Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2020

Тіркелу науқаны: 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өзіңіздің емханаңызды таңдаңыз

Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) тұратын аумағы шегінде еркін таңдау бойынша жыл сайынғы тіркелу науқаны басталады. Әрбір азамат екі ай ішінде – 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін тіркелу мүмкіндігіне ие болады.

Дәрігерге тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылау үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерде таңдау ұсынылады. Қажеттілік туындағанда, емхана дәрігерлері пациенттердің үйіне бара алатындай болуы қажет, бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды.

«Тіркелу науқаны кезінде МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен келер жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар кескінінде халықтың таңдауын ескере отырып, 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді. Сондықтан, дерекқордың кәміл дұрыстығына Қор мүдделі», – деп хабарлады Алматы облысы бойынша Қордың директоры Н. Отарғалиев.

Емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады.

Электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы көмегімен, ЭЦҚ арқылы тіркелу. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Аталған үрдіс сәтті аяқталған жағдайда, азаматқа медициналық ұйымнан тіркелуі туралы хабарлама электрондық құжат түрінде беріледі.

Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді рәсімдейтін адамдар жатады.

Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК мен МӘМС бойынша медициналық қызметті көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізілетінін атап өтеміз. Қормен келісім шарты бар емханалардың тізімімен www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.

Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханаларында медициналық қызмет түрлерін алуды жалғастырады.

Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда 12 мыңнан астам адам МСАК ұйымдарына тіркелмеген. Медициналық көмекке толықтай қол жеткізу үшін тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелу мәртебесін тексеру ұсынылады.

Айта кететін жайт, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

 

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

  КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы

Published in Санаты жоқ

«Салық әмияны» арқылы жергілікті салықтар бойынша және көлік құралдар салығы бойынша мәліметтерді түзетудің жаңа сервисі 2020 жылдың 7 қыркүйегінен бастап жүзеге асуда.

Комитет «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесі арқылы 2019 жылғы салық кезеңі үшін жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықтың орталықтандырылған есебін жүргізді.

Көлік құралдары салығын есептеуді іске асыру мақсатында «ИДБ» АЖ және «Сервис орталығы» АЖ ақпараттық өзара іс – қимыл шеңберінде алынған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің көлік құралдары дерекқорының мәліметтері пайдаланылды.

«Аталған сервис көлік құралының сипаттамаларын өзгертуді қоса алғанда, түзету үшін онлайн режимінде өтініш беруге, көлік құралын иеліктен шығуына байланысты мәліметтер базасынан шығаруға мүмкіндік береді»,- дейді Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Әбілмәжінов.

Сервисте көрсетілетін қызметті «e-Salyq» мобильді қосымшасының «Салық әмияны» арқылы пайдалана аласыз, оны «App Store» мен «Play Market» - тен жүктеуге болады.

Өтінішті 4 негізгі санат бойынша беруге болады:

1. «Көлік маған тиесілі емес» - егер мәліметтер базасында иесіне тиесілі емес көлік құралы болса;

2. «Көлік құралы туралы ақпаратты түзету» - көлік құралының дұрыс емес сипаттамалары, оның ішінде көлік құралының санаты, қозғалтқыш мөлшері, мемлекеттік нөмір, тіркеу күні және т.б.;

3. «Көлік құралы базада жоқ» - базада меншік иесіне тиесілі көлік құралы болмаған жағдайда

4. «Көлік ұрланып кеткен» - егер мәліметтер базасында іздеуде тұрған көлік құралы болса.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2020 жылдың 1-ші қазанында 2019 жылға жеке тұлғалардың мүлік салығы мен жер салығының төлеу мерзімі екенін ескертеді. Сұрақтар бойынша телефон 8/7282/601197, Call –центр 1414.

Алматы облысы бойынша МКД мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша негізгі қарызды сомасын төлеген жағдайда жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізілетіні туралы хабарлайды.

Салықтық берешектің, оның ішінде көлік құралына салығы бойынша берешектің бар жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің (www.kgd.gov.kz)

сайтында «Электронды қызмет» - «Салықтық берешектің жоқ (бар) екені туралы мәлімет» бөлімінде ЖСН енгізу арқылы, сондай-ақ «Электронды үкімет» порталында не жергілікті жері бойынша МКБ тексеруге болады.

Published in Санаты жоқ

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 20 қыркүйектен кейін карантин қайта енгізіле ме деген сауалға жауап берді.

Есмағамбетова карантинді күшейтуге қатысты алып-қашпа әңгімені жоққа шығарды. Оның сөзінше, мұндай әңгімені көбіне ойдан шығара салады.

"Мемлекеттік органдардың ақпаратына, яғни ресми ақпаратқа сүйеніңіздер. Соған сеніңіздер. Жинала салып, аяқастынан қыркүйекте карантин жариялаймыз деген сөз жоқ. Бәрі де елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай шешіледі. Біз күнделікті жалпы елдегі ғана емес, сондай-ақ әр аудан, елді мекендегі жағдайға мониторинг жасап, жіті қадағалап отырмыз", — деді Айжан Есмағамбетова.

Елдегі жағдай бақылауда, әрі ауруға шалдыққандардың саны азайып келе жатқанын айтқан Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері: "Дегенмен, науқастар әлі анықталып жатыр. Бүгінде ПТР-тесті оң нәтижесі бар коронавирус та, ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен коронавирус та тіркелуде. Біз жағдайды бақылап отырамыз. Барлық шешім санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қарай қабылданады", — дейді.

Published in Санаты жоқ
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2020 10:35

Тазалық – өмір айнасы

Бұл сөзді зерттеп-зерделеп жатудың өзі артық. Себебі, тазалық – саулық негізі. Аурудың алдын алып, түрлі індеттің ілмегінен сақтайтын екі жол болса, бірі және бірегейі  – тағы да тазалық. Ғалымдар әлемді әбігерге салған COVID-19 вирусына тосқауыл қоюдың алғы шарттарының бірі осынау тазалықты сақтау екендігін алға тартады. Демек, қолымыз таза, жолымыз жинақы, ауылымыз ажарлы болса, өміріміз игілікпен өрнектелмек. Аудан басшысы Қ.Қашқымбаевтың да қатаң талабы осы.

Табиғаты сырға, тарихы терең жырға толы, ежелгі өркениеттің бесігі – «Алтын адамның» атамекені болған Есік қаласында тазалықты сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биылдың өзіне қала тазалығын қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 42 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қала әкімі міндетін атқарушы Айдар Бошқұловтың айтуынша, «Сымбат» ЖК, «Бақыт» ЖШС және «DСУ-13» компаниясы – аудан орталығындағы тазалық сақшылары. Аталған кәсіпорындар қала тұрғындарымен және өзге де мекемелермен келісім-шарт жасасқан.

Аталған мекемелер 45-тен астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған. Әлбетте, тазалықпен қатар Алтын адам атамекенін абаттандыру да аталған кәсіпорындар құзырында. Қолдағы мәлімет бойынша 50 мыңға жуық тұрғындардан шыққан қалдықтарды аптасына бір рет жауапты мекемелер жинайды. Сөйтіп, қоқыс алаңына жеткізеді. Олардың айтуынша, бір жетіде шамамен 200 тоннадай қоқыс шығарылады екен.

Бұл ретте «Бақыт» ЖШС директоры Бүркіт Бақытұлы: «Бүгінде Есік қаласында жер үйде тұратын 2280, ал ықшам  аудандарда тұратын 2170 отбасы бізбен келісімшарт жасасқан. Ықшам аудандар тұрғындарының 95 пайызының келісімшарты бар. Алайда, жер үйде тұратын 2 мыңнан астам отбасы әлі келсімшарт жасаған жоқ. Олар көбінде келсімшарты бар көршілердің жинап қойған тұрмыстық қалдықтарына өз қоқыстарын қосып жібереді. Соның салдарынан, біз нормадан артық қоқыс шығаруға мәжбүр боламыз. Бізде баға арзан, соған қарамастан қаладағы көп санды базарлар мен дүкендер келісімшарт жасаспай отыр. Олар көбінде қоқысты жол жиегі мен өзен аңғарына төгеді. Кейде сол бей-берекет төгілген қоқыстарды да тазалап тұрамыз. Тіпті, қоқыс тау болып үйіліп жатқанымен, оны тазаламайтын отбасылар да кездеседі.Қаланың әрбір тұрғыны таза ортада, жасыл аумақта жүргісі келеді.Оны жасау – бәріміздің ортақ ісіміз»,– дейді.

Рас, әлеуметтік мәселенің қордалануына әркімнің өз жауапкершілігіне салғырт қарағаны себеп. Дей тұрғамен, көше тазалығының көңіл көншітпеуіне әкеп соққан көп түйткілдің жауабын да, жалпы жұрттың кейде жай тұрмыстық  қағидалар мен қоғамға ортақ  ережелерге көлеңке түсіре қарауынан іздеген жөн болар. Қарапайым қала тұрғыны Айнұр Бекенқызы кей адамдардың әлеуметтік тазалықты сақтауға мүлдем құлықсыз екендігін айтады. Оның сөзінше, көшедегі жүргізушілердің бір парасы кез келген жерге қоқыс тастайды немесе әлеуметтік орындарда қақырып-түкіреді. Тіпті, ескертуге құлақ аспайтындар да табылады. Қала тұрғыны тазалықты сақтауды әр адам өзінен бастауы, оны өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қарау керек деп біледі.

Қала әкімі аппаратының мәліметінше, былтырдан  бері қала маңындағы үш қоқыс полигоны заласыздандырылған. Қазір Есікте коқыс полигондарына қатысты қандай да бір түйткіл жоқ екенін айтады. Елдегі пандемия жағдайына байланысты, қала көшелерін дезинфекциялау жұмыстары дер кезінде қолға алынып келеді.

Айдар Бошқұлов қала тазалығын сақтау үшін абаттандыру мен жөндеу жұмысының маңызы зор екендігін айтады. Қазір қаланың екі ықшам  ауданында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айталық, қаладағы Абай атындағы, Р.Тоқатаев атындағы, М.Мәметова атындағы, Қ.Орынбетов атындағы, Кешубаев атындағы көшелер мен Алтын адам аллеясы жөндеуден өткен. Онымен қоса, қала орталығындағы даңғылдар кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Осы жұмыстар қазан айында тәмамдалса, қаланың келбеті одан әрі ажарлана түспек.

Есік қаласы тарихтың таңғажайып құпиясын жасырған құтты мекен. Ол – біздің ортақ отбасымыз. Оның табалдырығының таза, шаңырағының  шаңнан ада болуына да әрбіріміздің жауапкершілігіміз бар. Біз бәрімізге ортақ артылған жүктің салмағын сезініп, санамыз сауалдарға лайықты жа-уап тапқанда ғана, туған жеріміздің келбеті жарқын, келешегі нұрлы болмақ.

Қорыта айтқанда, тазалықты сақтау тәрбие ретінде тал бесіктен сіңірілуі керек. Ғалымдар әлеуметтік тазалық пен экологиялық ортаны қорғау танымы қаршадайынан адам санасына сіңіріліп, ол тұрмыстық әдет ретінде қалыптасу керек екендігін айтады. Себебі, өркениетті елдерде әлеуметтік тазалықты сақтау мен экологиялық ортаны қорғау арнайы тәлім-тәрбиенің өзекті бір түйіні ретінде қаралады. Енді бізге де ұлттық дүниетанымды өзек,әлемдік озық тәжіри-бені үлгі ететін, тазалықты сақтау мен ортаны қорғауды үйрететін жаңа «әліппе» керек сияқты.

Рухани құндылықты бүгінгі замананың іргетасы деп білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылы шілде айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында орта білім бағдарламасына өскелең ұрпаққа экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Қазір, Білім және ғылым министрлігі Президент тапсырмасына сай жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Аталған бағдарлама жүзеге асса, орта мектеп оқушыларына «Экология» пәні енгізілетін болады. Біз үшін туған даламыздың жарық нұрға, қаламыздың жасыл нуға оранғаны қымбат.

Ерзат АСЫЛ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2020 09:43

Аңсатқан аялдамалар

Осы жылдың 4 тамызынан бастап Алматы мен Есік арасына қоғамдық көлік қатынады. Бұл игі іске қуанып,бөркін аспанға атқандар қаншама. Біз де редакция атынан жұрт асыға күткен сапарға ақжолтай тілеген едік.Әрине, жанға жайлы автобуспен арзан ақы төлеп, Алматыға баруға кім асықпасын. Ел елеңдеген игі істің аяқ алысы мен алдағы бағыт-бағдарын жауапты мекемеден, автобус жүргізушілерінен анықтаған  болатынбыз.

Алып шаһар Алматы мен Алтын адамның ата қонысы арасын қоғамдық көлік жалғағанына да айға жуықтапты. Содан бері халық ірі мегаполисқа өз қажетімен барып-келіп жүр. Екі арадағы транспортқа жауапты «BAS Trade»ЖШС-ның директоры Махумджан Срайловтың айтуынша, бүгінде Алматы мен Есік арасында 15 автобус әр күні таңғы сағат 5.30-дан бастап араға 12  минут салып кезігімен қатынайды. Қазір күніне 5 мыңға жуық жолаушы тасымалдануда. Алда бұл сан үздікісіз артуы мүмкін.Көліктердің барлығы  жаңа, онда 25 орындықпен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Әрі қазіргі пандемия жағдайына байланысты автобустар күніне екі рет дезинфекцияланып тұрады. Қоғамдық көлікке мінген  әр жолаушы  «Оңай» картасымен 80, ал қолма-қол 150 теңге жол ақысын төлейді екен. Сонымен қоса, зейнеткерлерге, оқушылар мен студенттерге түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Бұл ретте: «Қоғамдық көліктің қатынауын жұрт қуана қабылдады.Бірақ автобустар жүргеннен кейін біз кейбір қиындықтарға тап болдық. Ең бастысы, аялдамалар мәселесі. Бізде бұрынғы аялдамалардың барлығы жеке меншікке сатылып, өзге нысанға айналған. Оны қайта жаңарту керек. Енді бірі халық қоғамдық көлікпен жүрудің жаңа тәртібіне бейімделе алмай жатыр. Әсіресе, жол ақысын төлеуде қиындықтар туындауда. Тіпті, қасақана төлемейтіндер де бар. Қоғамдық көлікте тазалық сақтамайтын, тәртіп бұзатындыр да жиі кездеседі. Жоғарыдағы мәселелердің шешілуін талап етіп, қалалық әкім аппаратына өтініш білдірдік. Қала әкімі тисті тапсырмалардың беріліп, бізді алаңдатқан проблемалардың оң шешім табатындығын айтты», – дейді М.Срайлов.

«Алысты жортқан, ащыны татқан білер», дегендей мекеме басшылығының қоламтасын қоздатып отырған мәселенің сырын білмекке қоғамдық көлікке міндік. Көлік іші тап-таза, кірген жерден жанға жайлылық танытады. Қоғамдық көлікте біреулер әңгіменің сары қымызын сапырса, тағы біреулер шытырман ойға батыпты. Тәтті ұйқының құшағында шырын түс көріп жатқандар да бар сияқты. Жол бойы жүргіншілерді сөзге тарттық. Олар қоғамдық көліктің жүргеніне дән риза. Қазір уақыты да, қаражаты да үнемделетіндігін айтты. Бұрын көлік күтіп көп сарылса, енді діттеген жеріне  деркезінде жетіп баратындығын айтып ағынан жарылды.

Қала ішінде жасыл автобус жай қозғалып келді. Қоғамдық көлікке жол бермейтіндер көп екен. Әсіресе, аялдамаларға келсін-келмесін қөлігін қаңтарып кететіндер жүргізушіні қатты қинайтын тәрізді. Екі-үш аялдамаға әзер тоқтадық. Сонан кейін, қоғамдық көліктің қызығы мен шыжығын тең көретін жүргізушіні сөзге тарттық. Көлік тізгіндеуші Абдырасул жолаушылардың шашауын шығармай қалаға жеткізудің қиындығын айтты. Оның сөзінше, адамдардың бір парасы автобуста тазалыққа көңіл бөлмейді. Қоғамдық көлікте үлкендер насыбай атып, қақырып-түкірсе, жастар қоқыс тастайды. Ескертсең ерегесетіндер де жолығады. Әрине, алуан-алуан адам бар. Мекеме басшысы айтқандай, жол ақысын төлемейтіндер де жоқ емес. Қазір жол бойында бақылау жоқ болғандықтан, бәз-біреулер тегін жүргісі келетін сияқты. Жүргізуші Абдырасул Хожанбердиев: «Көп санды адамдар «Оңай» картасы жоқ болғандықтан жол ақысын төлеуге қиналамыз дейді. Бізде қазір «Оңай» картасы қоғамдық көлікте сатылады. Автобусқа мінген кез келген жолаушы оны сатып ала алады.Біз жолаушылардың кейбірі тазалықты сақтамағандықтан, қоғамдық көлікті  өзіміз тазалауға мәжбүр  боламыз. Уақыт тығыз, жолда кептеліс тағы бар. Сонықтан кейде қара су ұрттауға да мұрша болмайды. Жүргіншілер бізге де түсінікпен қараса екен», – деп ағынан жарылды.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің сөзінше, автобус  белгілі уақыт кестесімен қатынайды. Алайда, межелі уақытта жетуге кедергі келтіретіндер, жолда шу шығаратындар бар. Жүргізушілердің басым бөлігі аялдама мәселесі арқаға аяздай бататындығын айтады. Себебі, аялдама  жоқ  болғандықтан, халық шоғырланып тұрмай, жолдың әр тұсынан қол көтереді екен. Оның үстіне қауіпсіздігі қадағаланбаған кез келген жерге тоқтаудың өзі қауіпті.

Екінші мәселе – жоғарыда атағандай қоғамдық көлік мәдениетін сақтауға дағдылану. Сондай-ақ, жол ақысын төлеме-гендерге тиісті жауапкершілік қарастыруы қажет секілді.

Жүргізушілердің шағымын шамамызша шанағымызға тоқуға тырыстық. Әп-сәтте көлікке орта жастан асқан кісі кіріп келді. Мен амандасып, орын бердім. «Алматыға автобус жүріп жатыр деп естігенмін. Енді, міне, сәтін салып мініп жатырмын, бұл да қызық. Ертеде үлкендер өмір есігін ашқан әр пенде баласы жолаушы деуші еді. Біз бәріміз – жолаушымыз. Көздеген жерге аман жетсек болғаны», демесі бар ма. Сол айтқандай, жолаушы ғұмырда сыйластыққа не жетсін. Біз де жолортада сапарға сәттілік тілеп, аяңдап қалдық.           

Ерзат АСЫЛ

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек 2020 09:34

Ілім ізденгенге іркіліс жоқ

Жаңа оқу жылы басталды. Алайда, әдеттегідей емес, форматы өзгеше. Балалар қашықтан білім алуда. Әлбетте мемлекетті де түсінуге тиіспіз. Таразының бір басында балалар денсаулығы, екінші басында ілім-білім. Қазақта сөз бар: «Ілім ізденгенге іркіліс жоқ». Ендеше, індеттің жолын қию мақсатында қазір күш біріктіретін кез.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектеп үшін маңызды» деп айрықша атады. Рас, мектеп пен оқушы арасындағы қайталанбас тәтті байланыс жылдар жылжыса да өзгермек емес. Оның құдіреті мен қасиеті де осында.

Ауданымыздағы білім сапасы жағынан іргелі білім ошақтарының бірі Абылайхан атындағы орта мектебінде де дәстүрлі оқу жылын 1680 оқушы бастады. Оның 169-ы бірінші сынып болса, 71-і кезекші сыныптың есігін қақты. Бұл ретте мектеп директоры Ләйлә Тункаева: – Кезекші сыныпқа келген бүлдіршіндердің денсаулығы басты назарда. Осы мақсатта қазір белгіленген ереже бойынша бір партаға тек бір оқушыдан отырады. Бетперде режимі қатаң сақталған, антисептик әр баланың жеке құралына айналды. Әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау да бірінші кезекте. Әйткенмен, қашықтықтан білім алып отырған бүлдіршіндеріміз де талап үдесінен толық шығады. Мұғалімдер күнделікті стандарт бойынша оқытуда, – дейді.

Ата-аналарға қойылатын талаптар да ерекше. Бұл ретте «Әлеуметітк ара қашықтықты сақтай отырып, арнайы белгіленген сызықтан аспауы керек. Кірерде балалардың дене қызуы тексеріледі, белгіленген уақытта кабинеттер залалсыздандырылады. Екіншіден, 71 бүлдіршін бір уақытта кездеспеуі үшін сабақтары да әрқалай басталады» дейді мектеп директоры.

Қалай дегенмен, жаңа оқу жылы жаңаша басталды. Бастысы, Президентіміз айтқандай, індеттен айығып, дәстүрлі білім алу тәсіліне көшсек, нұр үстіне нұр еді.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Published in Мақалалар

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға, − деп ұлы Абай өлеңіне қосып, көз алдыңызға әдемі картинаны салып берген «аңшылық һәм саятшылық өнері» жайлы сөз етпекпіз. Аталған өнердің біздің әрбіріміздің тамырымызда тулап ағып жатқан қанға сіңген ежелгі, төл дәстүр екендігін тәптіштеп жатудың қажеті де жоқ. Тарихқа бойласақ, бұл кәсіп қазақ өмірінің бір қызығы болған. Қызығы деп жай айта салу болмас, «құндылығы» деген сипатқа көбірек үйлеседі. Мұны біз саятшы Көбеков Мұратпен аз-кем әңгіме кезінде түсіндік.

– Мұрат Жамбылұлы, ата кәсіпке қалай келдіңіз?

– Байжүніс дейтін үлкен атам да қазақтың осы өнерін жанына серік етіпті. Өзім қазір бүркіт ұстаймын, тазы жүгіртемін. Қаршыға, ителгі, сұңқар құстарын баптаймын. Ағайынды үш-төрт үйміз. Оның қай-қайсының шаңырағынан бүркітті көре аласыз. Інілерім Алмас пен Аянның жеткен жетістіктерімен мақтана аламын. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық «Чемпион» атақтары бар. Ұлттық спорттан жаттықтырушы есебінде, жастардың бойына салтымызды жақсылап дарытуға тырысып жүрмін. Жасым 33-те. Ес кіргелі осы кәсіпті үйренумен келемін. Алдыңғы буын мені осыған тәрбиеледі. Бала күнімде үлкендер «Құсқа жем бер» деген сияқты жеңіл жұмыстарын тапсырып жүрді. Оның үстіне саятшыға керек құс, тазының бәрі алыста емес, дәл үйімізде болған соң, бәрібір саятшылықтан ұзай алмадым. Көзбен көріп өскенім өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Қазақ «Жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дейді. Мен кәсібімді жаңылмай, көп іздеп сабылмай таптым.

– Әр құстың күтімі бір-біріне ұқсамайтын, ерекше болады деп жатады. Сол рас па?

– Бүркіт қоянға, түлкіге түседі. Бұл құсты саятшылыққа арнап өсіру өте үлкен еңбекті талап етеді. Семіртіп күніге ет беруге болмайды. Әр ас-ауқатының өз мөлшері, уақыты бар. Осы секілді, ескеруі керек ұсақ-түйектер баршылық. Негізі, бүркіт қасқырды да алады деп жатады. Бірақ, оны өз тәжірибемде байқап көрмеппін. Тек, аталарымнан естігенім бар. «Қасқырға да бүркіттің бүркіті, ең мықтысының ғана шамасы келеді», − деп айтып отыратын. Ал, қаршығаға келсек, ол қоян, қырғауыл ұстайды. Қаршығаның өзіне де ерекше күтім керек. Адам жатырқағыш келеді. Сондықтан ең әуелгі міндет – өзіңе үйрету, былайша айтқанда, бауыр бастыру.

– Өсіріп отырған ұл-қызыңыз да осы өнерге әуес дейді. Қызығушылық қалай басталды? Оған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– 3 сыныпта оқитын ұлым бар. Оны саятшылыққа үйретіп жүрмін. Әлі қатайған жоқ. Дегенмен, негізгі білімді алды деп ойлаймын. Құстарға қатысты әңгіме бастасаңыз, іліп алып кетіп отырады. Бұл бойына сіңіре алғандығының белгісі шығар.

– Барлығы бірдей аң аулап, құс баптаған отбасында дүниеге келе бермейді ғой. Өзге жастардың осы дәстүрімізге қызығушылығы бар ма?

– Жастардың қызығушылығы жоқ деп айта алмаймын. Түрлі сауалдармен алдыма келеді. Шын ықылас танытып, саятшылыққа қызығушылығы салмақты болса, ары қарай да ақыл-кеңесімді аямаймын. Мектептерден де ұсыныс келіп жатады. «Экскурсия ретінде, оқушыларды алып барсақ, осы тарихымызды танытсақ» деген тілектер түседі. Мен одан бас тартпаймын. Қуана-қуана келісіп жатамын. Себебі, келер ұрпақ бабалар жүріп өткен жолды білуі, тануы тиіс. Қазір құс,тазыларды тойларға алып шығатын тәсіл де пайда болды. Ондай да ұсыныстар келіп жатады. Жалпы, өзім қазақылықтың иісі аңқитын, төл өнер түрлерінің жан-жақты таныла түсуін құптаймын.

– Аңға шыққанда олжалы болу үшін қандай кеңес бересіз?

– Ауылдан 20-30 шақырым қашықтағы маңға аңға шығамын. Таңға жуық шыққан дұрыс. Күн көтерілгеннен кейін аулайтын аң кезіктіру қиынға соғады. Ол уақытта інінде жатады. Аң аулау өте кірпияз дәстүр. Қағидаттарын білмесең, олжалы оралуың қиын. Мәселен, ауа райына да мән беруге тура келеді. Қатты желді күндері қанжығам майланады деп ойламай-ақ қойыңыз. Қыркүйек пен наурыз айларының аралығында аңға шығу өте қолайлы.

Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Ілия СҰЛТАН

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет