Еңбекшіқазақ ауданында облыстық құмай тазылар жарысы өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ұйымдастырған аламанға аймақ аумағындағы 7 ауданнан 40-қа жуық құмай тазы қатыстырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің басшысы Ермек Самсыбеков қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Ал спорт ардагері Аманбек Саматов додада бақ сынаушыларға ақ бата беріп, ізгі тілегін жеткізді. Қашқан аң құтыла алмайтын иттер көлікке байланған шырғаны қуып, бір шақырым қашықтыққа жүгірді. Әр топтан қара үзіп алда келген тазылар финалдық кезеңге өтті. Құйындай жүйірік құмай тазыларының жарысында Қарасай ауданынан келген Манат Ерқанаттың «Құмай» атты тазысы топтан озып дараланса, Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Ақтілек Кәдіржанның «Сары құмай» атты тазысы екінші орынға ие болды. Манат Ерқанаттың сөзінше, тазысы бұдан бұрын өткен бірнеше додада да топ жарып үлгеріпті. Енді жүлде алған жүйіріктер 7 қазанда Астанда өтетін «Асыл қазына» атты республикалық тазылар жарысында облыс атынан сынға түсетін болады. Жарысқа жиналған итбегілердің сөзінше, тазы иттер дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жас-тай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Жарыста қарғы бау таққан тазыларды жетелеп жүрген қаршадай балаларды көріп, атадан қалған асыл өнердің оты сөнбейтініне шүбәсіз сендік.
Е.АСЫЛ.