Бейсенбі, 27 Қаңтар 2022 10:59

Еліміздің ең бағалы байлығы

Еліміздің ең бағалы байлығы Сурет интернеттен алынды

Биылғы барыс жылын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Балалар жылы» деп жариялаған  болатын.  Ел Президенті жаңажылдық құттықтауында: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген еді. Мемлекет басшысы айтқандай жас ұрпақтың жарқын болашағына бағдар сілтеу – бүгінгі қоғамның ең маңызды  міндеттерінің  бірі. Президент бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтқан болатын.

Жас ұрпақ ертеңгі елдің иесі болу үшін олардың рухани кемелденуі аса маңызды. Ол үшін балалар зердесіне  сәуле құятын игі жобалардың қолға алынуы құба-құп болар. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемле-кеттік тілдің тұғыры берік болады. Сарапшылардың сөзінше, бүгінде шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығаратыны тағы бар. Иә, балалар әдебиетіне қолдау керек. Ол үшін жас жазушыларға серпін беру қажет. Мүшәйра, байқаулар өткенімен, үдеден шығар шығарма жоқ. Бар шығар, бірақ тасада қалады. Ол үшін сарапшылар айтқандай балалар әдебиетінің үлес салмағына мән беру керек. Балалар психологиясын зерттейтін мамандар «Балаға ата-анасы аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, ол қатарынан 6 айға озады. Ал, баласы 5 жасқа толғанша анасы кітап оқып бермесе, онда құрдастарынан 2 жыл артта қалып қояды», – дейді зерттеушілер. Қолына планшет ұстап ұйықтайтын қала баласымен, ата-әжесі айтқан ертегіге елітіп, кітапты құмартып оқып, басын жастыққа қояр, интернеті жоқ ауыл баласының қайсысы озарын сіз де білесіз. «Кітап оқуды сүйетін балалардың сөздік қоры бай, әртүрлі салада білімі мол, мектептегі оқу үлгерімі жоғары болады, өмірде жетістікке жетеді, заңбұзушылықтарға бармайды, тәртіпті әрі тәрбиелі болып қалыптасады» – дейді зерттеушілер. Демек, кітап оқу – балалардың рухани кемелденуі үшін аса маңызды қадам екені шындық. Алайда балалардың үздіксіз кітап  оқуына жол ашуға  жеткілікті кітап қоры болуы қажет. Дегенмен, бәрімізді ауылдық жерлердегі кітапханалар қоры жеткілікті ме деген сауал толғандарады. Өз өңірімізде де бұл мәселенің көңіл көншітпейтіні анық. Аудандық кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, бүгінде кітапханада  балаларға арналған кітап қоры мүлдем жетіспейді.  Бұл ретте аудандық кітапхана қызметкері Гүлнара Дүйсенбайқызы:

– Біз өз мүмкіндігімізше оқырмандарымызға қызмет көрсетіп келеміз. Біздің оқырмандардың басым бөлігін балалар құрайды. Сондықтан балалар әдебиетіне деген сұраныс жоғары. Бірақ бізде балаларға арналған кітаптар мардымсыз. Кітаптардың саны шектеулі болғандықтан, балдырғандардың қалаған әдебиетін ұсына алмай қалып та  жатамыз. Соңғы кездері кітапханаға түсетін жаңа кітаптардың саны тым азайып кетті. Сондықтан да біз тек балаларға арналған мерзімді басылымдарға ғана басымдық беріп отырмыз, – дейді.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ақпаратына сәйкес, 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті әрқайсысы 1000, 1500 данамен жарық көрген. Ал кезінде балалардың ең қастерлі оқулығына айналған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі 300 мың данамен сан қайтара басылыпты. Жоғарыдағы санаққа зер салсақ, 2017-2020 жылдары басылған  барлық балалар әдебиетінің тым аз тиражбен таралғаны, ол әдебиеттердің шалғай өңірлердегі кітапханағаларға жетпейтіні түсінікті. Балдырғандардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру ісін мектеп кітапханаларынан бөліп қарауға келмейді. Сондықтан бүгінде мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту маңызды. Өйткені қазір жағдайы сын көтермейтін мектеп кітапханалары аз емес. Тіпті жаңадан берілген ғимараттардың өздерінде кітапханаға жеткілікті орынның бөлінбегендігі тағы бар.

Бүгінде кәмелет жасына жетпей жатып қылмысқа баратындардың саны артқаны байқалады. Мұндай оқиғалардың көпшілігінің бастауында әлімжеттік тұратыны да анықталған. Көбіне бір-біріне күш көрсету оқу-білімсіз жүрген, айналысатын ісі жоқ жасөспірімдердің арасында орын алады деп жатамыз. Бірақ қазіргі таңда түрлі деңгейдегі білім ошақтарының өзінде мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігі алаңдатып отырған жайы бар. Қазір мектептерде, отбасыларда, қоғамдық орындарда кішкентай балаларды ұрып-соғуды, оларға әлімжеттік жасауды ашық көрсететін бейнежазбалар интернет арқылы таратылып жатыр. Олардан бұқаралық ақпарат құралдары да қалысар емес. Осындай теріс насихаттың да салдарынан болар, соңғы кезде үлкендер тарапынан балаларға көрсетілген зорлық-зомбылықтың қайғылы оқиғалары жиілеп барады. Қоғамда балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің орын алуына ата-аналар мен ересектер арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, бұқаралық ақпарат құралдарының сенсация қуушылығы, интернеттің теріс әсерінің артуы, жалпы, өскелең ұрпақтың әлеуметтік-мәдени өмірінің өзгеруі ықпал етеді. Сонымен қатар, халықтың кей топтарының құқықтық, моральдық, экономикалық жағынан әлсіз қорғалуы да ерлі-зайыптылардың өздерінің арасындағы және ата-аналар мен балалар арасындағы кикілжіңдердің пайда болып ушығуына, ал мұның аяғы бейкүнә бүлдіршіндердің қатыгездік құрбанына айналуына әкеліп соғуда. Осы ретте, жастайынан қысым мен зәбір көріп, психикасына зақым келген бала ертең өсе келе айналасындағы әлеуметтік ортаға қауіп тудырмай ма деген заңды сұрақ туындайды. Деректерге негізделсек, елімізде 6 млн 300 мыңнан астам  бала бар екен. Олардың әрқайсысы білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқылы. Әрбір бала ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Мектепте кінәлі болса да, оны ешкімнің ұрып жазалауына, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Мұның бәрі Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияда жазылған. Еліміз бұл құжатқа қол қойғандықтан, аталған құқықтың қорғалуын қадағалауға міндетті. Ақпарат көздерінде «қаңтар қасіретінде» жазықсыз балдарғандардың оққа ұшқаны жайлы да деректер айтылуда. Қалай десек те балалар еліміздің ең бағалы байлығы. Оларды  қалай аялау керек деген сауал тұтас қоғамды толғандырса керек.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 3432 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Өнегелі ғұмыр АЖЫРАСУ асқынып барады »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАРАДАН АУДАН…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен барлық…
Сәу 29, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарын өзім…

Тасқын су жүрген өңірлерде үй-жайынан айырылған халықтың баспанасын қалпына келтірудің…
Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет