Сейсенбі, 22 Қазан 2019 10:17

Саусақтағы жанарлар мұңы Брайль қарпіндегі кітаптар неге басылмайды?

Мынау жарық дүниені көзіңмен көріп, сұлу табиғат пен қоршаған ортаны құмарың қанғанша тамашалағанға не жетсін, шіркін?! Алайда, Алланың осындай ғажап нығметі бұйырмай, әлемді жанарымен көрмесе де, сезініп жүрген жандар бар арамызда.

13 жастағы Ділназ Турлиева бүгінде Есік қаласындағы облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернатта білім алады. Алматы қаласында тұратын Ділназ биыл 7 сыныпта. Көзі мүлдем көрмесе де, дәптерге жазу жазып, кітап оқиды. Бұл қалай дейсіз ғой... Зағип жандарға арналған Брайль қарпін меңгеріп, аталған мектеп-интернаттың қабырғасында жүріп, жазу-сызуды үйрен-ген.

Әлемдегі миллиондаған зағип жандардың саусағына жанар сыйлаған Брайль қарпі 19 ғасырдың басында пайда болған. 1809 жылы Франциядағы қолөнершінің отбасында дүниеге келген Луи Брайль 3 жасында көзін жарақаттап, 5 жасқа келгенде мүлдем көрмей қалады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген ол 12 жасынан көзі көрмейтін жандарға арналған әліпби жасау мақсатында жұмыс істей бастады. 3 жылдың ішінде дегеніне жетіп, үштен екі бағанада орналасқан алты рельефті нүктенің әртүрлі комбинациясынан өз әліпбиін құрастырады. Кейін Луи Брайль өз туындысын тыныс белгілермен, сандармен, тіпті, ноталармен толықытырып, қаріптің соңғы нұсқасы 1837 жылы бекітілген.  Қазіргі уақытта Брайль қарпі бүкіл әлемде қолданылады.

Аудан аумағында аталған қаріппен сабақ өтетін жалғыз білім ордасына  арнайы барып, оқу процесімен танысқан болатынбыз. Мектеп-интернат директоры Гүлнар Өтепбергенованың айтуынша, осында көру қабілеті бұзылған 170 оқушы білім алады. Оның 20-ға жуығы зағип балалар. Негізінен оқушылардың көпшілігі облыстың түпкір-түпкірінен келсе, 85 бала ауданымыздың тұрғындары.

– Оқушыларымыз 2 қаріпті меңгереді. Бірі, тақырыбымызға арқау болып отырған Брайль қарпі болса, екіншісі, қарапайым әліпбидің үлкейтілген нұсқасы. Мұндағы көзі нашар көретін балалардың кейбірі болашақта көзжанарынан мүлдем айы-рылуы мүмкін. Сондықтан, Брайль қарпін қосымша үйреткен артық етпейді. Мұғалімдеріміздің барлығы Алматыдағы Соқырлар қоғамында Брайль әліпбиі            бойынша курстан өтіп, сертификаттарын алған – дейді Гүлнар Дүйсенайқызы. Сөз арасында мекеме директоры Брайль қарпінде жазылған оқулықтардың жетіспейтіндігін айтып қалды. Бұл мәселе мектеп-интернатта ғана емес, еліміз бойынша өзекті болып отыр. Зағип бүлдіршіндерді оқытуға арналған бірінші сыныптың оқулықтары осыдан екі жыл бұрын ғана басып шығарылған. Аталған кітаптар Есіктегі мектеп-интернатқа да жеткізіліпті. Директордың айтуынша, қарапайым қаріппен жазылатын бір ғана математика оқулығының өзі Брайль қарпінде 5 кітап болған. Басқа оқулықтар да сол секілді. Сондықтан болар, елімізде «саусақпен оқылатын» кітаптар тапшылығы сезілуде. Кітаптардың көлемді болуында да себеп бар. Брайль қарпіндегі алты нүкте бір әріптің орнын алады. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кедергі толы кеңістік: Брайль қарпіндегі оқулықтар неге басылмайды?» атты Айдана Шотбайқызының мақаласында Брайль қарпіндегі математика оқулығы 17 кітап болып шыққандығы айтылған. Қазақ тілі одан да көбірек. Ақыл-ойының немесе бой бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді дамытуға арналған құралдар мен әдістемеліктерді әзірлейтін Әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы математика оқулығының әрқайсысын 80 мың теңгеге сатқан. Демек, 17 кітаптан тұратын математика 1 млн 360 мың теңгені құрайды. Әрине, бұл қаражатты ата-аналардың қалтасы көтермейтіндігі айдан анық. Мемлекет үшін де қомақты қаржы. Аталған мәселе біздің елімізде ғана емес, әлемде қиындық туғызуда. Сол себепті, Аустралияның көзі көрмейтін және көзі нашар көретін студенттерді қолдаумен айналысатын орталығы әдістемелік құрал әзірлеген. Онда ағылшын тіліндегі жиі қолданылатын сөз-дерді қысқартып берген. Айталық, about (туралы) сөзінің алғашқы екі әрпімен ғана белгілейді. Елімізде де осындай зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Брайль қарпінің оңтайландырылған түрі қарастырылса, мемлекет пен ата-аналардың қаржысына да үнем, оқушыларға да жеңіл болары сөзсіз.

Мектеп-интернат директоры-нан сұрап, зағип балалар оқитын сыныптың сабағы-на қатыстық. 7 бала оқитын 7 сыныптағы Ділназдың жайын жоғарыда айттық. 17 жастағы Жамбыл ауданының тумасы Әлнұр 14 жасында аталған интернаттың табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барған. Себеп, өзі тұрған ауылда зағип баланы оқытуға мүмкіндік болмаған. Қазір Әлнұр 7 сыныпта оқиды. Директордың сөзінше, мектеп табалдырығын кеш аттаған оқушыларды үлгеріміне қарап бірден жоғарғы сыныпқа ауыстыруға болады екен. Оқуға, білім алуға ерекше ынтасы бар оқушылар бізге Брайль қарпін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жазу үшін мұндағы әрбір баланың жеке Брайль құрылғысы бар. Құрылғының ортасына дәптерді қысып, бекітеді. Қалыңдығы әдеттегіден бірнеше есе қалың, 0,4 мм болатын дәптерге оңнан солға қарай Брайль грифелімен (арнайы ине) тесіп жазады. Парақтың артынан салынған нүктелер сол жақтан оңға қарай оқылады. Мұғалімдердің  айтуынша, Брайль грифелімен бір нүкте тесу үшін 200 гр күш қажет.

ҚР Конституциясының 30 бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына хақылы. Сондай-ақ, жаңа оқу жылының алдында өткен Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбектов қосымша білім берумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өскенін жеткізген еді. Қай топтағы оқушы болмасын, барлығы бірдей қосымша білім алуға тең құқылы. Алайда, көру қабілетінің бұзылысы бар оқушылар қосымша білім тұрмақ, бос уақытында оқитын Брайль қарпіндегі кітаптың өзіне әрең қол жеткізеді. Оған қарамастан мектеп-интернатта оқушылардың кітап оқуына қосымша барлық жағдай жасалған. Мұндағы әрбір сыныпта оқулықтағы жазуды үлкейтіп көрсететін аппараттар жұмыс істейді. Оған қоса, балаларға кітап оқуда «Книгалюб» құрылғысы үлкен көмек көрсетеді. Мұнда кез-келген кітапты сканерлеп, аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік бар. Бірақ, «Книгалюб» орыс тіліндегі кітаптарды ғана дыбыстайды. Осыдан 2 жыл бұрын интернат басшылығы «Самырұқ-Қазына» қорының демеушілігімен 1 құрылғыға ғана қазақша бағдарлама орнатқан. Негізінен мемлекттік тіл мәселесі оқулық барысында да қиындықтар туғызуда. Гүлнар Дүйсенайқызының сөзінше, мемлекеттік тілдегі Брайль қарпіндегі көркемәдебиеттер тапшы. Интернаттағы оқушыларға кітаптардың басым көпшілігі Соқырлар қоғамының кітапханасынан жеткізіледі. Ол кітапханадағы «рухани байлықтың» барлығы дерлік Кеңес үкіметі тұсынан сақталған ресми тілде жазылған кітаптар. Брайль жүйесіне қазақ тіліндегі әріптер өткен ғасырдың 60 жылдары соғыстан зағип болып оралған Сәкен Өтегеновтің тікелей атсалысуымен енгізілген. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де ана тіліміздегі оқулықтар басылмай келеді. Ал ескі кітаптардың бедерлі жазулары да саусаққа ілінбейтін күйге түскен. Шет елден сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Ал Брайль жүйесіндегі кітаптарды басатын елімізде арнайы типография жоқ. 

Интернатқа сапар барысында зағип жандардың оқуға, білім алуға, дүниені танып-білуге деген құштарлығы жоғары екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Олар үшін кітап – бұлыңғыр дүниедегі жарық сәуле секілді. Жарық дүниені көрмесе де, кітап арқылы айналаға көз салады, әлемді таниды. Технологиялардың қарыштап дамыған ғасырында мүмкіндігі шектеулі жандарды тағы бір мүмкіндігінен айыру – адамзат үшін үлкен сын...

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 3079 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 29, 2024

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШАРАДАН АУДАН…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен барлық…
Сәу 29, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарын өзім…

Тасқын су жүрген өңірлерде үй-жайынан айырылған халықтың баспанасын қалпына келтірудің…
Сәу 29, 2024

Жазушы мерейтойына арналды

«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да…
Сәу 29, 2024

«ДАНЬ ТРАДИЦИЯМ И ВОСПИТАНИЕ…

В рамках недели "Жасыл аймақ" экологической акции "Таза Қазақстан", проводимой по всей…
Сәу 29, 2024

С Днем Единства народа Казахстана

Хочу поздравить всех с Днем Единства народа Казахстана и выразить благодарность за вашу…
Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет