Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 13:17

Парызыңды адал атқар

Парызыңды адал атқар google.kz

Ежелден көшпенділер даласында түрменің болмағаны тарихтан мәлім. Оның басты себебі халқымыздың түрмеге тосырқай қарайтын дархан мінезінен болса керек. Бір жағынан бұл ел арасында қатаң сақталған ұлттық  салт-дәстүрге негізделген тәртіптің көрнісі екені анық. Аталарымыздың ардан аттамай, тәртіпті бұзбай, қиянатқа бармай ел арасындағы береке мен бірлікті, татулық пен келісімді сақтай алуының түп-төркінін парыз деген бір ауыз сөздің айналасына топтастыруға болады. Яғни, әр адам өз міндетін жақсы біліп, ел мен жер, отбасы алдындағы парызын адал атқарса, заңның ешқашан бұзылмасы бесенеден белгілі. Ондай елде түрме мен жазаның да керегі шамалы.

Әрине, айрандай ұйыған бабаларымыздың дәуірінде қылмыс болмады, тәртіп бұзылмады деуден ауылақпыз. Онсыз да жер бетіндегі барша қабилалардың  бәрінде тентек пен сотқар, содыр мен басбұзарлар ежелден бар екені рас. Сондықтан қазақ даласында да жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы секілді тартыстар жиі болатын. Бірақ ақылман билердің екі ауыз сөзімен ымыраға келіп, даудың одан әрі ушығып арты керіс пен жаңжалға ұласуына жол берілмейтін. Иә, екі-ақ ауыз сөзбен бітісетін. Ол үшін құжаттың да, соттың да, заңгердің де керегі шамалы еді. Өйткені, ел алдында татуласуға уәделесіп пәтуаласатын. «Уәде – құдайдың сөзі» дегенді бала кезінен миына шегелеп алғандықтан сөзінен танып, ардан аттауға намысы мен ұяты жібермейтін. Егер қандай да бір жағдаймен бір тентек тәртіпті бұзса, ол үшін оның өзі ғана емес, жалпы руы жауап беретін. Демек барлығы «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қатаң әскери тәртіпке бағынатын. Сондықтан жалпы рудың абыройы мен беделі үшін сол ауылдың абыз ақсақалдары жастарының әр қадамын қатаң бақылап, шектен шығып, өзімбілермендікке салынуына ешқашан жол бермейтін.

Қазақта бата беру деген бір жақсы дәстүр бар. Бата дегеніміз бүгінгі біз білетін ас пен басқа ғана жарайтын нәрсе емес, керісінше, аясы өте кең ғұрып. Кезінде бабаларымыз ел үшін игі іс бастарда, бес қаруын асынып жауға аттанғанда, аламан мен бәйгеге түсерде, қысқасы адам өміріндегі әрбір жақсылыққа сол өңірдегі ең сыйлы, абыройлы кісілерден арнайы түрде бата алатын болған. Бұл бүгінгі тілмен айтқанда бастаған ісіне елінің рұқсатын алу үшін берілген ресми құжат іспеттес. Сонымен бірге, сол шаруаны тыңғылықты әрі жақсы аяқтауына рух пен жігер, күш пен қайрат беретін мотивация да бола алады. Ал бата алынбай басталған шаруа елдің рұқсатынсыз басталған іс болғандықтан оның соңы да дұрыс болмайтын. Бабаларымыз «баталы ер арымас» деп ризалықпен, елдің рұқсатымен, салт-дәстүр мен тәртіптің аясында жасалған жұмыстардың тиянақты, ал іске асырушының беделді болатынын да меңзесе керек.

Бүгінгі күнде Еуропа мен АҚШ секілді елдерде заңгерлік өте табысты қызмет саналады. Әрине, заңгердің жоғары сұранысқа ие болуы заман талабынан туындаған мәселе екені айдан анық. Бірақ заңгерлерді қатты қажет ете қоймайтын елдер де бар. Ол елді даму жағынан артта қалған елдерден іздесеңіз қателескеніңіз. Дәл сондай елдердің бірі – даму жағынан «Үлкен жетіліктің» ішінен ойып тұрып орын алған, ғылымы мен білімі технологиясы жағынан әлемдік көшбасшы саналатын әйгілі Күншығыс елі. Яғни Жапония дейтін мемлекет. Сізді де осындай мемлекетте заңгердің сұранысқа ие болмауы неліктен деген сұрақ мазалады ма?! Оның төркіні бұл елдің ежелден қалыптасып, бүгінде жаңа заманмен астасып кеткен ұлттық салт-дәстүрінде жатыр. Жапондарда да ежелгі көшпенділер секілді заң ұғымынан гөрі парыз ұғымы басым. Жапонның әрбір азаматы мемлекет пен қоғамның, отбасы мен жақындарының алдында мойнына үлкен жауапкершілік арқалайды. Ал ол жауапкершілікке немқұрайды қарау жапондардың миына кіріп-шықпайды. Өйткені парыз ұғымы олардың қанына сіңіп, сүйегіне өтіп кеткен. Мәселен, жапон мектептерінің есіктері сағат сегізде жабылады. Кешігіп қалғандар не істейді дейсіз ғой. Ал жапондар кешікпейді. Баратын немесе кездесетін жерлеріне уақытынан ең азы он минут ерте бару олар үшін парыз. Кешігу немесе дәл уақытында бару дегенді олар мүлдем түсінбейді. Мектептегі жағдай да солай. Мектептің есігі сегізде жабылуы тиіс. Өйткені олар ешкімнің кешікпейтінін біледі. Сондықтан оларға мектепке сегізде келу керек деген заңның да қажеті жоқ әрі ондай заңның болуы жапондар үшін күлкілі. Ендеше осындай жауапкершілік пен парызға құрылған өмір салтын ұстанған жапондарға заңгердің керегі бар ма?! Әрине, жоқ. Бұл үрдіс мемлекет пен жалпы қоғамда, ұйымдар мен мекемелерде, компаниялар мен басқа да орындарда да қатаң сақталған. Сол себептен кез-келген ұйым мен компаниялардың кадрлары арасында заңгерлер жоқ. Егер шетелдіктермен жұмыс барысында заңгерлерге қажеттілік туылса, оларды басқа елдерден жалдап алады. Заңнан гөрі парызды бірінші орынға қоятын жапондарда да салыстырмалы түрде қылмыстың аз болуы біраз жайттан хабар берсе керек.

Бабаларымыздың парыз бен жауапкершілікке құрылған  қоғам аясында тіршілік кешкен кездерінде әлемге аты мәшһүр болып тұрды. Соның арқасында береке-бірлігі артып, ал береке-бірлігінің артуы нәтижесінде жұмылған жұдырықтай болып айналасына қаһар шашып тұрды. Кейінгі кездерге дейін осы ілкі дәстүрдің жібін үзбей, ұлы ғұрыптың қаймағын бұзбады. Біздің күшіміздің осында екенін жақсы білген жауларымыз да ең бірінші осы тұсымызға шабуыл жасады. Отаршылдар бұрынғы парыз бен жауапкершілікке құрылған өмір салтымызды құлдырату үшін біртіндеп заң мен жарғыға негізделген басқару жүйесіне көшіре бастады. Міне осыдан бастап бірінің үстінен бірі арыз жазып арызқой болу, бұрынғы екі ауыз сөзбен бітетін дауды екі-үш жылға созатын мылжыңдық секілді кеселдер жабысты. Қазақ даласында ешқашан болмаған түрме мен абақтылар бой көтере бастады. Осылайша парыз бан махаббат кейінге ысырылып, құқық пен жарғы алға шықты. Әрине, біз бұл жерде құқықтық пен жарғының рөлін төмендетіп отырғамыз жоқ. Тек құқық пен заңға негізделген жол парызға негізделген жол секілді барар жеріңе тура жеткізер даңғыл жол емес еді. Ол соқпағы мен бұрылысы көп шытырман жол  болатын. Парыз бұра тартуға келтірмей жауапкершілігіңді арқаңа асып беретін болса, ал мұнда ебін тапқандар жауапкершіліктен жалтарудың амалын тапса жетіп жатыр. Осылайша «заң аясында» заңды бұзып ойына келгенін істеуге мүмкіндік туады. Ал сенген заңды тұлғаң немесе төрешің әділетке емес ақшаға жақтасса ар жағы айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі Қазақстан Республикасында да АҚШ пен Еуропадағыдай болмаса да заңгерлерге сұраныс бар. Қаптаған тармақтар мен баптардың аясында құқыңды қорғайды не жазаңды тартқызады. Әйтеуір қоғамда заң өз миссиясын орындап жатқанын байқап жүрміз. Жасыратыны жоқ заң жүзінде емес, айналма жолмен іс бітіретіндер де жетерлік. Кеңестік жүйеден мұраға қалған заңға бағынғанды емес, заңнан айналып өтетіндерді мақтан тұтып, жоғары санайтын психологиядан әлі арыла қоймағанымыз тағы бар. Осындайда Бауыржан Момышұлының «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталы сөзі есіңе түседі. Қашанда ел алдындағы парызын ұмытпай, ардан аттамаған адамның заңды орындауы қиындық тудырмасы бесенеден белгілі. Демек заң әмір мен тиымға емес, парыз бен жауапкершілікке құрылғаны дұрыс. Сонда ғана заң мен тәртіпті қадағалау жеңілдей түсер ме еді, бәлкім?!

Парыздың заңнан басым тұратынын коронавирус шыққалы бері жақсы түсініп жатырмыз. Ел үкіметі карантин жариялап, оны бұзған адамдарға жаза тағайындайтын заң қабылдау мәселесін көтеруде. Бірақ соның өзін жүре тыңдайтындар арамызда аз емес екен. Иә, заң қатайса індеттің алдын алу оңайлайтыны рас. Дегенмен барлық халықты бақылауға алып, заңды қатаң сақтауға мәжбүр ету қиынның қиыны. Өйткені ол үшін әр адамды  бақылап отыру керек. Егер осы кезде ел алдындағы борышымызды жақсы түсініп, қиын жағдайда да парызымызды ұмытпасақ ондай заңның қажеті де бола қоюы неғайбыл. Әрі мемлекет те барлығын қадағалап отыруды қажет деп таппас еді. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде жақсы айтылған. Мысалы, Бухариден жеткен сахих хадистердің бірінде «Егер сіз қандай да бір жерде оба (коронавирус деп біліңіз) пайда болғанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз және егер сіз тұрған жерге жетсе, онда ол жерден кетіп қалмаңыз», – делінсе, Имам Ахметтің кітабында келтірілген тағы бір хадисте «Оба індеті шыққан жерден кеткен адамдардың халі – соғыс майданынан қашқан адам іспетті (күнә). Ал, кім шыдамдылық танытып, оба індеті жайылған жерден шықпаса, шейіттің сауабын алады» – делінген. Демек дінімізде де, ұлттық салт-дәстүрімізде індет кезінде карантин ережелерін қатаң сақтауға міндеттеген. Яғни, карантин ережелерін сақтауды парыз ретінде бекіткен. Ал сол онсыз да орындалуы керек парызымызды орындату үшін заң шығарылса, онда жауапкершілік пен ұяттан жұрдай болғанымыз. Ең қызығы алғаш коронавирус Ухань қаласында пайда болғанда осындағы барлық мемлекеттің азаматтары өз елдеріне жапа-тармағай қашып кеткені мәлім. Сол уақытта өз еліне барудан бас тартқандар жалғыз жапондар ғана болыпты. Осылайша парыздың заңнан күшті екенін жапондар тағы бір рет дәлелдеп беріпті. Ендеше біз де заңға орындалуы тиіс әмір мен тиым деп емес, парызымыз бен міндетіміз ретінде қарағанымыз абзал.

 

 Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Оқылды 1865 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет