Бейсенбі, 08 Қазан 2015 15:02

«ӘКЕ — асқар тау»... ма? (немесе қашқын әкелер саны күн санап артуда)

ӘКЕ, ӘКЕШІМ, СЕН ҚАЙДАСЫҢ? МАҒАН СЕНІҢ ЖАНАШЫР ҮНІҢ МЕН ҚОЛДАУЫҢ ҚАЖЕТ БОЛЫП ТҰР. АНАМА АЙТСАМ, ЖҮРЕГІ АУЫРЫП, НЕ ІСТЕРІН БІЛМЕЙ ЖЫЛАЙ БЕРЕДІ, ЖЫЛАЙ БЕРЕДІ. ОНЫҢ АРТЫП ЖҮРГЕН ЖҮГІ ОНСЫЗ ДА АЗ ЕМЕС. БІЗДІ ҚАЛАЙ АСЫРАЙМЫН, ҚАРНЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙДЫРАМЫН ДЕП ЖҮРІП, ДЕНСАУЛЫҒЫНАН ДА АЙЫРЫЛДЫ. СЕН НЕГЕ МҰНША ҚАТІГЕЗ БОЛДЫҢ? ҚАЛАЙША ШЫРЫЛ- ДАТЫП, ҚОЛЫНДАҒЫ ЕКІ БАЛАСЫМЕН АСЫЛ АНАШЫМДЫ ҚАЛДЫРЫП КЕТТІҢ? МЕН БӘРІН ДЕ БІЛЕМІН. АНАМ БІЗГЕ «ӘКЕҢ АЛЫСҚА КЕТТІ» ДЕП СЕНІҢ ҚИСЫНСЫЗ ҚЫЛЫҒЫҢДЫ ЖАСЫРҒЫСЫ-АҚ КЕЛІП ЕДІ, БІРАҚ МЕН СЕНІ АЛЫСТАН БАЙҚАП ҚАЛЫП, ҚАСЫҢА БАРЫП ЕДІМ ҒОЙ. СЕН ТІПТЕН ЕЛЕМЕДІҢ ДЕ... ӨЙТКЕНІ, СЕНІҢ ЖАНЫҢДА БАСҚА БІР БАЛА МЕН ТӘТЕ БОЛ- ДЫ. СОНДА БҰЛ ҚАЛАЙ БОЛҒАНЫ, БІЗГЕ НЕГЕ БАС СҰҒЫП, ҚАЛЫМЫЗДЫ БІЛМЕЙСІҢ, БІЗ ДЕ СЕНІҢ БАУЫР ЕТІҢ ЕМЕСПІЗ БЕ??? МЕН АНАУ АЙДАРДЫҢ МҰРНЫН БҰЗДЫМ КЕШЕ. «СЕНІҢ ӘКЕҢ ЖОҚ, ОЛ СЕНІ ТАСТАП КЕТКЕН, СЕН ЖЕТІМСІҢ, БІЗДІҢ ЖАНЫМЫЗДА ЖҮРМЕ» ДЕП ӘБДЕН ТИТЫҒЫМА ТИДІ. ЕНДІ СОЛ ҮШІН МАМАМДЫ МЕКТЕПКЕ ШАҚЫРТЫП ЖАТЫР. АЛ ОЛ ЖЫЛАЙ БЕРЕДІ, ЖЫЛАЙ БЕРЕДІ...

 

Еһ, шіркін, дүние-ай десеңші! «Әке» деген сөзді айтқанда жүрегім қарс айырыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық. Балалар «менің әкем бүйтті, менің әкем сүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды» деп мақтаныш етіп жатады. Ал, мен болсам әкемнің қандай екенін де білмеймін....

Еһ, қайран әкем, егер сен болсаң мен бұдан гөрі басқандай адам болар ма едім? Кім біледі, жер әлемді шулатып, сотқар Қожа  атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен шығар. Кімге де болса бір әке әбден керек.

 

Бердібек Соқпақбаевтың

«Менің атым Қожа» повесінен үзінді.

 

Әрбір дүниеге келген нәрестеге әке жауапты. Әке дүниеге келген ұрпағының есімін қоюға міндетті. Оны бағып-қағуға міндетті. Бала о дүниеде өзінің әкесінің атымен шақырылады.

 

Әкесі жұмыстан келе сала «Жұмыс дегенің құрып кетсін, жатып алып демалғанға не жетсін, шіркін» деп өзінен-өзі ызаланады. Мұның бәрін көріп, естіген 5 сыныпта оқитын баласы да «Сабақ күннен-күнге ауыр-лап барады, соны бас-ты ауыртып оқымай-ақ қойса қайтеді, бәрібір түсінбеймін» деген сөзді жиі айтып, оқуға салқын қарай бастайды.

 

Бір-біріне ренжіп, барынша жандарын қинауды мақсат еткен жұбайлар ортадағы баланың жүрегіне қадалған қанжарды байқамайды да. Ақыры, ажырасып тынады. Әйел баласын бауырына басып ол қалады, жауапсыздығы басым болған ашулы әке алимент төлеуден жалтарады. Әке мен ана өз бастарын күйттеп жүргенде, ортада тірі жетім атанған бала қалады. Әлбетте, отбасының күйреуін жас бала санасы көтере алмай, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. «Отан – отбасынан бас-талады» десек, мұндай жағдайлар жиілеген бүгінгі қоғамның ертеңі не болатынын елестету қорқынышты. Дер кезінде тоқтамасақ, бізге ешқандай соғыстың да, жаулаушылықтың да керегі жоқ, өзіміз-ақ құрдымға кете барамыз. Мұндай  жан шошытар мысалды жұртты үрейлендіру үшін жазып отырған жоқпын. Тек, етек-жеңді жинап, ойланайық деген ниет.

Ежелден қазақ қоғамында әкенің алатын әлеуметтік орнына ерекше басымдылық берілген. Олай болатыны, отбасын материалдық игілікпен қамтамасыз ету, баланы сүндетке отырғызу, ұлды үйлендіріп отауын тігіп, еншісін беру, қызды орнықты жерге ұзату, жиендеріне жиенқұрық беру, сондай-ақ балаларын сауаттандыру, оқытып, білім алуға мүмкіндік жасау сынды мәдени-әлеуметтік маңызды жайттар әкенің мойнындағы үлкен міндет.Отбасының тірегі де осы әкелер. Балаларының асқар тауы да осы әкелер. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те, осы міндеттердің үштен бір бөлігін де орындай алмай, жалтарып жүрген әкелер де баршылық. Ондайларды біз «Қашқын әкелер» деп бөлектеп, атау беріп те қойдық. Қашқын әкелер дүниеге келуіне өздері себепші болған баларынан қашты делік, алайда заңнан қашып құтыла алмас. Осы тұста, заңдағы атап өтерлік бір өзгерісті жария етейік – ажырасып кеткен ерлі-зайыптылардың балалары 3 жасқа толмаған болса, бала 3-ке толғанша анасы әкесінен сот арқылы өз күнкөрісіне де (баланың алиментінен басқа) төлем талап ете алады.

Өзін жапанда жалғыз қалғандай сезініп, қолындағы баласымен қорғансыз қалған аналар біле жүрсін:

Статистика комитетінің мәліметтерінше, орташа айлық жалақы көлемі 108640 теңгеге тең. Осылайша, бір балаға төленетін төлемақы – 27 160 теңге, екі балаға – 36213 теңге, үш және одан көп балаға – 54320 теңге болады. Осы уақытқа дейін жұмыссыз әкелер төлейтін алимент мөлшері ең төменгі еңбекақыдан есептеліп келгені белгілі. Төменгі жалақы 18 мың теңгеден сәл астам болғандықтан, жұмыссыз әкеден баласына небәрі 4 мың теңге бұйыратын. Алименттің бұлай төленуі балаларын ойламайтын «көкек» әкелер үшін өте қолайлы еді. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемегенімен, әртүрлі жолмен жақсы табыс табатын әкелер «жұмыссызбын» деген желеумен 4 мың теңге төлеп құтылатын. Ал, бұдан былай ондай жайбарақаттыққа жол жоқ. Алимент төлемеген борышкердің тіпті 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, 18-ге толған еңбекке қабілетсіз балаларына әрі қарай ай сайын кешіктірмей алимент төлеу қатаң қадағаланады. Берешегін бермей жүріп уақыт өткізіп, баласы 18-ге толғанда бәрінен құтылам деп ойлағандар да қатты қателеседі. Төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді. Мейлі, ол түрмеде отырсын, науқас болсын, тіптен 2,3 топ мүгедегі болса да алименттен жалтара алмайды. Сонымен қатар, белгілі бір себептермен алименттен бас тартқан аналар, оны қайта талап ете алатын мүмкіндікке ие болып отыр соңғы өзгерістер бойынша.

«ӘКЕ» деген асқақ атқа дақ түсіріп, өз бақытын басқа тепкен қашқындар неге көбейіп кетті? Төмендегі статистикалық мәліметтерді көріп отырып «Неге бұлай?» деп налисың. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл басынан бері алимент пен айыппұл төлеуден жалтарған бес жүзге жуық «көкек» әкелердің мекен-жайын анықтапты. 283 қашқын әкелер іздестіруде жүр. Ал Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері облыстық сот актілерін орындау департаментінде 6486 алимент өндіру фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, перзенттеріне берешек әкелердің жартысынан көбі жауапкершіліктен жалтарып, қашып жүр. Ал Шығыс Қазақстанда төленбеген алимент саны 15 млн теңгеге жуықтаған. Ең сорақысы,  қашқын әкелер арасында халықаралық іздеу салынғандары да аз емес. Бұл тек бергі жағы, арғысына бойласақ, белшемізден батып қаларымыз сөзсіз. Ит пен мысық болып ырылдасып жүргенде ортада зардап шегуші тағы да бейкүнә бала болып отыр. Қынжылтатыны да сол.

Алысқа ат шаптырмай-ақ, өзіміздің аудандағы алимент төлеу жайына зер салып көрелік. 2015 жылдың басынан бері барлығы 2709 адам алимент төлеуші болып тіркелген. Соның ішінде нақты 8-і ғана алиментті уақытында төлеген. Ондайлар да бар екен. Мақала жазу барысында   адамгершілік деген асыл ұғымға сай келмейтін әрекеттердің басым болғанына қатты қынжылғанымды жасыру қиын, әлбетте. Қазіргі уақытта сот орындаушылардың өндірісінде 2476 «қашқын әке» баласының алдындағы берешегін бермей, қашып жүр екен. Сонымен, біздің ауданның төленбеген алимент саны жоғарыда  атаған  білдей  бір  облыстан да асып түсті. 17 млн. теңгеден астам қарыз «көкек» әкелердің мойнында. Көргеніңіз көңіліңізді түсірді ме, құрметті оқырман?!  Жазылған жай жүрегімізді жаншыласа да – ащы шындық сол. Аллаһтың жазуымен жетім атанғандарын жылатпаған халықтың ұрпағы едік. Бүгіндері тірі жетімдерді өзіміз қолдан жасап алып, туған әкелерін балаларына қарата алмай жүргенімізге жол болсын. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демей ме халық нақылында. Олай болса, өз көркімізді өзіміз қашырып, ақыр аяғында қу тіземізді құшақтап отырғаннан Алла сақтасын. «Әйелінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайды» (Мүршид-ун-ниса) деп әкенің отбасы мүшелері алдындағы парызы құранда да айқын жазылды емес пе?

Бәлкім, бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылықтарының төмендеп, азаматтық некелердің күн санап артуы жауапкершілікті төмендетіп жіберген шығар. Жанындағы жарының, одан көрген баланың да алдында ешқандай жауапкершілігім жоқ деп есептейтін еркектер «Неге мен оны асырауым керек. Біз – азаматтық некедеміз. Бір-біріміздің алдымызда ешқандай қарыздар емеспіз» деген арам оймен өздерін алдайтын болар. Сөйтіп, ортада тағы да бейкүнә бала зардап шегеді. Әкесін, тегін, жеті атасын білмейтін жетесіз ұрпақты өзіміз қолдан жасап алып отырған жоқпыз ба осы?! Азаматтық неке құрып, күнәға бел ортадан бір батқан еркек, өз кіндігінен жаралған баланы асыраудан жалтарып, екінші мәрте батады зор күнәға. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бет бұрса, ол менің үмметім емес» деген. Азаматтық неке қоғамның дертіне айналған бөлек бір ауқымды тақырып, оны бөлек сараптап жазармыз, әйтсе де бүгінгінің тақырыбы – қашқын әкелердің көбейіп кеткеніне бірден-бір себепші ме деп талдап отырған жайымыз бұл. Екіншіден, болашақ ер азаматтарымызға әкенің тәрбиесі жетпей жатқан сыңайлы. Үйде ана, мектебінде әйел ұстаздар. Себебі, ер азаматтар ұстаздық жолды көптеп таңдай бермейді. Ал мәселе де кеңінен зерттеу мен зерделеуді талап етеді. Қандай жағдайда болсын, өз баласын өзекке тепкен адамды ақтау былай тұрсын, түсінудің өзі мүмкін емес. Баз біреулер бір перзентке зар болып, бармаған жері баспаған тауы қалмай жүрсе, ендігілері бауыр еті – баласынан безініп, оның титтей ғана ішіп-жемін ауыр жүк санап, пендешілікке салынып жатыр. Бұл жазғанымыз бір адамның болсын санасын селк еткізсе, еңбегіміздің еш кетпегені. Жиырма бірінші ғасыр, білімді адамдар, жетілген техника. Ешкімге ештеңені түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Тек тура жолдан таймай, бабалар дәстүрін жоймай, «Әке – асқар тау, Ана – бауырындағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» деген ұстанымға сай болайық, әрқайсымыз өз орнымызды білейік, ағайын!

Алмагүл НҰҒМАН.

Оқылды 6006 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет