Халқымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай елімізде өткізіліп жатқан игі істердің әралуандығы қуантады. Сондай ерекше іс-шараның бірі – «Шапағат» бөбекжай-балабақшасында өтті.
Балабақша тәрбиешілері мен онда оқу тәжірибесінен өтіп жүрген Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттері жұптасып, ән байқауында бақ сынасты. Яғни музыкалық білім алып жатқан шәкірттер мен кәсіби музыкадан алыс тәрбиешілер Абай әндерін қосылып шырқады.
Әрине, үлкен сахнаға дайындалып жүрген болашақ әншілер үшін бұл – үлкен тәжірибе. Олай дейтініміз, байқауға қатысқан үміткерлерге қойылған басты шарт – жеке өзін көрсету емес, жұбымен бірге жеңіске жету. Яғни, күнделікті қызметтегі сегіз сағат уақытын тек бала тәрбиесіне арнайтын балабақша қызметкерлерінің әншілік мүмкіндіктерін ашып, әнге қызығушылықтарын арттыру. Осыны ескерген үміткер әншілер өздерінің музыкалық мүмкіндіктерін көрсетуге емес, жанындағы жұбына икемделіп, оның сахнадағы рөліне басымдық берді. Екі кезеңнен тұрған байқауға 6 жұп қатысты. Сондай-ақ ЕГЭК студенттері шағын концерт қойып, көрерменнің көңілін көтерді.
Байқау соңында ұпай санымен алға шыққан – Сымбат Бақыт пен Балауса Мекебаеваға бірінші орын бұйырса, өзге қатысушылар да арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды. Кеш соңында сөз алған балабақша меңгерушісі – Күнсая Умарова осындай тамаша байқаудың ұйымдастырушысы – ЕГЭК музыка пәнінің оқытушысы Тамара Хуанышқызы мен қаты-сушыларға алғысын айтты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ