Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2020 09:12

Дәулет ШОҚПАРОВ: «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды»

«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Әулетіне  пана болған әке мен адалдық, мейірімділіктің символына айналған ананың отбасындағы рөлін осынау бір ауыз сөзге сыйғызған қазақ халқы ежелден шаңырақ пен оның құндылықтарын биік бағалаған. Отан отбасынан басталатындығын айтып, ұлт болашағы үшін де, мемлекеттің тұтастығы үшін де маңызы зор екендігін алға тартқан. Сондықтан да ұл-қыздарын тәрбиенің тал бесігінде тербетіп, иманды, адал, еңбекқор болуға баулыған. Осы орайда, қыркүйектің екінші жексенбісі отбасы күні болып белгіленіп, республикалық «Мерейлі отбасы» ауқымды жобасы қолға алынды. Мереке қарсаңында аталған жобаның қатысушылары Шоқпаровтар әулетінің отағасы, белгілі қолөнерші Дәулет Шоқпаровпен отбасы құндылығы мен құндылықтың негізі – бала тәрбиесі жайында аз-кем әңгімелескен едік.

– Дәулет Дәркембайұлы, сіздің ойыңызша, отбасындағы әкенің рөлі қандай болу керек?

– Қазақ халқының ұғымында әке – отбасының тірегі, балалардың ақылшы, үлгі тұтар азаматы. Сондықтан да біз әкемізді шыңына көз жетпейтін, пана болған асқар тауға теңейміз.

Тарихқа көз салсақ, отбасындағы бала тәрбиесімен, әсіресе, ұл өсіруде әке негізгі рөлді атқарған. Бала күнінен атқа мінуді үйретіп, ерлікке тәрбиелеген. Үлкен кісілерге сәлем беріп, ақ батасын алған баланың көсегесі көгеретіндігін баланың құлағына құйған. Әкесінен осындай тағылымды тәрбиені көріп өскен ұл – ешқашан біреудің ала жібін аттамаған. Ал қазіргі ақпараттық технология мен интеллектуалды білім салтанат құрған уақытта әкенің балаға берер тәрбиесі де заман ағымына қарай өзгеруі керек.

Америкалық жазушы Марк Твен: «Жасым он төртте болғанда әкем өте ақылсыз, ақымақ еді. Мен оны әзер түсінетінмін. Ал, менің жасым жиырма бірге келгенде, сол жеті жыл аралықта әкем өте ақылды, өзіме ақылшы-тіреу, одан артық адам жоқ болды» – деген. Расында, баланың өтпелі кезеңінде үлкендерді түсінуі қиындайды. Сондықтан онымен өз дәрежесінде сөйлесіп, сырласа білу керек.

– Сіз балаларыңызбен жиі сырласасыз ба?

– Әрине, балаларымның тәрбиесі, мен үшін, бірінші орында. Аллаға шүкір, бүгінде 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмын. Үлкен екі ұлым Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде оқиды. Үйден жырақта білім алып жүрсе де, оларға үнемі ақылымды айтып, қадағалап отырамын. Осы жылы көктемде коронавирус індетіне байланысты карантин басталып, демалысқа ерте шықты. Мәдениет саласына еңбек етіп жүрген соң мен де жұмысымды уақытша тоқтатып, үйде болдым. Осы уақыт аралығында отбасымызбен уақытымызды тиімді өткіздік. Ата жолын таңдап, сол бағыттағы білімін шыңдап жүрген қос ұлыма қолөнердің қыр-сырын үйреттім. Ер бала болған соң, олар да – болашақта бір отбасының тірегі. Сондықтан демалыста үйдегі құрылыс жұмыстарына да араласып, өздеріне бассейн жасап алды. Футбол алаңын жасақтап, дене шынықтыруға да уақыт бөлдік.

– Ал қызыңыздың тәрбиесі анасының мойнында ма?

– Иә, қыз баланың тәрбиесімен анасының айналысқаны жөн ғой. Анасының бойындағы адалдық, мейірімділік пен имандылықты сіңірген қыз болашақта жаман болмасы сөзсіз. Сол үшін де қазақ халқы әрқашан қыз баласына құрметпен қарап, төрден орын берген. Оған ұлтты тәрбиелейтін болашақ ана ретінде қараған. Біздің отбасымызда да қызымыздың орны бөлек. Мені де оның тәрбиесі бей-жай қалдырған емес. Қыз бала әкесіне жақын болып өседі емес пе? Үнемі менің жанымда жүріп, кішкентай болса да, маған алаңдаушылық білдіреді. Мәдениет қызметкері болған соң іс-сапармен алыс жолдарға шығамыз. Шыны керек, сыртта жүргенде қызым ғана телефон соғып, жағдайымды сұрап, уақытылы тамақтанғанымды қадағалап тұрады.

– «Әке көрген – оқ жонар». Әкеңіз Дәркембай Шоқпарұлы елімізге белгілі қолөнер ұстасы болған. Сіз де ата жолын қуып, ұлттық өнерді жаныңызға серік етіп келесіз. Бұған әке тәрбиесінің ықпалы бар ма?

– Хакім Абай: «Балаға үш мінезі алуан адамнан жұғады. Біріншісі ата-анадан, екіншісі ұстаздан, үшіншісі құрбыдан» – деген екен. Қай бала болса да, құрбысы мен ұстазынан гөрі отбасында көбірек болғандықтан, ата-анасының үйдегі өнегесі, мәдениеті мен ішкі жан дүниесі балаға айтарлықтай ықпал етеді. Маған да отбасымдағы тәрбие ықпал етсе керек, ата жолын таңдадым.

Мен кішкентай кезімнен Қазаткомдағы нағашы атам мен апамның қолында өстім. 7 жасқа толғанда әке-шешем өз қолдарына алып, Алматыдағы қазақ мектебіне оқуға берді. Алматыдағы үйіміздің жанында әкемнің шеберханасы болатын. Мектеп жасымнан-ақ сол жерде оған қолғабыс етіп, тапсырмаларын орындап жүрдім. Басқа балалар секілді менің көше қыдырып, ойнауға уақытым да болмайтын. Қолым босай қалса, шеберханаға барып, өзімше бір нәрсемен айналысатынмын. Әкем отбасында әзілқой, жұмсақ кісі болғанымен, жұмыста жауапкершілік пен еңбекқорлықты талап ететін. Сол себепті де бала күнімнен мамандығымның іргетасы қаланды. Мектеп бітірісімен қандай мамандыққа баратындығым айқын еді. Осылайша, Абай атындағы ҚазПИ-ге оқуға түсіп, атам мен әкем салған жолмен жүріп келемін.

– Балаларыңыздың осы өнер жолын таңдауына сіз себеп болдыңыз ба?

– Қолөнер шеберлігі – біздің отбасымызда қанға сіңген қасиет десем, артық айтқандық емес. Атам, әкем, мен, енді менің балаларым да ұлттық өнер жолын таңдады. Ұлдарым кішкентай күнінен жанымда жүріп, шеберханада өскендіктен, өздері де қолөнерге бейімделді. Өсе келе өз таңдауларымен ағаш ұстасы мамандығы бойынша оқуға түсіп, қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқуларын жалғастыруда. Шынымды айтсам, олардың бұл таңдауларына іштей қатты қуанып, қолдау білдірдім.

– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары ескерусіз қалып, ата-ана мен бала арасы алшақтап бара жатқан секілді. Бұған не дейсіз?

– Оныңыз рас, отбасының қамы, бала-шағаның бір үзім наны үшін таңнан кешке дейін жұмыста жүретін кейбір ата-аналар балаларының бос уақытында немен айналысатындығын да білмейді. Баланың тәрбиесін мектепке сілтеп, бейқам жүретіндер де кездеседі. Меніңше, бұл дұрыс емес. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен әл-Фараби. Әлемнің екінші ұстазы айтқан тәрбиені бала отбасынан алуы керек. Себебі бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды.

Күні бойы күйбең тіршіліктің соңынан жүрген азаматтардың балалары не істейді? Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, уақытын бос өткізеді. Жаман әдеттерге еліктеп, бұзақылыққа баруы мүмкін. Сондықтан бір сәт болсын, баланың тәртібіне, тәрбиесіне, сабағына көңіл бөліп, онымен сырласу керек.

– Жастар арасында ажырасу қалыпты дүниеге айналып бара жатқандай...

– Бұл да – бүгінгі қоғамның келеңсіз көрінісі, жағымсыз жағы. Әсіресе, жаңадан отау тіккен жас отбасылардың көп ұзамай, шаңырағы шайқалып, екі бөлініп жатқандығын естисің. Бұның барлығы, меніңше, сананы тұрмыс билегендіктен орын алып жатыр. Көбіне қаражаттың жетіспеушілігі, баспананың болмауы, басқа да тұрмыстық мәселелер жас отбасының бұзылуына әкеп соғады. Үйленуді жоспарлаған кезде оларға барлығы дайын болып тұратындай көрінеді. Кейде болмайтын бір дүние үшін ажырасып жатқандарды естіп, жағамызды ұстаймыз. Оларға тұрмыс тауқыметін тартса да, қаншама баланы осы күнге жетелеп жеткізген ата-апаларымыздың өмірінен үлгі алу керек.

Біз отбасымызбен Алматыдан Ақшиге 90-жылдардың ортасында, өтпелі заманда көшіп келдік. Ондағы әкемнің мақсаты – ауылда музей ашу еді. Алматыдағы барлық жағдайы жасалған баспанадан, ауылдағы ескі үйге келгеніне анам ешқашан кейіген емес. Әкемнің шешімін қолдап, оған сенім артты. Көшіп келгеннен кейін де, елде қиын жағдай орнап, тіпті, жеуге нан таппай қалатын күндер болған. Әкеміз ұстахананың жұмысын жүргізіп, анам, інім, қарындасым мен мені бағып-қақты. Бұл жағдай сол кездегі барлық отбасының басынан өтті. Ешкім мойыған жоқ, болмашыға ажырасып, балалар жетім қалмады. Қолда бардың қадірін білуді үлкендерден үйренген жөн секілді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 2354 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет