Жұма, 31 Қаңтар 2020 10:22

Жеткен жетістіктер, атқарылар жұмыстар

Жеткен жетістіктер, атқарылар жұмыстар mezet.kz

 

Асы

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ кезекті есеп беру кездесуін Шелек өңіріндегі Асы ауылдық округінен бастады.

Ауданымыздың өткен жылда жеткен жетістіктерін кеңінен баян еткен аудан әкімі ауылшаруашылығы саласында орын алған жоғары көрсеткіштерді көпшілікке жеткізді. Айталық, ауылшаруашлығы өнімдерінің көлемі 120 млрд 393 млн теңгені құраған. Бұл аудан жерлерін және егілген жеміс ағаштарын жаңа интенсивті технологияның көмегімен игеру нәтижесінде мүмкін болған. Айталық, алмалы бақтар көлемі 2018 жылмен салыстырғанда (5790 га) ұлғайып, 2019 жылы 6500 гектарды құраған. Сондай-ақ, келер жылы құрылысы аяқталуы тиіс «FROSCO» ЖШС тиесілі жеміс-жидектер мен көкөністерді мұздату арқылы сақталуын ұзақ уақыт қамтамасыз ететін зауыт Ақши ауылдық округінде бой көтермек. Бұл технологияның еліміз бойынша теңдесі жоқ дейді аудан басшысы.  Сондай-ақ, Қорам ауылында «Феникс Груп» ЖШС тиесілі  8000 тонна алма сақтауға арналған қойманың құрылысы және Тескенсу ауылдық округінде 5000 тонналық «Арнау Агро» ЖШС тиесілі қойма тұрғындарға тұрақты жұмыс берсе әрі  құнарлы бос жатқан жерлер иесін таппақ. Сондай-ақ, олар төлеген салық аудан тұрғындарының игілігіне жұмсалмақ. Былтырғы жылы кәсіпкерлер тарапынан ауданға тартылған инвестиция көлемі 89,4 % құраған. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау 10,6%. Яғни, кәсіпкерлер білдірген қаржылай қолдау анағұрлым артық. Олар қаржысымен қатар жаңа технологиялардың енуіне де ерекше ден қойған. Аудан әкімінің есебіне тұрғындар бірауыздан қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Аудан әкімінен кейін есеп беру кезегі Асы ауылдық округінің әкімі Ұлан Сағынбековқа берілді. Ол ауылдық округте 9636 тұрғын, 1904 түтін барын жеткізді. Округ Қызылшарық, Диқан, Асысаға, Жаңашаруа, Сарытау және Таусүгір ауылдарын қамтиды. Бір қуантарлығы, ауылдық округте «Алтын алқа» иесі атанған аналар саны 250-ге жеткен. 228 көпбалалы аналар бар. Олар үшін 5 мектеп, 1 балабақша, 1 шағын орталық жұмыс істеуде. Мектептердің материалдық базалық жағдайы оңалып, 10 интерактивті тақта, мультимедиялық бөлмелер және заманауи жабдықтармен қамтылған екі химия кабинеті, екі биология және екі физика кабинеттері пайдалануға берілген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 8 млн 400 мың теңгеге Диқан ауылындағы орталық көше жалпы көлемі 4000 шаршы метр жол күрделі жөндеуден өтсе, 5 млн 600 мың теңгеге Қызылшарық ауылындағы орталық (жалпы көлемі 2400 шаршы метр) жол күрделі жөндеуден өткен. Округте үш дәрігерлік амбулатория бар. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуінің көрінісі ауылдық округте демографиялық жағдай күрт өскен. 2018 жылы 137 сәби туылса, 2019 жылы 250 сәби дүние есігін ашқан.  Осы және өзге де мәселелерді кеңінен қамтыған ауыл әкімінің есебіне тұрғындар қанағаттанарлық деген бағасын берді.

 

Қорам

Аудан әкімі Қорам ауылдық округінде өткізген кезекті есеп беруін кездесуінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шелек өңірінде келешекте тұрғын үйлер бой көтеретіндігін жеткізді. Бұған арнайы 237 гектар жер телімі белгіленіп қойған. Сонымен қатар қажетті инфрақұрылым жүйесін тарту үшін қаржы да қарастырылған. Жарық және су жүргізілгеннен кейін аталған жерге мердігер құрылыс компаниялары тартылатын болады. Шелек өңірінің тұрғындары келешекте Сөгеті ауылдық округінде 500 гектар жерге салынатын күн көзінен қуат алатын 200 мегаваттық электрстанциясы жұмыс істесе, Бұғыты тауларының қойнауынан табылған вольфрамның мол қоры бұл өңірге оны өңдейтін зауыт салуға себепші болып отыр. Онда 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, Шелек өңірінің тынымсыз соғатын желін қуат көзіне айналдыруға жаңа технологиялар мүмкіндік беруде. Мұны да Алматы-Қорғас тас жолының 162 шақырымында «Сайна-Хайдер» кәсіпкерлігі қолға алған. Қуаттылығы 60 кВт. «Осындай игі жақсы істер келешекте Шелек өңірін үлкен өндірістердің ошағы етуі әбден мүмкін» – деді аудан басшысы. Тұрғындар аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Қорам ауылдық округінің әкімі Тұрсын Еменбаев тұрғындардың негізгі табыс көзі ауылшаруашлығы екендігін жеткізді. Атап айтқанда, ауыл маңындағы суармалы, құнарлы жерлер алма көшеттерін егуге қолайлы болып отыр. Сөзіміздің дәлелі, «Жетісу бақтары» ЖШС 60 гектар жерге сүйекті жеміс-жидек көшеттерін егіп, тамшылатып суару әдісімен өнім алуды көздеген. 22 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жиын-терін уақытында 120 адамды қосымша жұмысқа тартқан. Сондай-ақ, «Рич компания» ЖШС 60 гектар жерге алма бақ отырғызу мақсатында алма ағаштарына арналаған бағаналар орнату үстінде. Онда 60 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, «Феникс-Фрутс» ЖШС 200 гектар жер теліміне жеміс-жидектер отырғызуды және қуаты 5400 тонналық көкөніс өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. 350 адамды тұрақты, 2000 адам маусымдық жұмыстарға тартылмақ.

Сонымен қатар өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 21 млн теңгеге 7000 шаршы метр жол асфальтталған. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер бірлесе Ж. Жабаев және О.Жандосов атындағы көшелерінің тас төсеніші жоқ 1200 шаршы метр жерін тас төгіп жөндеуден өткізген.  Ауылдық округ әкімі өзге де атқарылған жұмыстар легін кеңінен айтты. Тұрғындар аудан әкімінің және ауылдық округ әкімінің есебін қанағаттанарлық деп таныды.   

 

Тескенсу

Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ өткен жылғы ұсыныс бойынша Көлді ауылының тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Ал, Толқын ауылындағы ауызсу жүйесі ескіруіне байланысты бюджеттен тағы 5 млн теңге қосымша қаражат тартылып бүгінгі таңда жаңару үстінде. Ауылшаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Округ бойынша жеміс-жидектер егілген жер көлемі  178 гектарды құраған. Былтырғы жылы 200 ақ бас ірі-қара сиыр малы әкелініп «Жиделі-Байсын» кооперативі оны ойдағыдай көбейтуге көшкен. Жалпы ауылшаруашылығы округ тұрғындарының 30 пайызын тұрақты әрі табысты жұмыспен қамтыған.

Аудан әкімінің есебі бір ауыздан қанағаттанарлық деп танылғаннан кейін, ауылдық округ әкімі Бауыржан Доғалов есеп беру кезегін алды.

Округте 17 кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз гранттар алып өз кәсіптерін  ашқан. Жалпы кәсіпкерлер саны – 67. Сондай-ақ, ауылдық округтегі жас дарындар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүргенін тілге тиек етті округ әкімі. Толқын орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ұзақбай Бейбіт Республикалық «Жас ұлан» газетінің жас тілшісі куәлігін алған. Грузияда өткен «Голден Агро-2019» балалар байқауына жас ақын Дінмұхамед Бекболатұлы қатысып бірінші орын иегері атанған. Оған Украина, Литва, Болгария, Грузия, Түркия, Америкадан жалпы 250 бала қатысқан екен. Өзге де салаларды кеңінен қамтыған округ әкімінің есебі қанағаттанарлық деп танылды.

 

Қаратұрық

Аудан әкімі Қаратұрық ауылдық округіндегі ауылшаруашылығы саласына кеңінен тоқталды.  Мысалға, 2015 жылы ауылдық округтегі алмалы бақтар көлемі небәрі 91 гектарды құраса, бүгінгі таңда бақтар көлемі 669 гектарға жеткен. Оның ішінде 548 гектар жерге егілген бақтар жаңа интенсивті технологияны қолдану арқылы  өсірілген. Соңғы 5 жыл ішінде бұл салаға 5 млрд 184 млн теңге инвестиция тартылған. Олармен ауылдық округте ірі 6 шаруашылық субьектілері айналысуда. Сондай-ақ, алынған өнімді сақтау үшін 606 млн теңгеге жалпы сыйымдылығы 4300 тонналық қоймалар салынған. Биыл тағы да 400 тонналық көкөніс сақтауға арналған қойма салу жоспарлануда. Соңғы үш жылда жеміс-жидек өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артқан. Олар 14500 гектар жерге интенсивті технологияны қолдана отырып құлпынай өсіруді де қолға алған. Оған тартылған инвестиция көлемі 110 млн теңге. Округте 1395 бас асыл тұқымды мал басы бар болса, ол жалпы округтегі мүйізді ірі-қараның 18%  құраған. Бұл салаға жалпы сомасы 473 млн теңге инвестиция тартылған. Онда тұрақты жұмыспен 118 адам қамтылса, 550 адам маусымдық жұмыстарға тартылған. Аудан әкімінің есебі тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп танылды. Осыдан кейін ауылдық округ әкімі Ермек Самсыбеков мінберге көтерілді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Достық, Тауқаратұрық, Лавар ауызсу құбырларының 31 шақырым болатын ауызсу жүйесі жаңартылған. Құны 415 млн теңгені құраған. Ал, Ащысай ауылындағы ауызсу жүйесі бүгінгі таңда жаңартылу  үстінде. Округтің елді-мекендерінде 79 көше бар. Оның 53 көшесіне асфальт төселсе, соңғы бес жылда жұмсалған қаражат көлемі 110 млн 600 мың теңгені құраған. Сондай-ақ, 120 көше шамдары орнатылған. 2020 жылы оларды электер қуатын үнемдеу құрылғыларымен жабдықтау көзделген. Осы және өзге де мәселерді кеңінен баяндаған ауылдық округі әкімінің есебін қанағаттанарлық деп таныды тұрғындар.

 

 

 

Қырбалтабай

Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен есептік жиында аудан әкімі Бинәлі Әбдіқапасұлы барлық саладағы жеткен жетістіктерге тоқталды. Әсіресе, округке инвестиция тарту жұмысы оңтайлы жүргізілуде:

– Өткен жылы келесі ірі өнеркәсіп жобаларды іске асыру басталды. Атап айтқанда, Қырбалтабай ауылдық округінде инвестициялық сомасы 1 млрд 487 млн теңгені құрайтын, 78 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін «Жетысу Соя» ЖШС-нің қуаттылығы 25 мың тонна сояны қайта өңдеу зауытының құрылысы басталып. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр-маусым айында аяқталуы жоспарлануда, – деді Б.Ысқақ.

Ауыл тұрғындары алдында өз есебін берген округ әкімі Айбол Темешов бір жылғы атқарылған жұмыстарды тізіп өтті. Сөзіне сүйенсек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Екпінді ауылына орталықтандырылған ауызсу жүйесінің құрылысына 339 млн теңге қаржы бөлініп,  2019 жылы мердігер «Механо Сервис» ЖШС қаржыны  толық игерген. Су жүйесі іске қосылып,  «Есік Су» мекемесінің теңгеріміне өткізілген. Сонымен қатар, Шалқар ауылындағы Құрөзек орталау мектебінің ауызсу мәселесі шешілген.

Кездесу барысында, ауылдағы дәріхана мәселесін көтерген ақсақал дәрі сатып алу үшін аудан орталығы мен Балтабай ауылына сабылатындығын айтты.

– Бүгінде мемлекеттік дәріханалар жоқ. Оны өздеріңіз ашу керексіздер. Егер сіздерден ұсыныс болса, біз де көмек көрсетуге дайынбыз. Ауылдан жер телімін бөліп береміз. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетіледі – деген Бинәлі Әбдіқапасұлы дәріхана ашуға ниеттенген кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтты.

 

Қазақстан

Аудан әкімі Қазақстан ауылдық округіндегі есеп беру кездесуін ауылдық округ әкімдігінде өткізді. Онда әкім Қазақстан ауылдық округіндегі тың жаңалықтарды жеткізді. Округте ауылшаруашылығына арналған жер көлемі 12 292 гектар. Оның ішінде егістіктер – 2234 гектар, жайылымдық – 8048, жүзімдіктер – 1484, шабындық – 196 гектар жерді құрайды. Округте 317 шаруа қожалығы, 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Атап айтсақ, «ЭкоАгроПродукт» ЖШС ескі жүзімдік алқаптарын жаңғыртып, өріктің «Краснощекий» тұқымын, алманың «Голден делишес», қара өріктің «Стенли» көшеттерін еккен. «Нокина» шаруа қожалығы 1000 тонналық көкөніс сақтауға арналған қойманы іске қосса, «Агрос-БТ» ЖШС құны 148 млн 771 мың теңгенің өнімін алған.

Сондай-ақ, ауылдық округте 18 тұрғын «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға арналған курстардан өтіп, 74 миллион теңге жеңілдетілген несие алып ойдағыдай игеру үстінде. Аудан әкімінен кейін ауылдық округ әкімі Марат Сүгірбеков атқарылған жұмыстар легін баян етті. Өткен жылы Ащыбұлақ, Қазақстан ауылдарының бес бірдей көшесі 2000 шаршы шақырым жол 7 млн 40 мың теңге көлеміндегі қаржыға ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен. Сондай-ақ, Қазақстан ауылындағы доп тебу алаңы да 6,1 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Қазақстан ауылының кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3,5 млн теңге қаражат бөлініп ойдағыдай игерілген. Ащыбұлақ ауылының ауызсу жүйесі 2019 жылдың ақпан айында «Есік су құбыры» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне өтіп, халықты ауызсумен қамту сапасы жақсарған. Қазақстан ауылдық округі әкімдігінің жанынан сомасы 10 млн 528 мың теңгені құрайтын өрт сөндіру бекеті орнатылып, қазіргі таңда 4 өрт сөндіруші жұмыс атқаруда.  Аудан әкімінің және ауылдық округ әкімінің есебі тұрғындар тарапынан қанағаттанарлық деп танылды.

 

Бәйдібек би

Бәйдібек би ауылына ат басын бұрған аудан әкімі аталған аумақта ауылшаруашылығы саласындағы жетістіктер жайын кеңінен баян етті. Ауылдық округ бойынша 205 шаруа қожалығы тіркелген. Олар өткен жылы 6,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. 2018 жылмен салыстырғанда пайда көлемі 45,6 % артқан. 

2018 жылы жалпы алмалы бақтар 3,1 млрд теңгенің өнімін өндірсе, 2019 жылы 5,76 млрд теңгеге өнім көлемін ұлғайтқан. Сондай-ақ, «ЭкоАГРОПродукт» ЖШС өткен жылы 510,6 гектар жүзімдік алқабынан 74 млн 620 мың теңгенің өнімін алған. 2018 жылмен салыстырғанда өнім көлемі 32% артқан. 2019 жылы округ бойынша 2 шаруа қожалықтары алма көшеттерін егуге арнайы субсидия алған. Алынған қаржы көлемі 4 млн 867 мың теңге. Өзге де өткен жылы жетістіктер кеңінен сөз болған аудан әкімі және ауылдық округ әкімінің есебі қанағаттанарлық деп танылды.

Атап өтетіні, аудан басшысы бұл жолғы есеп беру кездесулерін жаңа форматта өткізді. Әр салаға кеңінен тоқталған Бинәлі Әбдіпақапсұлының сөзін құлақпен естіп,  слайдтар арқылы көзбен де көріп отыруға мүмкіндік алды тұрғындар. Сондай-ақ, соңынан аудан басшысының қабылдауында болып, жеке бастың мәселелері бойынша да жауап алуға мүмкіндік туды. Аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов және бірінші орынбасары Айбек Бидаев, орынбасары Алтай Досымбаев және бөлім басшылары да жүрді. Тұрғындар жеке бас мәселелерінің шешімін сол жерде тапты. Айталық, көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмек алудың жолдары және ауылдық округте туындаған күрделі мәселелер жайында сұрақтар қойды. Бәйдібек би ауылдық округі қауымдастығының төрағасы Абижанов Алтай Бәйдібек би ауылындағы емхана мәселесімен кезекті қабылдауға кірді. Ол емхананың кеңестік кезеңде мәртебесі жоғары болғандығын жеткізді. Айталық қазіргі күнде аталған емхана тек екі сала бойынша ғана қызмет көрсетеді. Терапия және неврология бөлімдері ғана жұмыс істеп тұр. Ал бұрын тіпті перзентханаға дейін болған. Бұл жөнінде аудан басшысы емхананы көпсалалы етіп қайта қарастыру қажет деді. «Құлжа жолымен жүріп келе жатқан көлік Қазақстан ауылының тұсында апатқа ұшырады делік. Көлік ішінде болған адамдардың жағдайы ауыр. Оларды Есік қаласындағы емханаға жеткізгенше не болары белгісіз. Демек, Бәйдібек би ауылындағы емхана бұл орайда адамдарды ажалдан арашалап қалатын көпсалалы емхана мәртебесін алуы керек. Қажет болса емхана жанынан дәрігерлерге арнап үй салу мәселесін де қарастыру қажет» – деді.  Сондай-ақ, ауызсу, жарық, балабақша, мектептердің мәселелері бойынша тұрғындар сұрағы аудан басшысымен қаралып, сол сәтте хаттама толтырылып, болашақ жоспарлар қатарына енсе,  аудандық бөлім басшыларына да көптеген міндеттер жүктелді.

  

Ақши

Құрамына екі ауыл кіретін Ақши ауылдық округіне бүгінде барлық жағдай жасауда, алдағы уақытта да жасалатын болады. Бұл туралы есептік кездесу барысында Бинәлі Ысқақ жеткізді.

– Өздеріңізге мәлім, ауданымыздағы білім саласы дамып, білім сапасы жыл сайын көтеріліп келеді. Бүгінде облыс көлемінде көш бастап тұрмыз. Алайда, мекенімізде 84 мектеп болса, соның 17-сі ескірген. Соның ішінде Казатком ауылының білім ошағы да бар. Алдағы уақытта, осы мектептердің барлығын жаңартамыз. Себебі, біз ауылға жас, тәжірибелі мамандарды тартып, білім сапасын одан ары көтеруіміз керек – деді. Ақши ауылында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылым жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, 2018 жылы Екпінді, Казатком, Көлді, Нұрлы, Ащысай және Ават ауылдарының ауызсу жүйелерінің құрылысы басталған болатын. Округке қарасты Казаткомдағы су жүйесі осы жылы аяқталады. Атқарылған жұмыстардың арқасында елді мекендерді орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету деңгейін 89,9 пайызға жеткен.

Ақши ауылдық округінде Қазақстан мен Орта Азияда теңдесі жоқ 7 мың тонналық «Frosco» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұздату технологиясын қолданатын жеміс-көкөніс қоймасы салынуда.

Округ әкімі Сабыржан Айтбаев өз баяндамасында жыл бойы атқарылған жұмыстарға есеп берді. Барлық салаға тоқталған ол ауылда кәсіпкерлік дамып жатқандығын алға тартты:

– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының»  екінші бағыты бойын-ша мал шаруашылығын жүргізу үшін жұмыспен қамту орталығынан  3 отбасына мемлекет тарапынан шағын несие берілді.  Данияр  Байназаров 3 млн теңге, Болат Алимов 4 млн 500 мың теңге, Рақым Иманкулов 3 млн теңге көлемінде шағын несие алып, бүгінде нәтижелі еңбек етуде. Оған қоса, «Гардер»  жеке кәсіпкерлігі «Іскер»  бағдарламасы бойынша 5 млн 400 мың теңге несиеге қол жеткізіп, ірі қара мал сатып алды. Жастар жылында осы бағытта екі жас азаматымыз 505 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды – дейді Сабыржан Айтбаев.

 

Балтабай

Казатком ауылындағыдай ескірген мектеп ғимараты Балтабай округіне қарасты Өрнек ауылында бар. Мектеп оқушылары мен педагогтарға қолайлы жағдай туғызу үшін типтік емес ғимараттардың орнына жаңа мектеп салу үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұл жайында Балтабай ауылында өткен есептік кездесуде Бинәлі Әбдіқапасұлы сөз қозғады. Сонымен бірге, ауданның экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар    бойынша есеп берді.

Округ әкімі Жұман Мықыбаев ауылда тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі оң шешімін тауып жатқандығын айтты өз есебінде:

– 2020 жылы 2-ші ПУИТ-2 бағдарламасы бойынша наурыз айынан бастап 130 жұмыс орны ашылады. 2019 жылы Балтабай ауылында «Әли Ален» кешені ашылды. Оның ішіне сұлулық салоны, дәмхана, жаттығу залы, автокөлік жуу, монша, дөңгелек жөндеу орталығы мен дүкен кіреді. Мұнда да жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде – дейді округ басшысы.

Ауылдарды абаттандыру мен инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. «Компания Строй Индус-трия» ЖШС 10  млн 880 мың теңгеге Ақтоғай ауылы  Х.Абдулин көшесі, Енбек ауылындағы Розыбакиев көшесіне, Балтабай ауылы Алмалы көшесі мен мектепке баратын жолды ағымдағы жөндеуден өткізген. 2019 жылы  Еңбек, Өрнек, Ақтоғай, Бірлік, Ақбастау ауылдарындарында түнгі шырақтар іске қосылды.

 

Бәйтерек

Әкімдіктің мәжіліс залында өткен есептік кездесуде аудан басшысы жеткен жетістіктерге тоқталып, келешектегі ауқымды жоспарлармен бөлісті. Өз баяндамасында бәйтеректіктер үшін маңызды жаңалықты жеткізді.

– Ауданды газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Есік қаласы бойынша 122 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 1100 тұрғын үй газға қосылды. Сондай-ақ, Шелек ауылында 49 шақырым газ құбыры тартылып, 200 тұрғын үй ауласы газға қосылды, Түрген ауылы бойынша 38 шақырым газ құбыры тартылып, 220 тұрғын үй ауласы газға қосылды. Осы жылы Есік қаласы және Шелек, Түрген, ауылдарына қоса Азат, Ават, Бәйтерек, Жаңашар ауылдарында газдандыру жоспарланған. Сондай-ақ Есік қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерді жылыту үшін мобильдік қазандықтардың құрылысына жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге бюджеттен 226,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді – деп, көгілдір отын биыл округ аумағына кіретіндігін айтты.

Сондай-ақ, округтегі білім саласы өрлеу үстінде. Соңғы жылдары Бәйтерек ауылындағы ескі мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қосымша жаңа мектеп салынды. Алға ауылында да жаңа білім ошағы бой көтерді. Десек те, алдағы екі жылда бала санының өсуіне байланысты Есік қаласы мен Түрген, Бәйтерек, Достық ауылдарындағы мектептер үш ауысымға ауысады деп болжануда. Түйткілді мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында аталған елді мекендерде 600 орындық үш жеке мектеп салу туралы келісімге қол жеткізілген. Есік қаласында осы бағытта Мейрімді періште мектебі ашылған, бүгінде 250 бала қабылданған. Екі нысанның құрылысы 2020 жылдың көктемінде басталады. Осыны айтқан Бинәлі Әбдіқапасұлы аудан шекарасында орналасқан ауылға әлі де жағдай жасалатындығын айтып өтті.

Округ әкімі Айбек Нұрланов жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізіп берді. Айтуынша, Бәйтерек ауылы ауызсумен толық қамтылған. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 6 млн 233 мың теңгеге  Алға ауылының су құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Округте тұрғындар қауіпсіздігі басты назарға алынған. Қараша айынан бас-тап Бәйтерек ауылдық округі бойынша төтенше жағдайларға қарсы 4 штаттан тұратын бекет құрылған. Тұрғындардың үйлеріне өрттің алдын алу, ескерту бойынша 560 датчиктерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

 

Ават

Ават ауылының тұрғындары үшін биылғы жыл жаңалықтарға толы болмақ. Себебі, ауылдағы ауызсу жүйесінің жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар, округ аумағына көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Осындай сүйінші жаңалықтармен бөліскен Бинәлі Ысқақ өз есебінде өткен жылы атқарылған жұмыстарға толығымен тоқталды.

Округ әкімі Тимур Мадьяров та былтырғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Сөзіне сүйенсек, инвестиция тарту жұмыстары оң нәтиже беруде.

– «Алель-агро» құс фабрикасы 2019 жылы 74 млн теңге инвестиция салып, қосымша тауық етін өндіретін фабрикасын іске қосты. 35 азаматты жұмыспен қамтуда. Жеке кәсіпкер Абдулжан Ибрагимов 30 млн теңге қаражатқа мейрамхана салып, 10 ауыл тұрғыны жұмыс жасауда. 2020 жылы 2 мейрамхана, 1 жазғы демалыс орны, 1 сауда орталығы құрылыс жұмыстарын аяқтап, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жалпы инвестиция құны 1 млрд 192 млн теңге. Жеке кәсіпкер Аблеким Сайдуллаев қазіргі уақытта сауда орталығы мен  мейрамхана құрылысын аяқтауда. Инвестиция құны 962 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта 50 азаматты жұмыспен қамтамасыз етеді. Округ аумағында жеке кәсіпкер Ж.Есіркепов  жазғы демалыс орнын  салуда, тартылған қаражат құны 170 млн теңге. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Карахон Солихов 60 млн теңгеге мейрамхана салуда – дейді Тимур Мадьяров.

 

Рахат

Бүгінде Рахат округіндегі, әсіресе округке қарасты саяжайлардағы тұрғындар саны қарқынды өсуде. Осыған орай, мектептер үш ауысымда білім беріп жатыр. Осылай деген аудан әкімі алдағы уақытта жаңа мектеп салынатындығын айтты:

– Аудандағы оң демографиялық жағдайға байланысты үш ауысымды мектептер күрделі мәселе болып тұр. Қазір ауданда 4 үш ауысымды мектеп бар, олар: Рахат ауылдық округіндегі Рахат №1 орта мектебі (Есік қаласының маңы); Есік қаласындағы В.Терешкова атындағы орта мектебі; Ташкенсаз ауылындағы Абдуллин атындағы орта мектебі; Қазақстан ауылындағы Ж.Қайыпов атындағы орта мектебі. Мәселені шешу үшін Есік қаласында 1200 орындық бір мектеп салу керек, сонымен қатар В.Терешкова атындағы мектебіне 600 орындық және Абдуллин атындағы, Ж.Қайыпов атындағы мектептеріне 300 орындық қосымша мектеп ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы. Аталған 1200 балаға арналған білім ошағы саяжай маңынан орын теппек.

Рахаттықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық, осы жылы көптен күткен құны 4,5 миллиард теңге болатын Есік топтық су құбырының екінші кезеңінің құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде Есік қаласы мен оған жақын орналасқан 9 елді мекеннің ауызсу мәселесін шешпек.

Екінші болып мінберге көтерілген округ әкімі Қуат Ақшабаев жыл бойы атқарылған жұмыстары бойынша тұрғындар алдында есеп берді. Округте бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі оң шешімін табуда. Округ басшысының сөзінше, есептік кезеңде «Балапан» бағдарламасы аясында 4 жекеменшік балабақша ашылған. Қазіргі таңда округте 16 жекеменшік балабақша жұмыс жасап, онда барлығы  1061 бала тәрбиеленуде. Басқа салалар бойынша да жетістіктер жетерлік. Инвестиция бойынша, округ тұрғыны «Алма Жер» ЖШС-нің төрағасы Ахихат Алеуов Азат ауылында 49 гектар жерге алма ағашын отырғызып, 20 млн теңге инвестиция салған. Сонымен қатар, биылғы жылы Азат ауылында  «Фреш Ленд» ЖШС-нің төрағасы Батыржан Алибаев 100 га жерді игеріп, 2020 жылы  интенсивті алма бағын отырғызуды жоспарлауда.

Барлық округте өткен есептік кездесулерде әкімдердің есебіне қанағаттанарлық деген баға беру туралы ұсыныс бір ауыздан қолдау тапты. Сондай-ақ, әр кездесу соңында аудан әкімі округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Әділет САРЫБАЙ

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1494 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет