Күндер бойынша реттелген элементтер: Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020

Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың мәселесі бірінші кезекте шешіледі. Оларға төленетін атаулы әлеуметтік көмектен бөлек бірнеше жеңілдіктер қарастырылған.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен кәмелеттік жасқа толмаған 4 немесе одан да көп балалары бар отбасыларына табысына қарамастан айына 42 мың 500 теңге және бала санына қарай одан да жоғары әлеуметтік көмек төленетін болды. Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың балаларына азық-түлікпен де көмек көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 5 қаңтардағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Респуб-ликасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 4-тарауының 37-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған кезде бір мезгілде бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру туралы шешім қабылданды. Яғни, 41-тармағына сәйкес, бір жастан  алты жасқа дейінгі балаларды кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес азық-түлік жиынтықтарын және тұрмыстық химия тауарларын сатып алуды жүргізеді.

– Биылғы жылы мемлекеттік сатып алу арқылы тендерді «Magnum» ЖШС-і ұтып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен ағымдағы жылдың 21 ақпанында келісім-шарт жасалды. Наурыз айының 13 жұлдызында қаңтар айында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларының бір жастан алты жасқа дейінгі балаларына тиесілі 1307 дана әлеуметтік топтама таратылды. Оның ішінде бір жасатан үш жасқа дейін 609, үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға 698 кепілдендірілген әлеуметтік топтама қала, ауылдық округтері арқылы үлестірілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыгүл Айсина.

Бөлім басшысының сөзінше, балалардың жасына қарай азық түлік нормалары бекітілген. Бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға ультра пастерленген сүт, балалар печеньесі, жеміс пюресі, гипоаллергенді ботқа, көкөніс пюресі, өлшеп оралған мақта сұлы геркулес беріледі. Бұл тауарлардың барлығы гипоаллергенді және салмағы мен сапасы келісім-шартта көрсетілген.

Ал үш жастан алты жасқа дейінгі балаларға таратылатын заттардың тізімі өзгеше. Оған ультра пастерленген сүт, бидайдың қатты түрінен жасалған макарон өнімі, өлшеп оралған мақта сұлы геркулес, тағамдық күнбағыс майы, классикалық гемотаген, құрамында тұтас дәнді дақылдар бар таңғы асқа арналған сүт жастықшалары, 5 айдан жоғары балалар печеньесі, арпа жармасы, ұнтақ жармасы, бұршақ, қарақұмық пен табиғи бал кіреді.

 

С.НҰРАДИН

Published in Мақалалар
Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 11:16

Ерлікпен пара-пар

Қысылтаяң уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімізге қолдау көрсетудің маңызы зор. Әрқайсымыздың кісілігіміз де, кішілігіміз де осындайда сыналады емес пе?!

Жаһанды жаулаған жаман дертпен күресте кез келгеніміз ерлік жасай аламыз. Оның ең қарапайымы – карантин уақытында үйде отырып, тәртіпке бағыну болса, мүмкіндігімізге қарай көпшілікке көмек беруіміз де ерлікпен пара-пар әрекет. Бетперде тігіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, қарттар үйі мен балалар үйіне таратып жатқан жандар туралы жазып жатырмыз. Ауданымыздағы ерікті жастардың қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік жеткізіп беріп, алғысын алып жатқандарынан да хабардарсыздар.

Осындай тағы бір айқын мысалды «Айдарбаев» шаруа қожалығының иесі Ерік Айдарбаев көрсетті. Өз қызметкерлері – 250 адамға, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 27 отбасына 3 млн 735 мың теңгеге азық-түлік алып, теңдей таратты. Бір-бір қаптан ұн, күріш пен қантын үлестірген Ерік Айдарбаевтың бұл ісі өзге де кәсіпкерлерге үлгі болса игі.

Абай атамыз айтпақшы, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Published in Мақалалар

Қазақстанда иммигранттардың елге кіру және шығу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда «Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан аумағынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуын тоқтата тұру туралы» Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіліп отыр.

««ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуын тоқтата тұру туралы» ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 қаңтардағы № 10 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін: Қазақстан Республикасына келудің, болудың және одан кетудің жетпіс екі сағаттық визасыз режімінің қолданылуы бөлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуы 2020 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын», - деп жазылған Үкімет қаулысында.

Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіліп, ресми түрде жарияланды.

Дереккөз: inform.kz

Published in Санаты жоқ
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет