Бейсенбі, 18 Ақпан 2021 14:19

ТӘРБИЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДА

ТӘРБИЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ ҚАЗАҚ ОТБАСЫНДА Сурет интернеттен алынды

Бүгіндері қоғамда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық» мәселесі көбеймесе, азаяр емес. Отбасындағы әлі күнге дейін оң шешімін таба таппаған  мәселелер әр үйде орын алып келеді. Ал зорлық-зомбылық жайлы сөз қозғалғанда отбасында теперіш көрген шақалақтардың ойымызға оралатыны анық.

 Халқымыз бала тәрбиесіне ежелден үлкен жауапкершілікпен қараған. Мысалға, «Тәрбие тал бесіктен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейміз. Бұл мақалдардың астарында санаға ой салатын салмақты мағына жатыр емес пе? Қазақ халқының даналығы мен көрегендігі де осында. «Баланың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деген қанатты тәмсілдің бекер айтылмағанына күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Сондықтан ата-ана үшін бала тәрбиесі қай кезеңде болмасын, басты құндылыққа айналған. Дегенмен, әр отбасының  бала тәрбиелеуіндегі өзіндік ерекшеліктері бар. Бүгінде үлкендеріміз «Әкең келе жатыр», – деген бірауыз сөзбен тәрбиеленгенін жиі айтады. Өйткені «Әкең білмесін», «Әкеңнен сұра» деген тіркестердің астарында тәрбиенің түпқазығы жатыр емес пе? Қазір бұл сөздердің мағынасы көмескіленіп қалғандай. Қазіргі таңда «адам мен заман басқа» деген түсінікке салып, «балаларды шектен тыс еркелетуге, еркінсітуге болмайды» деген пікірлер де қоғам арасында көптеп кездеседі, әрі оның арты оқыс оқиғаларға алып келуде.

Осыған орай ауыл тұрғынынан аталмыш мәселе жайлы пікірін сұраған едік. «Соңғы жылдары отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесінің «жасарып» бара жатқанын аңғарып отырмыз. Ата-анасының жылы алақанын сезінбей, тек таяқ көріп өскен сәбилердің, жұбайларының жұдырығынан әбден зәрезап болған нәзік жандардың жағдайлары алаңдатпай қоймайды. Бұлай жалғаса берсе, оның түбі жақсылыққа апармайтыны белгілі жағдай. Сондықтан да қазіргі таңда бізге жан-жақты ойластырылған заң қажет. Біз – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халықпыз. Ұлтымыздың осынау артықшылықтарын қазіргі қоғам қайта жандандырса», – дейді  екібірдей ер азаматтың анасы Ақлима Құрманқызы.

Әйтсе де, заң демекші, өткен жылдың 23 қыркүйегінде халқымыз үшін тарихи сәт болуға шақ қалған-ды. Мәжіліс депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Бірақ құжат Мәжілістің екінші оқылымында талқыланып, Сенаттың сүзгісінен өткен жоқ. Яғни заң жүзеге аспаған-ды. Бұған қарамастан, бірқатар зиялы қауым өкілдері  үндеу жариялап,  әйелдер митингіге шыққан. Бұл аз десеңіз, қоғам белсенділері мен блогерлер,  һәм әншілер мен әртістер заңға қарсы пікір білдіріп, заңгерлер уәждерін айтқан. Тіпті халық арасында онлайн-петиция  ұйымдастырылып, заң жобасына қарсы қол жиналды. Осының барлығына қолданысқа еңбеген заң жобасының кейбір баптары мен тармақтары түрткі болды. Қоғамдық резонанс туғызып жатқандардың пікірінше, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ата-ана мен бала арасына іріткі салып, отбасы институтының құтын қашырады. Құжатта көрсетілгендей, отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық, физикалық түрі бар. Мысалға, ата-ана баласына ұрысса – психологиялық, қол көтерсе – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмаса – экономикалық қысым көрсеткен болады екен. Шынымен осылай ма? Әлде басқаша ма, дөп басу қиын. Алайда қоғам заң жобасын осылай түсініп, осылай қабылдап жатыр. Бұған қоса заң жобасында қолданылған «жыныстық еркіндік» деген ұғым жұрттың жағасын  ұстатты. Аталмыш заң халық наразылығын тудырып, қайта қаралымға жіберілді. Ол дегеніміз – шын мәнінде  бала құқығын шектемейтін, керісінше, қорғайтын нақты заң жүйесі мемлекетімізде әлі ойластырылмаған деген сөз.

Бала үшін әке-шешесінің үйі ең қауіпсіз, оны қорғайтын әрі қабылдайтын мекен болуы тиіс еді. Бірақ олай бола бермейтінін айғақтайтын жайттар, өкінішке орай, жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе, сәбилерге зорлық-зомбылықтың үй, отбасында көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмай қалып жатады. Дөрекілік, балаға қоқан-лоқы  көрсету, бүлдіршіннің өмірге деген бағдарын өзгерту. Аталғандардың барлығы ең соңында зорлықтың ел аумағында дамуына және қылмыстың көбеюіне алып келеді. Статистикалық мәліметке қарағанда жыл сайын 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Бірақ осыған байланысты мемлекетімізде нәзік жандылар мен бүлдіршіндер үшін 20-ға жуық дағдарыс орталығы жұмыс істеуде.

Таяуда ғана қоғамды дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Түркістандық азамат туған ұлдарын бірнеше жыл бойы аяусыз ұрып келген. Желіде тараған видеодағы азаматты жергілікті полиция қызметкерлері дер кезінде ұстап, қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша жазаға тартқан. Бұл – келтірілген мысалдардың мыңнан бірі ғана. Ал әлі күнге дейін орын алып жатқан осы сынды жағдайлардың беймәлімі, әке-шешесінен зәбір көріп жатқан балалар немесе күйеуінің тоқпағын жеп жүрген келіншектер қаншама. Нақты айту қиын.

Ал бұндай жағдайларды болдырмас үшін Қазақстан Республикасының заңнама жүйесінде не деп жазылған?

Мемлекетіміздің заңнамасына назар аударсақ : 27-бап, 2-тармақ – Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. 17-бап, 2-тармақ –Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. 10-тарау, 67-бап ата-аналар балаларына қатаң қарап, қысымшылық жасағаны үшін ата-ана құқығынан айыруға дейін жазаланады екен. Бұл – бекітілген әрі осы күнге дейін қаншама жеткіншектердің құқығын қорғап, жақтап келген бірден-бір заң жүйесі. Дегенмен, бүгінде отбасына қатысты мемлекеттік саясаттың бейнесі бола алатындай және оның қызмет аясы мен қорғауының құқықтық кепілдіктерін ұлғайтатын осындай қалыптағы заңдарды одан әрі мұқият  қарастыру мен қабылдау қажеттілігі туып отыр. Зорлық-зомбылықпен табысты күресу үшін бірінші кезекте мемлекет пен қоғам жұмыла жұмыс істеуі керек.

Жүрегі мейірімге толы ана мен әке өз перзентінің жаман болғанын қаламайтыны хақ. Олардың жақсы жолда жүріп, өсіп-өнгенін көргісі келеді. Отбасында «тәйт» еткізетін тыйымдардың да жасалатыны заңдылық. Кейде тілімізді алмай жатқан жеткіншектерге тәртіптің қаталдау түрін де қолданатыны жасырын емес. Бірақ өмір өзгерген сайын тәрбие жайы да заманмен бірге ілесіп келетіндей. Осындай қарама-қайшылықтарға толы кезде тәрбиені балаға тал бесіктен үйреткен жөн. Әрі бұндай түйіткілге толы сұрақтың, келеңсіз жайттардың әрбіріміздің өмірімізде орын алмауы үшін ең әуелі болашақ ата-ана жауапкершілік танытуы қажет. Оған қоса әке-шешеден алған тәрбиемен өзі де үлгілі отбасылардың қатарын толықтыру үшін жастар барынша әрекет етсе. Қазақтың танымында отбасының негізгі үш діңгегі: әкенің, ананың, баланың өз орны болған. Біз қай заманда өмір сүрсек те, осы үш тұғырдың беріктігіне мән беруіміз керек. Сонда ғана отбасында орын алған келеңсіз оқиғаларды, соның ішінде зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жоямыз. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу – тек мемлекеттің емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті.

Маржан АҒЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың

«Журналистика» кафедрасының 4-курс студенті

 

Оқылды 431 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Бала тәрбиесі құрсақтан

Соңғы жаңалықтар

Ақп 25, 2021

Мемлекет басшысының Ұлттық кеңестің…

Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V…
Ақп 25, 2021

Миржан Әзербаев: «Бұл дертпен қоғам…

Аудандағы эпидемиологиялық жағдай жайында Еңбекшіқазақ аудандық…
Ақп 24, 2021

Облыста вакцинациялаудың 2-кезеңі…

Алматы облысына Елордадан коронавирустық инфекцияға қарсы "Спутник V" 2-компонентінің 1…
Ақп 23, 2021

Ақын мұрасы мәңгі өмір сүреді

Дарын иесі өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол…
Ақп 23, 2021

«...Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»

«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай, Мына адамдар жатыр соны тойлап-ай». Дәл бүгін тау…
Ақп 23, 2021

COVID-19: Аудандағы жағдай

Бір аптада (16.02 – 23.02.2021 аралығында) Еңбекшіқазақ ауданында ПТР сынама арқылы 26…
Ақп 23, 2021

Антына адал Мейрамбек

Мен – қазақпын, қазақпын деп мақтанамын. Ата-бабам салт-дәстүрінен аспаған Ел шетіне…
Ақп 23, 2021

Ата кәсібі – балаға мұра

Мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібі. Ішсе сусын, жеуге ас,…
Ақп 22, 2021

Естен кетпес кездесу

Кешегі Абай мен берідегі Қасымдардың жолын жалғастырған, болмысы бөлек, табиғаты…

Күнтiзбе

« Ақпан 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет