Бейсенбі, 04 Ақпан 2021 11:34

Ұрпағына ұран болған Албан ата ұрпағы – Құртқа-Мамай

Қазақта «Түбін білмеген - түгін білмейді» деген сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай білетін халқымыздың айырықша қасиеті де осында. Міне, сондықтан да қазақ шыққан тегін зерделеп,өсер ұрпағының ертеңіне  мән берген. Ертедегі өмір сүрген бабаларымыз бен ғазиз аналарымыздың сол заманына сәйкес өнегелі өмірлері, қадір-қасиеттері бізге аңыз боп жетті. Халқымыздың мемлекеттігін әлем алдында мойындатып, шекарамызды бекіткенше ата-бабамыз ұлан-ғайыр жерімізді сыртқы жаудан қорғау үшін жан алып, жан берісіп күресті. Жан-жағымызды қоршаған алпауыт елдерден байлыққа толы жерімізді қорғап, сақтап қалды. Ұлттың рухы сынбады. Осы жолда қазақтың небір марқасқа ұлдары жандарын пида етті. Халқымыздың аңсаған арманы – Тәуелсіздік таңы атты. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз.

Бүгінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кеңес Одағы кезінде бұр-маланған  тарихымыздың  беттері қайта ашылып, жоғымызды түгендеп жатырмыз.

Құдайға шүкір,өшкенімізді жандыртып, өлгенімізді тірілтіп берген бүгінгі жаңаша ойлау кезеңі шежіреге ерекше көңіл аударуға мүмкіндік беріп отыр.

Тарихты зерттеушілердің деректерін қарағанда қауымдық сипаттағы тегімізді, яғни  қазақ шежіресін Тұран, Сақ тайпаларынан бастап баяндау ойға қонымды. 

Қазақта әр рудың өз тегін,қайдан шыққанын білуге құштарлығы,өзінің түп-тамырын алыс тереңнен тартқысы келетіні тым әріден келе жатқан танымдық ұмтылыс.

Бір атаның немесе бір әулеттің ұрпақтары кең өніп-өрбіп, өзге елдермен тізе тірестіре алатын дәрежеге жетсе Ру атағы берілетін болған. Ру «Руи» деген көне парсы сөзі. Қазақшаға аударғанда «Бет, келбет», «Түр, тұлға» деген мағына береді. Үндестік заңына сәйкес «Ру» сөзіне айналған.

Ал, енді осындай  еліміздің дамуына, ұрпақтарының  өрбуіне зор үлесін қосып, үлгі болған – Ұлы жүз, Албан руының Қоңыр бөрік тармағынан тарайтын Боти балалары Құртқа-Мамай бабаларымызға қысқаша тоқталсақ.

Албандар, оның ішінде Қоңыр бөрік-руы туралы тарихшылар Н.Аристов, Н.Гродековтың есеп-қисабына сілтеме жасап, Жетісу облысы, Жаркент уездерінде, Іле өзенінің сол жағалауынан Қытай шекарасына дейінгі аумақты, оңтүстігінде Іле Алатауының биік жоталарын, батыста Верный уезінің жеріне дейінгі аймақтарды, ішінара Оңтүстік Қазақстан өңірін мекендегенін келтіреді. Кейбір аталары Шыңжаң өлкесіндегі Текес, Іле бойын жайлап, мал өсірумен қатар егіншілікті де кәсіп еткен. Бүгінде олар Алматы,Түркістан облыс-тарында және Өзбекстан мен Қытайда тұратынын атап кетеді.

Ұраны – Райымбек, таңбасы – дөңгелек болып келеді.

Шежіре бойынша  Албанның баласы Шыбыл 1455-1460 жылдары өмірге келген. Шыбылдан Қоңырбөрік. Қоңыр бөріктен Боти, Бойдақ, Тілеуқабыл  атты үш ұл дүниеге келген.

Қазақ хандығының іргесі бекіп, керегесі кеңейе түскен кезеңде өмір сүрген Боти балалары Құртқа да, Мамай да өз заманының қара қылды қақ жарған билері болған. Жетісу жеріндегі ел бірлігін, рулар арасындағы дау-дамайларды шешіп қана қоймай, ынтымағын сақтауға, жетім жесірлерге қамқор болуға, ел бірлігін сақтауға орасан зор еңбек еткен қоғам қайраткерлері.

Би болған, төрелікке болған абай.

Араласқан жасынан  дауға дамай.

Қара қылды қақ жарған орақ ауыз

Құртқа баба даңқы асқан жерге талай – деп Құртқа бабамыздың ұрпақтары жырға қосқан.

Ал, Мамай бабамыз 17-18 жасында ағайын-туыстың арасындағы бітімгершілікке араласқан.

Діни сауатын Ташкент, Бұқара медре-селерінен дәріс алып, Дулаттың Шегір Тәжібай датқаның тәжісі болған. Сөйтіп Мамай би деген мәртебеге ие болады.

1580-85 жылдар шамасында Мамай бабамыздың ұрпақтары 45-50 шаңырақ болып, малдарына жайылым, егін егуге жер сұрап барған кезде елдің би-болыстары егістікке Балқаш көлінің маңын, жайлауын Қорғастың арғы  жағына қарай сілтейді.

Мамай баба қапаланып 10 шақты жігітпен жиналып Төлебидің әкесі, Әулие ата Әлібек биге келеді. Әлібек би, Аға баласы, Мамай биді құрметтеп, Бадам өзенінің бойынан ұзындығы 25-30, ені 15-17 шақырым жерлерді Ояздарға тапсырып, бекітіп береді. Содан бері қарай Мамай ұрпақтары қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданында тұрады. Құртқа мен Мамайдың бір атасы Өзбекстанда Бостандық ауданында (бұрынғы Қазақс-танның жері) тұрады. Астаналық ақын Серік Батырханұлының «Құртқа-Мамай тегіміз» өлеңінде бабалары жайлы былай деп толғайды:

Заманында би болған Құртқа-Мамай

Араласқан жасынан дауға дамай.

Қара қылды қақ жарған, орақ ауыз

Аңыз болып тараған жерге талай.

 

Тілге өткір, ойға озық, сөзге шешен.

Мысыңды тұқыртады түрін көрсең

Бүркіт тұмсық, өткір жанар, сұсты келбет.

Тұра алмайсың басылып, бүкіл еңсең.

 

Сыйлап өткен кедей кепшік, қараша.

Болған екен талайларға араша.

Тура биде туған жоқ, адал болған.

Қарапайым, бетегеден аласа – деп суреттейді.

Орта ғасырлық қазақ тарихында қазақтың көрнекті адамдарының өмір сүрген жылдары туралы дәлме-дәл жазба дерек табыла бермейді. Оның басты себебі, қазақ қоғамында төлқұжат, туу туралы куәлік жазылмаған. Ондай тіркеу тіпті болмаған. Мұндай жағдай кейінгі ғасырларға да тән. Жекелеген дерек көздерінде (Мысалы: шежіре, ақсақалдар-дың айтуынша) немесе кейбір тарихи тұлғалардың өмір сүрген уақыты дәл айтылуы мүмкін. Осындай есептер арқылы жеке адамдардың өмір сүру мерзімін шамалап жақындатуға болады. Құртқа – Мамай бабаларымыз Хақназар ханның билігі басталған уақытта өмірге келіп, Шығай хан, Тәуекел хан және Еңсегей бойлы Ер Есім ханның билігінің соңғы жылдары дүниеден өткен.  Осы жағын ескеріп, Албан тайпасының ұрпағы Құртқа-Мамай бабаларымыз туралы былайша есептеуді жөн көрдік: Албан, Суан, Дулаттың әкесі Жарықшақ (Тілеу-берді) Бәйдібекұлы 1398 ж. дүниеге келген деген ортақ пікір бар. Егер Жарқышақтың үлкен баласы Албан шамамен 1420-25 жылдары туған болса, Албанның баласы Шыбыл 1455-1460 жылдары дүниеге келген. Шыбылдың Қоңырбөрік атты баласы 1475-1525 жылдары өмір сүрсе, баласы Боти 1500-1505 жылдары дүниеге келген деп болжауға келеді. Ал, Ботидан тараған Құртқа-Мамай 1545-1550 жылдары дүниеге келсе керек.

Құртқа-Мамай бабаларымыздың ұрпақтары өсіп-өніп, олардан немере, шөбере, шөпшек көріп, әжептәуір бірнеше шаңырақ болған. Осындай дәрежеге жеткен адамның жасы шамамен тоқсанның кең-молына келсе керек.

Осыны негізге ала отырып, шежіреге бабаларымыз 1545-50 жылдары  Жетісу жерінде дүниеге келіп, 1635-40 жылдары Қаратаумен Шу бойында одан кейін Алатаумен Қазығұрттың түйіскен жері Бадам бойында дүниеден өткен деп шамалап келтіруге болады.

Бабаларымыз өз заманында қара-пайым халқына деген адалдығын ұрпақта-рына аманаттап кетті. Құртқа бабамыздың бесінші ұрпағы Жүзбай әулие адам болған екен. Әулие бабамыз ХІХ ғасырдың басында ата-жұрты Кеген ауданы Тұйық ауылының «Көктас-Арасан бұлағы» деген жерде дүниеге келген. Бабамыз етті-жеңді, сом денелі, селдірлеу шашты, сақалды, сұсты адам болған деседі. Әулиенің емшілік, тамыршылық, ауа-райындағы болатын құбылыстарды қалт жібермей бақылап отыратын ерекше қасиеттері болыпты.

Атақты Тезек төре Албанға сұлтан болған кезінде, жазда Қарқара жайлауында отырады екен.

«Құртқада Жүзбай деген әулие бар екен»  дегенді естіген Тезек  төре аталас інісі Бөден батырға алдына  алып келуін бұйырыпты. Тезек төре көп адаммен сауық құрып отырғанда үстінен Жүзбай әулие кіріп келеді. Әншейінде батыр-бағланға аяғын жимайтын Тезек орнынан ұшып тұрып, қол қусырып сәлем беріп, босағаға ығысып Жүзбайға төрден орын беріпті. Тезек төре өзімен сұхбаттасқан адамға ылғи қырын қарап отырады екен. Бұл жолы Жүзбайға малдасын құрып, алдына қарсы қарап отырып әңгімелесіпті. Мұны байқап отырған ордадағы бір сыншы Тезектен неге бұлай істегенін сұрағанда: «Ханға бермеспін» деген бетімді Жүз-байға жетіскенімнен берді дейсің бе? Әулиелігіңді танысам саған да солай отыратын едім депті. Бір жұма жатқызып, Жүзбайдың иығына сілеусін ішік жауып, басына сусар бөрік кигізіп, ат жетелетіп қайтарыпты.Келесі бір кезіккенде Тезек төре Бөден батырға: Ағаң аға ғана емес, батыр тұлғалы, барыс түкті, Пайғамбар салауатты әулие екен. Құрметтелуі кештеу болар деп таңдай қағыпты.

Жүзбай бабамыз ХІХ ғасырдың басында туылып, бір ғасырға жуық өмір сүріп, ХІХ ғасырдың соңында Қытай халық республикасының Текес ауданы, Аттың (Үйсін)  тауында қайтыс болған. 2007 жылы Құртқа-Мамай ұрпағы Мәлік Батырханұлы Ақылбеков әулие бабамыздың басына ескерткіш-құлпытас орнатып, Құран бағыштап, ас беріп қайтты.

Жүзбай бабам Қалматайдың ұрпағы,

Дене бітім ерекше екен тұрпайы

Терілері бетті басқан салбырап

Жалаң аяқ, аяқта тек ұлтаны.

 

Әулие атам мал мен жанды емдеген,

Сынған жерді аяқ қолды жөндеген ,

Айдап өтсе тентек малды қасынан

Ауру мал жазылыпты сенделген.

 

Баласы жоқ әйелдерді қарапты

Бедеу жанның кәдесіне жарапты.

Бала сүйіп қуанышқа бөленіп,

Алғыс айтып үйді-үйіне тарапты.

 

Бізге үлгі Жүзбай ата өмірі,

Қорған болған бабамызға тәңірі.

Дәріптейді ұрпақтары мәңгілік,

Біздерге серт өсиеті, әмірі.

Ел арасынан шыққан билер мен шешендердің  тағылымды сөздері,берік байламдары тәрбие мен өнеге көздері екенін бірде түсінсек те, бірде жете мән бере бермейміз.

Құртқа-Мамайдың Тоғызақ атасынан тарайтын Айту би бабамыз Шыршық бойындағы қазақ пен өзбек, мына жағы қырғыз ағайындарға танылып, кембағалға қамқор, зорлықшылға тосқауыл болған қоғам қайраткері. Төле би бабамыз: «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел жаспен жазады» деген. Халық Айту бидің тарихын аңыздармен оған берілген жер аттары арқылы жазып кетіпті.

Бұған Шыршық бойындағы Жомарт асуы (Жомарт – Айтудың әкесі) мен Қырғызстанмен шекаралас Майдантал маңындағы Айту шоқысы куә. Белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың «Аңды  Қарақыз» деректі әңгімесіндегі Айту Жомартұлы да осы кісі.

Құртқа-Мамай бабамыздың тікелей ұрпақтары Жаңабай, Бөден батырлар да халқым, елім, жерім деп осынау жаугершілік заманда  елді, жерді қорғауға зорүлестерін қосқан ірі тұлғалар.

Әйгілі халық ақыны Алматай Шалтық-ұлы Бөден батыр туралы:

Сары аязда қатпайды, қайнардың

жылы тұнығы,

Қап түбінде жатпайды, болаттың

асыл сынығы.

Халық тозып қор болмас,

Әділ болса ұлығы.

Албанда Бөден болатын,

Қорғаған елін бұрынғы –

деп толғаса, Ақын Серік Батырханұлы «Бөден батыр»  поэмасында:

Ел басына күн туды, қиын заман,

Халқымыз қалады, қалай аман?

Қол бастады Саурық, Тазабектер,

Бөден батыр, бозбала менің бабам.

 

Орыс әскер қақпан құрды, тосқауыл.

Бай шонжарлар елін сатты, тас бауыр.

Таптап өтті жаудың қолын батырлар,

Құдды өткендей ойран салып көк дауыл.

 

Бөден бабам сақтап қалды Құртқаны

Өсіп-өнді Құртқа ұрпағы сырттағы.

Текес, Күнес берекелі жер болды

Орасан зор бабамыздың ұтқаны.

Шежіреші Мүсілім Әдірбекұлы да өзінің «Ауылдың аманаты» шежіре-кітабында Бөден батыр туралы жан-жақты ізденіп, батырдың елі үшін жасаған ерліктері жайында көптеген құнды деректер жариялаған.

Бүгінде Құртқа-Мамай ұрпақтары алыс-жақын шет елдерде, республика-мыздың барлық  аймағында өмір сүріп қана қоймай, бабалар рухына тағзым етіп, еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында қажырлы еңбек етуде.

Тәуба дейік, Құртқа-Мамай бабалары-мыздың аты қайта жаңғыртылып жатыр. Оның бірден-бірмысалы, биылғы жылы Көкпек шатқалында бабаларымыздың тікелей ұрпақтары, мақтаныштарымыз: Қуанбеков Балтабай Мырқамитұлы (Байқазақұлы), марқұм Мұқаметқали Сұраншыұлы, Қонысбаев Кемелбай Кенжебекұлы, Солтыбаев Тоқтар Бексырғаұлы, Бектемісов Нұртай Тойғанбекұлының бастамаларымен  бабаларымызға арналған зәулім ескерткіш-кесене кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл ескерткіш-кесене кешенін ұрпақтары елдіктің, ерліктің, ауызбірліктің мысалы ретінде тұрғызғалы жатыр. Бұл руға бөліну емес, рудан құралатын қазақтың бірлігінің жемісі. Оларды ұмытпау, ұлықтау – ұрпақтар парызы болып қала береді.

Таңдап алып Көкпектінің жазығын

Нық орнаттық ескерткіштің қазығын.

Асқақтайды Құртқа-Мамай символы.

Бабаларға ұрпағынан  ТАҒЗЫМ!!!

Кемелбай Қонысбаев,

зейнеткер, еңбек ардагері,

Кеген  ауданы, Шырғанақ ауылының Құрметті азаматы.

Тәліпжан Естемесов,

ұлағатты ұстаз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

(Егемен Қазақстан 15 шілде 1998 жыл Мұрат тас ғылыми зерттеу орталығы. Алматы 1991 жыл;

М.Тынышбаевтың «Шежіре кестесі»;

Ақын, шежіреші Қазанғап Байбо-сынұлының шежіресі;

М.Әдірбекұлы «Ауылдың аманаты» шежіре-кітабы, 2010 жыл;

К.Қонысбаев, М.Сұраншыұлы «Албан-Шыбыл, Қоңыр бөрік, Құртқа – Мамай шежіресі»;

Алматы «Шәлкөде»,  «Нұр-Принт» баспалары, 2015 жыл);

Оқылды 1974 рет

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет