Ата салтты, нағыз қазақ жігітінің бойындағы асыл қасиеттерді насихаттай отырып, елін-жерін сүйер патриот ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп, О.Жандосов атындағы орта мектепте «Жігіт сұлтаны» байқауын өткіздік.
«Жігіт сұлтаны кім?» деген сұрақ туады. Ер азамат – қашанда қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де – осы қасиеттер. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман, еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» дегендей, ер адам жігерсіз болса, одан не қайыр? Қазіргі боз бала – ертеңгі отағасы, жанұясының тірегі. Әр ұлдың мойнында осындай жауапкершіліктің барын балаларға түсіндіруге талпынған байқауға 5-10 сынып оқушылары онлайн форматта қатысты.
Сайыстың аты айтып тұрғандай, қатысушылар өзін таныстыру, қол өнері, кермеге тартылу, видеороликтер бойынша жарысты. Сараптай келе, І орын 5 «Г» сынып оқушысы Вали Теміржанға, ІІ орын 5 «Ә» сынып оқушысы Бекәділ Бекзатқа, ІІІ орын 10 «А» сынып оқушысы Асқар Ақжолға бұйырды. Өзге қатысушылар да өнерлеріне қарай әр түрлі номинацияны иеленді. Сұлтан жігіттерімізді арнайы сыйлық пен мақтау қағаздарымен марапаттадық. Болашақта ұлдарымыздың бойында түрлі жағдайдан қиындықсыз шыға білетін тапқыр, намысқой, қайтпас қайсар, Отанын, елін, жерін қорғай алатындай бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз.
Н.Джилгельдиева,
«О.Жандосов атындағы орта мектеп» КММ
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары