Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалаларының аясында ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатында жақында Түрген ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектепте «Абайтану» оқулығының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Руда Зайкенқызымен кездесу өтті.
Әдеби-музыкалық кеш сахнасы қойылыммен ашылды. Ұлы ақынға арнап оқушылар өлеңдерін оқыды. Ақынның әндерін сүйсіне орындап жүрген «Асыл аналар» тобы «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті. Оқушылар ақынның қара сөздерін мәнерлеп оқып, көрерменге рухани азық сыйлады. «Абайтану» оқулығымен таныстыру үшін А.Н.Бекболатова сөз алып, оқушыларға блиц-сұрақтар қойды. Сонымен қатар «Арман-ПВ» баспасының оқулықтар әлемі кітап көрмесімен таныстырып өтті. Ақынның ғылыми-философиялық ойы турасында түсінік қалыптастыру мақсатында 11 «А» сыныбымен Абайдың «Толық адам» философиясы тақырыбында сабақ өткізілді.
Кеш соңында «Абайтану» оқулығының авторы, филология ғылымының докторы, профессор Руда Зайкенқызымен сыр-сұхбат жүргізілді. Руда Зайкенқызы Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екенін айтты.
М.Арипбаева,
Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі