Сейсенбі, 20 Сәуір 2021 11:58

Саят Қамшыгер шығармашылығынан

БИШІ ҚАЙЫҢДАР

Толқыған аздап жайым бар,

Әрқайсың бейне сүйгенім.

Сендерді көріп, қайыңдар,

Менің де келді билегім…

 

Жылдардың жүгі мойнымда,

Жыр жазу менде сиреп тұр.

Даңғаза әуен қойнында,

Замана мынау билеп тұр.

 

Ғажайып әлем ашылды,

Көрген жан көңілі тойыпты.

Табиғат – ана шашыңды

Сарыға бояп қойыпты.

 

Құшақтап, өбіп, еркелеп,

Ауырған жаным емделді.

Ұйқыдан тұрып ертерек

Сағынам енді сендерді.

 

Бітсе де бір күн жол мына,

Аспайын және саспайын.

Құласаң қайта орныңа,

Өседі жаңа, жас қайың!

 

 БАҚЫТТЫМЫН

Сөзде жатыр әр адамның сор, бағы,

Өмір деген – триллион ойдың орманы.

Жасыл жазда жайнап жүрген кезіңде

жырым сені жадыратса болғаны.

 

Жан дүнием жанартаудай жарылды,

Қалар арт­та сөздерім бар жалынды.

Есіңе алсаң табыламын қасыңнан,

күз жаңбыры жауратқанда жаныңды.

 

Әр күніңнен үміт­тенші ақ таңдай,

Ұмытылмай өмір сүру бақ қандай!

Қыста дағы жақын болам, жақсы жан,

аяғыңның астындағы ақ қардай…

 

Құстар қайтып, жаңарсыншы көңіл де,

Күн күлімдеп тұрса екен көгіңде.

Бақыт­тымын әр көктемде ағаштай

бүршік атсам жүрегіңнің төрінде!

 

КӨЛСАЙ КЕРЕМЕТІ

 Табиғат­ты қазағыма құт қылған,

Раббым солай шеберлігін ұқтырған.

Көлсай көлін қарашықтай қорыған

қарағайлар сақшылардай тік тұрған.

 

Тазалықты көріп тандым естен мен,

Көлсай жақта ғажайып күй кешкем мен.

Әрбір жота Толағайдай бір батыр,

ал бұлт­тары салтанат­ты көш керуен.

 

Тылсым сырын ақтарғандай су маған,

Балықтары шу асаудай тулаған.

Қала жақтан еркелеп кеп қозыдай,

шалғынына жатып, аунап-қунағам.

 

Көрген адам сүйінеді таң болып,

Маңайында жатсам, шіркін, сан қонып.

Иілгенге иіледі Көлсай көл,

шалқайғанды қарсы алады паң болып.

 

Көңіл – құстың қанат­тары талған жоқ,

Тылсымымен жүректерге салған шоқ.

Саф ауасын кеуде кере тыныстап,

Көлсай көлін көрген жанда арман жоқ!

 

 АМАН ТҰР, КӨНЕ БҰХАРА

Жаныма жарым, ұлымды ап,

Оралдым саған ырымдап.

Алладан медет тілеймін,

шымшықтарыңдай шырылдап.

 

Көңілдің гүлі солмады,

Жәннат бақ жанға орнады.

Бұхара, сенің дуалың –

рухымның берік қорғаны.

 

Бір Хаққа ғана бас ұрдым,

Даңқыңды елден асырдың.

Мешіт­тер менен медресең –

көзіндей көне ғасырдың.

 

Кәуәп пен самсаң бал маған,

Азаның құстай самғаған.

Мызғымай тұрған тас көшең

жылдарды жылмен жалғаған.

 

Ашылар қарап ауызым,

Өзіңді жырлау – парызым.

Түйедей болып келгенде

қарсы алып тұрар хауызың.

 

Көзімді саған суарам,

Бұхарам, әр кез тұр аман.

Раббының жалғыз екенін

есіме салар мұнараң.

 

Қауының ерте піскен жер,

Мерейі көптен үстем жер.

Аман тұр, көне Бұхара,

Алланың нұры түскен жер!

 

 ***

Мен көктемді сағындым,

көктем мені,

Жаным жылу аңсайды көптен бері.

Әр күндерім тағдырдың тартуындай,

әрбір мезгіл— өмірдің өткелдері.

 

Жол күткендей көңілім жүр елеңдеп,

Шуағымен көктемнің гүл егем көп.

Көктем маған келеді бүршік атып,

көктем маған көшеді бір өлең боп.

 

Өтіп жатыр ай жылжып, күн жаңарып,

Сағынышым мұңменен жүр жамалып.

Әрбір күннен көктемді іздеп жүрмін,

әр көктемнен күтемін бір жаңалық.

 

Сәнді екенін өмірдің сан ұқтырған,

Мен көктемді сағындым сауық құрған.

Күтудемін көктемді,

ал көктем ше?

Үйден шықпас арудай зарықтырған.

 

Қиялыммен басамын айға да адым,

Ғұмырымның әр сәтін аймаладым.

Көктем маған өлең боп көшкен кезде,

Бәлкім мен де көктемге айналамын!

Оқылды 3628 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Иірім Абайдың өнегелі өмірі жақсылыққа тәрбиелейді »

Соңғы жаңалықтар

Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…
Мам 04, 2024

Келелі кездесу Шелекте

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет