Бейсенбі, 08 Қазан 2015 15:14

Суицид – тығырықтан шығар жол емес

Өмір деген құндылық екі қайтара берілмейтін керемет екендігін біреу түсінсе, біреулердің оны ұғынуға әлі келмей әлеуметтік таршылық пен тағдыр жолында тап болған қиыншылықтарға бола оны өз қолымен қиып жібергендігін көз көріп, құлақ естіп жүр. Әсіресе, аталған дерттің жастар арасында кеңінен етек алуы өзекті өртейді.

 

2015 жылы облыс көлемінде 25 суицид оқиғасы орын алған. Оның 5-уі Еңбекшіқазақ ауданының еншісінде. Ал жалпы ауданда 2011 жылы – 6 бала өзін өлімге қиса, 1 ұмтылу фактісі тіркелді. 2012 жылы –  5 қайғылы оқиға орын алды 2013-2014 оқу жылдар аралығында 4 жасөспірім ажалын қолдан жасаса, сәйкесінше, 2014-2015 оқу жылдар аралығында бұл көрсеткіш екіге дейін төмендеді. қуантарлық жағдай. Ал өзін-өзі өлтіруге ұмтылған өрендер Жетісу заң колледжі, Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебі, ЕГЭК, Қ.Сәтпаев атындағы және Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп оқушылары.

«Суицид» латын тілінен алынған «қасақана өзін-өзі өлтіру» деген мағынаны білдіретін сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жақында таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін-өзі өлтіреді екен. Бұл қайғылы құбылыс 2020 жылға қарай бір жарым есеге артады дейді мамандар. Қысқасы, өзіне өзі қол жұмсаған адамдардың саны соғыста өлгендерден әлдеқайда мол болмақ. Ең көп адам құрбан болатын Жапония елі осы мәселе бойынша арнайы мемлекет қазынасынан 32 миллиард АҚШ долларын бөлген. Себебі, 2003 жылы бұл елде 34 мыңнан аса адам өзін-өзі мерт еткен. Бұл көрсеткіш орта есеппен айтқанда Қазақстанның ортаңқол ауданының халқы. Алла сақтасын дейік. Бірақ бөлінген қаржыдан нәтиже шамалы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзін-өзі өлтіру көрсеткіші бойынша әлем елдерін жоғары, орта, төмен деп үш топқа бөлген. 100 мың адамға шаққанда өлім көрсеткіші жылына 20 адамнан асса жоғары, 10-20 адам аралығында болса орта, 10 адамнан аспаса төмен болып есептеледі. Жоғарыдағы ұйымының деректеріне сүйенсек, 100 мың адамға шаққанда әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген елдер арасында үштікті толтырып тұрмыз. Яғни, бірінші орында – Латвия (96-99 адам), екінші орында – Венгрия (88 адам), үшінші орында – Қазақстан (53 адам).

Ал, мұсылман мемлекеттері мен Африка елдерінде бұл көрсеткіш жоққа тән. Соңғы жылдары «Жасөспірімдер суициді» деген ұғым өз алдына бөлек отау тікті. Бұл дерт өмірдің балдай дәмін енді ғана татып келе жатқан жас балапандарды да баудай түсіріп, қыра бастады. Таяуда шведтердің «өзін-өзі өлтіру ісін» зерттеу орталығы 15 пен 19 жас аралығындағы жастардың өзіне қол жұмсауы жағынан Ресей дүниежүзі бойынша бірінші орынға шықты деп хабарлады. Ресейде жыл сайын шамамен 2500 кәмелетке толмағандар өз-өзіне қол жұмсайды. Екінші орында АҚШ (1800 бала) тұр. Ал, жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша бірінші орында Шри-Ланка (46,55), екінші орынды Қазақстан иеленген (24,02).

Мамандар болса жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар дейді. Ғалымдар бұл абыройсыз өлім көбінесе өмірдегі таршылық, материалдық тапшылықтан, одан қалса ақыл-есі кемдіктен болады деген болжам айтып келеді. Алайда, бай немесе мансапты адамдардың өзін-өзі өлтіруін қалай түсінеміз. Мысалы, америкалық ірі қаржы компаниясының қожасы миллионер Картик Раджарам өзінің әйелі мен екі баласын өлтіріп, соңынан өзін опат қылды. Алпауыт консалтингтік компанияның негізін қалаушы атақты бай Тьерри де ля Виллюше де жарық дүниемен өздігінен қош айтысқан. Жылжымайтын мүлік сататын әлемге әйгілі бай Стивен Гуд бұл жалғаннан пана таппай, өзін-өзі мерт етіп тынды. Танымал неміс миллиардері, Қазақстанда да цемент өндірісін орнатып үлгерген магнаттардың бірі Адольф Меркле пойыздың астына түсіп өлді.

Ал, мансаптыларға келсек, 2007 жылы Жапонияның ауыл шаруашылығы министрі пәтерінде асылып қалды. Кеңес үкiметi кезiнде министр болған жалғыз әйел Екатерина Фурцева да өз өмірін өзінің қолымен қиды. Атақты композитор Родион Шедрин ол жөнінде: «Фурцеваның өзiне-өзi қол жұмсағанына таң қалмаймын. Ол мансабынан айырылатыны туралы қауiптi сезiнсе, өзін өлтіруге даяр тұратын, аса тәкаппар әйел едi» депті.

 

ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРУ — ҮЛКЕН КҮНӘ

Суицидтің салқыны Қазақстанда қаулап өсіп келеді. Қажет статистиканы жоғарыда келтірдік. Қасіреттен қара жамылған қауымның жағдайын халық қалаулылары енді ғана қозғай бастады. Айтпасқа амал да қалмай бара жатыр. Өйткені, оқушылар арасындағы суицид жылдан-жылға артуда. Ресми деректерге сүйенсек: 2010 жылы ғана елімізде 237 жасөспірімнің балғын өмірі қиылған. Бұл құзырлы органдарда ресми тіркелгені ғана. Шындығында бұдан екі есе көп. Соңғы бес жылда (аман қалғандарын қоспағанда) өз-өзіне қол жұмсаған 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны 7 пайызға өскен. Қазіргі жағдайда Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары қаралы көштің алдында келеді. Әрқайсысында жылына 40-қа жуық жасөспірім өздерін мерт етеді екен. Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының әрқайсысында 25-тің үстінде бала өз қолдарынан ажал құшқан. Біздің елде кісі қолынан жазым болатындардың санынан, өзін-өзі өлтіретіндер саны әлдеқайда көп. Енді қайтпек керек? Статистикалық мәліметке жүгінсек, өзіне-өзі қол жұмсағандардың 1/3 бөлігі маскүнемдік пен нашақорлықтың кеселінен, 2/3 бөлігі депрессияның себебінен көз жұмады, дейді мамандар.

Депрессия дегеніміз бір сөзбен айтқанда торығу деген ұғымды білдіреді. Сонда суицид жағдайында жан үзетіндердің көбі торығудың торынан құтылудың жолы – өлім деп біліп, солай шешім қабылдайды деген сөз ғой. Қара түнектей қаптап келе жатқан бұл зұлмат мұсылман елдерін неге айналып өтеді? Өйткені, олар жан – Алланың адам баласына берген аманаты екенін, өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат екенін біледі. Сонымен қатар өзін-өзі өлтіру ауыр күнә екенін, ауыр күнә жасағандығы үшін тозақта азапқа тартылатынын да жақсы біледі. Құдіреті күшті Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сендерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әл-Бұхариден жеткен хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» депті. Ендеше, бұл қасіреттен құтылудың жолы – балаларымызға ерте бастан ислам тәрбиесін үйретіп, жүректерін тыныштандырғанымыз абзал. Алланы еске алмайтын жүрек тыныш таппайды. Ақиқатқа жүгінер болсақ Құранда: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» («Рағыд» сүресі, 28 аят) дейтін аят бар. Болашақта суицидтен құтылу үшін: Жапонияның тірлігін қайталау дұрыс па, әлде мұсылман елдерін үлгі тұту жөн бе? Көзқарақты адамның қауашағына сыймайтын ауыр сұрақ емес бұл. Үкіметтің де ақылы осыған жетеді деп ойлаймыз. Ол үшін жастарға имандылық ілімін үйрететін оқшау бағдарлама керек. Мүмкін оны орта мектептерде оқытылатын «Дінтану» сабағы негізінде жүргізген дұрыс шығар. Әлде, осылай қара жамылып отыра береміз бе?!

Өмірін өз қолымен қиған жастар қатары жыл санап артып келеді. Ал, оның алдын алу шаралары өз деңгейінде жүргізілмей жатыр. Айталық, суицидке қарсы ақпараттық-насихат жұмыстары... Теледидар арқылы оған қарсы жарнама немесе бейнероликтер қаншалықты көрсетіліп жатыр? Көрдіңіз бе? Бар мәселенің өзегі тәрбие екендігін әлем ғалымдары мойындап қойды бүгінде. Ал, қандай тәрбие? Бұл сұраққа да тұтыға жа- уап беретініміз де айқын. Өйткені, өз баласына күніне 15-ақ минут уақыт бөлетін ата-ананың балаға қандай тәрбие беруі мүмкін. Бұл жағдайда бала өзін-өзі тәрбиелейді. Шеше емес, көше тәрбиелейді. Арты өкінішті жағдайға соқтырып жатқанын айтудың өзі артық. Дін тұрғысынан берілген тәрбие баланың мұндай қадамдарға баруының алдын-алып қоймай, оны көркем мінезді, ақылды әрі қайбір сынаққа болсын сынып қалмай, көтере білетін тұлға қылып қалыптастырады. Өйкені, мұсылман елдерінде суицид жоқ. Бұл деректі жоғарыда келтірдік те. Ендеше бала тағдыры, ұрпақ тағдыры өз қолдарыңызда.

Ә.МАНАСБЕК

Оқылды 6860 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет