Жексенбі, 13 Желтоқсан 2020 16:18

Абайдулла Рузиев, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы: Ақталып шығуым – қазақ азаматының арқасы

86-ның желтоқсаны көпшіліктің жүрегінде өшпес із қалдырды. Талайдың тағдырын тәлкек етіп, өмірін ойран қылды. Дегенмен, әміршіл-әкімшіл жүйенің таяғын жеп, тіпті жазықсыз сотталып, көптеген қиындықты бастан өткізсе де, 86-ның жастары сол күні алаңға шыққандарына еш өкінбейді. Өйткені олар – Тәуелсіздік таңының арайлап атуына себепші болған батырлар. Олардың арасында жерлесіміз – Абайдулла Абдуллаұлы Рузиев те бар.

– Сіз үшін 1986-ның 17 желтоқсаны қалай басталды? Сол күнді суреттеп берсеңіз.

– Ол кезде мен – Киров атындағы машина жасау зауытында жұмысшымын. Жатақханада тұрамын. 16 желтоқсан күні кешкі уақытта жатақханада кішігірім жиын өтті. Онда Қонаевтың орнына Колбинді қойғанына жастардың қарсылық білдіріп, алаңға шыққаны айтылды. Біз де бәріміз бірауыздан шешім қабылдап, келесі күні бейбіт шеруге баратын болдық. 17 желтоқсан таңертең алаңға жиналдық. Жер-жерде топ-топ болып патриоттық әндер орындап, өз талаптарын тайсалмай айтып тұрған қыз-жігіттерді көргенде рухтанып кеттік. Сол кездегі сезім, бойымыздағы ерік-жігер ерекше еді. Алаңға жиналғандардың көңіл күйі көтеріңкі болатын. Бұл атмосфераны суық қаруланып, сау ете қалған әскерилер бұзды. Олар бізді қоршауға алып, ұл-қыз демей, төпештеп, тепкілеп жатыр. Өрт сөндіруші көліктен қыстың күні суық су шашып, жиналғандардың қарсылығын тудырды. Әскерилердің бұл әрекетіне, әрине, жастар қарап тұра алмады. Қарсылық көрсетті. Алаңдағы жастарды шетінен ұстап, қамап жатты. Мен де кеш қарая қамауға алындым. Алматыдағы қазіргі Қарасай батыр мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы АІІБ-сына апарды. Сол жерде күнделікті күн-түн демей, ұрып-соғып, «Сендерді алаңға кім бастап барды?», «Жетекшілерің кім?» деген сұрақты қайталап қояды. Содан «Әсерилерге күш көрсеттім, ұрдым-соқтым» дегізіп, бізді бұзақы қылып көрсетуге тырысты. Ақыры, істемегенді «істедім» деп мойындатып, 15 күннен кейін мені босатты. Онда да қамауда отырған әр күнімізге 1 сомнан төлеп шықтық.

 

– Қамаудан шыққан соң алдымен қайда бардыңыз?

– Жатақханаға бардым. Бұрынғы біз тұратын жатақханадан түк жоқ. Құдды бір соғыс жүріп өткендей. Есік-терезесі сынған, қаңырап қалыпты. Онда тұратындардың ауылға кететіні кеткен, қамаудан шықпағандары бар, жатақханада бірлі-жарым ғана адам жүр.

– Жатақхананы талқандап кеткен кім сонда?

– «Алаңға неге шығасыңдар?» деп тұрғылықты орыстардан құралған ерікті жасақшылардың істеп жүргені екен. Оны кейін білдім. Мен жатақханада қалмай, бірден ауылға кеттім. Ауылға келсем, мені үйдегілер іздеп таппай, «Аман болса, келер» деп анам жылап отыр екен. Анамның сол кездегі күйі әлі есімде. Бір айдан соң Алматыға қайта бардым. Үйдің үлкенімін. Ақша тауып, әке-шешеме көмектесуім керек. Сол баяғы Киров зауытында жұмысымды істеп жүргенмін. Бір күні қарапайым киінген екі адам келді. «Рузиев Абайдулла деген кім?» – дейді. Еш артық ой жоқ «Менмін» дедім. «Онда соңымыздан еріңіз. Алдымен жуынып, тамақтанып алыңыз», – деді. Жуынып, тамақтанып алып, олармен жатақханаға бардық. Сөйтсем, тергеушілер екен. Бөлемді тінтіп, ештеңе таппаған соң «17 желтоқсан қайда, кіммен, қалай бардың? Жүрген жолыңды көрсет» деп сұрақтың астына алды. Менің сөздерімнің бәрін камераға жазып алды. Сонымен, 5 күн таңертең сол тергеушілерге барып, кешке жатақханама кетіп жүрдім. 6-күні барғанымда мені қамап қойды. Одан кейін сот болып, бес жылға бас бостандығымнан айырды.

– Алаңға шыққандардың негізінен, қазақ жастарын қамауға алып, көтеріліске ұлтшылдық сипат беруге тырысты ғой. Ал сіз ұйғыр азаматысыз. Сізге қандай жаза тағылды? Олай сұрауымның себебі, алаңға шыққан өзге ұлт өкілдерін не босатып жіберіп, не 17 желтоқсанға қатысы жоқ жеңіл-желпі айыппен қамады емес пе?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Алаңға негізінен, қазақ жастары шықты. Дегенмен, өзге ұлт өкілдерінің де Орталықтың саясатына қарсылық білдіріп, 17 желтоқсанда алаңға шыққанын өз көзіммен көрдім. Тіпті тергеу кезінде 15 күн қамауда отырғанымда өзіміздің ауылда тұратын ұйғыр азаматын да кездестіріп едім. Бірақ сотталғандардың ішінде өзге ұлт өкілдерінен Талдықорған жақтан бір дүңген азаматын ғана білемін. Және мен. Желтоқсан көтерілісіне ұлтшылдық сипат беру үшін де осындай саяси астардың болғаны рас. Ал мен алаңға шыққаным үшін сотталып келгеніме еш өкінбеймін. Қаным қазақ болмаса да, жаным – қазақ. Жазамды өтеп, Ақмола облысында жүргенімде ақталып, бостандыққа шығуыма да қазақ жігіті себепкер болып еді.

– Тарқатып айтсаңыз...

– Сотталғанда алдымен Маңғыстаудағы түрмеде 1 жыл 8 ай отырдым. Одан кейін Ресейдің Кемеров облысында жазамды өтедім. Одақ ыдырап жатқанда Қазақстаннан барған бізді Ақмола облысына жіберді. Сол жерде басқа қылмыспен жазасын өтеп жүрген Абай Қасимов деген көкшетаулық бір қазақ азаматы: «Радиодан естідім. Мұхтар Шаханов комиссия құрып, желтоқсанға қатысқандарды ақтап, шығарып жатыр екен. Сені қай соттың соттағанын айт. Біз де бірауыз жазып көрейік» деді. Сөйтіп, әлгі азамат хат жазып жіберген соң, бір аптадан кейін жауап келді. Абай қатты қуанып, «Енді сені шығарады» деді. Айтқанындай-ақ түрме басшылығы келесі күні Алматыға кететінімді жеткізді. Түрмеде бірге отырғандар жолыма, тамағыма деп ақша беріп, біреуі киімін, енді біреуі сағатын беріп, мені жолға шығарып салды. Осылайша Алматыға келдім де, 3 күннен кейін мені босатты. Жаңағы Абай деген жігітті әлі ұмытпаймын. Денелі, бойы ұзын, бір жақсы жігіт еді. Ақталып шығуым соның арқасы. Түрмеден шыққан соң көшедегі күліп-ойнап жүрген адамдарды, арлы-берлі өтіп жатқан көліктерді көріп, көз жасымды бір төгіп алдық. Өйткені бұл көрініс – еркіндіктің, тәуелсіздіктің көрінісі еді.

Сұхбаттасқан

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 2453 рет

Медиа

mezet.kz

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет