Жұма, 10 Маусым 2022 10:29

Жақсының аты өшпейді

ТОҚТАУСЫЗ ӨМІРДІҢ АҒЫН СУДАЙ СЫРҒЫП АҚҚАН ӨЛШЕУЛІ КҮНІ МЕН ТҮННІҢ АЛМА-КЕЗЕК АУЫСУЫНА ІЛЕСІП, АЙ-КҮНІМІЗДІ АМАН-ЕСЕН ӨТКЕРІП, ЖЫЛЫСТАТЫП БІРТАЛАЙ ЖЫЛДАРДЫ ДА ЕҢСЕРІП ТАСТАҒАНЫМЫЗДЫ АҢҒАРҒАНДА ҒАНА ТАНЫРҚАП, ТАҢҚАЛЫП, САН СОҒЫП ЖАТУЫМЫЗДЫҢ ӨЗІ ҚЫЗЫҚ ҚҰБЫЛЫС ЕМЕС ПЕ?! МҮМКІН ОСЫ ҚЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗІ БҮКІЛ ЖАМАНДЫҚТАРДЫҢ БАСЫ – ДҮНИЕЛІКТІ ЖАҚСЫ КӨРІП, ИМАНЫМЫЗДЫҢ ӘЛСІРЕГЕНІН МОЙЫНДАМАЙ ЖЕЛІП-ЖОРТЫП ЖҮРГЕНІМІЗДІҢ ӘСЕРІ МЕ? РИЗЫҚ НЕСІБЕСІ АСЫП-ТАСЫҒАН БАЙ БОЛСАҚ ТА, БІРДІ БІРГЕ ЖАЛҒАП КҮНЕЛТКЕН ЖОҚ-ЖІТІК БОЛСАҚ ТА, БӘРІБІР БІР КҮЙКІ ТІРЛІКТІҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ БІРГЕ ЖҮРІП, БІРДЕЙ КҮН КЕШКЕН ПЕНДЕЛЕРМІЗ ҒОЙ. СОНДЫҚТАН БОЛАР, КЕШЕ ҒАНА АРАМЫЗДА БОЛҒАН ӘКЕ-ШЕШЕ, БАУЫР, ЕТ-ЖАҚЫНДАРЫМЫЗДЫҢ АСЫЛ БЕЙНЕЛЕРІ КӨЗ ҰШЫНДАҒЫ САҒЫМДАЙ БОЛЫП БІРТІНДЕП АЛЫСТАП, КӨҢІЛДЕН ӨШЕ БАСТАҒАНЫНА АҢДА-САНДА ІШІМІЗ УДАЙ АШЫП ЕСКЕ АЛҒАНМЕНЕН, АРТЫНША ПЕНДЕШІЛІКТІҢ СҰРҚАЙ ҚАМЫТЫН ҚАЙТА КИІП АЛЫП ДЕДЕКТЕЙ БЕРЕТІН ӘДЕТІМІЗДІҢ ОРТАҚ БОЛҒАНДЫҒЫ...

Менің әкем Стамшал Сүлейменұлы көпшіл, аз сөйлеп, жүйелі ой, келелі пікір айтатын сабырлы, момын, он баланы адал табанақы, маңдай терімен өсіріп жеткізген, елге сыйлы, қолы ашық, жомарт жан еді. Ілуде бір бас қосатын алыстағы ағайындармен туыстықтың алтын жіпті көпірін үзіп алмай байланыста болсын дей ме екен, ара-тұра туыстарды түгендеп еске алып отырушы еді, марқұм.

Бірде, Есік қаласында тұратын әпкеміз Роза Балабековамен жездеміз Кеңес  Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаев туралы сөз қозғады.

Менен бес жас үлкендігі бар Роза әпкем осы Ұзынбұлақтағы (Алматы облысы, Кеген ауданы) бұрынғы Еңбек колхозыңдағы жеті жылдық мектепті бітірді. 8-9 класты Жалаңаш орта мектебінде оқыды, 10-ды оқымай-ақ ауылда мұғалім болды. Соғыс кезінде қысқа мерзімді курстар ашылып, жақсы оқитындарды мұғалімдікке даярлаған. Келесі жылы Алматыға оқуға кетті. Одан кейін тұрмысқа шықты. Қазір батыр жездеміз екеуі абыройлы, күйлі-қуатты, бала-шағасымен берекелі тірлік етіп жатыр, – деп күрсініп, біраз үнсіз отырды.

Сағыныштың сартап сазы ма, әлде өкінішпен қимастықтың ащы запырандай улы уыты ма, даусы құмыға:

– Әпкем қазір қатты науқас екен. Ажкең айтады (Ажар апа) ол кісі жиі барады ғой, – деп, тағы терең күрсініп алып әңгімесін жалғады. «Мен 4-класты бітірген соң ары қарай оқуға мұршам болмады. Апаммен бірге қырманға, қой төлдегенде сақпанға, қырқымға, қой саууға барам. Емшектегі інім Нүкенді апам отырса етегіне, жүрсе беліне байлап алып осы тірліктің бәрін қыңқ етпей атқарады. Шөп шабу кезінде орта қазанға колхоз бастығы берген бір кеусен тарыдан апам үлкен қазанды толтырып өте дәмді көже пісіреді. Мен жүгіріп жүріп ертелі-кеш жағатын бұта-қурай, тезек теріп, арқалап соны тасимын. Нан да болмады ғой ол кезде, өлшеп берген кішкене бір тостаған бидайды қуырады, жетсе 5-6 талдан жетпесе 2-3 талдан елдің алақандарына санап салып беріп, қалса бір талды аузына салып сорып жүретін, қалмаса тамсанып шаруасын істей беретін. Соның әсері ғой асқазан ауруынан кеткені. Шай деген де атымен жоқ, қазанға су қайнатып береді. Жүрген жерінен дәрілік шөптер жиып, кептіріп алатын, көбіне соны қайнатып беріп, ел-жұртын емдеп те жүруші еді. Сол үшін ғой, ауылдастар әлі күнге «апамның қолының дәмі аузымыздан кетпейді» деп жүргендері. Келесі жылы 11 жасымда колхозға мүшелікке кіріп, жұмысшы болдым. Өгізбен жер жырту, егін егу, орақ ору, арық қазу, шөп шабу, таудан қарағай кесіп оны тасу сияқты бәрі қол күшімен істелінетін жұмыстар. Жазықты, тау тасты күңірентіп, біреуі баласын, біреуі күйеуін жоқтап, жоқтау айтып жылап жүрген өңкей әйел, бірен-саран ғана ер адам. Мен де солардың ортасында өзіме жүктелген шаруаны істеймін. Бұғанам қатпаған бала болған соң, шамам келмегенде менде қосылып жылаймын. Қатты ышқынып көтерген ауыр салмақ кесірінен мұрнымнан қан дірдектеп, маңдайымнан тер бұршақтап, көзімнен өздігінен жас саулап бәрі омырауыма аққандықтан кеуде тұсым үнемі сірі болып жүретін. Апам күнде жуып береді, ауыстырып киетін киім болмаған соң, ертесі тағы қатады. Бір күні елең-алаңда тоғанға су ашуға барайын деп жүруге де шамам жоқ тәлтіректеп, сүлдемді сүйретіп үйден шықсам есік алдында Роза әпкем отыр екен. Қоржын тамда тұрамыз ғой, саманнан салынған есігі бөлек, үлкен екі бөлмелі үй. Амандасып та үлгермедім, ұшып тұрып мені құшақтай алды. «Күнім, мектепке қайтшы, жұмыс істеуге әлі кішкентайсын ғой, бір жылдың ішінде қарашы бойың да өспей, тапталып бара жатырсын. Есепке жүйрік алғыр баласың ғой, Лиза екеуің бір-біріңді сүйреп үлгеріп кетесіңдер (сіңілісі Лиза екеуміз бір класта оқыдық, бір сия сауытты кезектесіп апаратынбыз). Апама да, колхоз бастығына да өзім айтам. Болды, барма жұмысқа!» – деп бауырына басқан күйі басымнан иіскеп тез-тез сөйлеп жатыр. Мен ақырын бұлқынып босап шықтым да, «Әпке, апама көмектесем!» – деп бір қырындай бұрыла бердім. Әпкемнің сөзіне көңілім босап, өксік қысып булығып, жүріп бара жатып, қиғаштай артыма қарағанымда екі қолы созған бойда әлі тұр екен. Мені аяп, менімен бірге жаны қиналып, жүрегі езіле, бота көзі боталап шарасыз күйде артымнан қарап тұрған сол тұрысы көз алдымнан кетпейді. Одан кейін де талай қиындықта, тіпті жығылып, сүрініп, аяқ-қолымды жаралағанымда да көз жасымды сүртіп, мейірімге зәру кезімде бар мейірімін төгіп жұбатқан сол әпкем болатын», – дегенде қатты тоңғандай бүкіл денесі калтырап кетті. Құрыштан құйғандай мығым, орта бойлы, 60-тың қырқасына жаңа шықса да ауыр тірлік тауқыметінен терең әжім торлаған аппақ ақсары өңі күнге күйіп, аязға үсіп, қоңыркүреңге айналған мейірімді жүзі бірден қуаң тартып, жан-дүниесімен тебіреніп отыр. Бауырына төніп келе жатқан ажалға тосқауыл бола алмайтынына налып, соншалықты күйзеліске түскен ақжүрек әкешіме не айтарымды білмей мен де дел-сал қалыпта жаутаңдап қарай бердім. Азапты күндерде бақытсыз балалық шақтарын бірге өткізген әпкесінің тағы қандай мейірімге толы сөздерін ойлап отыр екен? Өткеннің елесінің қара көшіне еріп, жан жарасы сыздай қатты қамығып отырған әкемді аяп кеттім. 

Шарасы үлкен, аялы үлкен көкшіл көздері мұнартып бір нүктеге қадалып, екі бүктеп ұстаған қамшысын дірілдеген саусақтарымен ақырын сипап қойып ұзақ уақыт үнсіз отырды. Осы әңгімеден соң аз уақыт өткенде 1998 жылдын 28 мамырында 68 жасында Роза тәтем, бір жылдан соң өзі де 2-3 ай ғана ауырып, келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанды. Одан бері де 24 жылдың жүзі болыпты. Жақсылығы мен жамандығы, күйініші мен сүйінші қат-қабат болып қатарласып келуі де өмірдің өз заңдылығы ғой. Бүгін жылатып қайғыртса, ертесі күліп шаттандыруымен тұратын. Шіркін, бұлаң дүниенің соңына кім жеткен?

Роза тәтемнің қолынан талай дәм таттым. Туысқандар үшін атқарған іс-әрекеттері де бала кезімнен менің көз алдымда өтті. Адамгершіліктің шынайы үлгісін сол кісіден көрдім.

Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында тұратын нағашым Жұман:

– Роза тәте ағайынның торқалы тойы, топырақты өлімінде де бар шаруаны ақылға салып, дер кезінде шешіп, көмек көрсетуге даяр тұратын. Ауыр жүкті өз иығымен көтеріп, бәріне бас-көз бола білген нағыз жанашыр туыс еді, – деп әркез еске алып отырады. 7-8 жылдан бері көз жанары суалып ғәріп болып отырса да, көкірек көзі ашық, туыстар туралы айтары көп «тірі тарих». «Тәтеміздің таза ниеті көзге көрініп тұратын кең пейілді, бір ерекше кісі еді», – дейді. Иә, ол рас! Балаларын, оқушыларын, достарын, ағайын туысты бөліп-жармай, зор ілтипатпен мақтап, көтермелеп барлығы туралы тек жақсы пікір айтып отыратын. «Мен – батырдың жұбайымын» деп ағамен қатарласып ел алдыңа шығып көрмепті. Нағыз қазақ әйелінің инабаттылығы, ақылдылығы, әдептілігі тал бойына тән қасиет еді. Күнделікті алыс-жақыннан келіп жататын туған-туыс, сәлем бере келетін дос-жаран, шәкірттеріне ақ дастарханын жайып, үйін мереке мен берекеге толтырып, жарының абыройын асқақтатып отыратын.

Осыдан 10 жыл бұрын 2011 жылы 4 желтоқсанда дүниеден өткен, көзі тірісінде-ақ аңыз адам атанған, елі құрмет-қошемет көрсетіп, ардақ тұтқан азаматы Рақымжан ағаға ұрпағы биылғы қаңтар айында 99 жасына арнап құран оқытып, әке рухына тағзым етті. Алла бұйырса, келесі жылы ғасыр жасында елеусіз қалдырмайды.

Ағамыз 1923 жылы 5 қаңтарда Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген. 19 жасында өзі сұранып майданға кетіп, 1945 жылы батыр атанып аман-есен елге оралады. 1951 жылы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика пәні мұғалімі мамандығын, жан жары Роза Балабекова осы институттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын бірге бітіріп, еңбек жолдарын Есік қаласындағы Молотов атындағы қазақ орта мектебінде ұстаздықтан бастайды. 1959 жылы ауданның 1-хатшысы А.Мәлкеевтің қолдауымен мектеп жанындағы балалар үйі жабылып, сол кездің оқу үдерісінің жаңа саласы мектеп-интернат етіп ашылғанда, оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры қызметін атқарады. Табанды еңбегінің арқасында ҚазССР, СССР білім беру ісінің озық қызметкері атаңды. «СССР халық мұғалімі» орденімен, медалімен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Өзін батырмын деп еш жерде көрсетпейтін тым қарапайым жуас жан еді. Дүкенде, ауруханада, әкімдікте өз кезегін күтіп, ел соңында тұрғанын көрген біреулер сыйлап алдыға жіберуге тырысса, соған ыңғайсызданып тіп-тік денесі иіліп, аққұба ашаң жүзі қызарып, нұр төккен мейірімді көздері жыпылықтап, кешірім сұрап, не алдыға, не артқа жүрерін білмей қалбаңдап қатты қысылып қалатын кішіпейілдігіне, елдің үстінен аттап өтуге дәті бармайтын кісілігіне, ол кісіні білетін көз көргендер әлі күнге тәнті болады.

Туған жері Қаракемерде, Есік қаласында, Алматы қаласының Өжет шағын ауданында көше аттары, Есік қаласында бір орта мектеп Рақымжан Тоқатаев атымен аталады. Мектепте жеке мұражайы да бар. 80  жасқа толғанда атақты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, М.Ілімтонов, Б.Бүркеев, Ә.Күлкібаев, Ә.Нұрсәлімбаев, А.Байтулақов сыңды оқушыларының бастамасымен көзі тірісінде-ақ ескерткіш-мүсін орнатылды.

Күреңіткен, ақ жүзі күнге күйіп,

Туған елге тұр әне, ол басын иіп.

80 деген сергелдең жасқа келген,

Батырымның тұғыры биік болсын –

деп оқушысы Тұманбай Модағалиев және Е.Нүсіпбеков бастаған ақындар жырдан шашу шашып, ұстаздарының батасын алды. Батырлығынан бөлек ұстаздық жолы да – өз алдына бір дастан. Кемел білімді мейірімге ұштастыра білген мұғалім ғана оқушының жүрегінде мәңгі қалады деп ойлаймын. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан мыңдаған шәкірттерінің алғысының бірі осы ескерткіш мүсін емес пе?

Аудан, облыс, республика көлемінде ардагерлерге қатысты іс-шара өтсе міндетті түрде құрметті қонақ ретінде шақырылатын. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына байланысты Мәскеуде өткен мерейтойға шақырылды. 50 жылдықта Қазақстандық 30 ардагердің қатарында Қызыл Алаңдағы салтанатты шеруге Кеңес Одағының 2 мәрте батыры Т.Бигелдиновпен бірге барды. Кеңес Одағының батырлары деген үлкен кітапта ағаның ерлігі толық көлемде жазылған.

40 жылдан аса бір мектептен табан аудармай, жан жары Роза екеуі иық тіресе ұрпақ тәрбиелеуде, білім беруде абыройдың биік шыңына шыққан ұлағатты ұстаздар болды. Бірін-бірі қолдайтын, қорғайтын, бірін-бірі толықтырып тұратын әдемі жұп еді. Өмірі үлгі-өнеге боларлық парасатты иманды жандардың артында ел-жұрт үшін істеген еңбектері, жоғалмайтын іздері қалды.

Рақымжан аға мен Роза тәтенің шарапатын көрген туыстар, алдарында өсіп, ержеткен, білім алған шәкірттері әрдайым сағына еске алады. «Ұстаздарға сағыныш» атты мақалада:

– Біз 8 сыныпқа көшкенде мектебімізге екі бірдей ұстаздар келді. Оның бірі Совет Одағының батыры Рақымжан ағамыз математика пәнінің майталманы екен. Геометрия, тригонометрияны талдап түсіндіргенде, өзің сол пәнді жетік біліп тұрғандай боласың. Ал Роза апайымыз болса, қазақ әдебиетін терең білетін, оны көкірегіңе құя білетін мұғаліміміз болды, әсіресе, шығарма жазуға келгенде талабы күшті болатын. Кітаптағыны көшіріп жазу шығарма емес, онда оқушының өз ойы, пікірі болуы керек деген шарт қоятын. Апайымыздың бұл ақыл-кеңесі жоғарғы оқу орнына түскенде кәдеге асты. Сондықтан 50 жыл өтсе де мен сияқты ондаған, жүздеген шәкірттер көкейіне ғылым мен білім кәусарын құя білген аяулы ұстаздарымызды әрдайым еске алып жүру қасиетті парызымыз. Есейіп кетсек те ұстаз алдында өзімізді әлі шәкірт сезінеміз, – деп, оқушылары Нығмет Әбенов алғысын білдірген (Президент және халық газеті. 2 қазан 2009 жыл).

Ардагер ұстаз Т.Оразбеков: «Қызығы мен қиындығы мол ұстаздықтың көп сырын осы кісілерден үйрендім. Рақымжан аға барлық уақытта педкеңестің отырысында негізгі мәселенің бірі етіп жас мамандарға көмектесу арқылы білім сапасын арттыру мәселесін қоятын. Әрине, бұл директордың көрегендігін көрсетеді. Орынды талап қойып, оны өзі қадағалайтын. Соның арқасында мықты мұғалім болдық», – деп әрдайым жақсы лебіз білдіріп жүреді. Жақсының аты өлмейді деген осы. Туғаннан өз бауырларында өскен үлкен немересі Гаухардың ұлы, алғашқы шөбересі Санжар да 2020 жылы 7-9 наурызда Мәскеу қаласында өткен VI халықаралық оқушылар мен студенттердің ғылыми прак-тикалық конфенциясына қатысып, «Мен батырдың ұрпағымын» атты жобасымен жеңімпаз атанып, ата рухын шарықтатты.

Біздер бала кезімізден соғыс туралы кино көріп, ардагерлерді өз көзімізбен көріп, айтқандарын өз құлағымызбен естіп өскендіктен соғыс дегеннің қандай «зұлмат» екенін білеміз. Қалай айтсақ та, Совет заманының адамдарының ары таза, отаншыл, қиындықтан қашпайтын, адамшылық қасиеті мол «нағыз адамдар» болған. Әйтпесе, қанды қырғын майданға, бораған оқ пен оттың ішіне кәрі жасы, ұл-қызы дерлік өздері сұранып, шыбын жандарын оққа байлап кете ме? Осы сұрапыл соғыста ел азаттығы үшін қандары төгіліп, шейіт болған арыстар есімі уақыт өткен сайын ел санасынан ақырындап өшіп бара жатқаны да өкінішті. Сол, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының құрбаны болған, мүгедек болған барлық батырларға бірнеше жүздеген ұлт өкілдерінің ұрпақтары мәңгілік қарыздармыз. Неміс фашистерінің табанында жойылатынымыз мүлдем жойылып, қалғанымыз бодандықта болар едік. Бұл соғыстың аяқталғанына да 77 жыл толыпты. Сонша жыл өтсе де, соғыс өртіне күйген, күннен күнге қатары сиреп бара жатқан әкелеріміз бен аналарымыздың соғыс ызғарынан әлі де арыла алмай жүргенін байқаймыз. Сырттан басып кірген басқыншы жау емес, ел өз ішінен бүлініп, бүлікке салынып 2-3 күн алатайдай бүлінген биылғы қанды қаңтардың өзі қаншама отбасын ойрандап кетті. Ана аңырап, әке боздап қалды. Нақақ қаны төгілген өрімдей өрендердің ойсыраған орны үңірейіп, қаны шыққан ашық жарадай әлі қанша жыл ашып ауырып тұрады? Қару атылып, қан төгілген жерді, өртенген, қираған дүниені көрдік. Қазақтың болашағы өз қолдарында екенін, бейбіт өмірдің мәнін білетін, жаңсақ қадамға өздігінен бармайтын балалардың аңғалдығын пайдаланып, іштен де, сырттан да аңдып, жымысқы оймен жүрген арамзалар жетекке алып арандатып кетті. Әр қазақ ата-баба қанымен суғарылған қазақтың киелі топырығын, найзасы қолдан түспей жерін қорғаған әр батырын, қазағымның ертеңі мен бірлігі деп қан жұтқан барша хан, билерін, Рақымжан ағадай батырларын өз деңгейінде қадірлей білсе, қазақ мәңгі жасайды. Түбін қазса, әр қазақтың тұқымында бір батыр, бір би, бір хан бар. Түп тамырды жете біліп, қазақи қасиетті бойымызға жисақ, сол асыл бабалардың қанымызда жүрген рухы тірілер еді. Рух көтерілсе ата-баба аманаты, Алла нұрын жаудырған асты-үсті қазыналы байлыққа толы кең-байтақ қазақ жеріне ешкім көз сүзе алмайды. Енді соғыс болмасын. Көрші елдердегі қактығыстарды, соғысты, жандарын шүберекке түйіп қашып, босып жатқан жұртты да көріп отырмыз. Алла тыныштығын берсін, жұмыр жердің бетіндегі барша адамзат баласы бейбітшілікте өмір сүруін нәсіп етсін.

Айгүл СТАМШАЛҚЫЗЫ.

Атырау қаласы.

Оқылды 5756 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Шерлі әке Қыз тағдыры — ұлт тағдыры »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАРАДАН АУДАН…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен барлық…
Сәу 29, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарын өзім…

Тасқын су жүрген өңірлерде үй-жайынан айырылған халықтың баспанасын қалпына келтірудің…
Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет