Жұма, 22 Желтоқсан 2023 10:15

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге...

ХХІ ғасыр еліміз үшін цифрлық демудың үдерісіне ілесу және соның кейбір тұстарымен күресу заманы болғаны жасырын емес. Цифрландырудың арқасында тұрмыс-тіршілігімізге қажетті дүниенің барлығы қолжетімді бола түсті. Сонымен қатар, ақпараттық технологияның дамуы белгілі деңгейде қоғамға зиянын тигізуде. Бүгінде ұялы телефонға телмірген балалардың саны күн санап артып, мамандар бұның бала денсаулығы мен психикасына кері әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Бұдан бөлек цифрландырудың зардабын жастар мен жасөспірімдер де тартып отыр. Айтпағымыз, бүгінгі қоғамның дертіне айналып, қаншама шаңырақты шайқалтқан, қаншама азаматтың өмірін қиған, қаншама тағдырды астаң-кестең еткен – құмар ойындар мәселесі.

Бұл тақырып газет бетінде бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. Қазіргі таңда жастардың санасын улаған букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолар интернет желісінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап, жарнамасы жер жарып тұр.

Шыны керек, бүгінде елімізде білек сыбанып, лудоманиямен күресіп жатқан мекеме жоқ. Ауданымызда жастармен жұмыс жасайтын құзіретті органдар да осы мәселеден бейхабар. Салдарынан құмар ойындардың шырмауына ілініп жатқандардың саны күн санап артып келеді. Оны мына жан түршіктірер фактілерден байқай аламыз. Қазақстандағы букмекерлер мен казинолардың жылдық қаржылық айналымы 2020 жылы 89 млрд теңгені құраған. 2022 жылы 500 млрд теңге. Ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында казинолар мен букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымы 1 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 1 күндік қаржылық айналымы 3,5 млрд теңге. Бұл жаға ұстатарлық ақпаратты белгілі блогер, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев жариялады. Сөзіне сүйенсек, елімізде ажырасқан 10 жұптың 7-еуі лудоманияның салдары. Мәжілісменнің статистикалық мәліметі шындыққа жанасады. Себебі, қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Жұлдыз Батталова ажырасуға себеп болатын басты фактор – алкоголизм мен нашақорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық, көзге шөп салу мен құмар ойындарға тәуелділік екенін алға тартады. Демек, құмар ойын – отбасындағы, қоғамдағы, өмірдегі барлық жамандықтың бастауы. Ал осыны жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру бүгінгі таңда аса маңызды. Себебі, елімізде құмар ойындарының құлына айналғандар саны жылдан жылға артып келеді. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында  құмар ойындарының құрбандары 350 мыңға жеткені туралы ақпарат тараған. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі олардың тек 8-ін ғана ресми мәлімдеген. Мамандар бүгінде құмардың қызығына кіргендер көрсеткіші әлдеқайда жоғары екенін айтады. Бұған не себеп? Бірінші себеп, құмар ойындардың жарнамасы мемлекет тарапынан бақыланбайды. Қоғамдық орындарда, автокөліктерде, әлеуметтік желілер мен сайттарда букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасынан көз сүрінеді. Жарты жылда қаржы айналымы 1 трлн теңгеден асатын бұл бизнес түрі жарнамаға қомақты қаражат жұмсайтыны айдан анық. Бірақ, ұлт болашағы ақшадан қымбат екенін бір сәт естен шығармағанымыз абзал.

Құмар ойындардың таралуының тағы бір себебі – қолжетімділігі. Елімізде Қонаев пен Шучинск қалаларының аумағында ғана құмар ойындарға рұқсат етіліп, барлық букмекерлік кеңселер жабылды. Бірақ ғаламтордағы онлайн құмар ойындарды шектеуге ешкім бас қатырмады. Оған тіркелу және ақша салып, бақ сынау тіпті оңай. Соның салдарынан мектеп оқушылары да құмар ойынның құрбаны болуда. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңсе мен онлайн автоматтарына кемінде бір рет бәс тіккен. Енді елестетіңіз, 700 мың оқушының кемінде 20 пайызы ұтысқа кенеліп, азды-көпті қаражатқа ие болды. 150 мың бала құмар ойынның құрбанына айналады. 150 мың отбасы зардап шегеді. Суицид, қылмыс жасау мен басқа қайғылы оқиғалар жайын айтпасақ та белгілі. 

Бұл қоғамдық дертпен күресуде төртінші билік өкілдерінің қауқары жетпесі анық. Лудомания мәселесі айтылып та, жазылып та жатыр. Тіпті, халық қалаулылары да бұл тақырыпты бірнеше рет көтеріп, дабыл қақты. Бірақ үкімет тарапынан нақты әрекет жоқ. Мәжілістің VII шақырылым депутаттары Ләззат Рамазанова мен Екатерина Смышляева Денсаулық сақтау министрлігінің құмар ойындарға тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу бойынша ешқандай шара қолданбайтынын айтып, сынға алған еді. «Елімізде құмар ойынына кіргендердің орташа қарызы 10 миллион теңгеден басталады. Ал 10 ерлі-зайыптылардың 7-еуі құмар ойындарының кесірінен ажырасады. Одан бөлек, қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары, қарызға батқандарды жиі физикалық зорлықпен қорқыту әрекеттері орын алуда. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тәуелді науқастарды мәжбүрлеп емдеуді енгізу бойынша ешқандай шара қолданбай отыр. 350 мыңға жуық қазақстандық қазірдің өзінде құмар ойынының құлына айналған. Олардың көпшілігі жасөспірімдер. Сонда да заңнамада букмекерлік кеңселердің қызметін жарнамалауға тікелей тыйым салынбаған. Сондықтан мұндай компаниялар өздерін кез келген жерде оңай насихаттап жүр», – деген еді халық қалаулылары. Депутаттардың жанайқайына министрліктер бас изейді де қояды. Нақты шара әлі күнге қабылданған жоқ.

Адам ерте ме, кеш пе ақыл тоқтатып, өткен іске өкінетіні анық. Бірақ тығырықтан шығар жол таппай, әдетіне қайта басуы да ғажап емес. Себебі, бәрі қол жетімді, көмек қолын созар ешкім жоқ. Осыған орай, «Құмар ойынға тәуелділікті емдеу» кітабынан тәуелділіктен арылуға арналған 7 кеңесті назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бірінші – мәселені түсіну. Сіз түсінбеген нәрсені жөндей алмайсыз. Құмар ойындарын өміріңізден алып тастау үшін құмар ойынында проблемаңыз бар екенін мойындауыңыз керек. Өзіңізді және басқаларды алдамаңыз. Құмар ойыны белгілерінің бұзыла бастағанын көргенде өзіңізге адал болыңыз немесе жақын адамыңызды жақсы түсіну үшін құмар ойын туралы пікірін сұраңыз. Бас тарта бергенше, құмар ойындардың өміріңізге кері әсерін көре бастаңыз.

Екінші – басқаларға өзіңіздің шешіміңіз туралы айтыңыз. Мәселені түсінгенде өзіңіз сенім артатын жандарға шешіміңіз туралы айтыңыз. Қайда баратыныңызды, не істейтініңізді жеткізіңіз. Құмар ойындарының құпиялығы туралы қажеттілікті сезініңіз. Жасырын түрде ойнап, жақындарыңызды жарқын жеңісіңізбен таңғалдырамын деп өтірік айтуыңыз мүмкін. Құмар ойынына деген тәуелділікті кейде «жасырын ауру» деп те атайды. Өйткені оның есірткіге немесе алкогольге деген тәуелділік сияқты физикалық белгілер болмайды. Егер жақындарыңыз алаңдаушылық білдірсе, олардың сөзіне құлақ асыңыз. Көмек сұрау – әлсіздіктің белгісі емес. Құмар ойынына тәуелділікті жеңудің ең үлкен қадамы – сізде проблема бар екенін түсіну. Бұған жету үшін үлкен күш пен батылдық қажет. Әсіресе, егер сіз көп ақша жоғалтсаңыз және жақындарыңызбен ара қатынасыңыз бұзылған болса, үміт үзбеңіз және жалғыз жүруге тырыспаңыз. Көптеген адамдар сіз сияқты болған. Олар бұл жаман әдетінен бас тартып, өмірін қалпына келтірді. Сіздің де қолыңыздан келеді.

Үшінші – азғырулардан аулақ болыңыз. Құмар ойын – бұл азғыру. Бірақ құмарлыққа тәуелділік ретінде қарау маңызды. Себебі ол сізге тәуелділікті қалпына келтіру және рецидивтің алдын алу дағдыларын қолдануға мүмкіндік береді. Емделіп жатқан адам үшін құмар ойындарына байланысты жандардан, орындардан және іс-әрекеттерден аулақ болу – сәтсіздікке жол бермеуге көмектеседі. Бұл триггерлерге жоламағаннан құмар ойындарды ынталандыратын ойлар мен сезімдерден аулақ бола аласыз. Сонымен қатар, күнделікті жүретін жолыңызда құмар ойынына деген құмарлығыңызды арттыратын букмекерлік кеңселер, казинолар болса, басқа жолмен жүріңіз. Егер спорттық ойындарды көру оған бәс тігуге әкелсе, басқа контентті көріңіз. Ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ ішкілікке құмар адамдарға барға кірмеуі керек сияқты сіз де триггерлерді анықтап, олардан бойыңызды аулақ салыңыз. Құмар ойындарға азғыратын жолдан аулақ болыңыз, оның орнына сүйікті адамыңызбен жұмыс жасаңыз. Ең бастысы – қателіктерден сабақ алып, қайта қалпына келу жолындағы жұмысыңызды жалғастырыңыз.

Төртінші – құмар ойындарды кейінге қалдыру. Құмарлық күшті және сіз олардың ортасында болсаңыз, бұл мәңгілікке созылатын сияқты. Бірақ бұлай болмайды. Барлық құмарлықтың басы, ортасы және соңы бар. Егер сіз құмар ойындардан бас тарта алсаңыз, қалыпқа келу ықтималдылығы да жоғары. Бұл мәселені шешудің тамаша тәсілі – құмарлыққа назар аударуыңыз. Яғни осы кезде қандай сезімде болдыңыз, не ойладыңыз, ол қанша уақытқа созылды. Осыларды назарыңызға алыңыз. Осылайша оны бақылауға алып, өзіңізді ұстай бастайсыз. Жағдай туралы түсінік қалыптастырғаннан кейін, одан алыстататын ойлар мен әрекеттердің жиынтығын жасаңыз.

Бесінші – құмар ойынның баламасын табыңыз. Триггерлерден аулақ болу және құмарлық кезінде алаңдаушылық – жаман әдетпен күресудің тамаша әдістері. Жағдайыңызды жақсарту үшін сізге құмар ойынға балама табу керек. Сол арқылы зейініңізді жақсы дүниеге аударасыз. Құмар ойындарына деген тәуелділікті мына дүниелермен алмастырыңыз:

– Дене белсенділігі (күніне 10 мың қадам жүру, серуендеу, ауыр атлетика, командалық спорт немесе құлшылық);

– Ойын ойнамайтын достарыңызбен және отбасыңызбен көбірек уақыт өткізіңіз;

– Ауруханаға немесе жетімдер үйіне барыңыз. Бұл сізге өмірдің мәнін, қадірін түсінуге үлкен жәрдем береді;

– Құмар ойынның орнын басатын жаңа хобби іздеңіз (кітап оқу, тіл үйрену, аз-аздан үздіксіз жасалатын амалдар жасаңыз);

– Саяхаттау. Құмар ойыннан бас тартуға болатын, қосымша ақшамен зерттеуге болатын қызықты және пайдалы баламалар туралы ойланыңыз.

Алтыншы – салдары туралы ойланыңыз. Көп күнəлі, ұятты істерді доғару керек. Оларды тоқтатпай құмар ойынға деген тəуелділікті тоқтатпайсыз. Ұят пен күнә – тәуелділіктен арылатын кез келген адам үшін күшті сезім. Болашақта оған жол бермеу үшін өткен құмар ойынның салдары туралы ойлану қажет. Жақындарыңызға тудырған эмоционалды азап жайлы, отбасыңыздағы қаржылық қиындықтары жайлы, тәуелділікті басқалардан жасыру үшін айтқан кез келген өтіріктеріңіз жайлы ойланыңыз. Бұрынғы әрекеттеріңізді қайталамауға тырысыңыз және оны болашақта құмар ойындарды болдырмау мақсатында мотивация үшін ғана қолданыңыз.

Жетінші – жағымсыз сезімдерден арылуды үйреніңіз. Жалғыздықта немесе жалыққанда, жұмыстағы стрестен кейін не жұбайыңызбен сөзге келгенде құмар ойнайсыз ба? Құмар ойын – бұл жағымсыз эмоцияларды тыныштандырудың, босаңсудың тәсілі. Бірақ көңіл-күйді басқарудың және шаршауды жеңілдетудің тиімді әдістері бар. Мысалы, релаксация әдістерін қолданса болады. Релаксация – бұл бір нәрсеге деген күшті ұмтылыс немесе импульс. Сізге дәл сол кезде оларды анықтау қиын болуы мүмкін. Құмар ойындарды тоқтатқанға дейін бұл ұмтылыстарды байқамай қалуыңыз мүмкін.

Иә, қалай десек те, құмар ойынның құрығынан арылу әр адамның өз қолында. Өмірде шалыс басып, қателік жасау – заңдылық. Тек содан сабақ алу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қайырлы іс. Осындайда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңі еріксіз ойға аралады.

...Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,

Өмір, өмір!

Болмайды түңілуге,

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.

 

С.НҰРАДИН.

Оқылды 1475 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет