Бейсенбі, 25 Тамыз 2022 10:25

Орынды ұсыныстар оң шешім табуы тиіс

Ауданымызға арнайы іс-сапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов өңіріміздің тыныс-тіршілігімен танысты. Мәжілісмен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Байғоджаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен бірге аудандық партия филиалының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы 2021-2025 жылдарға бағытталған  нысандарды аралады.  Есік қаласы мен Шелек ауылдық округінде қоғамдық қабылдау өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды.

Халық қалаулысы ең алдымен Ташкенсаз  ауылдық округіндегі Абдуллин атындағы орта мектепке ат басын бұрып, аталған оқу орнындағы 300 орындық жапсаржайдың құрылысымен танысты. Құрылыс пен ішкі әрлеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған қосымша ғимарат жаңа оқу маусымында пайдалануға берілмек. Келесі қадамда Мәжіліс  депутаты Есік қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған екі 60 пәтерлі тұрғын үйге аялдады. «Капстройгрупп-Т» ЖШС мердігерлік еткен 60 пәтерлі көп қабатты үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру жұмыстары жасалуда. Жанарбек Садықанұлы аудандық мәслихат депутаттарына мемлекеттік бағдарламалармен салынатын баспаналардың сапасына мән беруді, үй кезегінде тұрғандардың мәселесін шешуге ықпал етуді тапсырды. Өйткені, ауданымызда баспана кезегінде тұрған тұрғындардың қатары күн санап көбейіп келеді. Мәжілісмен Төле би ауылындағы салынып жатқан мектептің құрылысын да назардан тыс қалдырмады. 600 балаға арналған білім ошағының құрылысы жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Алайда мектеп құрылысы тым баяу жүргізіліп жатқан көрінеді. Құрылыстың кейбір сын көтермейтін тұстары тағы бар. Сол себепті олқылықты түзету  жайында ескерту жасалды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов Есік өңіріндегі сапарын «AMANAT» партиясының  аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдаумен түйіндеді. Қабылдауда аудан тұрғындары  көпқабатты үйлерді газдандыру, мәдениет үйін салу, түрлі әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу сынды маңызды мәселелерді алға тартты. Қоғамдық қабылдауда Көктөбе ауылдық округінің тұрғыны Нүсіпбай Абаев 14 мыңға  жуық  тұрғыны бар ауылдық округте бірде-бір мәдениет үйінің жоқ екенін жеткізді. Ал округ әкімі Берік Саменов мәдениет үйін салуға тиісті жер телімі жоқ екенін алға тартты. Рахат ауылдық округіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Табысхан Абылайханов аталған оқу ошағын күрделі жөндеуден өткізу жұмысы кешеуілдеп келе жатқандығын, сонымен қоса, мектеп ғимаратын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде қиындықтар барын жеткізді. Барлық көтерілген мәселелерді тыңдап, сарапқа салған Жанарбек Садықанұлы олардың шешілуіне күш салатынын айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжановтың ауданымыздағы сапары келесі күні Қазақстан ауылдық округіндегі Кеңес Одағының батыры Жүнісбай Қайыпов атындағы мектепте жалғасын тапты. Бұл мектептің негізі 1965 жылы қаланған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен оқу ордасында 86 ұстаз қызмет етеді. Ал мектепте 900-ден астам оқушы білім алуда. Осы уақытқа дейін үш ауысымда оқытатын орта мектептің де мәселесі жақында оң шешімін тауыпты. Бүгінде  оқу ордасының жанынан 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталыпты. Аталған қосымша ғимарат жуық арада пайдалануға беріледі. Бірақ жаңа салынған жапсаржайда спорт залы қарастырылмаған. Халық қалаулысы округ әкімдігімен бірге бұл мәселенің оң шешімін табуға күш салатынын айтты.

Жел электр станциясы (ЖЭС) жел ағынының басқарылмайтын кинетикалық энергиясын электр энергиясына айналдырады. Бұл заманауи құрылғылар соңғы жылдары аудан аумағында бой көтере бастады. Масақ ауылдық округінің аумағынан өтетін Шелек жел дәлізінің әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында 2017 жылы «НұрлыВЭС» ЖШС 7 жел электр станциясының құрылысын аяқтаған. 2018 жылы Нұрлы ауылында «Самұрық Қазына» ұлттық компаниясы қытайлық «City Construction LTD» компаниясымен бірлесіп, 2 млрд 368 млн теңгеге 2 жел электр станциясының құрылыс жобасын іске асырған. Бүгінгі таңда 9 мВт қуат көзі электр қуаты тапшы Шелек өңіріндегі елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Басты артықшылығы – қоршаған ортаны ластамайды, қуат көзі (жел) ешқашан сарқылмайды. Масақ ауылдық округінде «ЖерұйықЭнерго» ЖШС мердігер болған, 16 миллиард теңге инвестиция тартылған тағы бір жел электр станциясының құрылысы жақында аяқталады. Ондағы мамандардың сөзінше, аталған жел электр станциясы Шелек өңірімен қоса, өзеге де көрші аудандарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Аталған нысандарды көзбен көрген Жанарбек Садықанұлы ауданымыздың жасыл экономикаға қарқынды қадам басып келе жатқандығын жоғары  бағалап, аталған саланың болашағына зор сенім білдірді.

Өткен жылы Шелек ауылының дамуына 2 млрд 500  миллион теңге инвестиция тартылып, 600 миллион теңгеге 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталған болатын. Биыл толығымен аяқталған көпқабатты тұрғын үй жақында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға берілмек. Аталған тұрғын үй құрылысмен танысқан Мәжіліс депутаты өңірдің дамуын жебеу үшін түрлі әлеуметтік нысандар жаңадан салыну қажеттігін баяндады.

Ауданымызды аралап, өңіріміздің тыныс-тіршілігімен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов Шелек ауылдық округінде қоғамдық қабылдау өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды. Ауылдық әкімдіктің қабылдау бөлмесінде өткен шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Байғоджаев, округ әкімі Сәкен Абдихалиев, облыстық мәслихат деутаты Гүлнар Құраметова, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Рахимов, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Қабылдауда Шелек тұрғындары аталған өңірге қайтадан аудан мәртебесін беру, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, электр желілері мен кәріз жүйесін жаңалау, суармалы су арналарын қайта қалпына келтіру сынды бірқатар түйіткілді мәселелерді ортаға салды. Ең әуелі ауыл ақсақалдары Ә.Жәпеков пен Н.Мұқаметқалиев Мәжіліс депутатына Шелек ауылына аудан мәртебесін беру туралы ұсыныс жасады. Өз кезегінде Жанарбек Сады-қанұлы ауыл ақсақалдарының бұл ұсынысын құп көретіндігін жеткізді. Мәжілісімен бұқаралық ақпарат құралдарына ауданымыздағы сапар барсын баяндағанда да Шелек ауылына аудан мәртебесін беру қажеттілігін айтқан болатын.

Шелек ауылында ауызсу құбыры 1958-1965 жылдары аралығында салынған. Бүгінгі күнде 54 шақырым жұмыс істеп тұрған ауызсу құбыры бар. Оның 32 шақырымы шойын, 22 шақырымы болат темірден салынған. Бұл ауылдағы 8200 үйдің 4200-ін ғана яғни, 51 пайызын қамтып отыр. Сонымен қатар, 136 заңды тұлғалар орталықтандырылған ауызсу құбырына қосылған. «Шелек су» мекемесінің басшысы Талғат  Курманиязовтың айтуына қарағанда, ауызсу құбырлары өте ескірген, күнделікті су құбырларының жарылуы орын алады. Бұл көшелерді де қайта-қайта қазуға, асфальтталған жерлерді бұзуға әкеп соғуда. Ауызсу құбырларын толық ауыстыру және ауылға жаңа су құбырын тарту қажет. Айталық, 2021 жылы 183 шақырымды құрайтын су құбырына жобалық-сметалық құжаттамалары жасалған. Енді құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлу мәселесін қарастыру керек. Ал 78 жастағы  ауыл ақсақалы Абдугани Абубакировтың сөзінше, Шелек ауылында бүгінгі күнде 381 шақырымды құрайтын электр желісі тартылған. Электр бағаналары мен желілердің тозығы жеткендіктен жарық жиі өшеді.

Ел ағаларының тұшымды пікірін тыңдаған халық қалаулысы бұл түйіткілдерді Парламент мінберінде көтеруге дайын екенін жеткізді. Шелек өңірінде ауданымыздағы сапарын түйіндеген Мәжіліс депутаты өңірдің экономикалық және рухани дамуына жол ашатын кешенді жобаларға барынша қолдау көрсететінін айтып,  өңіріміздің өркендеуіне тілектестік білдірді.

Ерзат АСЫЛ.

Оқылды 529 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет