Кеше Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ауруханадан жазылып шықты. Бұл туралы ол Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Дәрігерлерге алғыс айта отырып, жақсы тілекпен қолдау білдіріген облыс тұрғындарына да ризашылығын жеткізді.
«Маған қолдау білдірген азаматтардың барлығына рахмет. Ең алдымен өзімнің жетісулық жерлестеріме, достарыма, туыстарым мен жақындарыма алғыс айтамын. Табандылықпен еңбек етіп жүрген дәрігерлерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Енді жұмысқа кірісе отырып, сіздермен бірге індетті жеңіп шығамыз. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана біз барлық қиындықты еңсереміз! Өздеріңізді, жақындарыңызды сақтаңыздар!» деп жазды өз парақшасында Амандық Баталов.
Атап өтсек, ертең облыс әкімі коронавирус індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алуға арналған ел Президенті жариялаған жалпыұлттық аза тұту күніне орай өтетін шараға қатысады.