Күндер бойынша реттелген элементтер: Жұма, 27 Наурыз 2020

Карта әр сағат сайын жаңарып тұрады. Бұл картаны жасауға 45 адам жұмылдырылды. Ал егер карантинде болған адам 14 күннен кейін карантиннен шықса картадағы нүкте автоматты түрде жойылып кетеді

Published in Санаты жоқ

Төтенше жағдай режимінің қолданылу кезеңінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне бармай, «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін сырттай форматта алу тетігін әзірледі.

Қызмет «Электрондық үкімет» порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы берілген электрондық өтініш негізінде ұсынылады.

Мемлекеттік қызметті алу үшін азамат қажетті құжаттардың сканерленген нұсқасымен қоса тиісті стандартқа сәйкес өтінішті толтыруы тиіс. Өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет.

Бұдан әрі өтініш көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаментіне жіберіледі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізілгеннен кейін оның нәтижелері көрсетілетін қызметті алушыға sms-хабарлама арқылы, «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетке немесе «Электрондық өтініш» сервисі арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі.

Айта кету керек, төтенше жағдай кезеңінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне қайта куәландыруға келмеген азаматтарға өткізіп алған кезеңіне 2020 жылғы 16 ақпаннан бастап мерзім белгіленетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметі 250 мыңнан астам азаматқа оның ішінде алғаш рет 57 мыңға жуық азаматқа көрсетіледі, 2019 жылы 252 мың адам қызметті алды.

Бүгінгі күні Қазақстанда мүгедектігі бар 700 мыңға жуық адам тұрады.

Дереккөз: ҚР ЕХӘҚМ

Published in Санаты жоқ

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдармен байланыссыз атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) ала бастайды.

Әлеуметтік көмекті қайта тағайындау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары арқылы деректерді тексеру жүргізіледі, атап айтқанда тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, кірістер және т.б. Егер отбасы құрамы өзгермеген жағдайда, тағайындауға өтініш қолда бар деректер негізінде қалыптастырылатын болады. Бұл үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері 1-тоқсанда АӘК алған азаматтар үшін өз бетінше өтініш жасайды және АӘК тағайындау өлшемдеріне сәйкестігін тексереді.

Барлық ақпарат, сондай-ақ хабарламалар электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы жіберілетін болады.

1-тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған азаматтарға АӘК тағайындау үшін egov.kz порталы арқылы өтініш жіберу қажет. Әрі қарай жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында тексеріп, нәтижесін электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хабарлайды.

Бұл ретте учаскелік комиссиялар көшпелі тексерулер жүргізбейді. Барлық қажетті құжаттарды азаматтардан электрондық пошта арқылы немесе мессенджерлер арқылы сұрататын болады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері АӘК алушылар 102,4 мың отбасы немесе 527,6 мың адам болды. АӘК алушылардың 41,5 %-ын көпбалалы отбасылар құрайды.

Дереккөз: ҚР ЕХӘҚМ

 

 

Published in Санаты жоқ

Коронавирус індетінің таралуына байланысты елде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл індеттің сырқат адамның түшкіруі не жөтелуі арқылы жұғатындығы айтылса, бетперденің бұл індетпен күресте маңызы арта түсуде. Осыған орай, аудан дәріханаларын аралап, бетперденің бары не жоғы және бағасын білмекке ұмтылған едік.

Респираторлы маскалар 1200 теңге делінсе, қарапайым маска 1000 теңге деді Түрген ауылындағы дәріханалардың бірі. Қарапайым маска Алматы қаласынан жеткізілетіндіктен қазір жоқтың қасы. Ал Алматы қаласы төтенше жағдай жариялануаны байланысты жабық. Сол себепті маска тапшылығы орнап, ал бар масканың бағасы шарықтап кеткен. Осы орайда айта кеткен жөн, коронавирус ауруын жұқтырған адамдар саны 5 328 адамға жеткен, оның 32-сі қайтыс болған Оңтүстік Корея елі масканың бағасын 1 долларға дейін төмендеткен. Бұрындары бағасы 1 доллардан жоғары болған. Осындай қиын-қыстау кезең кәсіпкерлердің халыққа болысып, ең алғы қорғаныс құралы масканы қымбаттату орнына арзандату жолын қарастыруы қажеттігін білдірсе керек. Осыған орай, жақында жауапты министрлік тарапынан бетпердеге шекті баға қойылды. Масканың құны 87 теңгеден аспауы тиіс.  Жақында жаңалықтардан Ақтөбе қаласының тұрғыны, 10 сынып оқушысы Әділет Амангелдиевтің әпкесі тіккен маскаларды қала көшелерін аралап жүріп тегін таратқаны туралы ақпарат тарады. Жанашыр жан масканы 70 адамға таратқан.

Мұндай мысалдар жетерлік. Қытайдың Ухань қаласында індеттің таралуы кезінде тұрғындардың барлығына маска тағу және медициналық қолғап кию міндеттелді. Ал егер маскасыз және қолғапсыз көше кезген тұрғын анықталса қатаң жазаланды. Осылай олар Ухань қаласында коронавирус ауруын түбегейлі жойғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, қарапайым халық үшін маска қорғану құралына айналса, кәсіпкерлер үшін пайданың көзі. Ал жалпы, масканы сатып алмай-ақ, оны қолдан жасап алудың түрлі тәсілдері көрсетілуде. Мысалға қарапайым дәкені бірнеше қабаттап, кәдімгі масканың формасы іспетті етіп тігіп алуға болады. Қанша қабат қылсаңыз да өз еркіңіз. Неғұрлым қалың болса, соғұрлым пайдалы.

 

Әділет САРЫБАЙ

 

***

Қазақта «Иттің боғы дәрі болса, дәрияға тышады» деген сөз бар. Дөрекілеу болса да, дөп айтылған сөз. Коронавирус басталғалы бері кезінде қаптап тұрған талай затты бүгінде емге таппайсыз. Ал одан бірталай мәселе туындайтыны айтпаса да түсінікті. Соның бірі – маска мәселесі.

Эпидемия пайда болғалы бері масканың қаны жерге тимей тұр. Ең әуелі, екі-ақ сағатқа жарайтын бір рет пайдалануға ғана болатын түрлерінің өзі тапшы. Дәріханалардан табу қиын, болса да бұрынғы өз құнынан бірнеше есе қымбат. Десе де, осы бағаның өзіне табылғанына қуанатын жағдайға жеттік.

Бұл мәселе «жоғарыға» да жетіп, жалпы қоғамдық сипат алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елімізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін ресми мәлімдеді.

Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етіп, еліміздің барлық азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға және бетперде тағуға шақырды. Сонымен бірге, барлық қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарға тегін маска таратылуына жағдай жасауға шақырды әрі бұл Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет екендігін атап өтті.

Соңғы кездері ауданымыздағы дәріханаларда маска мен керекті препараттардың жетіспеушілігі байқалуда. «Мен маска іздеп бірнеше дәріханаға кіріп шықтым. Бірақ бірде біреуінде маска жоқ. Алдын-ала сатылып кеткен. Маска дәріханаларда болмаса да алыпсатарлардан табуға болады. Тек бағасы өте қымбат. Бұрынғы 40 теңгелік маскалар 150-200 теңге көлемінде сатылуда»,– дейді аудан тұрғыны А.Таңжарық. Оның пікірін тағы бірнеше азамат қолдап шықты. Олардың сөзінше масканы қолдан тігіп сатып жатқандар да бар екен.

Соңғы кездері ел билігі маска мәселесін шешуге барынша күш салып жатқаны байқалады. Бұл жағынан алаңдаудың қажетсіз екені де айтылуда. Алдағы күндері масканың жетіспеушілігі өз шешімін тауып, барлығы ойдағыдай болатынына халықты сендіруде.

Н.Тілеуқабыл

Published in Мақалалар
Жұма, 27 Наурыз 2020 10:38

Ашкөздік – айықпас дерт

Соңғы кездері коронавирус немесе карантин деген сөздерді жиі естіп жүргеніміз рас. Көршіміз Қытайда басталып, бізді ғана емес барша әлемді тітіреткен бұл  аурудың алдын алу үшін не істелмей жатыр десеңші! Сонау Италия, Иран секілді елдердегі жағдайды көзбен көрмесек те естігеннен-ақ тіземіз дірілдейтіні де шындық. Бұл тажал біздің еліміздің де шекарасынан аттап, соның әсерін бәріміз сезініп жатқанымыз мәлім. Десе де осы екі сөздің қатарына тағы бір сөз қосылды. Ол – қымбатшылық.

Жығылғанның үстіне жұдырық болып мұнай арзандап, доллар көтеріліп есіміз шығып жатқанда коронавирус та ел аумағына кіріп үлгерді. Енді осы алапаттың алдын алу үшін билік барынша қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Ол үшін вирустың таралу жолдарына тосқауыл қоюдың амалдарын жасауға көшу керек. Міне соның бірі – Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына кіріп-шығуға шектеу қойылып, басқа аймақтардан оқшаулануы. Яғни, карантинге жабу. Оның қатарында адамдардың топталуына тыйым салынып, кей объектілердің жабылуы да кәсіпкерлерге оңай тимесі анық.

Осындай кезде жалпы халықтың қажетті заттар мен азық-түліктерді жаппай сатып алуы белең алатыны белгілі нәрсе. Ал жаппай сатып алудың ақыры кейбір қажетті тауарлардың жетіспеушілігін тудырады. Осының кесірінен ол тауарлардың да бағасы жоғарылайды. Әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмектерге сұраныс артқан сайын, тиісінше құны да жоғары бола түспек. Мұның ең тиімсіз жағы бұрынғы еңбек етіп, табыс тауып жүргендердің қатары азайып, халықтың дені тек тұтынушыға айналатындығы. Әрине, бұл жағдай көпке созылмайды, десек те экономикаға әсер етпей қоймайды.

Жоғарыдағы аталғандардың барлығы қымбатшылықтың пайда болуына жеткілікті себеп екені рас. Дегенмен олар мәңгілік емес, уақытша ғана құбылыстар. Уақыты келгенде мұнайға сұраныс артып еліміздің жағдайы жақсарып, еңсесі тіктелер. Міне, сол кезде теңге де өз құнын жоғарылатып, құнды валюталардың біріне айналар. Ал әлемді шарпыған коронавирустың да емі табылып, кезіндегі оба, сүзек, шешек секілді тарихтың қойнауында қалар. Әрине, оның бәрі мүмкін нәрсе. Мұндағы қымбатшылықтың басты қозғаушы күші әрі тарих басталғалы бері өмір сүріп келе жатқан кесірлі нәрсе – атың өшкір ашкөздік пен ынсапсыздық. Онсызда кезі келгенде опырып қалуды ойлайтын құлқынның құлдары қай кезде де болғанын жақсы білеміз.

Нарықтық экономика деп аталатын капиталистік қоғамда бағаны базар нарқы реттейді әрі әркім өзі қалаған бағасын қоюға құқылы. Ашкөздік билеген пенделер 10 теңге тұратын затты үшін 100, тіпті 1000 теңге сұраудан ауыздары қисаймайды. Еш себепсіз бағаның уақыт өткен сайын аспандап өсуінің басты, негізгі және бірден-бір себебі де, міне, осы. Осындай еліміз жан-жақты қыспақта тұрған кезеңде базарға барып аралап қайтсаңыз ашкөздіктің көкесін бойына сіңірген пенделердің түр-түрін көрер едіңіз. Егер бұл қылығының себебін білмек болсаңыз доллардың көтерілгенін сылтауратар немесе басқа бір уәж айтар. Әйтеуір, өз істерін ақтап алары анық. Бүгінде қат болып тұрған азық-түліктер мен дәрі-дәрмектердің бағасының аспандап кетуінің астарында да осы бақай есеп жатыр. Яғни, біреудің қиындығынан пайда тауып, тәуелділігінен теңге жасау. Өзі не істерін білмей тұрған бейбаққа көмектесіп, жол сілтеудің орнына қалтасын қағуға дайын тұрған пайдакүнемдерді көргенде таң қалмасқа шараң жоқ.

Кезінде О.Сүлейменов «Адамға табын, жер енді» деп асқақ жыр жазды. Адам барша әлемді, табиғатты билейтін нағыз құдай да, құдайдан былай да емес тіршілік иесі дегенге бәріміз құлай сендік. Бірақ сол адам атты екі аяқты саналы пенде қазір нарық деп аталатын монстрдың табанының астында жан даусы шығып «ойбайлап» жатыр. Бес-алты жылда бір қайталанып отыратын ұстамалы ауру сияқты «дағдарыс» деген кесапат адамзатты табанына салып, әбден илейді. Оған қарсы қолданар шарасы жоқ, бейшара пенделер көкала қойдай болып таяқ жегеннен басқаға қауқарсыз.

2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысында есеңгіреген біраз елдер әлі күнге содан естерін жия алмай отыр. Алпауыт АҚШ-тың өзін дағдарыс шаңырағын шайқалтып, біраз әбігерге түсірді.

Иә, ашкөздік – айықпас ауру. Барлығы өз басымен қайғы болып жатқанда қалтасының қамын ойлайтындардың қатары аз емес. Тіптен осыны пайдаланып ұрлық-қарлық, тонаушылық істейтін арсыздарда арасында төбе көрсетіп жатады. Қашанда қиындық пен сынақ барлық халықтардың басында болған. Тек намысы мен адалдығын алға қойып, ынсабы мен нәпсісін жеңе білгендер ғана ол қиындықтан аман-сау шыққанын қарт тарих талай дәлелдеген. Ендеше осы сынақтан да ашкөздіктің аранына жұтылмай, әділеттің ақ туын желбіреткенде ғана аман өте аларымыз анық.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Published in Мақалалар
Жұма, 27 Наурыз 2020 10:30

Откуда цены растут?

 

Несмотря на принятые меры, ценовой прессинг на продукты питания  ощутили на себе все жители района. Однако в этом «виновата» не местная торговля. Районный отдел предпринимательства, который ведет ценовой мониторинг на основные продукты питания, констатировал факт, что надбавки в розничной сети не превышают 15 процентов от оптовых. Рост розничных цен на продукты в магазинах и на рынках прежде всего спровоцировали надбавки на оптовках южного мегаполиса, откуда идут поставки в район. Так, оптовая цена на сахар перед Наурызом выросла до 225 тенге за килограмм, тогда как в январе не превышала 185 тенге, оптовая цена картофеля со 150-140 тенге поднялась до 180 тенге за килограмм. Мешок муки на момент введения карантина 19 марта на рынке стоил до 10 тыс.тенге, мешок картофеля – до 8 тыс.тенге. Ситуацию осложняют карантинные меры по  ограничению движения транспорта, из-за чего возникли трудности по доставке продуктов из Алматы в торговые точки района. Но для пекарен мука до конца марта имеется в достаточном количестве, ограничений в продаже формованного хлеба быть не должно, и цена на него не будет повышаться.

И.ВИКТОРОВ

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет