Жұма, 16 Желтоқсан 2022 21:50

Қанаттары қайырылған қарлығаштар

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің басталуына Мәскеудегі орталық жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспай Ресейдің Ульянов облысындағы партия комитетінің 1 хатшысы Г.В.Колбинді Қазақстан коммунистік орталық комитетінің 1 хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. 17-18-інші желтоқсанда Алматы қаласында қазақ жастары КСРО үкіметінің отарландыру, әміршілдік-әкімшілік жүйесіне қарсы наразылық білдіріп, Л.И.Брежнев атындағы (қазіргі Республика) алаңға бейбіт шеруге шықты. Өйткені, Қазақстанды Одаққа қосылғалы 6 орыс, оның біреуі әйел, екі украин, поляк, грузин, еврей, армян және ұйғыр ұлтынан бір адамнан басқарыпты. Қазақтан тек Д.А.Қонаев қана ұзақ жыл басқарып, экономикасы нығайған елге айналған еді. Ендігі «басып ал да билей бер» әрекеті – осы... Орталықтан тәуелсіздікті талап еткен тарихтағы елеулі оқиғаға – биыл 36 жыл.

18 желтоқсан күні алаңға бейбіт шеруге жиналған жастарға қарсы әскер күші қолданылды. Оларды ығыстырып, күшпен таратуды көздеген жедел отряд, арнайы дайындалған жендеттер, милиция мен жасақшылар жұмылдырылды. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша қатыгездікпен басып, жаншылды. Көтерілісшілер сотталып, жазаланды. Қақаған аязды күні су шашып, сойыл-темірлермен ұрып, озбырлыққа көшті. Күшпен таратылған жастардың 2401-і ішкі істер бөлімшелеріне жеткізілді. Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тастағандарды қосып есептегенде 8,5 мың адам ұсталған. Ал желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл тағы басқа қалалар мен қатар Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде де жалғасын тапты. Осы оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қудалауды бастады. 1987 жылдың жазында КОКП ОК қаулысы шығып, Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдарының көтерілісі ретінде бағаланды.

Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асановалар ғана аталса, шеруге шыққан жастар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, арнайы әскери күштер тобы арасындағы қақтығыстан 200-ден аса адам жараланған, 168-200-дей адам қайтыс болған, 99 адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылған. Бұл да нақты дерек емес. Өздерін айтудан қорқып, жасырып жүргендер де баршылық. Алғашында, Шелек өңірінен сотталып келген Абайдолла Рузиевті ғана желтоқсаншы деп білсек, арада 30-35 жыл өткеннен кейін оншақты желтоқсаншылардың бар екені белгілі болды. Олардың 5-6-уын газетке жаздық та. Енді міне, биыл желтоқсан көтерілісінің ортасында жүрген бірнеше қыздардың ел үшін намысын таптатпай ерлік істерге барған қайсарлығын жазу бұйырыпты.

Анархан Әжібаева 1956 жылы Кеген ауылында өмірге келіп, онжылдықты оқып бітірген соң, ауылдық тұтынушылар қоғамында тауартанушы болып істейді. 1983 жылы Алматыдағы №3 нан зауытына жұмысқа қабылданып, «Табачный» жатақханасына орналасады. Арада үш жыл өткенде, яғни 1986 жылы «Д.А.Қонаевты орнынан алып, басқа ұлттың өкілі – Колбин деген біреуді тағайындапты» деген сөзді естіген, зауыт жұмысшылары да қарсылықтарын білдіріп, алаңға шығады. Екінші күні құқық қорғау органдарының қызметкерлері, солдаттар қаптап, қоршап, күштеп таратуға кіріседі.

«Әуелі су шашты, оған да тарамай қойған соң, дубинкамен, сойылдарымен бас-көзге қарамай ұрғылап, қуа бастады. Көппен бірге біз де қарсыласып, төпелеген соққыдан бас сауғалап, қаша бастадық. Сондай бір сәтте менің қасымдағы бір қызды бастан ұрып, құлатты да сүйреп апарып, машинаның артқы қорабына лақтырып тастады. Соққыдан үні шықпай, сұлық құлаған ол қыздың өлі не тірі екенін білмедім», – деп өткен күнді еске алды Анархан. «Кейін қудалау басталды. Көппен бірге жүргенде менің бейнем суретке түсіп қалыпты, милиция бөлімшесіне шақырып, сұрақтың астына алды. Әйтеуір, «Біз жәй көруге барып едік», – деп құтылдық. Жұмыс басшылары қатаң сөгіс жариялап, жұмыстан шеттеп, «тазалау» жұмыстарын жүргізді. Мені де жұмыстан, жатаханадан шығарып жіберді. Үш ай өткеннен кейін, «қылмысым» жеңіл болған соң, қатаң сөгіс беріп, қайтадан жұмысқа қабылдандым», – деп сөзін аяқтады. Сол қалада Қызылорданың жігітіне тұрмысқа шығып, кейін Шелек ауылына көшіп келіп, ондағы тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан шелектіктердің суретін музейге ілу ісіне мұрындық болыпты.

Жамила Арыстанбекова 1968 жылы бұрынғы Нарынқол ауданы Қақпақ ауылында дүние есігін ашып, Ұйғыр ауданы Сұңқар ауылындағы орта мектепті үздік бітіреді. 1985 жылы Қаскелеңдегі педагогикалық училищеге оқуға түседі. Жамила Дүйсенбекқызы Желтоқсан көтерілісі жайлы былай еске алады: «Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Қақаған аязда Қаскелеңнен Алматыға келіп, курстастарымыз түгел алаңдағы нөпір қауымға қосылдық. Мақсат айқын – өз елін өз ұлтының азаматы басқарсын. Одан кейін бейбіт шеруге шыққандарды су шашып, ұрып-соғып, итке талатып, мұзға жатқызып азаптау. Ойран-топырдан сытылып шыққанымыз Қаскелеңге бет түзедік. Осы кезде алдымыздан құқық қорғау қызметкерлері жолымызды кесіп, бәрімізді түрмеге тоғытты. Әбден тоңдық. Ашпыз, күні бойы нәр татпағанбыз. Сұрақтың астына алуда. Осы кезде қолы шынжырлаулы бір жігітті алып келді. Ол жігіттің бейнесі әлі көз алдымда. Бізге жаны ашып: «Қарындастарым-ау, бұлай бастарыңды тәуекелге тігіп шыққандарың қалай!? Біз ержігіттер бармыз ғой!» – деп. Бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Ол жігіт Қайрат, бәлкім Ербол шығар, кім білсін... Ол кезде барлық жігіттер намыстан жігерлері жалындап тұрды ғой, Отан үшін бастарын қатерге тігіп».

Қиындыққа мойымай, оқуын бітірген соң Жамила ҚазПИ-дің «Педагогика және психология», одан соң ҚызПИ-дің биология-химия факультетін тамамдап, алғашқы еңбек жолын Асысаға ауылындағы «Раушан» балабақшасынан бастап, Т.Қабылов атындағы орта мектепте педагог-ұйымдастырушы әрі биология, химия және өзін-өзі тану пәндерінен дәріс береді. Қазір Шелек ауылындағы «Келешек» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етуде.

Раушан Искакова мен Бибігүл Қашқынбаева, бірі – Кеген ауданының Қарабұлақ ауылында, екіншісі – Шелек ауылында өмірге келген. Екеуі де Қаскелең педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Бірінші курста оқитын 19 жастағы Раушан Молдаханқызы да, екінші курстағы Бибігүл Төлегенқызы да 17-18 желтоқсан күні студенттермен бірге алаңға барады. «Таңғы сағат 4-5-тер кезінде біз ҚазПИ-дің студенттеріне қосылып, алаңға бардық. Түнімен жазып, дайындаған лозунгтарымызды көтеріп, «Менің Қазақстаным!», «Атамекен!» әндерін шырқап, «Қазақстанды қазақ басқарсын! Өзге ұлт емес!» – деп ұрандатып тұрдық.

Сөйтіп тұрғанымызда қара маска, қара киім киген кісілер дубинкамен ұрып, қудалай бастады. Бейбіт митінгіміз қақтығысқа ұласып, ойран-топыр басталды. Біреуі қорғанып, қарсылық көрсетіп төбелесіп жүр, біреуі соққыдан құлап жатыр, енді бірі бас сауғалап қашып жатты. Иттермен қуып, су шашып, істемегенді істеді. Таңғы 8-дерде Қаскелеңге қайта кетіп, жатақханаға жеткенде, алдымыздан милиция қызметкерлері тосып алды. Бәрімізді тергей бастады, уақытша қамауға алып, қолындағы шлангімен столды ұрып кеп қалғанда, денеміз дір ете түсетін. Әбден зәремізді алып, қорқытты. Кураторымыз: «Біз тек көру үшін бардық», – деп айтыңдар деп, кеңес беріп, қорғаштап жүрді. Бізге бақылау күшейді, не ауылға үйге жібермейді. Комсомол қатарынан шығарып, қатаң сөгіс беріп, қорыққанымыздан 35 жыл үндемей келдік», – деп еске алды екеуі. Қазір екеуі де Шелек ауылында әлеуметтік қызметін атқарып жүр.

Жамал біраз жыл бұрын, ал былтыр ғана «қылмыстарынан» ақталып шыққан Раушан мен Бибігүл де қолдарына құжаттарын алыпты. Үшеуі де Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестіктің мүшесі деген куәлік алған. «Желтоқсан ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» және «Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл» деген мерекелік медальдардың иегері атаныпты. Асы округіне қарасты Қайрат ауылында тұратын Әлия Бүрлібаева да желтоқсан ардагері екен. Ол кісі ауырып ауруханада жатқан соң, атын атап кетуді жөн санадық.

Раушан Молдаханқызы «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Болат Құрымбаев аудандағы осы бірлестік филиалының төрайымы Жұмагүл Байсеркенова мен Ұлбосын Сейітқазиевалардың қолдауымен аудан әкімінен рұқсат сұрап, қайтыс болған желтоқсаншы ардагерлерді еске алу мақсатында волейболдан турнир өткізбек ниетте екен. Сондай-ақ, Раушан: «Бізге – Желтоқсан ардагерлеріне де Ауған соғысы, Чернобыль АЭС ардагерлері сияқты мәртебе берілсе екен», – деген ұсынысын да жеткізді.

Желтоқсан көтерілісі ел тәуелсіздігіне бастаған ерекше оқиға болып тарихта қалды. Бұл туралы «Желтоқсан ызғары», «Қара бауыр қасқалдақ», басқа да әндер, талай өлеңдер жазылды. Желтоқсан көтерілісін керемет баяндаған Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» фильмі шығарылды. Автор: «Маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар едім», – деп өз ойын айтты. Желтоқсан десе, әрбір қазақтың көкірегінде әділет іздеген халыққа жасалған озбырлық, бастан-аяқ сауыт киген жендеттермен жалаң қол сарт-сұрт айқасқан ызалы қыз-жігіттердің жігерлі келбеті елестейтіні белгілі. Ол оқиғаға да биыл 36 жыл толды. Алайда Желтоқсан оқиғасы жұрт жадында жаңғырып тұрары анық. Ақын Ақұштап Бақтыгерееваның мына өлеңінің бір шумағымен ойды түйіндесек:

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,

Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.

Өттің де астаң-кестең, ойда жоқта,

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.

Оқылды 2391 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қазақтың батыр қызы Самое ценное – память народа »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 25, 2024

Ел бірлігі – ел теңдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының…
Сәу 25, 2024

Савелий КАРАСАВИДИ, председатель…

На ХХХІІІ сессии Ассамблеи народа Казахстана Президент РК Касым-Жомарт Токаев отметил,…
Сәу 25, 2024

Мызғымас бірлік – алынбас қамал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы…
Сәу 22, 2024

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен»,…
Сәу 22, 2024

Қоғамды түзеуді өзімізден бастайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы…
Сәу 22, 2024

Экологиялық мәдениетті артыруымыз…

Қоғамды жаппай тазалыққа шақыру өте өзекті мәселе деп есептеймін. Біз ұстаздар…
Сәу 19, 2024

Жастарды жат ағымдардан сақтау –…

Дін саласы – қоғамдағы күрделі әрі нәзік дүние. Сондықтан дін айналасындағы мәселелер де…
Сәу 19, 2024

Мәһір маңызды ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жастар арасындағы мұсылмандық неке қию рәсімінде…
Сәу 19, 2024

Науқан жалғасуда

Тазалық – саулық кепілі. Иә, тәнімізді һәм жанымызды таза ұстаумен қатар, өзіміз өмір…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет