Райымбектей батыр бабаның есімі берілген мектептің өз игі дәстүрлері бар. Соның бірі – жыл сайын ақпан айында ұйымдастырылатын – Райымбек айлығы. Он жылдан бері жалғасып келетін бұл шара биыл да жоғары деңгейде өтті.
Бір ай бойы балалар Райымбек батырдың өмірі, сол замандағы қазақтың жай-күйі мен жауға шапқан батыр бабаларымыздың ерлігі жайлы жан-жақты ақпарат жинап, білгендерімен бөлісті. Күнделікті таңертең және түстен кейін әр сынып оқушылары батыр баба өмірінен әсерлі көріністер қойып, өлең-жырларын оқыды, ән айтып, би биледі. Батырдың бес қаруын қолдан жасап, көрмеге қойды. Қолөнермен қатар суретшілер байқауы да ұйымдастырылды. Оқушылар арасында батырлар жырын, ал мұғалімдер арасында «Райымбек» поэмасын мәнерлеп оқудан сайыс өтті.
Төрт аптада білген-түйгендерін қорытындылау үшін оқушылар тест тапсырып, жүзден жүйріктер анықталды. Сондай-ақ айлыққа белсенді қатысқан оқушылар мен мұғалімдер марапатталды.
Райымбек айлығына мектеп ұжымы мен оқушылар ғана емес, ата-аналар да белсенді араласып, күнделікті қойылымдарға қатысып отырды. Мектепте өткізілетін мұндай іс-шаралар балалардың белсенділігін арттырып, қызығушылықтарын оятатыны анық.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ