Сейсенбі, 04 Тамыз 2020 15:07

Абайдың жолы адастырмайды

Абайдың жолы адастырмайды google.kz

Адам баласына материалдық қажеттілік қаншалық керек болса, рухани байлықтың орны да соншалық маңызды. Ішіп-жеумен тәнді азықтандыру сияқты, жанның да қорегі болады. Ол – ілім-білім, наным-сенім.

Қазіргі алмағайып заманда оң мен солын ажырата алмайтын жастардан бөлек, аға буынның да адасып, арандап, жаттың жетегінде жүруі осы жан азығына жарымауынан. Ал бұл аштықтың бүкіл ұлтқа төніп тұрған алапат апат екенін бағамдай бермейміз. Арық тоқтыны бордақылап, керегінде соятыны секілді саясат мұнда да бар. Көзді ашып қарасақ, үлкен идеология жатыр. Қарны аш тағам таңдамайды ғой. Дәл сол сияқты рухани аш адам да алдына келген ақпараттың ақ-қарасына көз жеткізбестен бойына сіңіріп, соған-ақ семіріп қалады. Жоғарыда айтқанымдай, рухани шөлдеп жүргендерге тәтті у ұсынып, миын улап, қоғамға қарсы ақпараттық шабуыл жасау – қарудың ең жойқын түрі. Ұлтты өзіне-өзін айдап салудың оңай, әрі көп шығынсыз тәсілі. Жасыратыны жоқ, бүгінде мұндай соғысты жүргізіп отырған пиғылы арам топтардың бар екенін баршамыз білеміз. Олардың негізгі қаруы – ақпарат. Ақпаратпен алыстан-ақ адамды басқарып, оның наным-сеніміне селкеу түсіріп, теріс бағытқа бұрып отыр. Олардың дегеніне көніп, соңынан еруші көпшіліктің негізгі осал тұсы – өз жұртының жауһарларын танымауы дер едім.

Иә, қазақ бола тұра, әл-Фараби мен Абайды, Шәкәрім мен Алаш ардақтыларын танымағандықтан, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, ақыры аяғында адасып, опық жеп жатқандарға жаның ашиды. Пиғылы арам арандатушылар «құрбандарын»: рухы әлсіз, сөзге сенгіш, бұйрыққа көнгіштерін сырттан бақылап, деструктивті ақпаратпен сусындатып, өзіне бағынышты әскер етеді. Осылайша, өзімізде бар асылдың тереңіне үңіліп те үлгерместен жаттың жетегінде кетіп жатқандар қаншама?! Ал біреудің қолшоқпары болмау үшін жан азығын сырттан емес, өзімізден іздеуді үйрену керек. Осы тұста, әсіресе, дін мәселесіне келгенде, көпшілік бар ақпаратты шегараның сыртынан алуға құмар. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас... Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлаған Абайдың қай шығармасын алсаңыз да, Алланың хақ жолын, имандылық, әділдік пен ізгілікті, махаббатты, ғылым-білімді жырлайды.

Білім демекші, қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Жалпы, Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі екен. Білім алу – әрбір мұсылманның міндеті. Абай да оныншы қара сөзінде «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» дейді. Иә, көзді ашып, көкіректі ояту үшін, алдымен, оқу-білім керек. Тек сонда ғана сырттан келетін ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, керегімізді екшеп алуды үйренеміз. Ал бізге керегі – біреуге бодан болу емес, ата-бабамыздың ұстанған асыл дінін, салт-дәстүрін жалғап, түзу жолдан таймау, шынайы имандылықты жанға серік ету.

Иман дегенге Абай өзінің он үшінші қара сөзінде сипаттама береді. Әрі оны екі түрге бөліп қарастырады. «Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек» деп жазады ғұлама. Якини иман, яғни шын иман келтіру де білімнен,  ақылдан екенін айтады. «...Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын...» дейді. Мұндағы «таклиди иман» дегені – еліктеу, ештеңенің түп-тамырына бойламай, еш негізсіз сенім. Бір сөзбен айтқанда, соқыр фанатизм. Абай дәуірінде көпшілік сауатын молдалардан ашты. Ал молдаларға берілген осынау «мүмкіндікті» бас пайдасы үшін қолданғандардың болғаны да сөзсіз. Яғни мал мен атақ үшін дін бұзар дүмше молдалардың ақты қара, қараны ақ деп елді адастыруын Абай осы сөзінде сынға алып отыр. Бұл ойын он алтыншы қара сөзінде де жалғайды. «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң ал, әйтпесе, саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» деп, иманды пайдакөргендерді тағы сынайды. Абайша айтқанда, жұртқа жақсы көріну үшін олардың қылғанын қылып, «жығылып-тұрып» жүргендер қазіргі кезде де жоқ емес. Тіпті «діншілдер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтайын қаптап кетті десек, артық айтпаймыз. Дінге жүректің қалауымен емес, дүрмекпен, көптен қалмау үшін «бетбұрған» мұндай жандар дінге де, қоғамға да тек зиян әкелмесе, оның түзу жолға түсуіне түрткі болмасы анық. Өйткені бұлар – діннің негізін түсінбестен, тек бас пайдасы үшін діндар болып жүргендер. Ал олардың сыртқы бейнесіне сенген жұрт шынайы сенім туралы қате пікір қалыптастырады.

Кейбіреулердің деструктивті ағымдардың қатарына кіріп кетуінде де осы көзбояушылықтың әсері мол. Өйткені жоғарыда айтқан, арам пиғылдылар да мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, жолдан сүрінген жаннан жендет жасауға дайын отыр. Діннің атын жамылып, өз ойын іске асыруды әдет қылғандар экстремизм мен терроризмді, діни фанатизмді барынша насихаттап жүр. Олардың насихатының күштілігінен, өкінішке қарай, бабалар мұрасы болған асыл дінімізді, салт-дәстүрімізді, тәлім-тәрбиемізді теріске шығарып, ата-анасына, жалпы, қоғамға, мемлекет жүйесіне бүгінде қарсылық танытушы жерлестеріміз жоқ емес. Тіпті ел мен жерін, туыс-туғанын тастап, жат жұртқа кетіп жатқандар да бар. Бұл – тағы да Абай айтқан сол білімсіздіктің салдары. Діни білімнің таяздығы, ұлттық рухтың төмендігінен саяси идеология құрбанына айналып, Сирия мен Таяу Шығысқа кетіп, қаза тауып жатқан өз бауырларымыз екеніне іштей қынжыласың.

Елбасының бастамасымен 2019 жылы үш кезеңмен «Жусан» гуманитарлық операциясы сәтті орындалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, операция аясында Сириядағы соғыс аймағынан барлығы 524 қазақстандық: 30 ер, 137 әйел және 357 бала елге қайтарылды. Бұл – еліміздің мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмысы мен шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастығының нәтижесі. Әрине, өте ауқымды жұмыс. Бір жағынан, жаттың жетегінде кеткен көптеген отандастарымызды жаңа өмірге әкеліп, болашағына үміт сыйлаған жоба десек, енді бір жағынан, алдау мен арбауға түскендерге үлкен сабақ болды. Сириядан оралғандардың барлығы да білімнің жоқтығынан арамзалардың алдауына түскенін айтты. «Шынайы ислам сонда деп бардық. Мұсылмандардың бірін-бірі өлтіріп жатқанын көргенде ғана, адасып, от басқанымызды түсіндік. Ал ол жаққа барғанға дейін бізге айтылған ақпарат мүлде басқа болып еді», – деп өкінеді олар. Осы орайда айта кету керек, діни терроризм мен экстремизмнің салдары, оның қаупі мен залалы жайын жан-жақты түсіндіру жұмыстары үнемі ауыл-ауылдағы мектептерден бастап бүкіл республика көлемінде жүргізіліп-ақ жатыр. Бұл жұмыстар барысында қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, болмыс-бітімі мен әдебиет-мәдениеті де ислам дінімен ғасырлар бойы өзара тығыз байланыста екенін айқын мысалдармен, дәйекті дәлелдермен жеткізсе екен деген тілек бар. Өз тамырын тереңнен таныған адамның жат ағымдарға қарсы иммунитеті де, ұлттық рухы да жоғары болады емес пе?! Ал Абайды танып, қазақтың ұлы ақыны, әрі ойшылының мол мұрасымен сусындап өскен адам жат ағымдардың арбауына түсіп, арандамасына сенімім мол. Өйткені Абайдың діни толғаныстары адамның күнделікті өмірімен ажырамас терең байланысымен ерекшеленеді.

Дін – қашан да адамгершіліктің, әділет пен махаббаттың нышаны. Дегенмен, оны теріс жолда қару ретінде пайдаланатындардың да барын ұмытпайық. Ал олардың құрығына түспеу үшін шынайы діни білімді өз асылдарымыздан алайық.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Оқылды 403 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жұмыла көтерген жүк жеңіл Тозаққа түсірер тұзақ »

Соңғы жаңалықтар

Қаң 20, 2021

Коммуналдық төлемдерге тарифтер…

Баға бағамы шарықтаған тұста коммуналдық қызмет саласындағы тариф құнының тұрақты болуы…
Қаң 20, 2021

Алматы облысында індеттің қарқыны…

ҚР эпидемиологиялық жағдайын бағалау матрицасы бойынша Алматы облысы "сары" аймақта. 2021…
Қаң 20, 2021

«Инклюзивті білім беру» кабинеті…

"Табиғаттың мүмкіндігі шектеулі деп есептемейік! Адамның өнері арқылы бұл мүмкіндіктің…
Қаң 19, 2021

«Қоғамдық келісім» – общественный…

Во всех областях Казахстана на базе бывших домов дружбы и региональных АНК при областных…
Қаң 18, 2021

Алматы облысының 2021-2025 жылдарға…

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың VII…
Қаң 18, 2021

Алматы облысында 5 млн. 400 мың…

Алматы облысында 2021-2025 жылдары облыста шамамен 5 млн. 400 мың шаршы метр тұрғын үй…
Қаң 18, 2021

Жалпы өңірлік өнімді 5 трлн. теңгеге…

Алматы облысында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 4%-ке қамтамасыз ету…
Қаң 18, 2021

Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық…

№ 03 2021 жылғы 14 қаңтар Жетінші шақырылған Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының…
Қаң 18, 2021

Қоғамдық тамақтану объектілеріне…

Карантин кезеңінде білім беру ұйымдарындағы қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2021 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет