Бейсенбі, 12 Қараша 2015 12:10

Үйлену– сүннет, үй болу– міндет

Бірер күн алды сыныптасымды көрдім. Жол бойы жолыққан екеуміз балалық шақтың керемет күндерін біраз еске түсірдік. Қызық күндерді, балалық бұзық күндерді дегендей... Не керек, әңгіме отбасы, ошақ-қасы мәселелеріне ойысты. Жақында ғана үйленгенін естіген едім, жолдасының жайын сұрадым. «Ой, ажырасып кеттім. Бір баласымен жібердік қой» демесі бар ма? Бойында өкініш сезімі де байқалмайды. Кәдуілгі күнделікті әрекет секілді. Содан үйленген, тұрмыс құрған сыныптастарым жайлы да бірер әңгіме басын қайырдық. Енді бірін сұрағанымда:

– Ол да ажырасқан. Бір баласымен әйелі кетті. Екіншісіне үйленіп алды ғой. Естімедің бе? Қазір бір балалы болды, – деп жымияды. Әлгі бірге оқыған қыз ше? (атын атамағанды жөн санадым) деп енді бірін сұрадым. «Ол екінші баласын жолдан тауып алды» деп дүрсе қойды. 

 

Сонда сыныбымызда үйлі болған бесеуіміз болсақ, соның үшеуі аз уақыт ішінде ажырасып тыныпты. Міне, масқара! «Отан – отбасынан басталады» десек, отбасының ошағы жыл толмай ортасына түсіп жатса, келешегіміз не болмақ? Жетім, жартылай жетім, ажырасқан әйел, сүр бойдақтан құралған қоғам болмақ. Бұл өз басымнан өткен бір ғана мысал. Алайда, мен, сен, ол – сол қоғамды құраушы негізгі күш. Сондықтан бас қатырар басты мәселе бұл.

Ол аз десеңіз айтайық, ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне көз жүгіртсек, неге бұлай түңіліп отырғанымызды түсінесіз. Соңғы жылдары жаңадан отау құрған 10 отбасының төртеуінің бір жылда шаңырағы ортасына түседі екен. Ең өкініштісі, қазағы қалың оңтүстік аймақтарда да бұл көрсеткіш жоғарыда келтірген сандардың о жағы мен бұ жағында. Алыстан арбаламай, ауданымызды алсақ, соңғы он айда 1500-ден астам жас отау заңды тіркелсе, ажырасқаны 500-ден асқан. Яки, үштің бірінің дәм-тұзы жараспады деген сөз. Бұл аудандық АХАЖ бөлімінің берген мәліметі.

Сонымен ащы шындықтың шырғалаңы неде? Ой елегінен өткізіп, сананың саңылауымен саралап көрелік...

Отбасы дегенде әңгіме басы шынайы сезімге тіреледі. Яғни, махаббат − отаудың негізі. Дегенмен, оны сүйемелдейтін тіреулер де жетерлік. Қарапайым мысал, киіз үйдің шаңырағын алайық. Шаңырағы жоқ үй болмайды. Ол − үйдің сәні, барлық уықтардың басын қосып, ұстап тұратын тірегі. Махаббат та сол сияқты. Сүймейтін жандардың үйленіп, бақытты болғаны кемде-кем. Бұл бүгінгінің ұстанған бағыты. Және ең бастысы да осы. Әрине ата-әжелеріміз керісінше айтар. Алайда, олардың отбасының тіреуі болған не?

«Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса, мың бақыт». Міне, ие де, кие де осында. Егер жігіттің алған жары мейірімді болса, бабын келтіреді, бағын арттырады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» деп түмен сөздің түйінін тарқатқан екен мұндайда бабаларымыз.

Ендігі мәселе – кешірімділік. Оны кішірею, жеңілу деп түсіну – ажырасудың «есігін қақтырады». Орны толмас өкінішке ұрындырады. Сондықтан неғұрлым кешірімді болу – махаббат шаңырағының бір уығы.

Келесі себеп – қаржы. Өмірін енді бастаған жас отау иелері қолындағы ақшасын дұрыс жұмсауды білмегендіктен, ұрыс-жанжал шығады.

Себептердің тағы бірі – жігіт пен қыздарымыздың жасы есейіп барып (30-дан асқанша үйленбеу әдетке айналып барады) отбасын құруында секілді. Психологтардың айтуынша, отыздан асып бірінші рет шаңырақ көтергендер ақыл тоқтатты дегенімізбен, аса кінәмшіл келеді екен. Өйткені, олар жалғыз өмір сүруге дағдыланып қалған. Ол үшін барлық шаруа өзінің ойлағанындай болу керек. Әйтпесе, сылтау айтып, дау шығаруға әзір тұрады. Ондайда береке қайдан болсын...

 «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Соңғы кездері «Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы» деп өтірік бірдеңелерді (тәрбиелік мәні, ақылға қонымды болса бір сәрі) тауып алып, болашақ құдаларымызды қатты қинап қоятынымыз да жасырын емес. Ал, мұның соңы ұрыс-керіспен, жастардың ажырасуымен аяқталатыны өте өкінішті. Ондайды да көзіміз көрді. Өмірде болған бір оқиғаны сол кейіпкердің өз аузымен айтып өтейін, сөзім дәмсіз болмасын:

«Жалғыз ұлым үйленетін болып, дайындықты бастап жібердік. Құдалар басында «Қазақтың салт-дәстүрін, ырым-жырымын жасаймыз» деді. Келістік. Соңынан «Ана сүтіне 3 мың доллар әкелесіңдер» деді. Оған да келістік. «Қызымызды қолдан ұзатамыз, қазақта мініс деген болады» деді. Бердік. 38 жасымда Құдайдан жалынып-жалбарынып, сұрап алған баламнан несін аяйын? Күйеуім де, өзім де банктен 2 жылға несие алып, ұлан-асыр той жасадық. Тойдан кейін құдаларды күтіп жатқанбыз. Олардың «қазақтың салт-дәстүрін, ырым-жырымын жасаймыз» дегендері бара-бара күшейіп кетті. Көкесін көрсетті. Бір уақытта «Атамыздың тақиясы жоғалды» деген шу шықты. «Ұят болды-ау, кім алды, беріңдер?!» деп тақия іздеп жүрсем, ол да ырымдары екен. Онысы тақияны сатып алып (10 мың теңгеден кем емес), жастар бөлмесіне іліп қоюмыз керек екен. Сондағысы: «Менің балам осы қарияның жасына келіп, тақия кисін» дегендері. Тағы бір кезде: «Қызымыз күйеуге қашып кетті, сендердің ұлдарың алды»,– дейді. «Бізде бір-ақ ұл. Ол сіздердің қыздарыңызға үйленіп отыр»,– дедік жан-жақтан жамырап. Сөйтсек, бұл да ырым болып шықты. Мағынасы – «ұлым мен келінім осындай тойға жетсін, болашақ қыздары күйеуге шықсын» дегені екен. «Айтқандарың келсін!» деп бұған да 10 мың теңге бердік. Сонымен не керек, құдалар жағы ақшаны сыпырып ала бастады. Соңында араққа тойған олар қызды-қыздымен бізді түксіз қалдыруға айналды. Осыған дейін сабырлылық танытып отырған күйеуім шарт кетті. Отағасының сөзіне шамданған құдалар да қалысқан жоқ. «Қызымызды әкетеміз» деді салған жерден. «Жаңылдық, жаңылыстық» деп әупірімдеп жүріп келінімізді алып қалдық. Алайда, бұдан кейін құдалармен ара-қатынасымыз онша болмай, келін біржолата төркініне кетіп тынды». Міне, сондықтан ең басты орынға балалардың бақытын қойған абзал. Өйткені, судың тілін тапқан Сүлеймен де дүниенің кілтін өзімен бірге әкете алмады.

Меніңше, басты бәле – имансыздықта. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ажырасудың себептеріне көз жеткізе түсеміз.

Ислам діні отбасы ұғымына үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, бақытты қоғам орнатуды мақсат етеді. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алады. Іргесі берік отбасылардан қоғамның тұрақтылығы беки түседі.

Ата дінімізде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету негізгі жүк. Әйелге күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, отағасының мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абы-ройына дақ түсірмеу міндеттелген. Өйткені ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы – отбасы тұрақтылығының кепілі. Яки, шаңырақтың берік болуы әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына байланысты.

Мұндай тату отбасының үлгісін ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша (р.а.) анамызбен құрған шаңырағынан көруге болады. Ендеше, оқи отырыңыз, әулет тұтастығын сақтауда таптырмас ғибрат бұл.

 

Пайғамбар жанұясы

Алла елшісінің шаңырағында терең құлшылық жасалатын. Хазірет Айша анамыздың айтуынша, жеке намазында Алла елшісі қиямда ең ұзақ деген сүрелерді қатарынан оқитын. Рукуғта да қиямнан аз тұрмайтын. Ал сәждесі рукуғтан аз болмайтын. Рамазаннан тыс кей айларды да көп оразамен өткізетін.

Ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) отбасы өте қанағатшыл болды. Шаңырақта күнделікті тұрмысқа керектен басқа басы артық дүние болмады. Хазірет Айша анамыз киімі әбден тозғанша киетін. Олар көбіне құрма мен қара суды қанағат ететін. Апталап, айлап, кейде ол шаңырақта қазан көтерілмейтін. Бір жолы Фатима (р.а.) ардақты әкесіне тамақ пісіріп алып келеді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алғашқыда: «Бұл не?» деп сұрайды. Қызы: «Тамақ пісірген едім, алдымен сіз ауыз тисін дедім», – дейді. Сонда Алла елшісі: «Үш күннен бері аузыма алған нәрім осы болды» дейді.

 

Қайырымдылық көп жасайтын

Ол шаңырақта садақа көп берілетін. Исламға шақыру үшін жиі дастархан жайып, елді шақыратын. Бір жолы Айша анамыз бір қайыршыға ақша санап бермек болғанда, Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Айша, беретініңді санамай бер, әйтпесе Алла да саған беретінін санап береді», – деген  ескерту естіген.

 

Жанұясында жақсы

сөз айтылатын

Алла елшісінің шаңырағында өсек-аяңға жол берілмейтін. Өйткені барлық жақсылықты айтылған ғайбаттың жойып жіберетіндігін жақсы білетін. Бір жолы Айша анамыз әлдекімді сыртынан «Бойы қысқа» деп қалғанда, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Айша, бұндай сөзіңді қой. Мына сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – дейді. Демек отағасы ретінде Алла елшісі жанұяда өсек-аяңның айтылуына жол бермейтін.

Отбасылық өмірдің реңін кіргізетін маңызды бір мәселе – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылмандардың ішінде ең жақсысы – мінезі жақсы болғаны. Қайырлысы – жұбайына қайырлы болғаны», − дейді.

 

«Ажырасып кетіпті», «Бәленшенің қызы күйеуден қайтып келіпті». Бұл сөздер кезінде әкесіне, анасына, тұтас сол әулеттің сүйегіне дақ, жүректеріне жара салатын. Кезінде дегеніміз осыдан 20-25 жыл бұрын. Яғни, 80-90-шы жылдар. Қазір ше? Жоғарыда атағанымдай кәдуілгі күнделікті тірлік. Дәм-тұзы жараспады да деп қоямыз. Ширек ғасырда мұндай өзгеріске қалай ұшырадық? Жауабы біреу ғана: тал бесіктен берілетін тәрбие ақсады. Нәтижесінде, тезге салмаған тентегіміз көбейді. Қырық үйден тиым жоқ қыздарымыз бойжетті. Оның айқын көрінісі көз алдымызда. Отанның сыйын келтіретін ерлеріміз, отбасының күйін келтіре алмай әлек. Ана атанып, баланың былдырына емес, көше кезіп, даланың «шылбырына» байланған бұраң белдер саны артты. Бұл ел ертеңі үшін өте қауіпті құбылыс. Себебі, орны биік отағасы бола алмаған ер, берекелі отанасы бола алмаған әйел Отанына опа әкеледі дегенге сене қою, әй қиын-ақ...

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 3945 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Үйлену– сүннет, үй болу– міндет Елім деп еміренген ер »

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет