Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 16:12

Педагогикалық әдеп қағидалары

Педагогикалық әдеп қағидаларының  қолданыстағы заңнамаларын білу  және талаптардың оқу үдерісінде сақталуына әдістемелік тұрғыдан бағыт беру мақсатында техникалық және кәсіптік  білім беру ұйымдарының жас мамандары арасында «Педагогикалық  әдеп қағидалары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Есік медициналық  колледжінде  өткен шараға  40 оқу орнынан 45  жас маман қатысты.

Ең алдымен  аталған дөңгелек үстелге қатысқан жас мамандардан педагогикалық әдеп жайлы  білімдері мен өзіндік ойларын анықтау мақсатында  арнайы сауалнама жүргізілді. Дөңгелек үстелдің пленарлық отырысында Алматы облысы оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлері кәсіптік одағы бірлестігі төрағасының орынбасары Қайратбек Асылханов «Педагогикалық әдеп қағидаларының  қолданыстағы заң талаптары» тақырыбында таныстырылымын ұсынып, «Педагог мәртебесі» заңының қолдану саласындағы  түрлі жағдайларды мысалға келтіре отырып, түсіндірді. Одан кейін сөз алған облыстық  әдістемелік орталығының  техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Шынар Исаханова  өзінің кәсіби біліктілігін шығармашылықпен ұштастырып, зор  нәтижеге жеткен педагогтер тәжірибесін «Шығармашыл педагогтен  бір тілек...» атты бейнежазбалар арқылы жас мамандардың назарына ұсынды.

Дөңгелек үстелдің тәжірибе алаңында Есік медициналық  колледжінің әдіскері Ақбөпе Бегімбетоева «Шеберлікке бір қадам атты» шеберлік сабағын жүргізді. Жас мамандар шеберлік сабақ барысында  педагогикалық әдеп қағидаларының оқу үдерсінде сақталуын  ситуациялық тапсырмалар арқылы жан-жақты талқылады. Ал педагогтардың  кәсіби әрекетіндегі әдеп қағидаттарының маңызын сұхбат барысында Есік гуманитарлық-экономикалық  колледжінің  педагогика, психология  пәндерінің  оқытушысы Алма Сырғабаева талқылады. Іс-шара медициналық  колледждің базасында ұйымдастырылғандықтан колледж ұжымы  күнделікті өмірде түрлі әрекеттер арқылы көрініс беретін аурулардың алдын алу мақсатында «Дәрідік шөптердің пайдасы және  әр-түрлі аурулардың алдын алу» тақырыбында таныстырымды, «Жүрек-өкпе реанимациясы» тақырыбында тәжірибелік сабақтарды ұсынып, оны өмірде дұрыс пайдаланудың бағыттарын көрсетті. Сондай-ақ шығармашыл  педагогтердің  әдістемелік өнімдеріне ұйымдастырылған  көрме жұмысы да жас мамандардың  ізденісін жетілдіруге бағытталды.  Дөңгелек үстелді қорытындылаған ұйымдастырушылар  шара мазмұнының тиімділігін тілдеріне тиек етті. Сонымен қоса, кедергілерін анықтау бағытында кері байланыс жүргізіп, жауаптардың қорытындысы бойынша алдағы жұмыстардың міндеттерін айқындады.

Е.АСЫЛ.

Бейсенбі, 05 Қазан 2023 15:30

Құйыннан жүйрік құмай тазылар

Еңбекшіқазақ  ауданында  облыстық  құмай тазылар жарысы өтті. Облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасы, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ұйымдастырған аламанға  аймақ аумағындағы   7  ауданнан  40-қа жуық құмай  тазы қатыстырылды.

 

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің басшысы Ермек Самсыбеков қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Ал спорт ардагері Аманбек Саматов додада бақ сынаушыларға ақ бата беріп, ізгі тілегін жеткізді. Қашқан аң құтыла алмайтын иттер көлікке байланған шырғаны қуып, бір шақырым қашықтыққа жүгірді. Әр топтан  қара үзіп алда келген тазылар финалдық кезеңге өтті. Құйындай жүйірік құмай тазыларының жарысында Қарасай ауданынан келген Манат Ерқанаттың «Құмай» атты тазысы топтан озып дараланса, Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Ақтілек Кәдіржанның «Сары құмай» атты тазысы екінші орынға ие болды. Манат Ерқанаттың сөзінше,  тазысы бұдан бұрын өткен  бірнеше додада да топ жарып үлгеріпті. Енді жүлде алған жүйіріктер 7 қазанда Астанда өтетін «Асыл қазына» атты республикалық тазылар жарысында облыс атынан сынға түсетін болады. Жарысқа жиналған итбегілердің сөзінше, тазы иттер дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жас-тай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Жарыста қарғы бау таққан тазыларды жетелеп жүрген қаршадай  балаларды көріп, атадан қалған асыл өнердің оты сөнбейтініне шүбәсіз сендік.

Е.АСЫЛ.

Бейсенбі, 05 Қазан 2023 10:14

Аудан біріншілігі мәресіне жетті

Футболдан он екінші  аудан біріншілігінің жабылу салтанаты өтті.  Үш  айға созылған аяқдоп аламанына 8 команда қатысып, екі айналым бойынша өз бақтарын сынаған болатын. Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов бастаған құрметті қонақтар қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларға сәттілік тілеген Бекет Ахметов футбол ойынының жастар арасындағы маңызына тоқталып өтті.

– Біздің аудан бірнішілігінің өзіндік тарихы бар. Осы доп додасы алғаш басталған  жылдары санаулы ғана команда ойнайтын. Кейін  30-дан астам команда бақ сынаған кездері болды. Пандемия кезінде үзіліп қалған футбол жарысы қайта жалғасын тапты. Келер жылы бұдан да көп командалар аудан біріншілігіне қатысады деп сенеміз. Барлық аяқ допшыларына сәттілік тілеймін, – деді мәслихат төрағасы.

Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша  Қазақстан ауылдық  округінің  командасы турнир жеңімпазы атанып, арнаулы кубокпен және 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі екінші орынға ие болған Көктөбе ауылының командасы  күміс медальмен және 70 мың теңге  ақшалай сыйлық алса, үздік үштікті түйіндеген Алмалы ауылының футбол командасына  қола медаль және 50 мың теңге  ақшалай сыйылық  табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға мәслихат хатшысы Бекет Ахметов пен аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің  басшысы Ермек Самсыбеков, спорт ардагері Аманбек Саматов бастаған  құрметті қонақтар кубок және медальдарды табыстады.

 

 

Е.АСЫЛ.

Бейсенбі, 05 Қазан 2023 10:09

Жат ағыммен жалпы болып күрессек

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен  және «Адам және қоғам қоғамдық ұйымының қолдауымен діни бірлестік жетекшілерінің» отырысы  өтті.  

Аудан әкімі Алтай Досумбаевтың төрағалық етумен өткен отырысқа  көрнекті діни қайраткер, Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі, Алматы облысының құрметті азаматы Рәтбек қажы Нысанбайұлы, мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев және аудан аумағындағы діни бірілестіктердің жетекшілері қатысты. Ең алдымен аудан әкімі Алтай Машикұлы отырыстың  мән-маңызына  тоқталды. 

– Өздеріңізге белгілі, еліміздің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізу баршамызға ортақ міндет. Осы тұста жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Елімізде 130-дан аса этнос өкілдері мекен етуде, сәйкесінше, 18 конфессия жұмыс атқаруда. Дегенмен, халқымыздың басым бөлігі дәстүрлі діндерді ұстанғандықтан ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау үнемі күн тәртібінде тұруы керек.                                

Бүгінгі таңда ауданымызда 54 этностан құралған 300 мыңнан аса тұрғын тату-тәтті тұрып жатыр. Осы орайда, аудан аумағында 8 конфессияның құрамына кіретін 93 діни бірлестік тіркеліп, қолданыстағы заңдарға сәйкес өз жұмыстарын атқаруда. Атап айтатын тағы бір үлкен мәселе, аудан аумағында етек жайып жатқан теріс пиғылды діни ағымдардың көбеюі. Аудан тұрғындарын, әсіресе, жастарымызды жат ағымдардың кесапатынан сақтау бәріміздің ортақ жұмысымыз екені айтпаса да түсінікті. «Бірлесе көтер-ген жүк жеңіл» демекші осы мәселе бойынша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ жағымды нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді аудан басшысы.

Отырыста баяндама жасаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Ахметов өңіріміздегі діни ахуалға тоқталды. Оның сөзінше, жыл басынан бері 1500-ге жуық тұрғындардың қамтылумен 38 іс-шара ұйымдастырылған. Аталған шараларда  жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргі-зуге басымдылық берілген. Көбінде кездесулерге жоғары санаттағы мамандар шақырылған. 

– Аудан бойынша деструктивті діни ағым өкілдерінің  жабық тізімінде  196 азамат тіркелген. 176 азаматқа  профи-лактикалық  оңалту жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстар нәтижесінде «Сәләфия» ағымы бойынша 38 азамат, «байсалды немадхалиттер» бойынша 26 азамат, онан өзге де жат ағымдағы 2 азамат  дәстүрлі ханафи мазхабына оралған. Ауданда орналасқан деструктивті діни ағым өкілдерінің көпшілігі Есік қаласында, Ават, Асы, Рахат, Шелек, Көктөбе, Бәйтерек, Қазақстан, Балтабай ауылдық округтеріне орналасқан. Бүгінде аталған ауылдық округтер-дің аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға басымдылық берілген, – деді Дархан Ахметов.

Аталған отырыста көрнекті діни қайраткер Рәтбек қажы Нысанбайұлы да өз ойын ортаға салды. Еліміздің тұңғыш бас мүфтиі дінге бетбұрыс барын, дегенмен, исламды əлі де толық түсінбеген жастарды өзге секталар, ағымдар, діндер жарты жолдан бұрып алып  бара жатқандығын айтты.

–  Бұл – жақсылық емес. Осының қалай да алдын алуымыз керек. Зайырлы мемлекеттің де заңы бар. Зайырлы мемлекет екен деп баса-көктеп кіре беруге болмайды ғой. Сондықтан, оларды ауыздықтайтын заң болуы керектігін қолдаймын. Мен бас мүфти болып тұрған кезде де ондай ағымдардың талайы келді. Оларды барынша елімізге жолатпауға тырыстым. Қазір бізге де қайта айналып келе бастағаны байқалады. Əлі де кеш емес, олардың аяғына тұсау салатын заң керек. Миссионерлерден əр қазақ, əуелі өзін, сосын отбасын, ағайын-туысы мен жора-жолдасын сақ-тауы тиіс. Бізді азғырушылар көп. Ел болсын деп ешкім қолдамайды. Сондықтан, қа-зақ халқы өзімізді-өзіміз қорғауға тиіспіз, – Рәтбек қажы Нысанбайұлы.

Ауданымыздың діни ахуалының тұрақтылығын сақтауда елеулі еңбек етіп жүрген дін қызметкерлері де аз емес. Жиналыс соңында аудан тұрғындары мен жастарды  теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатынан сақтап, көптеген игі істердің бастамашысы болып, ауданымыздағы діни, мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жүрген азаматтарға аудан әкім арнайы алғыс хаттар табыстады.           

 

Е.АСЫЛ.

Бейсенбі, 28 Қыркүйек 2023 11:30

Еңбек еткеннің наны тәтті

Ел Президентінің Жарлығымен 2013 қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрін жалғастыру, ерте жастан еңбектенуге машықтандыру мақсатында еңбек күні белгіленгенді. Мамандықтың жақсы-жаманы болмайтынын, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттап, еңбек қоғамын құру – бұл атаулы күннің басты мақсаты болды.

 

Жақында «AMANAT» партиясының «Еңбек адамы» партиялық жобасы аясында алты түрлі мамандықта даярланып жатқан Шелек политехникалық колледжінің студенттерімен ауылдың танымал ардагер ақсақалдары, аудандық мәслихаттың депутаттары бас қосып, адал еңбектің, соның  жолында маңдай терді төккен бейнеттің жемісті болатыны туралы сөз қозғалды.

Болашақ маман иелерімен өткен кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Әбілбек Айтақынов  адал еңбек еткен адамның тапқан наны әрқашан да тәтті болатынын, жұмысшы деген мәртебелі мамандық екенін, қазіргі таңда электрик, дәнекерлеуші, техника тілін меңгерген, басқа да мамандық иелеріне кез келген жерден жұмыс табылатынын, табыстары да қомақты әрі қат екеніне бірнеше мысалдар келтіріп, әңгімелеп берді. Ал Алматы облысының құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев өзінің қиын кезде өткен балалық шағынан, қарапайым жұмысшы болудан ауданды басқарған кезге дейінгі өмірін, жастайынан жұмысқа қалай тәрбиелегенін, еліне еңбегі сіңген қайраткерлерді мысалға келтіріп айтқан әсерлі әңгімесін жастар ұйып тыңдады. Қазіргі жастардың қол еңбегінен тыс қалып, интернетке тәуелділіктері артып, виртуалды әлемге еніп кеткендерін байқамай, жат қылықтарға әуестеніп, тіпті суицид жасауға да барып жатқан оқиғаларды мысалға келтірді.

Одан кейін  аудандық мәслихаттың депутаттары Сайра Базылбекова, Ринат Беков және Камшат Қарағұлова еңбек адамының елге сыйлы, құрмет иесі болатынын әңгімелеп берді. Колледж директоры Қуат Дүйсебаев кездесуге келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, Елеусіз бен Әбілбек ақсақалдарға шапан жапты.  Ел ағалары жастарға баталарын берді.

 

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

24-25 қыркүйек күндері аралығында Есік қаласындағы орталық спорт кешенінде қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында Алматы облысының чемпионаты өтті. Аталған күрес додасына

7 командадан 100-ге жуық спортшы қатысты.

Жарыстың шымылдығын ашқан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі таңда қазақ күресі елімізде, оның ішінде  өңірімізде де белсенді дамуда. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту қажеттігін аз айтқан жоқ. Еліміздің барлық жерлерінде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді, спортпен белсенді айналысатын адамдар көбейді. Бүгінгі күрестен топ жарғандар, ертең әлемдік  байрақты бәсекелерде  ел намысын қорғайды деп сенемін, – деді Ерболат Сарабекұлы.

Жарыс қортындысы бойынша, Нұрсұлтан Курманов (55 кг, Жамбыл ауданы), Бахтияр  Сырлыбай  (60 кг, Жамбыл ауданы), Азамат Ықын (66 кг, Талғар ауданы), Маулен  Рысдаулетов (74 кг, Іле ауданы), Собир Сапарбаев (82 кг, Қонаев қаласы), Бақыт  Гумаров (90 кг, Жамбыл ауданы), Ильяс Мырзаханов(100 кг, Еңбекшіқазақ ауданы), Адибан Өріс (100+кг, Қарасай ауданы) чемпион атанды. Ал әйелдер арасында Аяжан  Азим (48 кг, Іле ауданы), Ақниет Жәнәбіл (52 кг, Талғар ауданы), Айда Жалғасбай (56 кг, Талғар ауданы), Гүлім Елубай  (60 кг, Жамбыл ауданы), Назерке Даулетжан (65 кг, Жамбыл ауданы), Аружан Жақсылықова  (70 кг, Талғар ауданы), Шұғыла Мақсатқызы (75 кг, Талғар ауданы), Ақдана Ақбастау (77 кг, Талғар ауданы) алтынан алқа тақты.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және тиісті грамоталармен марапатталды. Айта кетейік, үздіктер келесі жылы өтетін ел чемпионаттарында  аймақ  намысын қорғайтын болады.

Е.АСЫЛ.

Дүйсенбі, 25 Қыркүйек 2023 11:46

Кездесу

«AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының ұйымдастырумен «Еңбек адамы» партиялық жобасы аясында Еңбек ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері С.Базильбекова, К.Карагулова және Р.Беков, Шелек политехникалық колледжінің директоры Қ.Дуйсебаев жастарды еңбекке баулу мақсатында колледж студенттерімен кездесу өткізілді.


Еңбек күнін мерекелеудің басты мақсаты – еңбекке деген құрметті жандандыру, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесі мен беделін арттыру, отбасылардағы еңбек мәдениеті мен жұмысшы әулеттерінің дәстүрлерін жаңғырту, еңбек өнімділігін ынталандыру, оған жастардың назарын аудару, еңбек ұжымдарын біріктіру.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру қажеттігі туралы айта келіп: «Барлық азаматтар, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттер - бұл қоғамның құндылықтарының біртұтас жүйесін жасайды. Әрбір адам отансүйгіш, білімді, еңбекқор, тәртіпті, жауапкершілікті, әділетті, үнемшіл, жауапты болса, біз үшін қол жетпес биіктер болмайды. Абайдың «Кемел адам» туралы ілімінен бастау алатын «Адал азамат» ұғымының терең мағынасы осында.

Жұма, 22 Қыркүйек 2023 15:24

Ауыл шаруашылығы өнімін ұсынады

Облыстың тоғыз ауданы, сондай-ақ Қонаев қаласы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынады.
Бүгінгі таңда өнімдердің 52 түрін – ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, ұн, жарма, май, әрине, жемістер, көкөністер, бал, ұлттық сусындар және т.б. құрайды. Ал науқанан күтілетін табыс екі жүз миллион теңгеден асуы тиіс.


Аталған жәрмеңке Жетісу облысының аграршыларымен бірлесіп өткізіледі.
Орталықтандырылған ұйымның және жәрмеңкеде тегін орындарды ұсынудың арқасында тауарлардың бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға арзан. Елордаға өнім тасымалдайтын көліктердің жалпы саны 25-30 көлікті құрайды.
Облыстық жәрмеңкелер күздің басынан басталды және біздің аймақ өз өнімдерін алғашқылардың бірі болып ұсынбайды. Биылғы жылы Түркістан облысы бірінші болып, астаналықтар қымыз бен шұбат әкелгендерін жоғары бағалады. Ал біздің өңірдің алдында Қызылорда облысы мен Батыс Қазақстанның жәрмеңкелері өтті.
Іле ауданы шамамен 30 тонна жинады. Көкөністер, жемістер, бақша дақылдары, ет және мұздатылған тауық еті.
Еңбекшіқазақ ауданы жүздеген килограмм жүзім, баклажан, бұрыш, қырыққабат және жарты тоннадан астам бал дайындап, осындай көлемді ұсынды. Негізгі ассортимент - Талғар ауданының алмалары «апорт», «золотое превосходное», «кандиль», «американка» сорттары болды.
Жалпы, Астанадағы тұрақты жәрмеңкелер тауарларды өткізу орнына ғана емес, сонымен қатар жергілікті өнімнің сапасы мен әртүрлілігін бағалаудың өзіндік көрсеткішіне айналуда. Бұл сонымен қатар, өндірушілерге астаналық тұтынушылардан тікелей кері байланыс алуға және одан әрі дамуға мүмкіндік береді.

Бүгін Алматы облысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагерінің жұмысы басталды.

Ұйымдастырушы – «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты.



Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей Өзбекстан және Үндістаннан келген қонақтар 4 күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысады.

Осы жылдың шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.

«Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова:

«Ең алдымен, Қазақстан Президенті белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды».

Сонымен қатар, бүгін қатысушыларға арнап «QaiTuYu» психоәлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығының директоры Ғалия Назханова және «QaiTuYu» психоәлеуметтік оңалту және бейімдеу орталығының әлеуметтік қызметкері Ерлан Тәжібаев «Есірткіге жол жоқ» бағыты бойынша оқыту сессиясын өткізді.

Сессия барысында қатысушылармен сұрақ-жауап алмасып, пікірлер ортаға салынды.

Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2023 16:13

Техника тетігін меңгерген өнертапқыш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екендігіне әркез халық назарын аударып келеді. Расымен де ауыл шаруашылығы секторларының қанат жаюына мүмкіндік беретін болсақ импортқа тәуелділік бәсеңдеп, елдің экономикасы дами түсетіндігі жасырын емес. Ол үшін ауыл шаруашылық-техникалары өндірісін де назардан тыс қалдырмау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021 жылғы дерегіне қарасақ, еліміздегі ауыл шаруашығы техникасының 80 пайызы тозған. Сондықтан шұғыл жаңарту мәселесін қолға алу қажет.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басым бағыттарының бірі. Өңіріміздің құнарлы топырағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қолайлы. Сол себепті де, ауыл шаруашылық, әсіресе бау-бақша техникаларына сұраныс тіптен жоғары. Өйткені, барлық жұмыс арнайы техникалармен атқарылады. Ал олардың құны егін адамы үшін әркез қолжетімді емес. Мұндайда кәсіпкерлік бағытта құрылған арнайы құрылымдар шаруаларға көмек қолын созып келеді. Соның бірі – «Service4agro» жеке кәсіп-керлігі. Есік қаласында тұратын инженер, өнертапқыш Әсет Тұрысбеков 5 жылдан бері шағын көлемдегі ауыл шараушылық техникаларын жасаумен айналысып келеді. Ол жеткішілік ететін цехта бау-бақша шаруашылығына пайдаланылатын 10-ға жуық техника жасалады. Оның негізгісі – сұйықтық шашқыш құралдар. – Біз жасаған құрылғылардың қолдану аясы кең. Оларды бау-бақшаларды суару мен дәрілеуге, өрт сөндіруге, өнім жинауға пайдалануға болады. Техниканы жасауға керекті бөлшектердің 80 пайызы еліміздікі, тек 20 пайызын ғана шетелдерден сатып аламыз. Біз құрастырған техникаларда көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, шетелдік техникаларда қандай функциялар бар, бізде сол деңгейде жасауға күш саламыз. Жасаған техникалардың сапасына бір жыл кепілдік береміз. Сонымен қоса, бұзылған ауыл шаруашылық техникаларын да жөндеуден өткіземіз. Құрылғыларымызды  өзіміз жобалаймыз. Сапа жағын қатты қадағалаймыз. Сондықтан Алматы облысы мен өзге өңірлерден үнемі тапсырыс қабылдап келеміз. Әрине, техника жасау оңай шаруа емес. Сол үшін көптеген сынақтар мен тәжірибелер жасаймыз. Тәжірибе сыннан өткеннен кейін ғана, біз оны өндіріске пайдаланамыз. Біз өндірген техникалар пайдалануға өте тиімді – дейді кәсіпкер Әсет Тұрысбеков.

Бүгінде шағын цехта екі жоғары санаттағы маман қызмет етеді. Олар нағыз өз ісінің майталмандары. Шеберлер жаңа техника жасауға жаны құштар екендіктерін айтады. Әр жыл сайын аудан аумағындағы техникалық коллеждерде білім алатын кейбір студенттер осында өндірістік тәжірибеден өтеді екен. Ондағы мамандардың сөзінше, мехника, машина жасау, дәнекерлеу сынды мамандықта оқитын студенттер өндіріс цехында жұмыс істеп, жақсы тәжірибе жинақтап қайтады. Сарапшылар егер өндіріске бет бұрар болсақ, техникалық мамандар дайындауымыз керек екендігін айтады. Шындығы сол, елімізде инженерлер, механиктер, токарьлар жетіспейді. Мұндай мамандар даярлануда. Кәсіптік білім беру оқу орындарында оқытылуда. Олар өндірістік тәжірибеден өтетін жер жоқ. Өндірісте қалып, жұмыс жасап үйрену керек. Саусақпен санарлық өндіріс орындары бар. Алдымен жұмыс, өндіріс орындарын ашпай болмайды. «Service4agro» сынды шағын кәсіпорындар бұл қиындықты шешуге өз септігін тигізе алады. Сол себепті кәсіпкер Әсет Тұрысбеков мемлекет осы бағытқа қолдау көрсету қажет деп санайды. Білікті маманның сөзінше, болашақта кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау болып, пайызсыз несие берілсе, жас кәсіпкер аяғынан тұрып кетеді. Басында идеясы көп, бірақ қаржысы жоқ ынталы азаматтар бар.

Кәсіпкерліктің барлық саласына кейінгі жылдар өте ауыр тиді. Оның салалары бір-бірімен тығыз байланысты. Бірінің затын бірі алады деген секілді. Сондықтан барлығы қиналды. Бізде кәсіптің қызмет көрсету түрі жақсы жұмыс жасайды да, өнім шығару жағы кемшін. Өйткені, өндіріске кез келген адам бара бермейді. Ол үлкен қаржыны, табандылықты талап етеді. Тіпті үлкен олигархтардың өзі өндіріс ашуға құлықсыз. Одан пайда көлемі аз. Дегенмен, өндіріссіз де күн жоқ. Ал ел экономикасының маңызды тет-тіктерінің бірі саналатын ауыл шаруашылық саласына қажетті өндірістің маңызы тіптен зор.

Е.АСЫЛ.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет