Жуырда Тескенсу ауылы Жамбыл орта метебінде осы мектептің 1982 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен ғасыр ақыны Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Ақ ниеттің адал жаршысы» атты шара болып өтті. Онда дәстүрлі кештерге ұқсас ән мен жырдан шашу шашылып, соңында әжелерге арналған «Ғажайып алаң» атты сайыс ұйымдастырылды.
Ғасыр ақыны аталған ғаламат талант иесі Т.Молдағалиевтың жырлары қазақ әдебиетіне жалынды леп пен өзгеше соқпақ әкелген жырдың жақұты болды. Тұманбайдың өлеңдерін жаттап, сөзіне жазылған әндерді әуелетпеген қазақ кемде-кем. Бүгінде арғы дүниеде жатсада аты ұмытылмай келе жатқаны жүрек тербер әсем лирикаларының арқасы екені анық.
Шара барысында мектеп директоры М.Ыдырысов ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өткізіп жатқан шараларының маңыздылығына тоқталды. Ауданымыздың ғана емес, барша қазақтың мақтанына айналған Тұмағаңды жас ұрпаққа дәріптеу, әрине, құптарлық іс. Осы шараны ұйымдастырып, демеушілік көрсеткен Тескенсу ауылының 1965 жылғы азаматтары. Олардың қатарында А.Кітапбаев, Б.Әбдірешов, А.Мырзабатыров, А.Алишева т.б секілді ауылының болашағына бей-жай қарамайтын үлгілі жандар бар. Шараның мәнді өтіп, есте қалуы үшін Т.Молдағалиевтың досы марқұм Едіге атамыздың жары Әнипаш апамыз ақынның өмірі мен өнегесі туралы көптеген естеліктер айтып, өткен тарих туралы сыр шертті. Сонымен бірге, мектеп оқушылары дайындаған сазды бағдарлама келгендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Онда ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Әсіресе, топпен «Қаражорға» биін билеген бүлдіршіндердің өнеріне барлығы риза болысты.
Шара соңында әжелеріміз ресейлік «Поле чудес» интеллектулдық ойыны нұсқасында даярланған «Ғажайып алаң» ойынына қатысып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін сынады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ