Әлемді дендеген дерт – коронавирусқа байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дүйсенбіден бастап елімізде төтенше жағдай жариялап, ойын-сауық орталықтарының жұмысы мен ауқымды шараларды өткізуге шектеу қойды. Осыған орай, аптаның алғашқы күнінде аудандық әкімдікте селекторлық жиын өтті. Видеобайланыс арқылы қатысқан барлық аудан мен қала басшыларына облыс әкімі Амандық Баталов тапсырмалар берді.
– Өздеріңізге белгілі, Президент еліміз бойынша төтенше жағдай жариялап, вирустың таралмауы бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Біз осы бойынша жұмыс жүргізетін боламыз. Ең алдымен, азық-түлік бағасын өсірмеу басты назарда болуы керек. Кейіннен, бекітілген тәртіп бойынша жұмыс жасаймыз. Ірі ойын-сауық, көңіл көтеру орталықтары толықтай жұмысын тоқтатады. Дүкендер жұмыс істейді. Мәдениет, спорт шаралары болмайды – деген Амандық Ғаббасұлы той-томалақтарды да өткізбеу керектігін жеткізді.
Өмір болған соң, өлім-жітім жағдайлары да орын алады. Марқұмды жерлегеннен кейін, жетісі, қырқы, жыл асы сынды жиындарды, тойларды жасамау керектігін айтты. Бұл, әрине, уақытша. Осы ретте, тұрғындарға түсіністікпен қарап, бірігіп әрекет етуге шақырды. Жоғарыда аталған қауіпсіздік шараларына бей-жай қараған басшылар жазаланады.
Жиын барысында елді мекендерден түрлі сауалдар қойылды. Бәйдібек би ауылындағы аптасына бір күн жұмыс істейтін мал базарының мәселесі де көтерілді. Алдағы уақытта, мал сататын базар төтенше жағдайға байланысты жұмыс істемейді.
Карантинге немесе оқшаулауға жатқызылуы тиіс адамдар дәрігерлерге қарсылық танытып, бас тартқан жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылып, мәжбүрлі түрде ем қабылдайтын болады. Бұған тікелей тәртіп сақшылары араласады.
Адамдар көп жиналатын, әсіресе, халыққа қызмет көрсету орталықтарын облыс резервінен қаражат бөлініп, дезинфекция жасайтын құрылғылар алынады. Қоғамдық көліктерге соңғы аялдамаларда дезинфекция жасалады. Көктемгі сенбіліктер өз кезегімен өткізіледі. Бірақ, оған тұрғындар тартылмайды, коммуналдық қызмет жұмысшылары тазалыққа жауап береді.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Алматы облысында коронавируспен ауырған адам тіркелген жоқ. Алайда, бірнеше тұрғын карантинде жатыр.
Облыс әкімінің қатысуымен өткен селекторлық жиыннан соң аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың отырысы өтті. Шара барысында Бинәлі Әбдіқапасұлы құзырлы мекемелердің дайындықтарын пысықтады. Бүгінде аудандағы барлық мектептер толықтай жабылды. Білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманованың айтуынша, ұстаздар да демалысқа жіберілген, алдағы уақытта онлайн режимінде білім беруге дайындық үстінде.
Аудан әкімі кейбір мекемелерде келушілерге шектеу қою керектігін айтып өтті. Есік қаласындағы, Шелектегі және Бәйдібек би ауылындағы ауруханада, аудандық перзентханада жатқан науқастарға келушілерге шектеу қойылады. Сонымен қатар, зерде бұзылыстары бар балаларға арналған, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттарда, санаторлық типтегі «Аяла» балабақшасына және Шелек балалар үйіне бөтен адамдар кіргізілмейді. Оның барлығын қадағалауды полиция басқармасының басшысына тапсырды.
Бүгінде ауруханалар алдағы жағдайға тас түйін дайын. Сонымен қатар, Есік қаласындағы Жамбыл атындағы жастар саябағы уақытша жабылады. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын такси жүргізушілеріне де тосқауыл қойылмақ. Себебі, күніне ондаған адамды таситын көліктерде санитарлық нормалар сақталмайды. Дезинфекция жасалмайды.
– Ең алдымен қажетті тауарлардың бағасын ұстап, олардың дүкен сөрелерінен табылуына жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстар вирус таралуының алдын алу екендігін тұрғындарға түсіндіріп, дүрбелең болмауын қамтамасыз етуіміз керек – деген аудан басшысы Бинәлі Ысқақ атқарылып жатқан алдын алу шараларына тұрғындардың түсіністікпен қарап, жалған ақпарат таратпауын және де санитарлық тазалықты сақтауын сұрады.
Сардарбек НҰРАДИН