Бейсенбі, 28 Шілде 2016 15:05

Ең басты назарда – ел ертеңі жас ұрпақ

Үлкен кісілеріміз тілек айтқанда «халқыңа қалаулы, еліңе елеулі азамат бол» деп жатушы еді. Сол сөз бүгінгі депутаттарымызға қарата айтылған сыңайлы. Олай дейтініміздің жөні бар. Ел қалаулылары жұмсақ креслода отырып емес, халық арасында жүріп мұң-мұқтажын тыңдау керек. Тыңдап та жүр. Айтпағымыз, жақында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі Зағипа Яхянқызы Балиева ауданымызға келіп, жұртшылықпен жүздесті. Салынып жатқан нысандардың жұмыс барысымен танысты. Аудандағы жетістіктер мен кем тұстарын депутатқа облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Бектасов, аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Құдайбергенов, «Нұр Отан» партия-сы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғожаев пен облыстық мәслихат депутаты Едіге Жарықбасов көрсетті.

 

Халық қалаулысының сапары Бәйтеректегі жаңа мектептен басталды. Ұлттық қордан бөлінген 1 млрдтан астам теңгеге  салынып жатқан оқу орнының құрылысы 2015 жылдың мамыр айында басталған болатын. Десе де, мердігер «Дуит телеком» ЖШС өкілдерінің айтуынша, жаңа оқу жылына дейін құрылысты бітіру екіталай. Оған соңғы күндері жауын-шашынның көп түсуі себеп. Құрылысты бастан-аяқ шолып шыққан Зағипа Яхянқызы:

– Мектепті қыркүйек айына дейін өткізуге тиіссіздер. Жауын-шашын тағы басқа да себептер үшін біздің бүлдіршіндеріміз неліктен қиналуы тиіс? Өздеріңізге белгілі, әл-Фараби атындағы орта мектепте балалар үш ауысымда білім алады. Балалар сапалы білім алуы үшін оған барлық жағдай жасалуы тиіс. Өздері мектепке сыймай жүріп қалайша сабақ оқымақ? – деп, мектеп құрылысын ұзаққа созбауды тапсырды. Тіпті, күндіз-түні бірнеше ауысыммен жұмыс істеуді жүктеді.

Айта кетейік, бүгінде мектептің негізгі монтаждау жұмыстары аяқталған, тек, ақтау-сырлау мен есік терезелерін орнату сынды жұмыстар қалған. Ал, Рахат ауылдық округіне қарасты Азат ауылындағы 300 балаға арналған мектептің құрылысы аяқталған. Нысанға ат басын бұрған Зағипа  Балиева мердігердің атқарған жұмыстарына толықтай көңілі толатындығын жеткізді. Тек линолеумдардың дұрыс бірікпеуі мен баспалдақтардың қырын кесіп тастау сынды олқылықтарға ескерту жасады. 

– Баланың аты бала. Ойнайды, бірін-бірі қуалайды. Абайсызда құлап кетсе, баспалдақ пен іргетастың қырлары бір жерлерін қатты жаралауы мүмкін. Сондықтан, бұларды кесіп тастау керек – деді Зағипа Яхянқызы. Сонымен қатар, ауылдағы демографияның қарқынды өсіміне қарап, алдағы уақытта ауылдың екінші басынан жаңа мектеп салынуы мүмкін дегенді айтып қалды. Расымен де, болашақта жаңа мектепке де оқушылардың сыймасы анық. Өйткені, округтегі адам саны қарқынды түрде өсуде, сондай-ақ, көшіп келушілер саны күн санап артуда. Оған қоса, Зағипа Яхянқызы балалардың денсаулығына да қатты алаңдайтындығын айтты. Мектепте «пепси-кола мен чипсы, кириешки» сынды сусындар мен тағамдар мүлдем болмау керектігін қатаң тапсырды.

Осы күнге дейін ауыл балалары іргедегі Талғар қаласының мектептеріне қатынап оқитын азаттықтардың қуанышында шек жоқ. Зәулім сарайға бергісіз заман талабына сай кең мектепте балалары білім нәрімен сусындамақ. Осындай қуанышқа куә болған Мәжіліс депутаты Бәйтерек округіне қарасты Алға ауылының орта мектебіне табан тіреді. Өткен ғасырдың орта тұсында салынған мектептің бүгінде әбден тозығы жеткен. Қабырғалары қақырап тұрған ғимаратта қыстыгүні балалар дірдек қағып отырады. Оған қоса, кабинеттері тар, талаптарға сәйкес келмейді. Осының бәрін көзімен көрген Зағипа Яхянқызы жағасын ұстады. Мұндай апатты мектепте балалардың қалайша білім алып жүргеніне таң қалғанын жасыра алмады. Тіпті, мектептің спорт залын көргенде осында білім алатын оқушыларды аяп та кетті. Кішкентай ғана бөлменің еденін бір метрдей қазып, спортзал жасап қойған. Спортзал деген аты болмаса, өзі кішігірім қоймаға ұқсас. Ал мектептің бір бөлігін сатып алған азамат мектепке жанастырып үй салып жатыр. Екі ғимараттың арасы тіпті 20 сантиметр де шықпайды. Техникалық талаптарға сай келмейді. Бәрін айт та бірін айт, осындай оқу ордасында білім алып жатқан балалардың жағдайына қиналған Зағипа Балиева келер жылы жаңа мектеп салғызып беретіндігін айтты. Жоспарға ілініп кетсе, бір-екі жылда Алғаның бүлдіршіндері жаңа мектеп табалдырығын аттамақ. Ғимараттарды аралаған Мәжілісмен түстен кейін Рахат округіне қарасты Қайназар ауылының жұртшылығымен жүздесті. Жиналыс басында ауылдың тазалығы мен жастар мәселесіне тоқталды:

– Мен ауылға кіріп келе жатып-ақ жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушының жұмыс істемейтіндігін байқадым. Кіре-берісте шашылған күл-қоқыстарды, жол жиегінде жатқан керексіз бетондар мен жарамсыз болған арықтарды көрдім. Егер жастардың жетекшісі ұйымдастыра білсе, ауылдың жастары белсенді болса, мұндай нәрсе болмас еді – деп өз ренішін білдірді. Сондай-ақ, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Айдана Ақжолқызына жастарды біріктіріп, бірінші кезекте елді мекеннің тазалығымен айналысуды жүктеді. Кейіннен, жұртшылық алдында өз есебін беріп, өзгеріс енген кейбір заңдар мен заң нормаларына тоқталып өтті. Депутат қана емес, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Яхянқызы еліміздегі жасөспірімдер туралы бірнеше жаға ұстатарлық мысал келтірді:

– Осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 2074 бала қайтыс болған. Бірі абайсызда суға батып немесе көлік апатына ұшыраса, енді бірі өз-өзіне қол салған. Бұл – сұмдық көрсеткіш. Ата-аналарымыз бала-шағаның қамымен күндіз-түні жұмыста. Ал балаларымыздың немен айналысып жүргенін үнемі бақылауда ұстамаймыз. Сондай-ақ, 12 жасқа толмаған 200-ге жуық қызымыз жүкті болып қалған. Ал қыздарымыздың 30 пайызы ана болу бақытынан айырылған. Бұның барлығы тәрбие мен саламатты өмір салтын ұстанбаудың кесірі. Фаст-фуд тағамдарынан мүлдем бас тартуымыз керек – деді Зағипа Балиева. Сонымен қатар, жас аналардың дұрыс тамақтанбауының салдарынан балалардың 30 пайызға жуығы мүгедек екендігін айтып, жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Жиын соңында ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Мәжілісменге шағымданған жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлі күнге үй ала алмай жүргендерін айтты. Мәселені шешуді «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына тапсырды.

Зағипа Балиеваның келесі сапары Шелек өңіріне бағытталды. Бұл жолы аудан әкімі Бинәлі Ысқақ пен белгілі суретші, этнограф Амандос Ақанаев, облыстық мәслихат депутаты Жангелді Осан, аудандық мәслихат депутаты әрі мұражай директоры Гүлмира Мұхтаровамен Асы ауылдық округіне қарасты қорғандарға барып, жай-күйімен танысты.

– Бұл – аудан аумағындағы үлкен қорғандардың бірі. Мұнда тайпа көсемі немесе патша жерленген болуы мүмкін. Бірақ, қорған тоналған. Мұны қайта зерттеуден өткізу керек – деген Гүлмира Мұхтарова қаржы бөлінсе қорғанды қалпына келтіруге болатындығын жеткізді. Расымен де, қорғанның үлкендігі сондай, алыстан ап-анық көрінеді. Ал оның айналасында қоршалған тастар, археологтардың айтуынша сол заманда қойылған. Ғылым мен техника жоқ ескі заманда ата-бабаларымыз осындай геометриялық кескінмен тастарды орналастырды дегенге сену қиын. Қорғанның айналасына шеңбер тәріздес қойылған             тастар картадан анық көрінеді. Ал қорғанның үстіне шығатын жолға баспалдақ тәрізді орнатылған тастар сол заманғы өркениеттің айғағындай. Бабалар мұрасына куә болған Зағипа Яхянқызы алдағы уақытта қорғанды қорғауға алудың мәселесімен айналысатындығын жеткізді. Тіпті, қорғанды қалпына келтіріп қана қоймай, осы маңнан туристік аймақ ашуға болатындығын тілге тиек етті.

Асы округіне қарасты Жаңашаруа ауылындағы орта мектептің бүгінгі жағдайын біз бұрындары жазған болатынбыз. Мектеп ыңғайландырылған 3 корпустан тұрады. Бірінші ғимарат 1932 жылы қамыстан салынған. Бүгінде қабырғалары сөгіліп, іргетасы мүлдем жоқ, апатты жағдайда тұр. Қалған екі ғимараты 60-70 жылдары салынған. Жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, санитарлық талаптарға сай емес. Шіріген еденнен шыққан иіс қолқаны қабады. Осындай жағдайда білім беріп жатқан оқу ордасына Зағипа Балиева әдейі табан тіреді. Ауылдың ақсақалдары мен ұстаздар қауымы мәжілісменге жалғыз тілектері – жаңа мектеп екендігін айтып шағымданды.

– Ауылымыздағы балалар саны күн санап артып келеді. Ал мектебіміздің жағдайын өзіңіз көріп тұрсыз. Осыған байланысты оқушыларымыз көрші ауылдарға барып оқуға мәжбүр – деген Жангелді Осан мектеп салынса деген ниетін білдірді.

– Елбасы ең алдымен апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешуді тапсырған болатын. Ал мына мектептің жағдайын көріп, ауыл балалары неге қаладағыдай зәулім мектепте заман талабына сай білім алмасқа деген ойға келдім – деген Зағипа Балиева қаржы мәселесін шешіп, бас-аяғы бір-екі жылда 120 орындық жаңа мектеп салынатындығын қуанышпен жеткізді. Атаның емес адамның баласы болып, халықтың мәселесін шешіп жүрген Мәжіліс депутаты Зағипа Яхянқызына ауыл тұрғындары ақ батасын беріп, алғыстарын жеткізді.

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 3049 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет