Бейсенбі, 18 Сәуір 2019 11:49

«Иттің ырыздығынан» да қағылып қалмайық...

«Иттің ырыздығынан» да қағылып қалмайық... mezet.kz

  «Ас атасы – нан» дейміз де, сол «атамызды» көліктің артына өңгеріп алып, шаңға «шомылдырып» әкеліп, дүкен сөрелеріне төңкере саламыз. Бірінің үстіне бірі топырлап құлап жатқан нандардың шеті кертіліп, шекесі шертіліп, аянышты күйде қаз-қатар тізіліп, «кім мені алар екен?» деп есікке телміріп тұратыны жасырын емес бүгінде. Ең қасиетті дәм болып есептелгенімен, қадірі жоқтың қасы...

  Түскі үзіліске үйге қарай кетіп бара жатып, алдымдағы көліктің кесірінен біраз аялдадым. Өзі тарлау жол еді, екі көлік сыйысу үшін біраз еңбектену керек-тін. Дүкеннің алды. Көлік жүргізушісі ішке кіріп кеткен екен. Белгі беріп едім, бір уақытта жапа-тармағай жүгірген ер кісі көлігінің артындағы жүк салғышты аша салды да ораусыз, гигиеналық талап деп көпірмей-ақ қояйын, еш тазалықсыз, үйіліп жатқан нандардан қолына іліккенін ала салып, дүкенге кіргізіп жатыр. Бір-екеуі жерге құлап, қайта қолға ілігіп, сол күйі дүкеншіге тапсырылды. Ал, сол дүкеннен бәріміз де күнделікті болмаса да, кей-кездері ас атасын сатып алып жейміз. Көліктен еріксіз түсіп, әлгі кісіге жақындап едім, «Болды, міне, жүремін» деп, жүзімдегі ашуды басқаша түсінген болуы керек, дереу темір тұлпарының тізгініне жармас-ты. «Жоқ, тоқтай тұрыңыз, сіз неге нандарды қалай болса солай тасып, тазалық сақтамай, талапқа сай емес түрде тасымалдап жүрсіз?», – деген сауалыма тосырқай қарап, «Мен білмеймін, тасу керек болған соң тасимын!» деді де кетуге асықты. «Әй, тоқшылық-ай» деген оймен, амалсыз, мен де жөніме кеттім... Қазір көзіміз де үйреніп қалған. Дәл алдымызда нанды қалай болса солай тасымалдап, дүкенге жеткізіп береді. Біз болсақ, түк көрмегендей, барып сол жерден нанды сатып аламыз да кете барамыз. Сіздер де талай мәрте куә болған шығарсыз мұндай жағдайға, оқырман?! «Енді не істеу керек? Мұны қалай осы қалпында қалдырамыз? Обал емес пе? Тазалық талаптары сақталмаған соң денсаулыққа да кері әсері болмай қоймайды ғой» деген журналистік түйсік қосылды да, маза бермеді. Хош,   сауалдарды қанағаттандыру мақсатында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан едім. Алайда, «бұл біздің құзырымызда емес» деген жауап алып, тұтылдым. Еріксіз, ғаламторға ұмтылдым. Анықтағаным, нан ыстық пештен шыққан соң дұрыс сақталуы керек екен. Жақсы пісіп сақталғанымен, оны жөнсіз, тәртіпсіз тасымалдау бәрін құртуы мүмкін. Сақтау және тасымалдау жағдайында нан өнімдері әртүрлі микроорганизмдермен зақымдалуы да ғажап емес, сол себептен оған қатаң санитарлық талаптар қойылады. Нан өндірісінде қолданатын заттар (мысалы лоток) тазартылып отыруы керек. Оларды жылы сумен жуып, ыстық ауамен кептіру міндетті. Сонымен қатар, талаптарға сәйкес, нан арнайы жабық көлікпен ғана тасымалдануы тиіс. Көліктің өзін 5 күнде 1 рет 2 % хлорлы әк ерітіндісімен дезинфекциялау қажет. Қолдану рұқсаты мемлекеттік қадағалау органымен 6 ай мерзіміне беріледі. Піскен өнім белгілі өлшемді ағаш лотоктарға салынады.

  Хош, жалпы, нан қай уақыттан бері тағам ретінде пайдаланылады екен деген де сұрақ туындады осы тұста. Зерделей келе, нанның неолит дәуірінде-ақ пайда болып, даярлануы тарих тереңінде жатқанын білдік. Алғашқы нан жарма мен судан даярланған, сол сияқты су мен ұнды кездейсоқ немесе арнайы мақсатта тәжірибелеу қорытындысынан туындаған пісірме ботқаның түрінде болған-мыс.

  Ал, аңыздарға сүйенетін болсақ, ертеде бидайдың дәні сабағының түбінен бастап ұшар басына дейін болған екен. Молшылық жылдары ел-жұрт астықты аяқ асты етіпті. Бір әйел дәрет сындырған баласының құйрығын бидайдың масағымен сүртеді. Оның надандық әрекетіне қаһарланған Алла елге жұт жіберді. Бидайдың масағы кетіп, сабаны қалды. Астың киесі атып, адамдар ашаршылыққа ұшырайды. Сол кезде ит ұлып:

– Иә, Алла, менің несібемді қалдыр, – дейді. Әділетті Алла итке жаны ашып:

– Болсын! – деді де, бидайдың басына кішкене масақ бітірді. Халық иттің несібесін бөлісіп жеп, жұттан аман қалды. Ит содан бастап жеті қазынаға кірді. Осы жұттан соң, бидай дәні сабақтың ұшар басына ғана бітетін болыпты. «Иттің ырыздығы» деген сөз осыдан қалыпты деседі. Қазіргі ысырапшылдығымыз да Алланың қаһарын тудырмаса игі еді. «Бір тоқтықтың бір аштығы болады» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Нанның бір үзімі үмітті үзбеуге үндеген қиын-қыстау шақтарды бастарынан өткерген қарияларымыздың аузынан жиі «Нанның ұсағын жеген бала сауапқа кенеледі» дегенді естіп жатамыз. Сол арқылы ұрпағын ас атасының қадірін ұғынуға тәрбиелегені, ысырапшылдықтан тиғаны да бекер емес.

  Ғарышкерлер ғарышқа ұшқанда 4,5 грамм ғана нанды өздері үшін қуат тұтады екен. Адам ағзасының күшін қалыпты сақтап тұрған нан қазақ халқы үшін аса қадірлі. Үйге келген мейман да қаншалықты асығыс болса да, наннан ауыз тимей кетпейді. Дастарханның сәні деп, үлкендер алдымен нанның қойылғанын қадағалайды. Сөйте тұра, сырттағы өзіміз куә болған көріністер бар қазақы ұғымға қарсы шығу іспетті жанды жаралайды. Ойланайық, ағайын! «Иттің ырыздығынан» да қағылып қалмайық, тоқшылықтан секіріп жүріп...

Алмагүл НҰҒМАН.

Оқылды 1952 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет