Мен, Кульбаев Улан Тоғызбайұлы, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қырбалтабай ауылында дүниеге келдім. Қырбалтабай ауылы Ы.Алтынсарин орта мектебінде 11 жыл білім алып, осы мектепті 2007 жылы бітірдім. Мектеп бітіріп 2007-2011 жылы Алматы қаласындағы Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірдім. Мамандығым «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» 2011-2013 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алдым. Мамандығым «АӘД пәні мұғалімі». 2013 жылы көктем айында Қырбалтабай ауылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп-мектеп жанындағы интернатына жұмысқа орналастым. 2014 жылынан бері Ы.Алтынсарин мектебінде АӘД пәні мұғалімінің қызметін атқарып келемін. 2021 жылы мектеп жанындағы интернат меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Қәзіргі таңда Қырбалтабай ауылында тұрамын. Қырбалтабай ауылында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ауыл тұрғындарын, округ тұрғындарын жақсы танып, округтің дамуына үлкен үлесімді қосып келемін. Ауылымызда шешімін табуды қажет ететін мәселелер жетерлік. Солардың ішінде, округтегі барлық көшелерді жарықтандыру, Қырбалтабай ауылының көшелерінде ауыз су құбырларына күрделі жұмыстар жүргізу, Екпінді, Ақжал, Шалқар және Қызылқазақ ауылдарында балаларға арналған ойын алаңын жасау, барлық ауылға аялдама қою, шағын спорт алаңдар жұмыстарын жүргізу қажет. Қоқыс төгетін алаңды реттеу жұмыстарын жүргізу. Округте түгелдей электр бағандары мен желілері ауыстырылуын өзіме мақсат қойып отырмын. Екпінді, Ақжал, Шалқар ауылдарының жайылымдық жерлерін мемлекетке қайтаруға жұмыс жасауға өз үлесімді қосуға атсалысамын. Осы бағытта мен алдағы күндері жұмыс жасауды жоспарлап отырмын. Округ халқымен күніге байланыста болып, үнін есту үшін «Ашық әкімдік» Whatsapp мессенжер желісінде өзім тікелей халықтың сұрақтарына жауап беремін. Осы бағытта мен алдағы күндері жұмыс жасайтын боламын. Өз еліме әрқашан да еңбек етуге және қызмет етуге дайынмын. Бұл үшін маған сіздердің қолдауларыңыз қажет! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!

Мені ауыл əкімі етіп сайласаңыздар, алдағы 4 жылда:

- 2024-2025 жылдың соңына дейін Қырбалтабай қоқыс төгетін орынды ретке келтіремін.

- 2024 ж Қырбалтабай ауылының дренаждық жұмыстарын жүргізуге ықпал етемін

- 2025 ж Ақжал ауылына су құбырларын жөндеу жұмыстарының келуіне ықпал етемін.

- 2025 ж Ақжал, Шалқар ауылында электр бағандары мен трансформаторлардың ауысу, жөндеу жұмыстарына ықпал етемін.

- 2024-2026 жылы Округімізде кезекпен балаларға арналған ойын алаңын орналастыруға мақсат қойып, ықпал етемін

- Пайдаланылмай жатқан егістік жер телімдері мен жайылымдық жерлерді халыққа қайтаруға өз үлесімді қосамын. Ауылдың бюджеті шектеулі болғандықтан, қосымша инвестицияларды тарту жолдарын іздеу арқылы: Қайнар, Ақжал, Шалқар, Екпінді, Қырбалтабай ауылдарының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесуге ықпал етіп, жұмыс жүргіземін. - Өзім туылған, өскен ауылға халқымның әл-ауқатын көтеруге, ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және қолайлы етуге, өз үлесімді қосуға уәде беремін!!! Мен əрқашан байланыстамын! Тел / WhatsApp: + 77051000730, +77009742856 Құрметпен, Кульбаев Улан Тогызбаевич

Мен Әжібек Еламан Сапарғалиұлы, 1996 жылы 30 мамырда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында дүниеге келдім. 2003 жылы Қаратұрық ауылындағы А.Саттаров атындағы орта мектебіне 1 сыныпқа қабылданып, 2012 жылы 9 сыныпты бітіріп, Шелек ауылындағы Т.Кенжебаев атындағы орта мектебіне ауыстым. 2014 жылы мектеп бітіріп, Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетіне «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқуға түстім. 2018 жылы жоғарғы оқу орнын бітірдім. 2019 жылдың 11 ақпанында Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман лауазымына қызметке орналасып, қазіргі аталған лауазымда қызмет атқарамын.

Ауыл – еліміздің жүрегі. Сондықтан ауыл тұрмысын жандандырып, тамырына қан жүгірту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауқымды жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Соларды ары қарай жүйелі жалғастырып, Саймасай ауылдық округін дамыту – менің негізгі мақсатым. Менің бағдарламамның барлық тармақтары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының қызметін реттейтін қолданыстағы заңнамаға және де бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктеріне қатаң сәйкес келеді. Құрметті Саймасай ауылдық округінің тұрғындары! Менің сайлауалды бағдарламам ауылдық округ тұрғындарын толғандыратын келесі мәселелерді жүзеге асыруды қамтиды:

– «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округ экономикасының белсенді дамуына ықпал ету;

– Шаруа субъектілерінің өнімдерін шығару мен қайта өңдеуін арттыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды іске асыру; 

– Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша көмек көрсету, халыққа қажетті қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлерді қолдауды қамтамасыз ету;

– Жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға ықпал ету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздарды қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жіберу, жастардың бос уақытын ұйымдастыру және мүгедектер мен еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасау;

– Ауылдық округтің экономикалық әлеуетін белсенді дамытуға жағдай жасау, тұрғындардың әл-ауқаты арттыру мен олардың жұмыспен қамтылуы үшін қолайлы жағдайларды жасау; – Көшелерді жарықтандыруды дамыту, кентішілік жолдарды жөндеу бойынша жұмыстарды жалғастыру;

– Ауыл аумағын кешенді абаттандыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыру;

– Кәсіпкерлер мен шаруалардың мемлекеттен берілетін көмектерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету;

– Ауылды рұқсатсыз қоқыс тастайтын жерлерден санитарлық тазалау, тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру.

Жергілікті биліктің негізгі басымдығы – адам, оның әл-ауқаты, өзін-өзі жүзеге асыруы, отбасы, денсаулығы, балалары, құқықтары мен бас бостандығының сақталуы болуы тиіс. Мен, Саймасай ауылдық округінің адал, мықты және перспективті болашағы үшін алдыма қойған мақсаттарды орындауда барлық күшім мен білімімді жұмсаймын. Мен тәуелсіз, мықты және көркейген Қазақстанды кемелдендіру бойынша барлығымыз үшін ортақ болып келетін іске өз үлесімді қосуға дайынмын.

Құрметті Қаражота ауылдық округінің сайлаушылары!

Мен, Мақашев Болат Станұлы Алматы облысы Қаражота ауылында дүниеге келдім. Еңбек жолымды 1993 жылы Қаражота ауылындағы «Қызыл-Жиде» қой совхозында ветеринариялық дәрігер болып бастадым. 1996 жылы ҚР Еңбек Министрлігі жанындағы Республикалық Кәсіптік оқыту орталығы фермер қожалығының вет.дәрігері, 1997-2003 ж.ж. «Ошан» ш/қ төрағасы, 2003- 2004 ж.ж. Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық басқармасының Шелек ауылындағы ет-сүт өнімдерінің базарында вет.инспектор, 2005- 2006 ж.ж. Қорам ауылдық округінің вет.инспектор, 2006-2010ж.ж. Қазақстан ауылдық округінің вет. инспекторы қызметін атқардым. 2010 жылы 2 ақпаннан Қаражота ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып жұмыс істедім. 2010-2023 ж.ж. Қаражота ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқардым. 2023 жылдың қыркүйек айынан Қаражота ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман қызметіндемін. Қаражота ауылдық округі халқының тұрмыс-тіршілігін жақсы білемін, ауылдың өзекті мәселелерімен жақсы таныспын. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ескілігі, Сарыбұлақ және Ақтоған орта мектептерінің талапқа сай еместігі бәрімізді де толғандырады. Бүгін мен бұл мәселелерді қалай шешу керек екендігін және біздің ауылдағы өмірді қалай жақсартуға болатындығын білемін. Бірақ, ол үшін маған сіздердің қолдауларыңыз қажет.

Маған дауыс беріңіз, мен сайланған жағдайда, жоғарыда баяндалған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз! Мені ауыл əкімі етіп сайласаңыздар, алдағы 4 жылда:

– Қаражота ауылдық дәрігерлік амбулаториясының салынуына – Қаражота мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 

– Сарыбұлақ ауылында жаңа типтік мектептің салынуын жоспарға кіруіне;

– Ақтоған ауылында жаңа типтік мектеп құрылысының жобалық сметалық құжаттарының жасалуына;

– Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қаражота ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін қайта жасақтау мен салуға;

– Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үйі бар учаскелік полиция бекетін салуға;

– Мен ауылдың бюджеті шектеулі екенін түсінемін, сондықтан қосымша қаржыландыру көздерін іздеуге күшімді саламын.

– Халықтың құқықтық жəне қаржылық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;

Ауылдан шыққан танымал тұлғалардың мəдени-рухани мұрасын насихаттауға үлесімді қосамын. Мен əрқашан байланыстамын! Тел/WhatsApp: + 7 776 299 74 43 Құрметпен, Болат Станұлы Мақашев.

Құрметті Саймасай ауылдық округінің сайлаушылары!

Мен Чурмаков Бақытжан Нурланулы, 1984 жылы 8 маусымда Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келдім. 1991 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Шалқар ауылындағы Құрөзек орта мектебінің 1 сыныбына бардым. 2000 жылы Алматы құрылыс және менеджмент колледжіне құрылыс саласындағы дизайн мамандығы бойынша оқуға түстім. 2011- 2013 жылдары қазақстандық «Парасат» көпсалалы институтын құрылыс мамандығы бойынша аяқтадым. 2018- 2020 жылдары Шымкент университетін құқық/құқықтану мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды 2004 жылы «Асар» ЖШС-інде сәулетші болып бастадым. «Euromax inc» ЖШС (сәулетші), Талғар ауданының қала құрылысы кадастры МКҚК (жобалаушы), «Есік Геосәулет» МКҚК (маман), «Есік Сәулет» ЖШС (сәулетші), «Сакенов» (инженер), «Казатком» ЖШС (директор) қызмет еттім. 2014 жылдан бастап Еңбекшіқазақ ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман, 2020 жылы аталған бөлімнің басшысы қызметін атқардым, 2022 жылы Еңбекшіқазақ ауданының құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлім басшысының орынбасары болдым, Жанашар ауылдық округінің әкімі, Талғар ауданы құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлім басшысының орынбасары қызметінде болдым. Бүгінгі күні Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің көмекшісі лауазымында қызмет жасап келемін. Әкім болып сайланған жағдайда өз басым бір-біріне тығыз байланысты екі негізгі мақсатта жұмыс жасаймын: Біріншіден, Саймасай ауылдық округін әлеуметтік-экономикалық дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Саймасай ауылдық округіндегі мәселелер маған етене таныс және оларды шешу үшін қандай шаралар қолдану керек екендігін де жақсы білемін. Екіншіден, халыққа мүлтіксіз қызмет етіп және реформалар нәтижесінде берілетін мүмкіндіктерді толыққанды пайдалана отырып, ауылдық әкімнің тиісінше мемлекеттік биліктің жұртшылық алдындағы беделін көтеру. Бұл өз кезегінде округ әкімінен жоғары біліктілікті, саяси сауаттылықты, әлеуметтік-экономикалық және шаруашылық мәселелерін жетік меңгеруді талап етеді. Сол мəселелерді шешуге, ауылымыздың көркейіп, жандануына бар күшіммен кірісемін. Бұл үшін маған сіздердің қолдауларыңыз керек! Мені ауыл əкімі етіп сайласаңыздар өз құзыретімнің шегінде 4 жылдағы менің жұмыс бағыттарым:

- Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге жағдай жасау, бұл үшін осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы округтегі шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал ету, инвестицияларды тарту арқылы округ аймағында жаңа ауыл шаруашылық және өнеркәсіп орындарының ашылуына ықпал етемін.

- Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу, Саймасай ауылындағы ауыз су құбырларын жөндеу және оны иелікке өткізу мәселесін жолға қою;

- Елді-мекендердегі ауыл көшелерін жөндеу жұмыстары, аббаттандыру, жарықтандыру мәселесін қарастыру,

- Саймасай ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын өткізуге ықпал етемін;

- Өз құзіретім шегінде Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті жаңа ғимаратын жобалау мен салуды қолға аламын.

- Амангелді ауылындағы Садыр атындағы орта мектебінің күрделі жөндеуден өткізуді өзімнің құзыреті шегінде шешуді қолға аламын;

- Жастарды қолдауға арналған іс-шараларға ұйытқы болып, сонымен қатар Амангелді ауылында спорт алаңы мен ойын алаңын салу және абаттандыру мәселесіне ықпал етемін.

- Саймасай ауылында мал қорымын салу мәселесін қарастырамын. Міне, осы негізгі басты міндеттерді орындау үшін округ әкімінің құзыреті шегінде барлық күш-жігер мен мүмкіндіктерді жұмсау қажет деп білемін.

Мен әрқашан байланыстамын! Тел/whatsApp +7 707 210 0009 Инстаграм: @ Churmakovbakytzhan E-mail: Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс. Құрметпен, Бақытжан Нұрланұлы!

Бейсенбі, 16 Қараша 2023 16:43

Кедергісіз келешек

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту ісіне мониторинг жасалды.

Аудандық партия филиалының төрағасы Бағдат Рахимов, аудандық мәслихат депутаты Айгүл Габсаттарова-Эм, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асыл Байтулақов, мансап орталығының маманы Ұлжан Сатан №6 қазақ мектеп-лицейі мен көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатқа барып, аталған мекемелерде жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі жандармен тілдесті.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мекемеде кедергісіз қозғалуы үшін жасалған инфрақұрылымдарды тексерді.
Мониторинг барысында аманаттықтар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтуға, қайта оқытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.

Соңғы уақытта әлемде қызылша дерті белең алып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда. Әсіресе балалар арасында кеңінен тараған бұл ауруды жұқтырған қазақстандықтардың да саны күн санап артуда. Осы орайда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Миржан Азербаевпен тілдесіп, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалмен танысқан едік.

– Миржан Амангелдіұлы, елімізде қызылша ауруы өршіп жатқаны мәлім. Алып ауданымыздағы жағдай қалай?

– Өкінішке қарай, ауданымызда қызылшадан эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалыптасып отыр. Атап айтсақ, ағымдағы жыл басынан қызылша жұқпасының зертханалық расталған 327 жағдайы тіркелді. 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіштері 114,1 құрады, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 296 жағдай тіркелген. Яғни науқастардың 90 пайызы балалар.

Айта кетерлігі 2022 жылы қызылшамен ауырғандар болмаған.

– Нақты қай ауылдарда қызылшамен ауырғандар көптеп тіркелуде.

– Жоғарыда атағанымдай, 47 елді мекенде 327 адам қызылша жұқтырған. Оның ішінде Есік қаласы, Түрген, Өрікті, Бәйтерек, Бәйдібек би, Ават, Қазақстан, Жаңашар, Алмалы, Қаракемер, Еңбек ауылдарында науқастар көптеп тіркелуде. 

– Бұл аурудың өршу себебі неде?

– Жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың арасындағы қарым-қатынастың көбеюі, мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшаларға баруы қызылшарның өршуіне себеп болады. Сонымен қатар, қызылша жұқтырғандардың басым бөлігі, яғни 74 пайызы екпе алмағандар.

– Азаматтардың екпе алмауына не себеп?

– Вакцинация жасамағандардың нақты себептерін дөп басып айту қиын. Науқастардың ішінде егу жасына жетпегендер, медициналық көрсеткішке байланысты егілмегендер және екпеден өз еркімен бас тартқандар бар.

– Ең алдымен тұрғындар қызылша ауруы туралы нені білуі тиіс?

– Бірінші кезекте азаматтар жұқпаның алдын алу және сақтық шараларын білгені дұрыс. Қызылшаның алдын алудағы басты шарт – екпе алу. Ол үшін әрбір ата-ана баласының екпе алған, аламағанын анықтау қажет. Бүгінгі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болып тұрған кезінде екпе алмаған балаларды көпшілік қатысатын түрлі іс-шараларға қатыстырудан, ойын-сауық, сауда орталықтарына баруын шектеген абзал.

Егер қызылшаның белгілері пайда болса дереу жедел жәрдем шақыртып немесе учаскелік дәрігерге хабарласу арқылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

– Ауру белгілерін қалай анықтаймыз? Үй жағдайында ем алуға болады ма?

– Жоқ, қызылшамен ауырған науқасты бірден медициналық мекемеге апару қажет. Өз бетінше ем жасамау керек. Өйткені аурудың асқынулары өте қауіпті саналады. Науақтың жағдайының ауырлығына байланысты емдеу стационарлық немесе амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Науқастың ем жасау режимі дәрігердің шешіміне қарай тағайындалады.

Қызылшаның негізгі белгілері: бөртпенің пайда болуы, науқастың дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, бастың ауруы, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, құрғақ жөтел, мұрынның ылғалдануы, дауыстың отырып қалуы, көздің қызарып, жасаурауы, жарықтан қорқыныш.

Қызылша кезінде бөртпенің шығу ерекшелігі де бар, бастапқыда бөртпе бетте, құлақтың арты мен мойынға шықса, сонан соң барлық денеге тарайды.  Науқас айналасындағылар үшін денесіне бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн, пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде қауіпті саналады. Бөртпелер қызғылт түсті болады, олар үлкейіп бір-бірімен қосылып кету қасиетіне ие.

– Қызылша қалай жұғады?

– Қызылша ауа тамшылары арқылы, сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде таралатын, вирус шақыратын жоғары контагиозды, жұқпалы ауру. Жұқпаның жалғыз көзі – науқас адам.

Вирус қайнатқанда, дезинфекциялық заттар мен тікелей күн сәулесінің әсерінін тез тіршілігін жояды. Күннің суық мерзімінде тірішілік қабілеті ұзаққа сақталуы мүмкін.Қызылшаның жасырын (инкубациялық)  кезеңі 9-21 күнге дейін созылады.

– Биыл ауданымызда қанша балаға қызылшаға қарсы екпе жасалды?

– Қызылшаға қарсы вакцинаны биыл 1 жастағы 3694 бала, 6 жастағы 3844 бала қабылдаған. Екпе алғандар арасында егуден кейінгі жағымсыз көріністерге шағымданып, медициналық ұйымға қаралағандары болмады. 

Айта кетейік, 1 қарашада ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы қабылданды.     Қаулыға сәйкес, қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундау жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері   қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіледі.

– Қызылша науқастардың басқа дерттерін қоздырып жіберуі мүмкін бе?

– Әрине, қызылша қоздырғышы шақыратын асқынуларымен қауіпті. Атап айтсақ, ларингит (тамақтың қабынуы), отит (құлақтың қабынуы), трахеобронхит, стоматит (ауыздың шырышты қабатының қабынуы), қызылша энцефалиті (бас мидың қабынуы), менингит (ми қабыршығының қабынуы), өкпенің қабынуы (пневмония), энтероколит (ішек құрылысының қабынуы), жіті склерозды панэнцефалиті, полиневрит ауруларын қоздыруы мүмкін.

– Қызылшадан сақтану жолдары қандай?

– Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі – вакцинация. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы жоспарлы егу бала-ның 12-15 айында және 6 жаста қайта жасалады. Қызылшаға қарсы вакцина сенімі иммунитет, ұзақ мерзімге қорғаныш қалыптастырады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Тілдескен С.НҰРАДИН.

Бейсенбі, 16 Қараша 2023 15:03

Ата кәсіп Адал еңбек

Қай кезде де дала төсінде төрт түлігін  өргізген еңбекқор жандардың  табысы ортайған емес. Қаражота ауылдық  округіне  қарасты Сарыбұлақ  ауылында төрт түліктің  төресі саналатын түйе  өсіруге ден қойған  Азангүл  Алболсын  деген жас  кәсіпкер тұрады. Аруана сүтінен адал несібе тауып отырған   кәсіпкер бүгінде  төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ол 2015 жылдан бері түйе өсіріп келеді. 2020 жылы шаруашылығын кеңейту мақсатында Жамбыл ауданының Мыңбай ауылынан Сарыбұлақ ауылына көшіп келіпті. Сөйтіп, «Ақжарқын» шаруа  қожалығын құрып, өз ісін өркендету үшін тер төгіп жатқан жайы бар.

– Түйе шаруашылығы жалпы көнеден келе жатқан ата-бабамыздың кәсібі  деп айтар едім. Өйткені, мен өскен өңірде  түйе көп балғылатын. Сол себепті, «Қара жердің қайығы» аталған Ойсылқара тұқымына деген  сүйіспеншілігім бөлек. Төрт түлік малдың ішінде неліктен түйе асырауға бет бұрғанымызды айтар болсам, түйе малы аса шығыны жоқ, жайлы болып келеді. Бүгінде 50-60 түйе бағып отырмын. Оның сүті сұранысқа ие. Бұл шаруашылықпен айналысып келе жатқаныма 8 жылға жуық уақыт болды. Негізі мен түйенің сүтін сатумен айналысамын. Түйе сүтінің сапасы мен майлылығы өте жоғары екенін тіпті, шетелдіктер де мойындап отыр. Сондықтан да соңғы жылдары құрғақ түйе сүтіне деген сұраныс арта түскен. Түсінген адамға түйе ішсең сусын, жесең ет, мінсең көлік, қай жағынан алып қарасаң да пайдасы көл-көсір. «Қой – мырзалық, жылқы – сәндік, түйе – байлық» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек, – дейді жас кәсіпкер.

Шаруашылық иесі   жаз мезгілінде  күніне  100 литрге дейін шұбат сатады екен. Ал қазір күніне  40-50 литр түйе сүтін сауды. Бүгінде  той-жиын болса, алдымен дастарханға қымыран, шұбат қойылады. Сондықтан сұраныс жоғары. Оның үстіне, таза және табиғи өнім болғандықтан сатып алушылардың қатары күн санап артып келеді екен.

Жас кәсіпкер амандық болса, алдағы екі жылда түйе  санын  жүз басқа жеткізсем  деп отыр. Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат екені мәлім. Бұл жүннен тоқылған матаға, затқа шетелдіктер тарапынан сұраныс та көп. Ол мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы. Түйе жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, шұлық суық өткізбейді. Ал шуданың жөні бір бөлек. Сондықтан, Азангүл  Алболсын  түйе жүнінен орамал, кеудеше, шұлық тоқитын шағын  тоқыма фабрикасын  ашқысы келеді екен. Сонымен қоса,  болашақта түйе сүтінен сабын өндірсем деген жоспары да жоқ емес.

Әр нәрсе қарым-қабілетке, талап-тілекке байланысты. Ол  өз кәсібін жүрек  қалауым деп біледі. Әрине, кейде ыстыққа күйіп, суыққа тоңатын кездер болады. Бірақ ісіңнен берекет тапқанда оның бәрін ұмытып кетесің. Қандай іске де адал ниет пен құлшыныс қажет. Елімізде мүмкіндіктер көп, соны дұрыс пайдалануымыз қажет.

Е.АСЫЛ.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады.

Ең әуелі Нұржан Молдиярұлы Бартоғай су қоймасы бойынша қордаланған мәселер туралы сала мамандарымен ой ортақтасты. 1983 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Бартоғай су қоймасының жалпы сыйымдылығы 320 миллион текше метр. Кезінде 5 ауданды қамтып келсе, қазір тек Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарына ғана су береді. Десе де диқандар әсіресе құрғақшылық қысқан  кездерде  тіршілік нәрінен таршылық  көретіні бар. Оның басты себебі – 40 жылдан асқан үлкен канал мен арық жүйелері әбден ескірген, сонымен қоса, су қоймасының   айдыны да лайлана бастаған.  Сондықтан мәселе  жедел әрекет етуді талап етеді. Атап айтқанда, су қоймасын арнайы техниканың көмегімен, механикалық тәсілмен тазарту керек.

– Бартоғай – Алматы облысындағы ең ірі су қоймасы саналады. Су қоймасының жұмысымен танысу барысында кейбір мәселелердің барына көз жеткіздім. Мұнда Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мен Еңбекшіқазақ   ауданындағы    ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға басымдылық  береміз. Сонымен қоса, суды ұтымды пайдалану үшін ылғал үнемдейтін технологияларға, яғни тамшылатып  суаруға белсенді көшу қажет деп білемін. Бүгінде Алматы  облысындағы суармалы жердің бар болғаны 8%-ы ғана  тамшылатып суару технолгиясын қолданады. Бұл көрсеткішті алдағы 3 жылда 30%-ға дейін арттыру керек.Бұл жөнінде тиісті шешімдер қабылданып, жаңа жобалар жүзеге асатын  болады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Келесі қадамда Нұржан Молдиярұлы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бас су торабымен танысты. Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының басшысы Мейрам Арыстанов министрге канал  қызметінің негізгі бағыттары мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану, күтіп ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қоса, шаруаларды суымен қамтамасыз етуге де баса назар аударатындығын жеткізді.

– Бізде канал бойында апаттық жерлер бар. Қазір  бірінші апаттық учаскелермен, екінші су шығатын нүктелерді бекіту, сонымен қатар автоматтандырылған заманауи құрылғыларды қою бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сонда да шаруаларға кейде  су жетпей қалатыны бар. Өйткені  50-60 пайызға дейінгі суды жоғалтып жатырмыз. Біз қазір басты екі мәселені қарауымыз керек. Біріншісі, шаруаларға суды үнемді жолмен жеткізу, екіншісі, олар да суды үнемді жолмен пайдалануды үйрену керек.Десе де диқандар әсіресе құрғақшылық қысқан тұста тіршілік нәрінен тапшылық көріп, дау туындап жатады. Оның басты себебі – 40 жылдан асқан үлкен канал мен арық жүйелері ескірген.Биыл каналды жөндеуге бюжеттен 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қазір  мердігер «ТОЛАГАЙ-2050» ЖШС-і қаналдың  тозған жерлерін күрделі жөндеу жұмыстарына кірісті, – дейді Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының  директоры   Мейрам Арыстанов.

Еңбекшіқазақ ауданының  аграрлық саладағы басты мәселелердің бірі – егін суының жетіспеушілігі. Оның басты себебі – суару желілерінің тозуы мен істен шығуы. Қазір мәселені оңтайлы шешу жолы қарастырылуда.  Айталық, суармалы су жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту мақсатында  «ПУИД-2»  бағдарламасы шеңберінде Балтабай ауылдық округінде 5 мың гектар суармалы алқапты қамтитын, ұзындығы 67 шақырым суармалы жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Бұған бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. Мердігер «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін толығымен аяқтап, іске қоспақ. Аталған жоба судың сарқылуы, шығыны мен жер деградациясының алдын алу, шаруашылықтардың кірісін арттыру, ауыл тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін аса қажет. Мұнда ең басты мәселе – егіс алқабына дейін баратын тіршілік нәрі жер тоғандармен жүретіндектен жол бойы жартысынан астамы сіңіп кетеді. Егер осы мәселе шешілсе, яғни түгел бетон арықтар жүргізсек қоймаға жиналатын су қоры екі аудан шаруаларына жетер еді дейді мамандар. Ал жауаптылардың айтуынша, ішкі және қосалқы арықтарды тазалау мен бетондау жұмыстары да кезең-кезеңімен қолға алынып жатыр. Дегенмен қарқын тым баяу. Олай дейтініміз, Есік өңіріндегі ішкі арықтардың жалпы ұзындығы 800 шақырымды құраса, биыл оның 70 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп отыр.

Еңбекшіқазақ ауданындағы сапарында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саладағы құрылымдар мен тарифтерді жүйелеуге жұмыс жасалып жатқандығын айтты. Сонымен қоса, министр ирригациялық жүйелерді жаңғыртуға  инвестор тартуға да мүмкіндік берілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ алда су ресурстарын басқаруда жергілікті әкімдіктердің де құзіреттілігі артатын көрінеді. Ең басты, ең өзекті салада  қарқынды қадам жасалып жатқаны анық.

 

Е.АСЫЛ.

Сәрсенбі, 15 Қараша 2023 16:23

Кедергісіз келешек

Еңбекшіқазақ ауданында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Қуаныш сыйла» қайырымдылық акциясы өткізілді. Ақши ауылдық округінің Бастауыш партия ұйымынының ұйымдастырумен, 3- отбасыда үй жағдайында білім алатын мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер қыстық киіммен қамтамасыз етілді.


Акцияға аудандық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Б.Рахимов «AMANAT» партиясы жанындағы Жастар рухы жастар қанатының аудандық филиал төрағасы Д.Нурсаханқызы қатысты. Бұл игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табатын сөзге тиек етті.
«Қайырымдылық акцияларына әрбір азамат қолдан келгенше атсалысуы қажет. Өйткені, тұрмыс жағдайы төмен мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға көмек қолын созсақ, олардың жүзіне күлкі үйіріледі. Өмірде балалардың жылы, қуанышты жүзін көруден артық не бар?» – дейді аудандық партия төрағасы Б.Рахимов

Аудандық № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақтың ұлттық ойындарының бірі тоғызқұмалақтан балалар мен жасөспірімдер арасында спорт ардагері  Дулат Нұрбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті.

 

Облыстық спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы мұрындық болған, қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік жас спортшыларды анықтау мақсатында  ұйымдастырлған шараға Қонаев қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 9 бен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты. Ұлттық интеллектуалды командалық ойын жарысының қорытындысы бойынша қыздар арасында Аружан Қуаныш, Айсенім Халық, Меруерт Қуатқызы, Ақерке Шамшархан, ұлдар арасында   Аркен  Тубетбаев, Нұрсұлат Қайырғали, Абылай Нұрбай, Елнұр Батыр топ жарды.  Еске алу  додасының жеңімпаздары алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды.

Өз тілшіміз.

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет