Күндер бойынша реттелген элементтер: Жексенбі, 22 Наурыз 2020

Соңғы деректерге сәйкес елімізде індетке шалдыққандар саны 53 –ке жетті. Нұр- Сұлтан қаласында 28, Алматы шаһарында 22, Қарағанды қаласында 2 адам тіркелген. Ал, кешегі күні түскі он екілер шамасында Алматы облысынан 1 азамат инфекцияның қақпанына түскені анықталып отыр.

Науқас Қарасай ауданының тұрғыны. Ол 18 ақпан мен 17 наурыз аралығында Меккеде, Сауд Арабиясында болған . Азамат Стамбул арқылы Бішкекке тұрақтап, кейін жеңіл көлікпен оңтүстік Астанаға қайтқан.

Алматы облысының тумасы 20 наурызыда сағат 10.45-те дене қызуының көтерілуі, суық тию белгілерімен Қырғауыл кентіндегі дәрігерлік амбулаторияға шағымын айтып келген. Негізгі жұмыс жасау тәртібіне сәйкес, сағат 11.30- да арнайы сыртқы киім киген жедел жәрдем тобы науқасты Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің боксына жеткізген. Қазіргі таңда клиникалық-диагностикалық қажетті зерттеулер жүргізіліп, симптоматикалық емдеу шаралары басталған.

Арызын айтқан тұлғадан вирусологиялық талдаумен , бастапқы сынама алынған. Қойылған диагнозды растау үшін барлық анализдер Алматы қаласында орналасқан ұлттық реферанс зертханасына жіберілген.

Бұдан бөлек, коронавирусқа қатысты енгізілген ережеде көрсетілгендей онымен байланысқа түскен барлық адамдар провизорлық бөлімшеге жатқызылды. Белгілі болғандай, қаскелеңдік тұрғынмен 11 жеке тұлға қарым-қатынас орнатыпты. Бүгінгі күні Алматы облысы COVID-19 дертінен сақтану үшін барлық шараларды күшейтуде. Осыған орай Талдықорған қаласының айналасында тәулік бойы істейтін 4 санитарлық бекет орнатылады.

1-ші санитарлық бекет-Алматы қаласынан кіре берісте, Алматы трассасында орналасқан. 2 - ші санитарлық бекет-Қаратал ауданынан кіре берісте, Үштөбе трассасында орын алған.

3 - ші санитарлық бекет-Ескелді ауданы, Қарабұлақ трассасында жайғастырылса, 4 - ші санитарлық бекет-Ақсу ауданынан кіре берісте, Үшарал трассасында тұр.

Осы тәулік бойы істейтін санитарлық бекеттерде полиция және СЭС қызметкерлері тепловизорлармен тұрады, олар барлық қалаға кірген адамдарды тексереді!

Сондай-ақ барша келіші адамдар арнайы сауалнаманы толтыратын болады! Ескерте кетейік, Алматы облысындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен автожолдар - ашық, оларды жаппайды.

Анар САБЫРОВА

Published in Санаты жоқ

Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.

Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.

Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.

Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.

Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.

Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы. 

Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін! 

Published in Санаты жоқ

Қадірлі Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары!

Міне, жыл басы – Наурыз мерекесі сағындыра келіп жетті. Сіздерді осынау 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – жыл басы, құт-береке бастауы. Бұл күнi Күн мен Түн теңеседi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойына қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Халқымызда: «Әз-Наурыз келгенде Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады» – деген тамаша сенім бар. Бұл кезеңде Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды- жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже пісіріп, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап келеді. Өткенімізге көз жүгіртсек, бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болуды мақсат еткен. Ақсақалдарымыз: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» – деп батасын берген. Көгілдір көктем мерекесін – Наурыз мейрамын аудан тұрғындары да еңбектегі лайықты табыстарымен, ынтымақ-берекесімен және ыстық ықыласымен қарсы алып отыр. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту, және т.б. мәселелер күн тәртібінен түскен емес.

Өздеріңізге белгілі, мемлекетте болып жатқан оқиға короновирустың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуін жариялаған болатын. Үндеуде Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы наурыздың 16-ы, сағат 08:00-ден 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізген болатын. Сол себепті аудан бойынша 22 наурыз мерекесі тойланбайтынын естеріңізге салғым келеді. Алайда өз үйлеріңізде отбасыларыңыздың арасында атап өтсеңіздер болады.

Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен тағы да құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады, - дейді. Олай болса, қасиетті Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер мен жеңістер, молшылық пен татулық әкелсін. Еліміз тыныш, әрбір жаңа күн барлық отбасына шадыман шаттық пен бақ-береке сыйласын!

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет