Жексенбі, 03 Қыркүйек 2017 12:33

Мектеп үшін емес, өміріміз үшін оқимыз!

Дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаздың соңғы айының 28-іне тұрақтады. «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» деп айдар таққан кеңеске әдеттегідей аудан басшысы Бинәлі Ысқақ арнайы келіп, білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді таразылады. Сонымен қатар, келелі кеңеске аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов те қатысты. Алдымен Бинәлі Әбдіқапасұлы бастаған аудан басшылары білім бәсекесінде бәсі жоғары болған мектептердің көрмесін аралады. Білім бөлімінің соңғы жылғы инновациялық жетістіктерімен танысты. Сөйтіп, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың жүргізуімен кеңес өз жұмысын бастады.

Жыл өткен сайын білім саласына мемлекет қолдауы ұшан-теңіз. Бұл қазіргі қоғам білектің емес, білімнің күшіне сенетіндігін және соған тәуелді екенін айғақтаса керек. Айталық, ауданымыздың өзінде соңғы үш жыл ішінде бұл сала бюджеті 6 млрд теңгеге артқан. Биылдың өзінде 12 млрд теңгеден астам қаржы негізгі саланың несібесіне бұйырған.

Сонымен қатар жылдың жағымды жаңалығының бірі – Шелек пен Есіктегі екі білім ошағын қосқанда 86 мектеп өз жұмысын бастамақ.

Алғаш мінберге көтеріліп, өткенді таразылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова сөзін Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласындағы «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген ойымен бастады. Кейіннен білім бөліміне аудан тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды тізіп айтты. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, 417 млн теңгеге оқушылардың 98 пайызы кітаппен қамтылған. Әрі 33 білім беру мекемелеріне 148 млн теңгеге жылжымалы қазандық сатып алынған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының 66 пайызы кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Бұның өзіне соңғы үш жылда 86 млн теңге жұмсалған. Сондай-ақ, 3500-ге жуық баланы мектепке тасымалдауға 101 млн 719 мың теңге бөлінген. «Жақсы іс – көрмекке» демекші, ЭКСПО көрмесін 605 оқушы мемлекет қаражатынан көріп қайтты. Бәрі де үздік, жетім, жартылай жетім, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары.

Иә, 47 мыңнан астам оқушы биыл мектеп табалдырығын аттамақ. Оларды тәрбиелейтін мұғалімдердің дәрежесі нендей? Сұраққа бөлім басшысы былай жауап берді:

Облыс көлемінде онлайн режимінде және тұрақты семинарларда 12 мұғалімнің тәжірибесі таратылды. Соңғы 3 жылда аудандық әдістемелік кабинеттің ықпалымен 14 педагогтің авторлық бағдарламалары облыста бекітіліп, оқу үрдісіне элективті курстар енгізілуде. 2017 жылдың өзінде ауданның 21 педагогті түрлі облыстық байқауларда жеңімпаз болса, Абылай хан атындағы, АБайтұрсынов атындағы, Бөлек батыр атындағы, П.Вихрев атындағы, Әймен, Қойшыбек, Қ.Орынбетов атындағы, О.Мухаммади атындағы, Нұрлы, Н.Бубенцов атындағы, Әл-Фараби атындағы, Көктөбе, Жаңашаруа, Балтабай, Т.Әубәкіров атындағы орта мектептерінің мұғалімдері облыстық пәндік олимпиадаларында ІІ және ІІІ орындарды иеленді.

12 жылдық білім беру жағдайында педагог – ең алдымен, кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға болуы тиіс. Сол себепті соңғы жылдары педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде түбегейлі реформа жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында 1792 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2017-2018 оқу жылында кезеңмен келген сыныптарға сабақ беретін 1025 мұғалім арнайы курстарда өз білімдерін жетілдіріп, біліктілік емтихандарының нәтижесінде сертификаттарға ие болды. Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге дайындау барысында 67 пән мұғалімдері біліктіліктерін арттырды. 2012 жылдан бері жаңа жүйе бағдарламасы негізінде 602 мұғалім мен 43 мектеп директоры біліктіліктерін жетілдірді. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы да 360, ал 2019 жылдың соңына дейін педагогтардың 100 пайыз курстан өтуі жоспарлануда. Сонымен көңілі күпті болған жайтты да атады Бәтес Маратқызы: Ағылшын тілі пән мұғалімдерінің тілдік стандарт минимум деңгейін бақылау мақсатында өткізілген тестілеу қорытындысы бойынша 20 мұғалімнің деңгейі ауызекі тіл көлемінде болса, 4 мұғалімнің тестен өте алмауы баршамызды алаңдатады. Ұстаз нәтижесі осындай болғанда, шәкірттен қандай білім сапасын күтеміз?! – деді. Сонымен қатар биылғы жаңалықты да жария етті:

Ағымдағы оқу жылынан бастап 2,5,7-сынып оқушылары жаңа стандарт бойынша білім алып, бескүндік оқу аптасына көшеді.

Бүгінде ресми мәліметтерге сүйенсек, биылдың өзінде 2014 жас маман жұмысқа тартылған. Маман мәселесіне келгенде бөлім басшысы қынжылысын жасырмады: «Аудан бойынша 22 мектепте логопед-деффектолог мамандықтарына штат берілген. Алайда, бергенін қармап қалайық деген мақсатпен қажеттіліктерін ескермей кейбір мектеп басшылары мамандарды алып алған. Қажетсіз маман оқу-тәрбие үрдісінде немен айланысуы мүмкін? Осыдан барып түсінбестік пайда болып, арыз- шағым туындауына жол береміз, – деді. Қорытынды сөзінде жоспарлы аттестаттаудан өтпей қалған мектептерді сынады:

Жамбыл атындағы, Көлді орта мектебі кезекті жоспарлы аттестаттаудан өте алмай, қайта аттесттаттау кезінде максималды балл жинап өтуі сын көтермейтін жайт, – дей келе нақты тиісті тапсырмаларын берді.

Баяндаманы талқылауға шыққан Түрген округінің әкімі Бота Елеусізова, Көктөбе орта мектебінің директоры А.Талқанбаева, «Келешек» балабақшасының меңгерушісі Қарлыға Жүнісова, Х.Бижанов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Валентина Юрьевна, И.Шорманов атындағы орта мектебі ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлнәр Әділбаева, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары Римма Сағидуллаева «Жаңашыл адамды жаңашыл мұғалім ғана тәрбиелей алады» деп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеялар төңірегінде әңгіме тиегін ағытты. Жас ұстаздар атынан сөз алған ағылшын пәні мұғалімі Әсел Тоғанбаева: – «Қайда бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан соқпайды. Сондықтан біздің бағытымыз айқын, бағдарымыз белгілі: ой жарыстыратын заманда тәлімді, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы ретте жас ұстаздарға риясыз қолдау көрсетіп отырған аудан әкіміне алғысымызды білдіреміз» деп түйді ойын.

Қорытынды сөз алған аудан әкімі Бинәлі Ысқақ: – Егемен ел болған 26 жылда білім мен ғылым саласында қол жеткен жетістіктерімізді бағалай отырып, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруді әлемдік дәрежеге жеткізуге ұмтылу – баршамыздың қоғам алдындағы ортақ міндетіміз деп білеміз. Біз жылдам дәуірде өмір сүрудеміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек, кәсібін неғұрлым киналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп атап көрсетіп, біздің алдымызға уақыт талабына сай болуы үшін жаңа да, күрделі міндеттерді қойды. Сондықтан білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – біз үшін қашанда ең басты міндеттердің қатарында, – дей келе, биылдың өзінде білім саласына көрсетілген қамқорлықтарды тізіп айтты. Әкімнің сөзіне сүйенсек, соңғы жеті жылдың ішінде ауданымызда 16 білім ошағы бой көтерген. Оның тоғызы ескі ғимараттар орнына салынса, бесеуі жаңа мектеп, екеуі Шелек пен Есіктегі екі жаңа балабақша. Әрі 346 млн теңгеге мектептердің материалдық-техникалық базалары нығайтылған.

Нәтижелі жұмыс желісі балабақшаларда да жалғасын табуда. – Бала – болашағымыз десек, келер күніміздің келісті болмағы үшін қазірден қамданғанымыз абзал. Бүгінгі таңда ауданымызда «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің үлгілік» бағдарламасының шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің күшін біріктіріп, ынтымақтаса жұмыс істеудің арқасында өткен жылы 8 жаңа балабақша ашылса, оның бесеуі кәсіпкерліктікі. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында тағы да 12 жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымы ашылып, аудан тұрғындарына қуаныш сыйлайтын болады, – деді әкім. Өткенді саралап, салыстырып көрелік, осыдан жеті жыл алды мектепке дейінгі бүлдіршіндерді оқу және тәрбиемен қамту 47 пайызды көрсеткен-тін. Биыл аталған балабақшалар ашылған жағдайда қамту пайызы 95,6 пайызға жетпек. Демек, «Алмақтың да салмағы бар». Сол секілді қаражаттың да қайтарымы болуы тиіс. Бұл тұрғыдан ой өрбітсек, биыл 74 «Алтын белгі», 51 үздік аттестат иегерлері мектебімен қоштасты, оның 72-сі мемлекеттік грант алып, студенттік өмірмен достасты. Бәрекелді! Әйткенмен, бас бармақты көтеруге әлі ерте. – Әттеген-ай, деген тұстарымыз аз болған жоқ. Биылғы жылы қорытынды аттестаттау мен ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріп, түлектің жоғарғы оқу орнына түсу жауапкершілігінен арылғандай болған мектеп ұжымы оқушылардың дайындығына салғырт қарап, басшылық пен бақылауды босаңсытып алды. ҰТБ қорытындысы бойынша Сарыбұлақ, Толқын, Нұрлы, Т.Қабылов атындағы, О.Мухаммади атындағы орта мектептердің көш соңында көрінуі сын көтермейді. Аталған мектептердің ұжымы мен мектеп басшылары тығырықтан шығудың жолын табуды ойлануы қажет. Сондай-ақ, Ақбастау мектебін бітірген түлектердің бірде-бірінің жоғарғы оқу орнына түсіп, білікті маман болуға ұмтылмауының себебін мектеп директоры қалай түсіндіреді? Бұл сын әр жыл сайын айтылумен жауыр болуда. Енді нақты шара қолданудың кезі келді деп ойлаймын. Егер басшы оқу-тәрбие үрдісін нәтижелі ұйымдастыру алмаса, білім сапасын көтеруде қабілетсіздік танытса, басшылық қызметткен кету керек деп білемін. Осы ретте Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» – деп нақты айтты, – деп замана көшінен қалмай, әлемдік сапа мен меже тұрғысынан тұралап тұрмауды міндеттеді.

Иә, бұл тұрғыда «Біз мектеп үшін емес, өміріміз үшін оқимыз» деген Рим мақалы ұстаздарымыздың ұстанымы болса екен деп астын сызып айтып берді. Кейіннен үштілді білім беруге ерекше назар аудару керектігін сөз етті: – Үштіллі оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Халқымызда «Ұстаң көштен қалса, көп болса желімді тостақсыз қаларсың. Ал Ұстазың көштен қалса, білімді ұрпақсыз қаларсың» – деген өсиет бар. сондықтан ұстаздарымыздың ағылшын тілін жетік меңгеруі үшін біліктілігін арттыру қажет екендігі белгілі. Осы қажеттілікті жүзеге асыру мақсатында бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мұғалімдердің біліктілігі арттырылуда. Енді ұстаздар қауымына қарата айтар тілегім, алған білімдеріңізді қарайтып алмай, ары қарай дамытып, болашақ ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде тиімді пайдаланыңыздар, – деген аудан басшысы аудандық білім бөлімі, округ, қала әкімдері мен мектеп басшыларына нақты тапсырмасын да берді:

Біз бүгінгі басқосуымызда білім саласында атқарылып жатқан істерімізді қорытынды-лап, болашаққа бағдар жаса-дық. Осы жүйені кешенді жолға қоюдың тиімділігі мен нәтижелігіне көңіл аудардық. Жіберген кемшілігімізді мойындау – атқарған жұмысымызды сыни бағалауға әсерін тигізіп, болашаққа мақсатты жоспар құру мүмкіндігін береді. Болашаққа негізделген стратегияларды жүзеге асыру барысында биылғы оқу жылында айқын мақсаттарға негізделген төмендегі міндеттерді жүктеймін: біріншіден, мемлекеттік білім стандартын жүзеге асыру барысында оқушы мен мұғалімнің шығармашылық белсенділігін арттыра отырып, білім сапасын көтеру. Екіншіден, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының заманауи білім технологиялары мен оқыту тәсілдерін қолдану тәжірибелерін жалпы білім беру мекемелеріне енгізу жұмыстарын жандандыру. Үшіншіден, орта білім беру саласындағы білім мазмұнын жаңарту және үш тілде оқу бағдарламаларын енгізу негізінде педагогтың кәсіби біліктілігін арттыруды жалғастыру. Төртіншіден, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру мекемелерінің желісін жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы дамыту. Бесіншіден, Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын орындауға балаларды, ата-аналарды тарту және рухани тәрбие беру мақсатында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізу. Алтыншыдан, осы бағдарлама аясында қосымша білім берудің өлкетану, техникалық бағыттарын қамқоршылық кеңес құру, меценаттарды тарту арқылы дамыту. Жетіншіден, білім мекемелерін қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орнын бітірген ауыл азаматтарын туған ауылына қайтару арқылы мамандармен толықтыру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырамын. Біз ынтымақтаса отырып, күш-жігерімізді нәтижеге бағыттасақ, алар асуымыз бен бағындырар шыңымыз биік болмақ.

Жиын соңында өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, білімді ұрпақ тәрбиелеуде табысты еңбек еткен ұлағат иелерін марапаттады Бинәлі Әбдіқапасұлы. Сонымен «Үздік педагогикалық ұжым» номинациясымен «Айжан», «Алтынай» балабақшалары, Қ.Сәтпаев атындағы, И.Шорманов атындағы, Б.Момышұлы атындағы, В.Терешкова атындағы, Х.Бижанов атындағы, А.Жексембеков атындағы, Көктөбе орта мектебі және қазақ-түрік лицейі марапатталды. Ал Нүрзия Габдрашева білім және ғылым министрінің алғыс хатын иеленді.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Оқылды 1877 рет

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет