға алады. Бұл жерде мемлекет көмегі өнімдерді қалдықсыз сатуды жүйелегені абзал. Міне, бұдан асқан көтермелеу көріп тұрғаным жоқ.

– Бүгінде жетпістің арғымағын ерттедіңіз. Өткен күніңізде әттеген-ай дейтін сәттер болды ма?

– Өткенге өкпем жоқ. Аллаға шүкір, бір кісідей елге еңбек еттік, ұл-қыздарымызды өсірдік. Бүгінде әрбірі – өз саласында білікті мамандар. Немере сүйдік. Ұрпағымызбен мақтанатындай күйдеміз. Әрқайсы білім көгіне құлаш сермеді. Біз тек жетістіктеріне қуанып отырамыз. Бұдан асқан бақыт бар ма? Ал болашаққа үміт көп. Үмітім ол – ұрпағым, елімнің жастары. Ұрпақтарыма салиқалы тәрбие берсем, олар ертең адал, патриот азамат болып өссе, болашаққа сіңірген мол еңбегім осы болмақ.

 

Әңгімелескен

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 09:10

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесін құру туралы қаулы қабылдады.

2004 жылы ҚР Үкіметінің № 1355 Қаулысына сәйкес, «Ғарыш байланысының республикалық орталығы» АҚ құрылды. Оның қызметін «Қазғарыш» реттейді.

2006 жылы Прагада Чехиядағы Қазақстан студенттерінің «Бәйтерек» клубының тұсаукесер рәсімі өтті.

2010 жылы Көксарай су реттегішінің ашылу рәсімі өтті. Көксарай - Арыс ауданында, Сырдария өзенінде салынған су қоймасы.

2013 жылы Нью-Йорктегі Шетелдік консулдар қоғамы (SoFC) бірқатар мемлекет өкілдерінің еңбегін тану туралы сертификаттармен марапаттады. Қазақстан атынан бұл құжатДана Каппароваға берілді.

Диаспораларды дамытуға сіңірген еңбегі және екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы марапаттау дәстүрінің негізі Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығының бастамасы бойынша қаланды.

2016 жылы Қазақстан Республикасында Қазақстан дипломаттарының қауымдастығы құрылды, оның негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесу, Қауымдастық мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау және қазақстандық дипломаттар әулеттеріндегі сабақтастықты нығайту.

2017 жылы Қазақстанның 28 спортшыдан тұратын Арнайы Құрама құрама командасы Австрияда өткен Бүкіләлемдік Қысқы Арнайы Олимпиада ойындарына қатысты.

«Спешиал Олимпикс» Қазақстан» ҚБ (СОҚ) – республикалық қамқоршы спорттық ұйым, оның негізгі мақсаты интеллектуалдық дамуы бұзылған адамдардың спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы олардың қоғамның нағыз мүшесі болуына көмектесу.

2017 жылы немістің Галле қаласында химиктер кубогына арналған жыл сайынғы турнирге қатысқан қазақстандық боксшылар Азамат Исақұлов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Коңқабаев алтын медальға ие болды.

Галледегі халықаралық турнирді «шағын әлем чемпионаты» деп атайды. Оған түрлі құрлық боксшылары қатысады. Ол 1970 жылдан бері жыл сайын өткізіледі.

2018 жылы Қостанай облысының Затобольск кентіне қала мәртебесі беріліп, Тобыл деп аталды.

2019 жылы Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Манас эпосының кітабын латын әліпбиімен басып шығарды. Кітап белгілі манасшы Медер Мергенбаевтың қалдырған қолжазбасы негізінде жинақталып, басып шығарылды. Көне қолжазба араб графикасымен жазылған. Аталған қолжазбада эпостың басқа нұсқаларында жоқ оқиғалар мен тілдік оралымдар бар. Бұған дейін ол тек қолжазба күйінде сақталған және ешбір жерде жарияланбаған. Осы уақытқа дейін бұл жұртшылыққа таныс емес болып келген қолжазбаны 1993 жылы қыркүйек айында Бішкек Гуманитарлық университетінің сол кездегі ректоры, белгілі түрколог-ғалым Қадыралы Қоңқабаев сатып алып, 2018 жылы шілдеде Түркі академиясына табыстады.

2019 жылы Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы тапсырылды. Құнды жәдігерді музейге Шәкәрімнің тікелей ұрпағы Медғат Құлжанов табыстады.

Домбыра - қос ішек пен 13 пернеден тұрады, тұтас ағаштан ойып жасалған. Домбыраны кім әрі қашан жасағаны белгісіз.

Дереккөз: inform.kz

Published in Санаты жоқ
Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 08:51

Алматы облысында 139 адам оқшауланды

Алматы облысында коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Бірақ өңір аталған індеттің таралуы ықтимал қауіпті аумаққа жатады. Себебі, бір жағында Қытай Халық Республикасымен екінші жақта алып шаһар Алматы қаласымен шектесіп жатыр.

Елге шет мемлекеттен әуе көлігі және отарбалармен келген азаматтар бар. Олардың басым бөлігі – кесел тараған мекеннен оралғандар. Жеке тұлғалардың қатарында індеттің ілмегіне іліккендер кездеседі. Коронавирус пандемиясын жұқтырған адамдармен араласқан жандардың аты-жөнінің тізімі басшылық қолына түссе, кез келген жерде оларды тауып алып, карантинге жабады.

Бүгінгі күні 139 адам оқшауланды. Олардың 123 стационарлық карантинде, 16-сы медицина қызметкерлерінің бақылауымен үйде. Егер де үйде 5 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан қариялар мен аяғы ауыр әйелдер болса, ол адамды медициналық ұйымға жатқызады. Карантиндік жағдайда тәртіпті бұзса, алғашқыда ескертпе беріледі, екінші рет қайталанса, 10 АЕК айыппұл салынады. Үшінші мәрте тәртіп бұзылса, 15 тәулікке қамауға алынады.

«Ұлттық зертхана орталығының Талдықорған қаласында бөлімшесі бар. Осы жерде коронавирус инфекциясын жұқтырды деген күдікке ілінген адамдарды тексереді. Бүгінгі таңда күніне 70-ке жуық талдау жасалынады. Әзірге ауру анықталған жоқ», – дейді Алматы облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетов.

Вирусқа қатысты ақпараттарды БАҚ беттерінен оқуға болады. Және де 1406 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласып білуге жағдай жасалынған. Ол жерде сегіз байланыс желісі тәулік бойы жұмыс жасайды. Статистикаға сүйенсек, мониторинг көрсеткіштері бойынша орталыққа сағатына 35-80-ге дейін қоңырау келіп түседі.

Мамандар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, аймақтарға барып тексеріс шараларын жүргізуде. Кешелі бері барлық ойын-сауық орындары, сауда үйлері, кинотеатрлар, театрлар өз жұмысын уақытша тоқтатқан. Тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, базарларда жеміс-жидектер, көкөністер ғана ашық түрде сатылса, өзге тауарлар жабық қаптама да сатылуы тиіс. Сонымен қатар базарлар таңғы сағат он бірден кешкі беске дейін ғана жұмыс істеуі қажет. Белгіленген уақыт аяқталған соң аумақ тазартылады.

Кеселден сақтанушылар бетперделерді шарқұра іздеуде. Қазіргі таңда өңір дәріханаларында 128 мың бетперде бар. Алдағы уақытта аталған өнімнің тапшылығы болмайды. Себебі, зауыт, фабрикалар масканы тігуді жалғастыруда. Медицина колледждері мен медициналық әлеуметтік ұйымдарда көп реттік қолданатын бетперделер шығарылып жатыр. Одан бөлек, қолғаптар, қорғанысқа арналған сыртқы киімдер өндірілуде.

Қоғамдық көліктерді күніне екі рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін бұл қызметтер қолмен атқарылса, ендігі кезекте арнайы машиналармен үлкен аумақты қамтып залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Ол аза болса әскери гарнизондағы үлкен қондырғылардың күшімен облыстағы нысандарды вирустан тазартуға болады.

Халықты індеттен аман алып қалу үшін үкімет барлық шараларды қолдануда. Қазіргі таңда қауіптің беті қайтқанша құзырлы мекемелер кейбір мемлекеттерге баруға тыйым салған. Сондай-ақ, Алматы – Нұр-Сұлтан бағытына қатынаудағы рейстерді азайтуға қатысты мәселе қаралып жатыр. Еске салайық, лажы болса сыртқа, көпшілік жүретін жерлерге бармау керек. Балаларды аулаға бірер минуттарға шығарып тұрған жөн. Барлығы өз шекарасынан аспауы тиіс.

Анар САБЫРОВА

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет