Дүйсенбі, 20 Наурыз 2023 16:25

Айлардың ең қайырлысы

Әлем мұсылмандарының сағына күтетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келіп жетуі – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Өйткені, қасиетті Рамазан айы – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, тақуалықтың, нәпсі тәрбиесі мен  кешірімділіктің айы.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айы кіргенде адамдарды сүйіншілеп: «Ақиқатында Алла Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, тозақ есіктері жабылатын және шайтандар кісенделетін ай. Осы айда мың айдан қайырлы түн бар. Кім де кім осы түннің жақсылығынан құр қалса, барлық жақсылықтар мақұрым болғаны», – деп айтатын болған.

Дін мен дәстүрін ардақтаған халқымызда Рамазан айы келгенде:

Айтамыз жарапазан ауылыңа,

Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.

Береке, құт әкелсе, Ораза айы,

Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан! – деп жарапазан шырқаған.

Көріп отырғанымыздай ата-бабаларымыз қасиетті айды осылайша ардақтаған. Біз де бұл айды шамамыз келгенінше құрметтеп, ораза ұстап, Алла Тағаланың кешірімін алуға тырысуымыз қажет.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын үміт етіп, ораза ұстаса, оның бұрынғы жасаған күнәлары кешіріледі», – деп айтқан.

Қасиетті Рамазан айының кешірім айына айналуы үшін мұсылман адам мынадай амалдарға ерекше мән бергені дұрыс. Ең бірінші парызы – ораза ұстау. Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын...» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған  күнәлары  түгелдей  кешіріледі», – деген.

Мұсылманның оразасындағы пайдасы – таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бой алыстатады және сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді.

Ораза сөздікте «бір нәрседен алыстау», ал шариғи мағынасы «ораза ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтану және белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу» дегенді білдіреді.

Оразаның негізгі шарттары: мұсылман, балиғат жасына толған әрі ақыл-есі түзу болу және ораза ұстауға күші жету. Иә, ораза ұстау әрбір мұсылманға парыз. Ал бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Сондай-ақ, науқас немесе жолаушыларға да ораза парыз емес.

Алайда ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасының қазасын өтейді. Құранда бұл жөнінде былай делінеді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» («Бақара» сүресі, 184-аят).

Ораза ұстаған адамға мына нәрселерді жасау да жақсы іс болып табылады: бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл тұрғыда былай дейді: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар».

Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», – деп айтқан. Ауызды құрма немесе сумен ашу – Пайғамбар сүннеті.

Рамазан айына тиесілі құлышылықтың бірі әрі сауапты амал ол – тарауих намазы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.

Мұсылман адам Рамазан айында ораза ұстаумен қатар, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлуі керек. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қолұшын созу сауап амал болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген адам ораза ұстаған жанның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да ешнәрсе кемімейді», – дейді.

Аузы берік адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп айтқан.

Оразаның адамға әкелер рухани пайдасы – тақуалық, сабырлық, көркем мінез-құлық, уақытты жүйелеу. Сондай-ақ, қоғамға тигізер пайдасы да бар. Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету, теңдік пен әділдікті сүю, өзара мейірімділік көрсету, барлық күнә атаулыдан сақтану, тағысы тағы осылай кете береді.

Жаратқан Алла құлдарын неден тыйса, онда бір зияндылықтың болғаны секілді, неге бұйырса, онда жақсылық пен адамға келтірер пайда бар екенін ескергеніміз жөн. Сол сияқты ораза да денсаулыққа аса пайдалы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады», – деген сөзі бар.

Оразаның қандай пайдасы бар? Қысқаша айтқанда асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді. Ораза ұстап, ауыз бекіткен кісі құлшылығының дұрыс орындалуы үшін мына нәрселерге аса мән бергені жөн.

Оразаны бұзатын нәрселер:

- таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу;

- жыныстық қатынаста болу;

- дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар екпе қабылдау және темекі тарту;

- әдейі құсу әрі ауыз толы құсықты жұту.

Оразаны бұзбайтын нәрселер:

- ұмытып ішіп-жеу;

- қан алдыру;

- ауыз, мұрынды шаю;

- шомылу, төбеден су құйынып жуыну;

- бой дәретсіз таң аттыру;

- еріксіз құсу;

- көзге сүрме жағу;

- еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру;

- түкірік жұту;

- тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.

Ораза ұстауға шамасы келмейтін жандарға дінімізде «фидия» садақасын беру міндетті. Бұған ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер жатады. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті.

Рамазан айының және бір ерекшелігі мың айдан да қайырлы болған Қадір түні бар. Сондықтан Қадір түні – Рамазан айының ең бір маңызды кезеңі саналады. Қадір түнінде көктегі періштелер жерге түседі. Сондықтан, қасиетті Қадір түнін құлшылықпен көбірек өткізу керек.

Оразаның қасиеттері жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай дейді: «Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан», «Кім Алланың разылығы жолында бір күн ораза ұстаса, оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», тіпті, ораза ұстаушының жасаған дұғасы да қабыл болатындығы айтылады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарыл-майды», – деген.

Қадірменді жамағат!

Олай болса, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін санаулы ораза күндерін сауапты әрі игі істермен өткізуге күш жұмсайық. Ең бастысы мұсылманның оразасы тек ашығумен ғана шектелмей, игі амалдарды атқаруымызбен толығуы қажет. Алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, еліміз бен отбасымыздың есендігі үшін де дұға жасайық, ағайын!

Ибрагим ҚОНДЫБАЕВ,

Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы.

Оқылды 4382 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

ЖИЗНЬ, ПОСВЯЩЕННАЯ РОДИНЕ

«Родина у нас одна» – такая обыденная, не требующая доказательств аксиома… Но так ли она…
Мам 04, 2024

Әскерилер қаржылық сауаттылығын…

«AMANAT» партиясы бір жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаның…
Мам 04, 2024

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы жұмыс сапары аясында аудан…
Мам 04, 2024

Бір шаңырақ астында

Ынтымақтастық пен бірлік – мемлекеттің даму кепілі. 130-дан астам этносты бір мақсатқа…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет