Дүйсенбі, 12 Шілде 2021 15:00

Кәсіпкер жастардың қатары артып келеді

Етемін үміт жастардан,

Жаңа гүл шашқан бақшадай.

Мұрадын оңай кім табар,

Жар салып жұртқа қақсамай?

Халыққа, жастар, басшы бол!

Қараңғыда жетектеп.

Терең судан өтер ме,

Мың қойды серке бастамай? – деп қазақтың көрнекті ағартушысы Міржақып Дулатов жырлаған жастар – бүгінгі қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттің ертеңі. Сондықтан оларға артылар жүк ауыр, үміт мол. «Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі» – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан еді бір сөзінде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарға арналған түрлі бағдарламалар қолға алынып, оларға барлық жағдай жасалуда. Осы орайда, аудандағы жастар саясатының жүзеге асырылу қарқынын білу мақсатында жастар ресурстық орталығының жетекшісі қызметіне тағайындалғанына аз уақыт болса да, осы мекемеде бірнеше қызмет атқарып, аудан жастарымен етене еңбек етіп жүрген  Мәди Бердібаевпен тілдескен едік.

– Мәди Жарылқасынұлы, алып аудандағы жастардың саны кейбір өңірлердің халық санымен пара-пар. Осыншама азаматтарды бір арнаға тоғыстырып, жұмыс істеу қиынға соқпай ма?

– Оныңыз рас, аудан тұрғындарының саны 300 мыңнан асып-жығылса, 14-29 аралығындағы жастардың саны 65 мыңнан асады. Десек те, олармен бірлесе жұмыс жасап, ұйымдастыра білу қиын шаруа емес. Себебі бүгінгі жастар өте белсенді, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға бір кісідей атсалысады. Оған қоса, Есік қаласы мен әрбір ауылдық округте жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылар қала, ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынаста. Соның нәтижесінде Есік қаласы мен ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылары 266 іс-шара мен 94 қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Оның ішінде, тазалық акциялары, спорттық іс-шаралар, онлайн-кездесулер өткізіліп, 5 мыңға жуық жас қамтылды.

– Пандемиядан енді ғана бас көтеріп, экономикамызды дамытуға бет бұрған уақытта кәсіпкерлікті қолдау аса маңызды. Осы бағытта жұмыс жасап жүрген жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Қазіргі таңда да, бұған дейін де кәсіппен айналысуды көздеп жүрген жастарға барлық жағдай жасалуда. Жастар ресурстық орталығының маман-дары ауылдық округтерге шығып, бағдарламаларды түсіндіреді және ниетті азаматтарға қолдау көрсетеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға жіберіп, жеңілдетілген несиелер мен қаржылай гранттар алуға қол ұшын береміз. Биылғы жылдың басынан бері 63 азамат «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында гранттарға қол жеткізді.

Сонымен қатар 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын «Zhasproject» жобасы аясында ауданның жұмыссыз және мүмкіндігі шектеулі жастарын жұмыспен қамтуға және өз кәсіптерін бастауға үлкен мүмкіндіктер берілді. Былтыр ұйымдастырылған жобаға жастар белсенді қатысып, жобаларын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде, 18 жоба жеңімпаз атанып, 1 млн теңге көлемінде грант ұтып алды. Осылайша, жастардың өз кәсібін бастауға демеу болып, 54 азаматты 5 ай тұрақты жұмыспен қамтыдық. Келісім-шарт мерзімі аяқталған соң да жас кәсіпкерлер өз жұмысын жалғастырып келеді.

Соңғы кездері жастар арасында кәсіп ашуға деген құлшыныс артуда. Соның әсерінен өздерінің бизнес жобаларын құрастырған азаматтардың өтініштерін қарау кезегі ұзаққа созылатын. Бұл кемшілік талабы бар жастардың мақсатын жүзеге асыруға үлкен кедергі келтірген. Алайда бұл мәселе шешімін тауып, жас кәсіпкерлер интернетте сайт арқылы өздерінің бизнес жобаларын қорғап шығуда. Ауыл шаруашылығы, ғылыми жобалар, жасыл экономика, білім беру сынды түрлі бағыттағы бизнес жоспарларды қабылдайтын 25 сайт жұмыс істеп тұр.

– Осы сайт арқылы мемлекеттік грантқа қол жеткізген азаматтар бар ма?

– Әрине, бүгінде жобаларын қорғап, грантқа қол жеткізген азаматтар 13 ауылда балаларға арналған өнер үйірмелерін ашып жатыр. Соның бірі Жасұлан Сейдазиев Қаракемер ауылында өз жұмысын бастап кетті. Ауыл балаларын өнер мен спортқа баулитын мекемелерде домбыра, би, бокс, күрес, шахмат сынды үйірмелер жұмыс істейді. Балалар өздері қалаған үйірмелерге тегін қатысады.

– Жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асуда?

– Әлемді қауіпті дерт шарпып, карантиндік шаралар енгізілген қазіргі уақытта жұмыссыз қалған жастардың саны артып келеді. Алайда бос жүрмей, екі қолға бір күрек табуға ұмтылған жастар ресурстық орталыққа, жұмыспен қамту орталығына жүгінуде.

Жігітке сайран етіп жүрген артық,

Жігіттік бір кеткен соң келмес қайтып.

Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,

Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық, – деп Біржан сал айтқандай, қазіргі жас қыз-жігіттер еңбекке құштар. Сондықтан оларды жұмысқа орналастыру үшін барлық шаралар жүзеге асырылуда.Ағымдағы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 1607 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда 1029 азамат жұмысқа орналастырылды. Атап айтсақ, жастар тәжірибесіне 59, қоғамдық жұмысқа 850, әлеуметтік жұмысқа 120 азамат тартылды. «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 63 адам грант иегері атанды.

Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 130 адамды маусымдық жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Былтыр осы бағдарлама аясында 63 адам еңбек еткен болатын.

Оған қоса, жұмыспен қамту орталығы-мен бірлесе ауылдық жерлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Өткен аптада ғана бірнеше ауылда болып, мәдениет үйле-рінде жәрмеңке өткіздік. Оған жұмыс беруші мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту негізінен «Жастар тәжірибесі» мен «Ұрпақтар сабақтастығы»  бағдарламалары арқылы жүзеге асуда.

– «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бізге мәлім. «Ұрпақтар сабақтастығының» мақсатына толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Өзінің атауы айтып тұрғандай, бағдарлама жастарды жұмысқа орналас-тырумен қатар, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланыстың нығая түсуіне жол ашады. Бағдарлама негізінде жұмысқа орналастырылған азамат зейнет демалысы жақындаған маманмен жұмыс жасап, тәжірибе жинақтайды. Осы уақытта оған жалақы мемлекеттен төленеді. Қазіргі уақытта аталған екі бағдарлама бойынша оқу орнын бітіруші 135 жас маман кезекте тұр. Дипломдарын алған бойда жұмысқа орналастырылады.

– Жастар туралы сөз қозғағанда талай игі істердің ұйытқысы болған волонтерларды атап өтпеуге болмас. Қайырымды жастардың ресурстық орталықпен бірлесе жасаған жақсы-лықтары көпке үлгі. Осы шаралар алдағы уақытта жалғасын табатын болар.

– Расымен де, жақсылыққа жаны құмар жастардың жасаған қайырымды істері қиын жағдайға түскен талай шаңыраққа демеу болып, мұқтаж азаматтарға үміт отын сыйлады. Волонтерлардың ерен еңбегін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы «Еріктілер жылының» жабылу салтанатында волнтерлар Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсеткенін айтқан еді. «Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды.Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік.Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті» деген еді Президентіміз. Мемлекет басшысының жалынды сөздері еріктілерді жігерлендіре түсті. Күннен-күнге жақсылыққа жаны құмар жандардың қатары артып, талай игі істердің ұйытқысы болып жүр.

Биыл ерікті, белсенді жастардың атсалысуымен 30 отбасына бір айлық азық-түлік таратылды. Сонымен қатар мұқтаж жандарға 2 баспана сыйлады. Атап айтсақ, белгілі блогер Марғұлан Аденнің ұйымдастыруымен көпбалалы жанұяға Рахат ауылдық округіне қарасты саяжайдан үй, отағасына автокөлік алып берді. Тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттарды айтпағанда, волонтерлар баспанасы өртке оранған отбасыларға қомақты қаржылай қолдау көрсетіп, елдің алғысына бөленіп келеді.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер арқылы қайырымдылыққа ақша жинап, көмек сұрау секілді шаралары уақытша тоқтатылған. Оның бірнеше себебі бар. Негізгісі – көмекке мұқтаж азаматтарды көпшілікке жария етпеу, әсіресе, балаларын. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ішінде көпбалалы жанұялар бар. Олардың мектеп жасындағы немесе жоғарғы оқу орнында оқитын балаларын әлеуметтік желі арқылы республикаға жария етпей, көмек қорын жинау жоспарлануда. Ол үшін әрбір ауылдық округте WhatsApp желісі арқылы чаттар құрылып, ауданымыздағы еріктілер мен белсенді жастар қосылған. Бұл бастама жастар арасында кеңінен қолдау тауып, әр округ жастарының кемі 10 пайызы осы чатқа тіркелді. Осылайша, аудан көлемінде кемінде 3 мың азамат қайырымдылыққа өз үлесін қоспақ.

– Бұл азаматтар заңды түрде тіркеліп, жұмыс жүргізетін бола ма?

– Әрине, «Еңбекшіқазақ ауданының ерікті жастары» деген атаумен қоғамдық қор құрылады. Өз араларында жетекші, есепші сынды мамандарын тағайындап, жүйелі жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Бүгінде еріктілер көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, көрсетілетін көмек түрлерін анықтап жатыр. Аталған жұмыстар сәтті жүзеге асса, еріктілердің қоғамдық қоры «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 миллион» атты қайырымдылық шарасын жүзеге асырмақ. Бұл қаржыға 5 отбасына баспана сатып алынады.

– Қазіргі уақытта жастар арасында күрмеуі қиын мәселелер бар ма?

– Әлемді әуреге салған коронавирус басқа салалардан бөлек жастардың белсенділігіне де кері әсерін тигізді. Індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында жасалған карантиндік шаралардың салдарынан жастар ресурстық орталығының іс-шаралары онлайн түрде өткізілді. Ал қашықтан ұйымдастырылған шаралар жастардың белсенділігін төмендетті. Жұмыссыз қолы бос жастар қылмысқа баруы, жаман әдеттерге бой алдыруы әбден мүмкін. Сондықтан біз мүмкіндігінше жастармен байланысты үзбеуге тырысып жатырмыз. Жоғарыда атағанымыздай, бизнеспен айналысуға ниеттенген жастарға бизнес жоспар жасауға қол ұшын беріп, бағыт-бағдар көрсетеміз. Жұмыспен қамту орталығы арқылы қайта оқытуға жағдай жасап, жұмысқа орналастырудамыз. Жұмыссыз жастардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы техникаларын меңгеріп, балық шаруашылығын үйренуде және оқуын аяқтағандар осы салаларда еңбек етуде.

– Сұхбатыңызға рақмет.

 

Тілдескен

Сардарбек НҰРАДИН

Оқылды 1654 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет