Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 07 Қыркүйек 2020
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек 2020 17:08

«Құрмет» орденін табыстады

Бүгін аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев Есік қаласындағы ауданаралық көпсалалы ауруханада болып, ұлт саулығы жолында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар Президенттің Жарлығымен наградталған инфекционист дәрігер Шарбан Коселбековаға «Құрмет» орденін табыстады.

Денсаулық сақтау мекемесіне арнайы ат басын бұрған Қуанышбек Қалиұлы мекемені аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты. Аурухана директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Гүлмира Отынбекованың сөзінше, аурухана бір ауысымда 1825 адам қабылдауға қауқарлы. 158 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Ауруханға тіркелген 213 223 тұрғынға медициналық қызметтің барлық түрін көрсетеді. Тіркелгендердің 71 439-ы – балалар. Олардың денсаулығын қадағалау жіті жүргізілуде және 50 орындық балалар бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар дәрігерлер ана мен бала денсаулығына баса мән береді.

Қабылдау бөлімі, балалар бөлімі, күндізгі стационар мен емхананы аралаған Қуанышбек Қашқымбаев ақ халаттылардың жұмысына оң бағасын берді.

Сапар соңында аудан басшысы медицина қызметкерлерімен кездесіп, коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген абзал жандарға алғысын жеткізді.

– Аудан тұрғындарының саулығын қадағалауда, әсіресе, қауіпті індетті жеңуде сіздердің еткен еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Алып ауданымыздың азаматтарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген тәжірибелі дәрігерлеріміз жеткілікті. Оның бірден-бір дәлелі, 32 жыл бойы аудандық ауруханада қызмет етіп, саналы ғұмырының жартысын осы салаға арнаған дәрігер Коселбекова Шарбан Асылханқызы медицина саласына сіңірген ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Медициналық институтты 1988 жылы бітіріп, сол жылдан бүгінге дейін осында қызмет атқарып, талай жас маманмен тәжірибе бөліскен абзал жанға мен де шын жүректен алғысымды айтамын – деп, Қуанышбек Қалиұлы Шарбан Асылханқызының кеудесіне марапатын тағып, гүл шоқтарын табыстады. Медицина қызметкерлерінің жұмыстарына табыс тіледі.

С.НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет