Бейсенбі, 25 Наурыз 2021 09:54

Ұмыт болған ұлттық ойындар

«Ұлттық ойын түрлерін білесің бе?» десе, «Алтыбақан», «Асық», «Көкпар», «Қыз қуу» деп  бес-алты саусағын бүгіп қана тоқтайтын ұрпақ қалыптасып келе жатқаны өкінішті-ақ. Ал, біліп қана қою бір бөлек, «Ойнап көрдің бе?» деген сауалға мардымды жауап аларымыз тағы күмәнді. Ендеше, насихаты кем тартып жатқан ойын түрлерін тізбектеп көрдік. Шын мәнінде, осы секілді дәстүріміздің баршасы қанымызда қайнап жатыр. Түртіп жіберсең, оянары хақ.

Ақшамшық

Бұл дәстүрлі ойын көпшілік арасына «Сақина салу» деп те тарап кеткен. Ауыл жастары жиналып, дөңгелене отырып ойынды бастайды. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақина-ны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салғандай болғанымен, жүзік біреу ғана. Қолдарын қабыстыра ұстаған ойыншылар жүзіктің кімде екенін білдіртпеуге тырысады. Сақина салушы «Ақшамшығым, шық!» дегенде, жүзікті қолына ұстаған ойыншы қасындағылардың тосқауылына бой бермей, ыршып шығуға тырысады. Ал, егер ұсталып қалса, айыбын өтейді. Айып көбіне ән-күй орындау болған. Сондықтан, ойын думанды, қызықты өткен. Қараңызшы, бір ғана ойында қаншама үлгі-өнеге жатыр? Өзгенің таңсығы осы асыл мұра-мызды алмастыруға тұра ма?

 

Бес тас

Дәстүрімізге бойлар болсақ, ата-бабамыз қызын үкілеп өсіріп, сонымен қатар тұрмыс-тіршілікке де баули білген. Қолына ине ұстатып, кесте тігу, құрақ құрау сынды қолөнер түрлерін меңгерткен. Осындай сәттерде, сергу үшін «Бес тас» ойынын ойнаған деседі. Тарихына қатысты айтар болсақ, сонау  еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырлардан бастау алады деген  болжам бар. Махмұд Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігі» еңбегінде «бестас» ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Бұл мағлұматтар арқылы «бес тас» сақ-ғұндардан бері келе жатқан ойын екеніне көз жеткізуге болады. Ойын барысына қарап, «бес тас» ойыншыны жылдамдыққа, қағылездікке, тез шешім қабылдауға үйрететініне күмәнданбайсыз. Бұл ойын жас-кәріні  талғамайды. Кішкентай бес жұмыр таспен немесе еліктің асығымен ойнаған. Атау да осыған қатысты қойылған. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. Қатысушылардан кім бастайтынын шешу үшін бес тасты алақанға салып, қолын жоғары серпіп, қолының сыртымен қағып алады. Кім бес тасты түгел жерге түсірмей қағып алса, ойынды сол бастайды.

  

Ләңгі тебу

Халқымыз малын көбейте жүріп, асық атып, ләңгі тепкен. Осылайша, физикалық тұрғыдан ғана емес, ойды да демалдыратын болған. Үнемі ат үстінде жүретін ер азаматтар «ләңгі» ойнап, денесін шынықтырған. Бұл тақымның мықтылығын күшейтіп, адамды жылдамдыққа бейімдейтін ойын. Сойылған ешкінің терісіне құйылған қорғасынды бекітіп, ләңгі жасаған. Ләңгі тебудің де өзіндік шарттары, ұпай жинау тәсілдері бар. Аяғыңды қия бассаң, көз жылдамдығынан адасып, ұпайдан қағыласың. Сондықтан қырағы жігіттер бұл ойында белсенді болған.

 

Тымақ ұру

Тымақ ұру ойыны көгалды алаңда өткізіледі. Ойнаушылырдың санына шек қойылмайды. Ойынға әркім өз атымен қатысады. Күні бұрын көмбе белгіленіп 20 метр жерге биіктігі ат бойындай қазық қағылады да, тымақ кигізіледі. Ойынға көз байлайтын орамал керек. Ойыншылар бір сызықтың бойына қаз-қатар тұрады. Басқарушы кезекте тұрған, яғни қатардан өз жағындағы ең шеткі ойыншыны ортаға шақырады. Оның көзін орамалмен байлап, атына мінгізіп, қолына қамшы береді. Осы көзі орамалмен байланған салт атты жігіт қолындағы қамшысымен тымақты дәл ұрып түсіруі керек. Ойын ережесі бойынша тымақты үш рет ұруға еркі бар. Айталық, бір рет ұрғанда тимесе, онда одан ары тымақты іздеп ұруына болады. Онда таба алмаса, тымақты одан ары іздеп тағы ұрады. Осылайша, барлық ойыншылар  бір реттен айналып шыққанда, тымақты кім көп ұрса, сол ойыншы жеңімпаз аталады.

Ұлттық ойынды жаңғырту арқылы бойымызға рухани азық жинаймыз. Түп тамырымыздан алыстамайық!

 

Ілия СҰЛТАН

Оқылды 20909 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет