Жас жеткіншектердің ойы мен бойын толыстырған тағы бір жыл тәмамдалды. Сол себепті 800-ге жуық оқушының алтын ұясына айналған Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау салтанатты жағдайда соғылды. 40 түлек мектебімен қимай қоштасты. Арасында самбо күресінен Азия чемпионы Гульнаст Нурдунова да бар.
Бала кезінен ер мінез, ширақ қимыл иесі атанған қырмызы қызды Леонид Орлов танып, өзінің қамқорлығына алған. 10 жастағы Гульнаст сол сәттен бастап түрлі турнирлерде топ жарған. Содан сындардан сүрінбеген бойжеткен Монғолия елінде өткен Азия чемпионатының финалынды сол елдің балуанын жеңіп, көк Туымызды көкке көтеріп, Гимнімізді шырқады.
Болашағынан үміт күттіретін чемпионды мектеп бітіруімен арнайы құттықтай барған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің директоры Абай Сырғабаев сый-сияпатын тапсырды. Леонид Орлов кеудесіне ауданымыздың үздік жаттықтырушысы төсбелгісін тақты. Кейіннен ауыл тұрғындары да «Әлем чемпионы бол» деген ниетпен «алтын қыздарының» мойнына алтын алқа салды. Спорттың дамуына қолдау білдіргені үшін мектеп директоры Майнура Сакаловаға да алғысын жеткізді тұрғындар мен Абай Сырғабаев.
– Болашағымды спортпен байланыстырамын. Қазір спорт және туризм академиясына оқуға тапсырсам деген ниетім бар. Осы мақсатта талмай еңбектенудемін. Ендігі негізгі арманым – 2024 жылы өтетін олимпиадаға дзюдо күресінен қатысу, – дейді жас түлек Гульнаст.
Бүгінде Майнура Төлегенқызының берген мәліметінше, мектеп түлектерінің ішінен бір «Алтын белгіге», екі үздік аттестатқа үміткер бар. – Ана берген сүтін, ұстаз берген білімін міндет етпейді ғой. Дегенмен осы түлектеріміз үмітімізді ақтап шықса деген тілегім бар» дейді директор. Лайым, солай болсын!
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.