Бейсенбі, 07 Қараша 2019 12:20

Хобби ермек пе, еңбек пе?

Бүгінде хобби сөзі қазақтың төл сөзі болмаса да, құлағымызға үйір болып кеткені рас. Өйткені кез-келген адам өзінің ішкі сезімдері мен жандүниесін тыныштандырып, қанағат табуы үшін әйтеуір бір іспен шұғылданатыны анық. Әркім өзінің жаратылысына байланыс-ты әртүрлі болатыны секілді, барлық адам баласы да өзінің қалаған сүйікті ісімен айналысады. Мұны былай алып қарасақ, ермек үшін ойналатын қызықты ойын сияқты, бірақ ол оның жүрек қалауы екені шындық. Қазіргі заманауи тілмен айтсақ, мұны «хоббиге» жатқызуға әбден болады. Ол ермек үшін айналысатын істің басқаларға ерсі көрінетін немесе ыңғайсыздау болуы да, иесіне табыс әкелетін пайдалы да, тіптен өмірге қауіп төндіретіндіктен тәуекелді қажет ететін шаруа да болуы мүмкін. Әйтеуір айналысып жатқан ісі өзіне ұнап, көңілін тыныштандырса болғаны. Бірақ хоббиді коллекция жинаумен де жиі шатастырып жатады. Иә, коллекция жинау да хоббидің бір түрі. Бірақ коллекция жинап көзге түспей-ақ, өзінше бір сүйікті ісімен айналысатын адамдар да бар. Осыған негізделгенде хобби сөзінің мағынасы біз ойлағаннан да ауқымды екені даусыз.

«Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды», – деп испан данышпандары айтқандай, дүниенің қалтарысы мен бұлтарысын да әркім өзінше түсініп, өз деңгейіне сай көзқарас ұстанады. Осыған орай бұл дүниеде әркімнің айналысатын хоббиі де өзгеше болатыны таңғаларлық нәрсе емес.

Осындайда «Біздің ата-бабаларымызда хобби болған ба?» деген келте ойдың қылаң беретіні өтірік емес. Иә, біздің ата-бабаларымыз да өзге елдер секілді өзіне тән хоббимен айналысқаны рас. Кезіндегі атақты сал-серілер мен ел еркелері ат баптау, құс салу, ит жүгірту секілді өнерді өздеріне серік еткені тарихтан мәлім. Сонымен қатар, жүйрік ат, берен мылтық, ұшқыр тазы мен қыран бүркітті жеті қазынаның ішіне кіргізгені де біраз жайды аңғартса керек. Аталған нәрселер кейде ердің құнынан да артық бағаланып отырған. Әйтеуір осылардың қай-қайсының да атағы шықса жердің түбінен болса да таптырып, қалайда соның иесі атанып, қызығын көруге барын салатыны тағы бар. Кейде атадан қалған жәдігерлерді, әсіресе қару-жарақтарды жинау да аталарымыздың сүйікті ісі болған. «Ер қаруы бес қару» деген баһадүр бабаларымыз үшін қару тек жауға шабатын құрал емес, оның сакралдық қыры да болған. Бұл жағынан келгенде хоббидің ұлт таңдамайтынын түсінеміз.

Қызықты хоббимен айналысушы-лардың  қатарында қазақтың ұлы тұлғалары да бар. Мысал үшін, көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың хоббиы өте қызық та таңғаларлық. Негізінен Д.Қонаев коллекциялық қару-жарақ жинаумен айналысқан. Бірақ сексенінші жылдардың соңында қуғындалу басталған кезде коллекциясындағы қару-жарақтар тәркіленіп кеткен. Сол тәркіленген қару-жарақтардың кейбіреуі әлі күнге дейін қайтарылмаған. Қайтарылғандарының басым бөлігі қазір Алматыдағы Қонаев мұражайында. Бұл қару-жарақтарды кімдердің сыйлағаны туралы нақты құжаттар да сақталған. Сонымен қатар, оттық жинаумен де айналысқан. Коллекциясындағы 476 оттықтың біразын Жапония премьер-министрі Ясухиро Накасонэ, АҚШ Президенті Джон Кеннеди, Египет президенті Гамаль Абдель Насер, Ирак премьері Саддам Хусейн сынды әйгілі саяси тұлғалар сыйға тартқан.

Ал сөз зергері Ғабит Мүсірепов әр замандағы шылым қораптарын жинағанды ұнатқан екен. Бұл да біреулер үшін еріккеннің ермегі болса, Ғабекең үшін жүрегінің қалауы ғана. Атақты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің де бала күнінен бас-тап кітап жинағанын, кейіннен онысы ең бай кітапханаға айналғанын білеміз. Бұл хоббиі оның шығармашылық жолында үлкен рөл атқарғаны даусыз. Ең қызығы үлкен кітапханалардың өзі қолға түсіре алмай жүрген құнды да сирек кездесетін кітаптар Қадырдың коллекциясынан табылатын болған. Сондықтан Қадыр атамыз жинаған кітап қорын қазақтың талай марғасқалары пайдаланып, ұлтымыздың рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосты. Бір адамның жүрек қалауымен жасаған ісі бар халық үшін пайдаға жарап жатса одан асқан ғанибет жоқ шығар, сірә!

Бағзыдан мирас болып қалған небір өнер түрлері сияқты, хобби де заман өткен сайын жаңа қырынан көрініп, қазіргі таңға дейін адамдардың ермегіне айналуда. Әрине, адамдардың  білімі мен білігі, түсінігі мен көзқарасы, ой қорыту ауқымы мен таным деңгейі әр түрлі болатындықтан, айналысатын хоббиі де соған сай өзгешеленіп тұрады. Иә, әркім немен айналысып, нені ермек ететіні өз жеке шаруасы. Бұл жағынан келгенде әрбір тұлға дара индивид ретінде жақсы көрген ісімен шұғылдануына хақылы. Бірақ оның ұлттық тәрбие мен адамгершілік нормаларынан алшақтап кетпеуі тиіс.

Шындығы керек, адамды алға сүйремек түгілі басқан қадамын кері кетіретін «хоббилар» да бар. Яғни, құмар ойындары, ставка тігу секілді жат «хоббилар» сізді жақсылыққа бастамасы анық. Бірақ бүгінде бұл ойындар талай жас пен кәрінің «сүйікті хоббиіне» айналып кеткені адамды алаңдатпай қоймайды. Бос уақытының көбін казино жағалаумен өткізетіндер өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті жолға түскенін байқамайды да. Сондықтан мұндай «хоббилерді» басқасымен алмастырудан басқа жол жоқ.

Ал хоббидің ұтымды тұсы оны табыс көзіне айналдыру. Яғни, айналысып отырған ісің өзіңнің жүрек қалауыңа сай жасалып жаныңды тыныштандырса әрі саған табыс әкелсе бұлда бір үлкен бақыт. Олардың қатарында торт пісіру, гүл өсіру, киім тігу, машина жасау секілді хоббилар бар. Әрине, сіздің айналысып отырған хоббиыңыз табыс әкелмеуі де мүмкін. Бірақ сізге ақшаға сатып ала алмайтын ләззат пен бақыт сыйлайтыны анық. Ең бастысы бос уақытыңызды көңілді өткізуге мүмкіндігіңіз болады.

 

Ғажайып «коллекция

немесе дәрігердің ермегі

 

Осы мақаламызды жазуды қолға алғанда ерекше хоббимен айналысатын кейіпкерді де іздеген едік. Ал іздеген кейіпкеріміз ойламаған жерден және жақыннан табылды. Елден естуімізше, ерекше «коллекция» жинайтын адам Шелек ауылында да бар екен. Ол кісі Шелек ауылындағы аудандық аурухананың дәрігері, хирургия бөлімінің меңгерушісі – Қожабеков Ерақын Тұрғанбекұлы.

Біздің білгеніміз Е.Қожабеков бүйректе, өтте байланатын тастарды жинайтыны. Яғни, әр науқасқа операция жасаған сайын оның «коллекциясы» да толығып отырған. Иә, таң қалғанымыз рас. Өйткені біреулер ерекше тастарды даладан, өзен аңғарынан терсе, Е.Қодабеков тікелей адам ағзасынан алған. Әрине, адам ағзасында табиғаттағы сияқты тас болмайтыны анық. Біздің тас деп жүргеніміз адамдардың бүйрегі мен өтінде немесе қуығында пайда болған минералды түзінділер. Адам организмінде зат алмасу, әсіресе май алмасу процесінің бұзылуынан туындайтын  бұл ауру көлемі, құрамы және сыртқы пішіні әр түрлі тастардың түзілуімен сипатталады. Сондықтанда аталған «коллекция» расымен де таң қалдырғаны шындық. Сол себепті «коллекцияны» көзбен көріп, қолмен ұстауға әрі оның жай-күйін біліп, кейіпкерімізбен сұхбаттасу үшін жүздесуге асықтық. Бірақ кездесу барысында біздің түсінігіміздің қате екеніне көзіміз жетті.

Е.Қожабеков мырзаның айтуынша бұл хоббиге де, коллекция жинауға да жатпайды екен. Сондықтан өзін коллекционер атауға да түбегейлі қарсы. Кезінде осы турасында теледидардан ат арытып келіп, арнайы сюжет те түсірілген. Бірақ түсірді деген аты болмаса, өз айтқанынан мүлдем бөлек бағытта өрбіп, халыққа да қате түсіндірілген. Сондықтан жылдар бойы жинаған қазынасын өзгелерге таратып жіберген. Ал біздің ұққанымыз адам ағзасынан шыққан тастарды «коллекцио-нер» атану үшін емес, керісінше ғылым үшін жинауды мақсат тұтқан. Оның бас-ты себебі, білімін арттырып, тәжірибе жинақтауға келген практикант шәкірттерге көрсету.

Шәкірттерге көрсетудің де өз маңызы мен мәні бар. Анықтап айтқанда, әр науқастан алынған тастар ол адам ағзасының ерекшеліктеріне орай неше түрлі болып келеді. Яғни, бір адамнан шыққан тас келесі бір адамнан алынған тасқа ұқсауы мүмкін емес. Оның көлемі мен құрамы, түзілісі мен пішіні де өзгеше болады. Сол себепті, адам ағзасында пайда болатын мұндай тастарды тек кітаптан оқып, суреттен көргеннен гөрі, қолмен ұстап тамашалаған әлдеқайда оңды болмақ. Әрі келешекте істейтін кәсібіне де қаланатын баспалдағы берік болары хақ.

Екіншіден, науқастың өзіне де көрсетіледі. Мұндағы мақсат – науқастың операциясының сәтті өткеніне көзін жеткізу. Сонда ғана адам өзінің жазылатынына сенімі арта түспек. Ал сенімнің қандай дәрі-дәрмектен де артық екенін ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ең қызығы, бұл науқастың өзіне деген сенімділігін ғана арттырып қоймай, тағыда бір игі іске, бастамаға негіз болады. Бүгінде өтірік емшілер мен үшкіріп емдеп, түшкіріп ауру жазатын жалған құшынаштардың көбейіп тұрғаны шындық. Оған кейде халықтың көп сандысы сеніп те жатады. Әрине, басы ауырып, балтыры сыздаған науқастардың кез-келген нәрседен үміттеніп, жас баладай сенгіш болатыны рас. Науқастардың осы бір осал тұсын пайдалануға тырысатын жалған емкөстер өз бизнесін дөңгелетіп әкететіні жасырын емес. Кейде өтіне тас байланғандар да ем іздеп осылардың алдына барып жатады. Олар болса байланған тасты «оқып» түсіріп тастадық деп науқасты алдап соғады. Бірақ адам ағзасындағы тастардың олай топ етіп жерге түспейтіні айдан анық. Бұл өтіріктері науқастың қалтасын қағумен бірге, ауруының уағында дәрігерге келмеуіне байланысты асқынып кетуіне дейін әкеледі. Соның кесірінен адам тағдыры тәлкекке түсіп, науқастың өзі ғана зардап шегеді. Ал емшілер болса оны тағдырға жауып, жауапкершіліктен сытылып кетеді. Сондықтан ағзасынан алынған тасты науқастың өз көзіне көрсетеді. Бұл заманауи медицинаның беделін көтерумен бірге жалған емшілердің алдына тосқауыл қояды.

Е.Қожабеков мырза осыларды сараптай келгенде адам ағзасынан алынған тастарды жинау ешқандай «коллекция» болып саналмайды әрі оны коллекция ретінде қарау тым әбестік деген көзқараста. Бірақ бүгінде айналысып жүрген хоббиі де тым өзгеше. Кейіпкеріміз өзінің бос уақытында гүл өсіріп, оны баптаумен айналысқанды жаны сүйеді. Сондықтан үйінің айналасы гүлзар баққа айналып, көрген адамды таң қалдырмай қоймайды. Тіптен бала-шағасы да алысқа бармай-ақ өз аулаларында дем алғанды ұнатады екен. Яғни, хоббиі өзіне ғана емес, өзгелерге де қуаныш сыйлайтын қадірлі іске айналған. Сондықтан маманданған кәсібі талай науқасқа өмір сыйласа, хоббиі өзі мен өзгелерге қуаныш ағамыздың ісіне ризашылық білдіріп қайттық.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.

Оқылды 3398 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАРАДАН АУДАН…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен барлық…
Сәу 29, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарын өзім…

Тасқын су жүрген өңірлерде үй-жайынан айырылған халықтың баспанасын қалпына келтірудің…
Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет