Бейсенбі, 20 Қазан 2022 10:12

Ащысай ауылында айтулы той өтті

Ауданымыздың аумағында орналасқан Қаратұрық ауылдық округі – халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы ілгерілеп келе жатқан, ынтымағы жарасқан тұрғындары бар аймақтың бірі болып табылады. Аталмыш округтің құрамына бірнеше ауыл кіретін болса, оның ішінде Ащысай  ауылының айтарлықтай айрықша өз орны бар. Биыл Ащысайдың іргесі қаланып, керегесі бекігеніне 95 жыл толды. Сол айтулы мерейтой  түрлі іс-шараларға астасып, жоғары деңгейде аталып өтті.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, ғасырға жуық тарихын қалыптастырған, берекесі ауылдастардың бірлігімен үлгі болған Ащысай ауылы расымен де, барлығына жеткен жетістігімен дараланады. Көңілі дарқан, берекесі бекем ащысайлықтар ауылдың айтулы тойына барын салғанын байқадық. Нақты айтар болсақ, өткен аптаның сенбісінде ащысайлықтар ауылдың 95 жылдық тойына орай ауқымды мерекелік шара ұйымдастырып, елді мекен  іргесіндегі атшабар алаңында құтты қонақтар мен қалың көпшіліктің басын қосты.

Мерейтойға арналған салтанатты шараға аудан әкімі Алтай Досумбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, аудан әкімінің орынбасары Куат Ақшабаев, аудандық ардагерлер ұйымының жетекшісі Тілеулес Ұзақов, бөлім басшылары мен округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

«Батаменен ел көгерер» дегендей, осы думанды шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі аузы дуалы ақсақалдардың бірі Асылбек Сүлейменовке беріліп, қариямыз жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, баталы сөзін арнады. Ауыл ақсақалының сөзінше 1922 жылы бүгінгі Ащысай ауылында 14 түтінінен тұратын Артель ұйымдастырылып, оның аты Өрнекті деп аталыпты. Ал 1926-1927 жылдары қазіргі Ащысайда  1-май колхозы құрылыпты. Бұл жиында туған елдің топырағына аунап, суын ішкен, өскен ортасына, жеріне аянбай еңбек еткен  ардагерлердің де аттары аталып, рухтарына тағзым етілді.

Ащысай ауылының 95 жылдық мерейтойына арнайы атбасын бұрған аудан әкімі Алтай Досумбаев ауыл жұртшылығын құттықтап, аталған елді мекеннің ырысты тірлігі үшін тер төгіп жатқан жандардың еселі еңбегіне табыс тіледі.

– Егемендігіміздің арқасында жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып жатыр. Бүгінде еліміздің экономикасының дамып, халқымыздың жағдайының жақсарып жатқаны – бабаларымыздың маңдай тері мен төккен қанының арқасы. Біз еш уақытта тарихты ұмытпауымыз керек. Соны өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына сіңіру — біздің басты мақсатымыз. Қойнауы тарихқа толы  өңірдің  бүгін 95 жылдығы аталып өтіп жатыр. Ауылдың орны өңіріміз үшін бөлек. Қай жағынан қарасақ та, ауыл ауданымыздың дамуына, өсуіне, абыройлы болуына зор үлесін қосып келеді. Аудан басшылығының атынан барлық жерлестерге, демеушілерге рахметімді айтамын. Бәріңізді ауылдың тоқсан бес жылдық мерекесімен құттықтай отырып, денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шарада арнайы шақыртылған құрметті қонақтар да өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Ардагер журналист Марат Тоқашбаев Ащысай өңірінде талай тарихи оқиғалардың ізі жатқанын баяндап, сол бір керемет кешулерді ұрпақ жадынан шығармаудың маңыздылығын сөз етті. Ал Алматы облысы мен ауданымыздың құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев ауылдың бүгінгі келбетін жасау үшін қажырлы еңбек еткен замандастарын еске алып, олардың ғибратты ғұмыры жайлы сыр толғады. Шарада елді мекенге еңбегі елеулі ел ағаларының есімдері де аталып, оларға аудан әкімі Алтай Досумбаев пен округ әкімі Айбек Ілебаевтың арнайы алғыс хаттары табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

Жазық даланың көкжиегі сахна сәнімен жарасып, онда күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлері көптің көңілін көтерді. Концерттік бағдарламаның шымылдығы ауыл өнерпаздарының «Ащысайым» әнімен ашылса, Арайлым Мамырбекова, Нұртас Қайрат сынды ауданымыздағы белді әншілердің асқақтата салған әні көрермен көңіліне қанат бітіре түсті. Ашық аспан астында сәні мен салтанаты келіскен сахнадағы концерт ұлттық ойындарға ұласқан спорттық бәсекемен жалғасты. Оның ішінде қазақ күресі, гір тасын көтеру сияқты күш сынасатын жарыстарды айтуға болады. «Күш атасын танымас» демекші, жазық далаға жиналғандар арасынан кіл мықты азаматтар шығып, өз бақтарын сынады. Боз кілемде белдескен балуандар күресінде Қырбалтабай ауылдық округі атынан жарысқа түскен Ерсін Хамза қарсыластарын қоғадай жапырып «түйе балуан» атанды. Келушілердің барлығы ақ дастарханнан дәм татып, бір-біріне деген ақ тілектерін ақтарып жатты.

Мерекенің нағыз қызған шағы атшабар алаңында орын алды десек болады. Барлығы асыға күткен аламан бәйге, құнан бәйгелер мен тай жарыстар көптің көңілін аудартты. Жалпы, мұндай спорттық ойындардан бөлек, көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар да насихатталып, ауыл маңайына жиналған меймандардың көңілін бір серпілтті. Кешқұрым ауыл ақсақалдары барлық жеңімпаздарды марапаттап, тиісті қомақты жүлделерін табыстады.

Осындай үлкен мерекелік салтанатты жиынды дүбірлі дода ретінде ұйымдастырған ауыл азаматтары мен округ әкімдігі ұжымының еңбектерін ерекше бағалауға болады. Туған жердің торқалы тойын есте қаларлықтай етіп өткізген ащысайлықтардың қай-қайсысы болсын туған еліне деген сүйіспеншілігін, шын жанашырлық қасиетін, жауапкершілігін барынша таныта білді. Келешекте де Ащысай ауылының берекесі мен беделі артып, ырысы тасыған ауылдас-тардың ынтымағы жарасып, мерейлі мерекелері молынан болсын, дегіміз келеді!

Е.АСЫЛ.

Оқылды 601 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет