Күндер бойынша реттелген элементтер: Сәрсенбі, 31 Шілде 2019
Сәрсенбі, 31 Шілде 2019 14:48

Жетістік – еңбек еткенге иіледі

«Ештеңені білмейтін, ештеңені білуге талпынбайтын адамның жағдайы қиын. Өйткені оның бойында екі кесел бар: бірі – топастық, екіншісі – жалқаулық» деген екен Платон. Әлбетте, «Алма піс, аузыма түс» деп жатудан артық азап жоқ. Себебі, жетістік – еңбек еткенге иіледі. Бұған дәлел Айсара Кабулованың табысты тірлігі. Айналасы 18 сотық жеріне қора-жай салып, мал басын көбейтуді мақсат еткен кейіпкеріміз кәсіппен айналысуға бел буады. Арнайы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білімін шыңдап, жобасын қорғайды. Жолдасы Нұрлан Кабулов қолдау білдіріп, 2 млн 300 мың теңге несиеге қол жеткізеді. Сөйтіп, оған сегіз сүтті бағыттағы сиырларды сатып алады. Жуырда аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Саят Бизаковпен бірге Айсара Бақытқызының үйінде болып, шаруашылығымен таныстық.

Ә дегенде әңгімеміз кәсіп ашуға мемлекеттік қолдаудың толағай екенінен басталып кетті. – Осы іске бет бұрар алдында біраз адамдардан сұрадым. Алайда, оңды жауап алмадым. «Ой, ол болмайтын тірлік қой. Қаражатынан қағазын жинау қиын. Ары-бері жүрісі ұзақ» деушілер басым болды. Әйткенмен, бел шешіп кіріскенімде асып бара жатқан қиындықты көргенім жоқ. Бір ай курс оқыдым. Онда бизнестің қыр-сырын меңгеруге барынша дағдыландырды. Сонымен арнайы сертификатын алып, өз жобамды ұсындым. Ауылда тұрамыз, қолымызда бірді-екілі ірі қара, жылқы басы бар. Қысқасы, бір мал бақсаң да, он мал бақсаң да сол еңбек керек. Сөйтіп, сүтті бағыттағы сиырлар алу мақсатын алдыма қойдым. Жолдасым қолдады. Биыл сол арманымызға жеттік – дейді. Қазір күніне шамамен 60-70 литрдей сүт алады. Өнімді қабылдап алушылар үйінен әкетеді. Бұдан өзге қолдан май, ірімшік жасайды. Таза табиғи өнімге қай жерде болсын сұраныс мол екені белгілі. Оған да өз алушылары жетерлік.

– Таңнан тұрып мен сиыр сауамын, жолдасым жем-шөбін береді. Жуырда тағы екі асыл тұқымды жылқылар алып келдік. Ендігі ойымыз – малдың төлдерін алып, мал басын көбейтсек, бірқатарын арнайы бордақыласақ деген жоспар бар. Қазір жеріміздің көлемі 18 сотық. Уақытша малдарды ұстап тұруға мүмкіндігіміз бар. Кәсібіміз жүріп жатса, бұдан да үлкен шаруашылыққа айналуға құлшыныс жоқ емес. Мұның бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, еңбек етуден ерінбеу – дейді А.Кабулова.

Төрт баласын еңбекке тәрбиелеп отырған отбасының ұстанымдары да бір: еңбек, еңбек және еңбек. Себебі, табан ет, маңдай тердің өтеуі – табысты жетістік.

Тақырыпқа тұздық:

Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде мамыр айынан күні бүгінге дейін небәрі үш ай ішінде айданда 23 адам несие алып, тәтті еңбектің дәмін татып үлгерді. Бұл турасында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Берік Иманбаев былай дейді: – Ауданымызда «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 101 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Бүгінде толық 101 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Оқыған азаматтардың ішінен 23 адам шағын несиеге қол жеткізді. Оның 21-і – ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жалпы сомасы 79 млн теңге, екеуі – несие серіктестіктері арқылы 8 млн 900 мың теңге. Ал қалғандары несие алмаймын, шағын қаражатпен кішігірім кәсіп бастаймын деушілерге 250 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар берілді. Мәселен биылғы жылдың басынан 35 адам грант алды. Сол секілді осы шілде айының өзінде аталмыш бағдарламаға қатысушы тағы 35 адамға әрқайсына 250 мың теңгеден гранттар берілуде. Сонымен қатар жастар жылына орай 100 жас азаматты «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқытып, шағын несие немесе 200 айлық есептік көрсеткіш болатын (500 мың теңге) гранттар беріледі. Қазірдің өзінде 40 жас оқуын бастады. Мұндай мемлекеттік қамқорлыққа тек жастар емес, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жұмыс істеуге ыңғайы келетін мүгедектігі бар азаматтар да ие бола алады. Басты шарт – «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқуы міндетті. Бұл 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Published in Мақалалар
Сәрсенбі, 31 Шілде 2019 14:46

Ұранымыз-салауатты өмір салты!

Осындай ұранмен Шелек ауылы Т.Кенжебаев атындағы орта мектептің спорт залында волейбол жарысы өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданының жастар ресурстық орталығы және «Мәңгілік ел тұғыры»қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан турнирде 10 команда тартысты.

Бас төреші Талғат Бижанов жарыстың өту барысын, шарттарын түсіндіріп, алдын-ала таратылған жеребе арқылы ойын ретін белгіледі. Тартысты өткен ойын барысында үздік ойын көрсетіп, «Үздік ойыншы» номинациясын Шелек ауылдық округінің ойыншысы Алмат Умбеталиев және «Үздік шабуылшы» номинациясын Малыбай ауылдық округінің ойыншысы Назымжан Бакиров иеленді. Жарыс нәтежесінде 3 орынға Қаражота ауылдық округі, 2 орынға Малыбай ауылдық округі, 1 орынға Есік қаласының волейбол командасы ие болды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табыс етілді.

Өз тілшіміз.

Published in Спорт
Copyright © 2014 Меншік иесі: ТОО "Еңбекшіқазақ" Есік қаласы, Алматы обласы № 4270-Г

 Выходные данные

Жарнама

для детей, достигших 12 лет