Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін болуы керек. Әсіресе, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазым иелеріне бұл тұрғыда қатаң талап қойылуы керек деген сөздері көңілге қонымды.
Сондықтан еліміздің бүгінгі басшысы айтқандай көп сөзбұйдаға, саясаттандыруға салмай нақты іске көшу керек. Ал нақты іс жайында айтар болсақ, бүкіл ел болып мемлекеттік қазақ тіліне күнделікті өмірде мән бере жүруіміз қажет. «Өз ағам» деген өзбек көршіміз ұрандатпай-ақ тіл мәселесін толық шешіп алғаны да мысалға келтірілген сұхбатта. Ал өз басымнан өткен мынадай оқиғаны айтпай кете алмадым. Ташкенттің орталық базарының алдында тағам саудалап тұрған өзбек азаматынан орысша оқыған туысқаным орысшалап кәуәп сұрап еді, мойнын да бұрмады-ау акамыз. Мәселенің мәнін түсініп кәуәпшіге қазақша сәлемдесіп, өтінішімізді де өз тілімде жеткізіп едім, өзбек өз ағам «жайылып жастық, иіліп төсек» дегендей жік-жапар болып қызметін көрсетті. Міне өз тілін төмендетіп, анасының тілін меңгере алмай жүрген қандастарымызға қандай сабақ беріп еді сонда.
Ал биік лауазымды мемлекеттік қызметкер қағазға қазақша жазып берген мәтінді акцентпен, яғни шетелдік азаматша сөйлеп міңгірлеп тұрғанда намысымыз келетіні де шындық.
Сондықтан сөзді қойып, іске көшейік – ел болып бай да көркем ана тілімізді игеріп, елдігіміздің іргесін нығайтаық.
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
бас редкатор,
Қазақстанның құрметті журналисі