Бейсенбі, 13 Тамыз 2020 10:25

Сенатқа сайланғандар кім?

Кеше еліміздің 17 өңірінде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау өтті. Сайлаудың алдын ала мәліметтеріне сүйене отырып, сенатор ретінде өңірлердің атынан еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғары палатасында өкілдік ететін азаматтар жайындағы мәліметтерді оқырман назарына ұсынбақпыз.

Сонымен Нұр-Сұлтан қаласында 21 таңдаушының 20-сы дауыс беру бюллетенін алып, олардың 15-інің таңдауы Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына түсті.

2011 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры қызметін атқаратын Ақылбек Күрішбаев сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты да. Ол еңбек жолын В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бастаған. Аталған мекемеде қатардағы лаборанттан директордың орынбасарына дейінгі лауазымдық қызметтер атқарған. Ал 1997 жылы А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалған. 2002-2008 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, ҚР АШМ Ғылым департаменті директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2008 жылдан университет ректоры лауазымына тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған.

Ал Алматы қаласының 30 таңдаушысы бірауыздан Медеу ауданының әкімі қызметіндегі Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлының кандидатурасына дауыс берді.

Мемлекеттік басқару органдарында мол тәжірибе жинақтаған Сұлтанбек Алмасбекұлы Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап Алматы қаласында еңбек етті. Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. 2016 жылдың мамырынан Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2019 жылы Медеу ауданының әкімі болып тағайындалған еді.

Шымкент қаласында жалпы таңдаушылар саны - 26. Оның біреуі сайлау процесіне қатыса алмады. Ал қалалық мәслихаттың 25 таңдаушысының 18-і өз дауыстарын Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызына берді.

Мамандығы журналист Айгүл Жарылқасынқызы бұған дейін Сенат депутаты ретінде Шымкент қаласынан сайланған еді. Ол «Оңтүстік Қазақстан» газеті саясат бөлімінің меңгерушісі, «Шымкент Медиа» МКК бас редакторының орынбасары, директор - бас редакторы, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры - бас редакторы болып қызмет атқарған.

Маңғыстау облысының Қарақия, Мұнайлы аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Алдашев Сүйіндік Тәсеменұлына дауыс беруге қатысқан 100 таңдаушының 87-сі қолдау көрсетті.

Қазіргі уақытта «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті қызметін атқаратын Сүйіндік Тәсеменұлы И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын бітіріп, мамандығы бойынша ұзақ жылдар бойы «ҚазТрансОйл» компаниясының бірқатар филиалында қызмет атқарған. Мемлекеттік қызметте де бағын сынап, 2012-2017 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Ақтөбе облысынан Шалқар ауданының әкімі қызметін атқаратын Қаниев Бауыржан Нұралыұлы 179 таңдаушының 143-інің дауысын жинай алды. Оның кандидатурасы Шалқар, Хромтау аудандық мәслихат сессияларында ұсынылған болатын.

Бауыржан Нұралыұлы К.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясын бітірген. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімінің орынбасары, әкімі, Теміртау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шалқар ауданының әкімі болып істейді.

Жамбыл облысының дауыс беруге қатысқан 177 таңдаушысының 163-і қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқаратын Орынбеков Бекболат Серікбекұлына қолдау көрсетті. Оны сенаторлыққа кандидат ретінде Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттары ұсынған-ды.

Еңбек жолын кәсіптік техникалық училищенің оқытушысы болып бастаған ол Жамбыл облысына қарасты Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, әкімі болған. Одан кейін Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарған. Біраз жыл Тараз қаласының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2013 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.

«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы өзін-өзі ұсынып, таңдауға қатысқан 131 мәслихат депутатының 102-сінің дауысын жинай алды.

Медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастаған. Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда медициналық колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған.

Солтүстік Қазақстан облысынан іс басындағы сенатор Перепечина Ольга Валентиновна өзін-өзі ұсынып, таңдауға қатысқан 187 мәслихат депутатының 162-сінің көңілінен шықты.

Ольга Валентиновна Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы, Статистика департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2014 жылғы 17 қазаннан қазіргі уақытқа дейін — Солтүстік Қазақстан облысынан VI шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Ол 2014 жылғы 17 қазаннан бастап Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, 2017 жылғы қыркүйектен бастап Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы болған.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарушы директоры – басқарма мүшесі Луқпанов Сағындық Есенғалиұлы Атырау облыстық мәслихаты сессиясында ұсынылған еді. Сөйтіп, бүгінгі сайлау барысында бюллетень алған 105 таңдаушының 86-сының қолдауына ие болды.

Ұзақ жылдар бойы Атырау облысында темір жол саласында еңбек еткен Сағындық Есенғалиұлы «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы« ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы, 5 және 6-шақырылған Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болған. Тіпті, 2017-2018 жылдары аралығында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған-ды.

Қостанай облысына қарасты Денисов және Бейімбет Майлин аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Карплюк Сергей Алексеевич те 262 таңдаушының 225-інің қолдауын тапты.

Мамандығы инженер-химик-технолог Сергей Алексеевич Қостанай облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасында, сондай-ақ Қостанай облыстық Экономика, индустрия және сауда департаментінде бөлім бастығы болып жұмыс істеген. Қостанай облыстық Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс департаментіне басшылық еткен. ҚР Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, ҚР министрліктеріндегі бірқатар департамент пен комитеттерде басшылық қызметте болған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Көкшетау қалалық мәслихаты, Зеренді аудандық мәслихаты сессияларында ұсынылған «Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ төрағасы Бекенов Нұрлан Жексембайұлы да өңір таңдаушыларының қолдауын тапты. Оған дауыс беруге қатысқан облыстық 240 таңдаушының 213-і өз даусын берді.

Ұзақ жылдар бойы Ақмола облысының қаржылық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, «Қазақстан халық банкі жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Ақмола филиалының директоры, ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті сапаны бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Жексембайұлының зооинженер, бухгалтер-экономист, экономика магистрі тәрізді үш жоғары білімі бар. Ол Ақмола облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2018 жылдан бастап істейді.

Өзін-өзі ұсынған тағы бір кандидат - Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры Рысбекова Ләззәт Тұяқбайқызына сайлау бюллетенін алған 183 таңдаушының 128-і дауыс берді.

Педагогтардың отбасында дүниеге келген Ләззәт Тұяқбайқызы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасында жұмыс істеп, өңір прокурорының көмекшісі де болған. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бері істейді. Сонымен қатар ол 2015 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады.

Кандидатурасы Павлодар облыстық, Павлодар қалалық, Баянауыл аудандық мәслихаттары сессияларында ұсынылған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы да сенатор ретінде алдағы уақытта өңір атынан өкілдік етуге мүмкіндік алды. Оны өңір бойынша сайлау бюллетенін алған 183 таңдаушының 150-і қолдады.

Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Алтынбек Нұхұлы ҚР БҒМ Жоғары білім және ғылым департаменті мемлекеттік стандарттар және нормативтік база бөлімінің бас маманы, ЖОО аттестаттау бөлімінің бастығы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, Көпбағдарлы гуманитарлық-техникалық университеттің ректоры, Инновациялық Еуразия университетінің ректоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Премьер-Министр кеңсесінің индустриалды-инновациялық даму бөлімі секторының меңгерушісі болған.

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бектаев Әли Әбдікәрімұлы да өзін-өзі ұсыну арқылы мандатын сақтап қалды. Түркістан облысы бойынша мәслихаттардың дауыс беруге қатысқан 238 депутаты ішінде 216-сі оның кандидатурасына қолдау көрсетті.

Әли Әбдікәрімұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі қызметтерін атқарғаннан кейін 2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланған. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. Сонымен қатар ол 2015 жылдың қыркүйегінен бастап «Ауыл» халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы қызметін атқарады.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ұсынған Бородулиха ауданының әкімі Булавкина Ольга Александровнаны өңірде таңдау жасаған 275 мәслихат депутатының 255-і қолдады.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алған Ольга Александровна 2000 жылдан мемлекеттік қызметке араласқан. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері еңбек етеді.

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дүйсембинов Сұлтан Мырзабекұлы да өзін-өзі ұсынып, өңірлік мәслихаттар депутаттарының қолдауына ие болғандардың бірі. Оны өңірдегі бүгін таңдау жасауға қатысқан 287 мәслихат депутатының 264-і жақтап шықты.

Алматы сәулет-құрылыс институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген Сұлтан Мырзабекұлы Алматы облысы Ескелді ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері істейді.

Бүгінгі күнге дейін сенаторлық қызметін атқарып жүрген тағы бір кандидатты - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ершов Сергей Михайловичты Жезқазған, Сәтбаев қалалық мәслихаттары ұсынды. Дауыс беру нәтижесінде таңдау жасауға қатысқан 267 мәслихат депутатының 222-сі оны қолдап шықты.

Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіріп, құрылысшы-инженер мамандығын алған Сергей Михайлович Сенат депутаты болғанға дейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-інің Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры болып қызмет атқарған.

Сәрсенбі, 12 Тамыз 2020 17:35

Өттің, жалған

Газетіміздің тілшісі

НұрсерікТілеуқабыл

қайғылы қазаға ұшырады.

 

Өзінің өсіп ержеткен ортасы Шелек өңірінде орта білім алып, Нұрсерік Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алғаннан кейін ауылына оралып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қызмет атқарады. Шығармашылыққа зейін қойып, ірі басылымдарда тарихи, мәдени, әлеуметтік бағыттағы танымдық мақалалар жариялады. «Еңбекшіқазақ» газетіне үлкен ауданымыздың Шелек өңіріне тілші болып орналасқан аз ғана уақытта газет оқырмандарына ақпараттық хабарларымен қатар кең көлемді, терең ойлы мақалаларымен танымал бола бастаған талапты журналистің шығармашылық жолы, ғұмыры қайғылы жағдайда үзіліп түсті.

Газет редакциясы, mezet.kz желілік басылымы Нұрсерік Тілеуқабылдың ата-анасына, отбасына, туған-туысқандарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

 

Азамат едің адамдығың бір бөлек

– Алло?

– Ассалаумағалейкум бауырым, қалайсың?

– Уағалейкум, Нұрсерік мырза!

– Менде апталық жоспарға сәйкес «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жетінші қырын «үтіктеуім» керек екен (күлді). Соны жазып болсам, менің де жоспарым тәмам. Өзің бір дауыс көтермесең, шабытымды шақыра алмай отыр едім компьютер алдында.

– Қайдағыны айтасың, апталық жоспарда сенде тағы да қосымша екі материал бар ғой, бауы-рым, жылдамдат енді.

– Айтпақшы, неге екенін қайдам, отбасы құндылықтарына ойым ойысып отырғаны. Сол тақырыпты қаузасам қайтеді?

– Онда отбасындағы ұлттық тәрбие мен әке рөлінің құлдырап бара жатқандығын зерделеп көр.

– Жарайды, бұйырса, күннің соңына дейін материалды жіберемін.

Жексенбі таңда суыт хабар келгенде осы екеуара әңгіме ойыма орала кеткені... Бұл қасиетті жұмадағы Нұрсерік Тілеуқабылмен болған телефон арқылы диа-лог. Әр сәт қас-қағым... Кім білген, белді де беделді, жазғаны да, жазары да көп әріптесімізді осылай жоқтап отырарымызды. Айналасын думанға бөлеп, әзілді әңгіме, отты өлеңдерін арнап, жанымызға жылу, езуімізге күлкі сыйлаушы еді. Бәлкім, жүрегі сезді ме екен, «жетінші қырын «үтіктесем», жоспарым тәмам» деген сөзді әзіл-шыны аралас айтқан еді. Енді бүгін сол мақаланы өзегімізді өксік шалып жариялап отырмыз.

Хош, Нұрсерік Тілеуқабыл. Бәлкім, есімін газетімізде шыққан мақалалары арқылы біліп, естіген шығарсыз. Алайда, тілсіз жау арамыздан алыстатқан бұл азаматтың АЗАМАТТЫҒЫ – өз алдына бір мақала. Ақжарқын, жайдары мінез, жайсаң жан еді. Рас, ебелектен де елпек, қаңбақтан да қаңғалақ мінезі біртоға. Ұжым арасында ақындық қасиетімен ұдайы дараланып отыратын. Батырға тән аңғалдық, ақынға тән аңғарымпаздық бауырымыздың беделін өсіріп келіп еді. Ұлттық тәрбие, ұлттық болмыс аясындағы танымдық мақалалары Нұрсерік бізде жұмыс істеген жылдары үзілмей берілді. Оқыған-тоқығаны, ілім-білімі бар кәсіби журналист әр мақаласын жазарда тақырыпты жан-жақты зерттеп, зерделейтін. Қолынан мол мұра кітап, қаламы түспеуші еді.

Нұрсерікпен 7-8 сыныпта мектеп оқушылары арасында өтетін аудандық ақындар айтысында таныстық. «Құдай маған дауыс пен көз бермепті» деп өзі әзілдеп айтып отыратындай, домбыраны сабап-сабап кеп өлеңдетіп жіберуші еді. Содан бері бірқатар ақындар мүшәйрасында қатарласып шаптық. Алтайдың түйетайлы жоталарын жағалап өскен ақын жігіттің сөз саптауы, тұнық ұйқастары елең еткізбей қоймайтын, шіркін. Қара сөздің танабын қуырып сөйлегенде көпшілікті аузына қарататын қасиеті де өз алдына бір әңгіме...

Арманы көп еді. Арманынан бұрын атамекенім деп шекара асып келген бауырымыздың халқына берер рухани азығы да мол еді. Бірқатар танымдық мақалалары «Қазақ әдебиеті» секілді республикалық газеттерде, желілік басылымдарда  жарық көрді. Айталық, «Қазақтың кешігу синдромы», «Адам қалай жаратылды?», «Халық санын қалай көбейтеміз?», «Қазақ жылқысының қилы тарихы», «Ата-анаға айтар уәж» секілді мақалалары қалың көпшіліктің, елге белгілі зиялы қауым өкілдерінің назарын аудартты. Аталмыш мақалалардың түпнұсқасы бізде «Еңбекшіқазақта» жарияланды.

«Еңбекшіқазақта» еңбек еткен екі жылға жуық уақытта ұжымға тез сіңісіп кетті. Оған жол ашқан – көркем мінезі.

Қазақ «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дейді. Қазақ журналистикасында өз қолтаңбасын енді қалыптастырып келе жатқан маман еді. Осынау қайғылы жағдайды тұтас редакция ұжымы ауыр еңсеруде. Әрбірінің көңілінде әріптеске деген қимастық бар. Жастай ғұмыры үзілген бауырымыздың соңында өзі айтпақшы «сәбилері» («әр мақалам – Сәбиім. Оны жазу үшін мені толғақ қысады» деуші еді) қалды.

Амал қанша, болған іске болаттай беріктік керек. Әріптесіміздің ата-анасына, бауырларына қайғырып көңіл айтамыз.

Азамат ең адамдығың бір бөлек,

Өзің жоқсың, көңіл қалай гүлдемек?

Тар дүние тарылтты ма тынысты,

Бір өзіңнен тойды күтіп жүрген ек.

 

Тағдырыңның жырмен қалап іргесін,

Жүрген едік көреміз деп жыр кешін.

Айналаңа жылу сыйлап мейірмен,

Жұртқа беріп жүрегіңнің жүлдесін.

 

Көтерсем деп руханиятын өр елдің,

Көшін алға жетелеуші ең өлеңнің.

Жатқан жерің жайлы болсын, әріптес,

Рақымына бір Алланың бөленгін.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

«Еңбекшіқазақ» газеті

редакторының орынбасары

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстан COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны қашан сатып алатынын айтты. 

"Коронавирусқа қарсы вакцина барлық халықаралық сертификаттаудан өткенде ғана сатып алынады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, әлемдегі үздік зертханалар вакцина дайындаудың үшінші кезеңінде. Алда әлі төртінші кезең бар. Бұл кезеңге ешкім жете қоймады. Осы төртінші кезеңнен соң ғана халықаралық сертификаттаудан өту басталады. Оның қай елде және қандай зертханада өтетіні әзірге белгісіз", - деді Бағдат Қожахметов.

Сондай-ақ ол Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алу бойынша өзге елдермен уағдаластығы жоқ екенін сөз етті.

"Вакцина клиникалық зерттеулердің барлық кезеңінен өтпейінше Қазақстан оны сатып алмайды. Қазақстан тек барлық халықаралық сертификаттаудан және тексерістен өткен вакцинаны сатып алады. Бірақ қазіргі таңда әлемде ондай вакцина жоқ", - деді ол.

 

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальден» коронавирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шықты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің телеграм парақшасында жарияланды.

Ағымдағы жылдың 24 маусымында министрліктің бұйрығымен аталған госпиталь провизорлық стационар ретінде қайта бейінделген болатын. Содан бері Covid-19 белгілерінің бар жоғын анықтап, індетке шалдыққан науқастарға толыққанды ем жасап келді.

Госпитальге 7 аптаның ішінде ковид жұқтырды деген күдікпен 730 науқас келіп түсті. Солардың арасында 335 адамнан вирус анықталып басқа стационарларға ауыстырылды. Қалған науқастардың барлығы аурудан айығып үйлеріне аман-есен жетті. Қуаныштысы, бұл мекемеде өлім-жітім оқиғасы тіркелген жоқ. Науқастардың жас айырмашылығы 18 бен 90.

Бүгін медициналық қызметкерлер соңғы науқасты салтанатты түрде шығарып салды. Көжеков Кенжетай Дүйсенбайұлы 68 жаста. Аурудан құлан таза айығып шыққан қария, өзін өлімнен арашалаған қызметкерлерге шын жүректен алғысын айтып қоштасты.

Халықтың амандығы үшін күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеген госпиталь директоры Динара Оразалина өз ойын былай қорытындылады.
«Біз 50 күн бойы тәуліктеп тоқтамай жұмыс істедік. Әсіресе, алғашқы кезеңдері қиын болды. Себебі, коронавирустық инфекциямен күресте бұрын тәжірибе болмаған. Орталық қызметкерлері жағдайы нашар науқастармен және байыппен қарауды қажет ететін қариялармен жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған. Сол қызмет барысындағы жинаған тәжірибеміз септігін тигізді деп айта аламын. Біздің орталық мамандары аз уақыттың ішінде вирусқа қарсы күресте өте көп дүние үйренді».

Алматы облысында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жаңа басшысы болып Ерғали Сыдыманов тағайындалды.

Ол бұған дейін Маңғыстау облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Ерғали Жақсыбекұлы 1970 жылдың 7 сәуірінде Қарағанды облысы Қарағанды қаласында дүниеге келген.

1996 жылы С.Д.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтын, 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін дәрігер-гигиенист, эпидемиолог және заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2020 жылы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін бітіріп, Денсаулық сақтау магистрі атағын алды.

Еңбек жолын 1987 жылы Жамбыл қаласында жедел жәрдем бөлімінің санитары болып бастаған. Кейін Жамбыл облысы Коммуналдық гигиена бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

1999 жылы Атырау қаласы бас дәрігерінің СЭС орынбасары болып тағайындалды. 2000 жылы Атырау қалалық санитарлық эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері қызметінде болды.

2003 жылы Талдықорған қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының міндетін атқарушы,

2005-2019 жылдар аралығында - Алматы облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы.

2019 – 2020 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Манғыстау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы болған.

Марапаттары:

«ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі»,

«ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»

«ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» белгілерімен.

«Үздік мемлекеттік қызметші төсбелгісі» 2020 жыл.

Алматы облысында Сенат депутатын сайлауда Сұлтан Дүйсембинов 92 пайыз дауыс жинады. Ол облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында Сенат сайлауына облыстық және қалалық мәслихаттардан 287 депутат қатысып, дауыс берді.

Бұл 17 аудан 3 қала бойынша халық қалауылар санының 92 пайызы. Дауыс беру барлық санитарлық талаптарға сай, ара қашықтықты сақтау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізе отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Бұл өңірден жалпы 9 кандидат тіркеліп, 7 үміткер әртүрлі себеппен додадан шығып қалды. Сайлауға екі үміткер қатысты. Олардың бірі облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембинов болса, екінші кандидат аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов. Сайлаушылардың 92 пайыз дауысымен Сұлтан Дүйсембинов жеңіске жетті.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге COVID-19 індетіне қарсы әлемдегі ең бірінші вакцинаның тіркелуіне орай құттықтап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

"Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сондай-ақ Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде, гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз", – деп жазды Қазақстан Президенті жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің аталған бағыттағы тиімді ықпалдастығы туралы да айтты.

"Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы демалыс күндері Алматы облысының су айдындарында құтқару бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп, 64 рейд пен патрульдеу жүргізді. Бұл туралы "Jetisy media" ақпараттық алаңындағы брифинг барысында Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Асқар Тойшыбеков хабарлады.

"Суға шомылу маусымы кезеңінде облыстың төтенше жағдайлар департаменті тұрақты негізде полиграфиялық шараларды өткізіп отырды. Су айдындарындағы қауіпсіздік тақырыбы бойынша түрлі бейнесюжеттерді көпшілік назарына ұсыну арқылы қауіптің алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері патрульдеу, рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады. Тек осы демалыс күндері біз 64 рейд өткіздік", - деді ол.

Сонымен қатар жағажайларда кезекшілікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бөлімшелері 30 құтқарушы-жасақшыны оқытты. Су айдындарындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері көрсетілген 1413 ескерту белгілері мен 93 көрнекі стенд орнатылды.

"Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 48 адам құтқарылды, оның ішінде: Қапшағай су қоймасында 24 адам, Алакөл көлінде 19 адам, Балқаш көлінде 5 адам",– деп атап өтті Асқар Тойшыбеков.

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті.

Министрлік мәлім еткендей, кездесуде карантиннің жеңілдеуі жағдайында діни ғимараттардың жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Бас мүфти мешіттер ашылған жағдайда діни ғимараттағы қызмет санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде вице-министр ҚМДБ-ның мешіттерде коронавирустық індет таралуының алдын алу бойынша бірыңғай іс-қимыл тәртібін әзірлеудің орындылығын жеткізді.

"М.Әзілханов мемлекет пен діни бірлестіктердің, әсіресе пандемия сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында одан әрі ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті. Вице-министр ҚМДБ төрағасына діндар азаматтардың мәжбүрлі карантиндік шараларға түсіністікпен қарағаны және олардың арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде мемлекетке көмектескені үшін алғыс айтты.

Өз тарапынан Бас мүфти вице-министрге а.ж. 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өткен Құрбан айт мерекесі кезінде Министрлікпен көрсетілген қолдауға өзінің алғысын білдірді.

Министрліктің көмегімен Діни басқарманың «Qurban2020.muftyat.kz» арнайы сайты іске қосылды, соның арқасында азаматтар қашықтықтан қайырымдылық жасай алғанын назарға саламыз. Жалпы, Қазақстан бойынша мереке кезінде 80 мыңнан астам мұқтаж адам құрбандық етін алды.

Сондай-ақ, тараптар деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелерін талқылады" делінген ақпаратта.

 

 

Медициналық сақтандыру және пациенттердің құқықтары туралы өтініштер тәулік бойы қабылданады. Азаматтардың барлық өтініштері өңделіп, тіркеу нөмірін көрсетумен өтініштер тізіміне енгізіледі.

Одан әрі, қажет болған жағдайда өтініштер белгіленген уақытында шешім қабылдау үшін сараптамаға жіберіледі. Содан кейін өтініш берушінің қосымшасындағы аккаунтына жауап беріледі. ⠀

Qoldau-24/7 әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мобильді қосымшасын Android смартфондарына арналған PlayMarket және Apple смартфондарына арналған AppStore арқылы жүктеуге болады.

Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры тұрақты негізде мониторинг жүргізеді халықтан келіп түсетін өтініштердің, апта сайын қарастырылады, топ мәселелер қарауына шығарылады.

Байланыс орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл дегеніміз, пайдаланушы кеңес алуға болады кез келген ыңғайлы уақытта.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет